Жаңалықтар

Энергетика министрі сұйытылған газ қымбаттайтынын айтты

ашық дереккөзі

Энергетика министрі сұйытылған газ қымбаттайтынын айтты

Үкіметтің кеңейтілген жиынынан кейін журналистердің сауалына жауап берген Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев сұйытылған газ бағасының қымбаттайтынын айтты деп хабарлады turkystan.kz. «Қазақстанда оның өндірісі айтарлықтай шектелген. Ішкі нарықтағы қажеттілікті жыл сайын «Теңізшевройлға» жүгініп, экспорт көлемін жергілікті нарыққа қайта бағыттау арқылы жауып отырмыз. Егер бұрын бұл аз көлемде болса, қазір ондаған мың тонна ішкі тапшылықты жабуға кетеді», - деді Сәтқалиев. Оның айтуынша, газдың бұл түрін жеткізуге байланысты басты проблема – сату бағасының төмендігі. «Өзіндік құны 70 теңгеден жоғары болса да, қазір оның сату бағасы – 50 теңге. Яғни, компаниялар шығынмен жұмыс істеп жатыр. Салыстыру үшін айтсақ, Ресейде бұл тариф екі есе жоғары – шамамен 120 теңге, Тәжікстанда – 177 теңге. Ол жақта нарықтағы баға белгіленген», - деді министр. Энергетика министрлігінің басшысы алдағы үш айдың ішінде газдың литрі 5-10 теңгеге қымбаттайтынын атап өтті. «Бұл - Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің құзыретіндегі мәселе. Бірақ бірінші өсім 5-10 теңге болады деп ойлаймын. Одан көп емес. Бірінші өсім жақын арада: бір, екі немесе үш айдан кейін болуы мүмкін», - деді ол.