Жаңалықтар

«AMANAT» қаржылық сауаттылық бойынша тренерлерді дайындауда

ашық дереккөзі

«AMANAT» қаржылық сауаттылық бойынша тренерлерді дайындауда

«AMANAT» партиясы «Ұлы Дала» ауылдық бизнесті дамыту қауымдастығымен бірлесе отырып, «Қарызсыз қоғам» қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру жобасы үшін тренерлерді оқытуды бастады. Аудиториямен жұмыс істеу бойынша тәжірибелік дағдыларды қалыптастыру және біліктілікті арттыру курстарын 30 бизнес-тренер аяқтады. Жақын арада тағы 70 тренер арнайы оқудан өтеді. Партия Хатшысы Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша, қоғамда азаматтарды өз қаржысын тиімді басқаруға және шығындарын оңтайландыруға үйрету қажеттілігі туындап отыр. «Ұлы Дала» ауылдық бизнесті дамыту қауымдастығының басшысы Ақмарал Бекмұрзаева «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында ауылдық жердегі 80 мыңға жуық тұрғынды қамту жоспарланып отырғанын атап өтті. «Жобамыз ұзақ мерзімді. Біз алаяқтарға бірде-бір мүмкіндік қалмайтындай саналы қоғам құруға тырысамыз. Адамдар қаржы институттарын нақты түсініп, пирамидаларды инвестициялардан ажырата білуі керек. Жалпы, қаржылық сауаттылық – бұл кең ұғым. Адамдарға жеке бюджетін қалай басқаруға болатынын үйретеміз, олардың несиелерін қайта құрылымдау, мүлікке, шоттарға қойылған кепілді алып тастау бойынша заңгерлік кеңес береміз. Біздің курстардың тыңдаушылары қажет болған жағдайда жеке қаржылық сауықтыру жоспарларын алады деуге де болады», – деді ол. Еске сала кетейік, бұған дейін «AMANAT» партиясы Halyk Bank-пен бірлесіп «Қарызсыз қоғам» жобасының басталғанын жариялап, тиісті меморандумға қол қойған болатын. Басты мақсат – азаматтардың әсіресе, берешегі бар қарыз алушылардың (жеке тұлғалар) қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру,. Оқыту 2 мамырда басталып, жыл соңына дейін жалғасады. Бірінші кезеңде Ақтөбе, Алматы, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Атырау және Маңғыстау облыстарының тұрғындары «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында оқудан өтеді.