Жаңалықтар

Қайтқан қаражат қанша мектепке жетеді?

ашық дереккөзі

Қайтқан қаражат қанша мектепке жетеді?

Биыл жемқорлардан тәркіленген қаражатқа мектеп салына бастайды. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Президент былтырғы 1 қыркүйектегі Жолдауында мектептегі орын тап шылығы мәселесіне тоқталып, жемқорлардың заңсыз иемден­ген қаражаты түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуы керек екенін айтқан болатын. 7 наурызда Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қайтарылған ақшаға 70-тен аса мектеп салынатынын мәлімдеді. Жемқорлар мектеп «салады» Президент мәлімдемесінен кейін бұл тапсыр­ма­ның орындалу-орындалмауы екіталай деген маз­мұндағы пікірлер айтылды. Сол кезде бұл сөздің жа­ны бар сияқты көрінген. Себебі жемқорлардан «ақ­ша қашан қайтарылады, қалай қайтарылады, ол қан­ша ақша болуы мүмкін?» деген сұрақтардың жауа­бы бұлыңғыр болды. Яғни, қолда жоқ, қашан бо­ла­ты­ны белгісіз, қайдан келетіні беймәлім қаражат. Сәй­кесінше, мектептердің құрылысы қашан бас­та­ла­тыны, жемқорлардан жиналатын ақша қанша мек­теп салуға жететіні де түсініксіз еді. Дегенмен Президент Жолдау жасағаннан кейін екі айдан соң, 2022 жылғы 10 қара­шада Премьер-Министр Әлихан Смайылов «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының» есепшотына 50 миллиард теңге түскенін мәлімдеді. Сенаттың жалпы отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында Премьер-Министр тәр­кіленген қаражатты мектеп құрылысына бағыттау жұмыстары қалай атқарылатынын да тү­сіндірді. Оның сөзінше, бұл мәселе құқықтық тұр­ғыдан реттеліп, арнайы жеке шот ашылған. – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біз заңнамаға, бюджет кодексіне арнайы нормалар әзірледік. Онда осы қаражатты аудару үшін Қаржы министрлігінде арнайы бөлек шот қарастырылған. Құқық қорғау органдары тиісті жұ­мысты қамтамасыз етеді. Осы орайда шешім шы­ғарылған жемқорлар бойынша қаражат Қаржы ми­нистрлігінің арнайы шотына түседі, – деді Әли­хан Смайылов. Сол кезде шоттағы қаражат көлемі әлі де ұлғаюы мүмкін екені айтылды. – Қазірдің өзінде шамамен 50 миллиард теңге түсті, жақын арада бұл сома 100 миллиард теңгеге дейін жетуі мүмкін. Бұл қаражат орын тапшылығы бар және үш ауысымда білім беретін, сондай-ақ апатты жағдайдағы мектептері бар өңірлерде жаңа нысандар салуға бағытталады, – деді Әлихан Смайылов. Одан соң Әлихан Смайылов былтырғы қа­зан айында Түркістан облысына жұмыс са­пары кезінде қайтқан қаражат 100 миллиард тең­геге жеткенін, мектеп салуды қаржыландыру қара­шада басталатынын айтқан. Ал биыл қаңтарда «Білім беру инфра­құры­лы­мын қолдау қорына» түскен қаражат 120 миллиард тең­геге жеткені белгілі болды. Бұл ақпаратты 2023 жыл­ғы 12 қаңтарда Премьер-Министрдің орынба­сары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Пре­зи­дент қабылдауында мәлімдеді. Кездесуде ол сы­байлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық істер бойынша тәркіленген қаражат «Білім беру инфра­құрылымын қолдау қорына» тапсырмаға сәйкес жіберіліп жатқанын, қазір арнайы шотта 120 мил­лиард теңгеге жуық қаражат жиналғаны баян­дады. Енді сол қаражат мектеп салуға жұмсала­ты­ны, Оқу-ағарту министрлігі бұл бағытта тиісті құ­жаттаманы әзірлеп жатқаны да айтылды. Ал 7 наурызда Оқу-ағарту министрлігі нақты қан­ша мектеп қай жерлерде салынатынын нақ­тылады. – Жемқорлардан тәркіленген қаржыға биыл елі­мізде 70-тен астам мектеп салынады. Бізде мек­теп құжаттары мен тізімі бар. Жуырда мектеп құры­лысына қаржы бөлінеді. Мектептер еліміздің барлық өңірінде салынады, – деген болатын Ғани Бейсембаев Үкімет отырысынан кейін. Министр жи­налған ақшаға жаңа мектептер ғана емес, құры­лысы енді ғана басталған мектептерге де қаражат бөлінетінін жеткізген болатын. Бір мектепті салуға қанша ақша кетеді? Сонымен, ресми мекемелердің мәлім­де­ме­леріне сүйенсек, 70 мектеп салуға 120 мил­лиард теңге қарастырылып отыр. Бұл қаражаттың барлығы – жемқорлардан қайтарылған ақша. Жалпы, жемқорлардан түскен қаражат мем­лекет қазынасына қайтарылатыны белгілі. Қанша қаражат қайтқаны, қанша сома бо­латын мүлік тәркіленгені туралы арнайы ста­тис­тика да жүргізіледі. Тәркіленген мүлік арнайы онлайн-платформада сатылып, ақшасы мемле­кет­ке қайтарылады, немесе мемлекеттік ұйымдар мен мекемелердің игілігіне қолданылады. Дегенмен бұ­ған дейін қайтқан қаражат мақсатты түрде әл­дебір бастамаға арнайы жұмсалмаған. Бірақ жемқорлардан қайтқан ақшаның сомасына қатысты ақпарат әр алуан. Мә­се­лен, былтыр жыл аяғында Президент қабыл­дауында болған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов 11 ай ішінде 600 миллиард теңгеден астам қаражат мемлекетке қайтарылғанын айтқан. Бұдан басқа, елімізде және шетелде жалпы сомасы 360 мил­лиард теңгеден астам заңсыз иемденген қаражат анықталғанын, жақын арада мемлекетке өтетінін мәлімдеген еді. Ал осыдан шамамен бір жарым апта өткенде Бас прокуратурада өткен брифинг кезінде Бас про­­куратураның халықаралық-құқықтық ынты­мақтастық қызметінің бастығы Артур Ластаев 2022 жылғы 6 ай ішінде мемлекетке 631 миллиард теңге қайтарылғанын хабарлады. – 421 миллиард теңге қылмыстық істер бойын­ша залалды өтеу тәртібімен қайтарылды: оның ішінде 314 миллиард қолма-қол ақша және 107 миллиард теңге – асыл тастар мен металдар тү­рін­де. Қалған сома монополияны жоюға қатыс­ты жұмыс тәртібімен өтеледі, – деген еді қадағалау органының өкілі. Бас прокуратураның қарауында жалпы сомасы 13,7 миллиард теңгеге тағы 20 талап-арыз жатқанын да қосып өткен болатын. Ал құқықтық статистика деректері бойынша, 2022 жылғы қаңтар-тамызда сыбайлас жемқор­лық­тан келтірілген залал 2,3 миллиард теңге бо­лып, тәркіленіп, 828,3 миллион теңге ерікті түрде қайтарылған. Яғни, мектеп құрылысына жұмсалғалы отыр­ған қаражат – тәркіленген ақшаның бел­гілі бір бөлігі деуге болады, дегенмен бұл – бас­қа тақырып. Себебі мектептің қандай ақшаға емес, қалай, қашан салынатыны маңыздырақ болып отыр. 120 миллиардты 70 мектепке бөлер болсақ, ор­та есеппен алғанда бір мектепке 1,7 миллиард тең­геден келеді екен. Статистика бюросының мәліметінше, был­тырғы жылдың 1-жартыжылдығында са­лын­ған 5,7 мың орындық 13 мектепке 14,8 мил­лиард теңге жұмсалған. Орта есеппен алғанда бір мектепке 1,1 миллиард теңге кеткен. Дегенмен мектептердің бала саны мен өңір­дің сипатына қарай әртүрлі болаты­нын ескеру керек. Осы орайда бір мектепті салуға қанша ақша жұмсалады деген сұрақ қызықтыратыны анық. Қазір «Жайлы мектептер» жобасы жүзеге асы­рылып жатыр. Алдағы үш жылда жаңа фор­мат­тағы 500-ден астам мектеп салынбақ. Мемлекет олар­ға бюджеттен 2,6 триллион теңге бөлініп отыр. Қарастырылып отырған 120 миллиард теңгеге сапалы мектеп салу мүмкін бе? Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА, Мәжіліс депутаты: Мәселе бірнеше министрлік бірігіп жұмыс істегенде ғана шешіледі – Үш ауысымды мектеп проблемасы үлкен мәселе. Ол проблеманың негізгі екі себебі бар: бі­рін­ші жалпы демографияның өсімі және миграция тол­қындары. Мәселенің шешімі – мектеп салу жә­не салынған мектептер тапшылықты жою қа­жет. Қазір, әсіресе Алматы облысында проблема ушы­ғып тұр. Қазір облыста 56 үш ауысымды мек­теп бар. Атырау облысында, Батыс Қазақстан об­лы­сында, Түркістан облысында 10 шақты мектеп бар. Алматыда еңбек миграциясы өте жоғары. Мен бұл мәселе бірнеше министрліктің ве­домствоаралық іс-қимылы арқылы ғана шешіледі деп есептеймін. Оқу-ағарту ми­нистр­лігі, Ұлттық статистика бюросы, Ұлттық эко­номика министрлігі, Қаржы министрлігі, Ин­дустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нистр­лігі, жергілікті атқарушы билік – барлығы бірлесе жұ­мыс істеуі қажет. Олай болмайынша, жағдайды рет­теу мүмкін емес. Бізде тек бәрін Оқу-ағарту ми­­­­нистрлігіне іліп қойған. Республикалық бюджеттен қаржыны қарас­тырған кезде Ұлттық экономика министрі, тек қаржыны ғана емес, еңбек ресурстары, миг­ра­ция, демографиялық өсім көрсеткіші – бар­лы­ғын қарастыруы керек. Сол жерде экономикалық бол­жамдар жасалуы керек. Бізде қазір ана­ли­ти­ка­лық болжам, сараптама мәселелері бойынша Ұлт­тық экономика министрлігінің жұмысы ақсап тұрғанын көреміз. Жалпы, мектептердің уақытылы салынбауы геосаяси ахуалға байланысты, құрылыс ма­териалдары кей жерде 5 есе, кей жерде 8 есе қым­баттады. Ал олардың алғашқы жоспарлаған­дағы сомасы сәйкес келмей қалды. Соған байла­ныс­ты Үкімет тез арада жоспарларға түзету енгізуі керек еді. Осы сияқты түрлі ішкі проблемалар бол­ды. Екінші мәселе, кейде жергілікті атқарушы билік органдарына нысаналы трансферт ретінде бөлінеді, бірақ олар оны мәслихат арқылы басқа бағыттарға бұрып жіберген мәліметтер де өте көп. Сондықтан бұл мәселені өңірлер бойынша нақты қарастыру қажет. Ал «Жайлы мектеп» жобасына келетін болсақ, бұл туралы жұма күні фракция отырысы өтеді. «Самұрық-Қазына» қорын қарап жатырмыз. Сол кезде талқылайтын боламыз. Жалпы, «Жайлы мектепті» 2 500 балаға салу мәселесі бойынша пі­кір­лерімді айтқанмын. 9 айдан кейін құрылы- сы басталады, жобаларды ұсыну процесі жүріп жатыр. Мектеп тапшылығы әлі біразға дейін өзекті мәселе болатын сияқты. Жемқорлардан тәркіленген қаражаттың осы мақсатқа жұмсалуы, әрине құптарлық іс. Десек те, оқу ордаларын салуға керек қаражат та қыруар екенін ескерсек, бұл бастама мәселені түбегейлі шешпейді. Бізге мектептің қандай ақшаға емес, қашан, қалай салынатыны маңыздырақ.