Жаңалықтар

Астанада шахматтан Бибісара Асаубаева кубогы басталды

ашық дереккөзі

Астанада шахматтан Бибісара Асаубаева кубогы басталды

Елордада шахматтан Бибісара Асаубаева кубогы басталды деп хабарлады turkystan.kz.

Кеше жарыс алдында баспасөз конференциясы өтті. Іс-шараға «Satty Zhuldyz» АҚ президенті Александр Тен, FIDE шахматтан 14-ші әлем чемпионы Владимир Крамник пен блицтен экс әлем чемпионы және әлем кубогының екі дүркін иегері Левон Аронян қатысты.

Спорттық бәсеке алдында Александр Тен жас шахматшыларды қолдау өте маңызды екеніне тоқталды.

«Шахмат – интелектуалды, зияткерлік спорт түрі. Сондықтан оны дамыту керек. Шахматқа қызығушылық танытып, бет бұрып жатқан жастарды да көп байқап жүрміз», – деді Александар Тен.

Еліміздің түкпір-түкпірінен 300 жас шахматшы қатысатын турнирдің алғашқы кезеңі бүгін басталды. Бибісара Асаубаева қатысушылар арасында мықты спортшылардың қатары көп болады деп үміттенетінін жеткізді.

«Осындай ерекше турнир үшін қуаныштымын. Ұйымдастырушыларға алғыс. Бұл додада жас спортшылар үшін өздерінің қарым-қабілетін көрсетуге мүмкіндік жасалған. Осы фестиваль арқылы шахмат ойынына қызығатын жастардың саны артатынына да сенемін. Әр ойын жоғары дәрежеде, тартысқа толы өтеді деген үміттемін», - деді Бибісара Асаубаева.

Жас шахматшылармен қатар турнирде FIDE шахматтан 14-ші әлем чемпионы Владимир Крамник және  блицтен экс әлем чемпионы және әлем кубогының екі дүркін иегері Левон Аронян, бірнеше дүркін әлем чемпионы Александр Грищук, тәжірибелі ардагер Борис Гельфанд сияқты кіл мықтылар өнер көрсетеді.

«Бұл турнирге біз өз атағымызды қорғау үшін қатысып жатқан жоқпыз. Жарысқа ескі достармен кездесу үшін келдік», - дейді  FIDE шахматтан 14-ші әлем чемпионы Владимир Крамник.

Айта кетсек, 5 күн бойы жалғасатын турнирдің бірінші кезеңі бүгін «Hilton Astana» қонақ үйінде өтіп жатыр. Шахмат турнирінің жүлде қоры 265 000 АҚШ долларын құрайды.