Ақтөбе облысы тұрғындарына 2,5 мыңға жуық сиыр, қой және жылқы таратылды
Ақтөбе облысы тұрғындарына 2,5 мыңға жуық сиыр, қой және жылқы таратылды
Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасын белсенді іске асыру жалғасып жатыр. Бұл – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға, ауылдық аумақтарды инфрақұрылымдық дамытуға, білім беру мен денсаулық сақтау сапасын арттыруға бағытталған кешенді жоба деп хабарлады turkystan.kz.
Ақтөбе облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, жобаның бірінші бағыты аясында ауыл тұрғындарына жеке қосалқы шаруашылықтар базасында ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту, өнімді қайта өңдеуді жолға қою және кооперативтерді жарақтандыру үшін ауылдық жылжымайтын мүлік кепілімен жеңілдетілген несие беріледі. Бұдан өзге, облыс әкімі Ералы Тоғжановтың бастамасымен жобаға тауарлық несие беру енгізілді, яғни ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындары ауыл тұрғындарына ірі және ұсақ мал, жылқы береді.
Бүгінде облыстың елді мекендерінде тұратын 192 отбасыға 2,5 мыңға жуық мал берілді. Қарыз бірнеше жыл ішінде төлмен қайтарылады. Мысалы, бес жыл ішінде бір сиырға үш бұзаудан қайтару керек. Осы шартты орындау кезінде тауарлық қарыз өтеледі. Бұл – жеке қосалқы шаруашылықты дамытуға, отбасы үшін жаңа табыс көздерін ашуға жақсы мүмкіндік.
Түрлі тәуекелдердің алдын-алу мақсатында мал беру кезінде сақтандырылады, шарт жасалады. «Ауыл аманаты» жобасының қатысушыларына тауарлық несие ретінде өнімділігі жоғары 6000 бас асыл тұқымды мал беріледі.