Бибосынов Ташкентте Дусматовты жеңе ала ма? – Бапкер жауап берді
Бибосынов Ташкентте Дусматовты жеңе ала ма? – Бапкер жауап берді
Бұрынғы қазақстандық боксшы Біржан Жақыпов QAZAQ RING youtube-арнасының эфирінде Сәкен Бибосыновтың өзбекстандық боксшы, 2016 жылғы Олимпиада чемпионы Хасанбой Дусматовпен болуы мүмкін жекпе-жегі туралы айтты деп хабарлады turkystan.kz.
Сұхбат барысында «Ташкенттегі әлем чемпионатынан қандай нәтиже күтуге болады?» деген сауал қойылды. Бапкер бұл тұрғыда бәрінің мүмкіндігі бар екенін айтты.
«Бәрі адамның өз қолында ғой. Кейбірі турнирлерде жеңіліп жүріп, кейін бағы жануы мүмкін. Жігіттердің бәріне үміт артамыз», - деді Біржан Жақыпов.
Ташкенттегі әлем чемпионатына Хасанбой Дусматов қатысады. Біржан Жақыпов кезінде өзі жұдырықтасқан өзбек боксшысына есе жібермеу үшін Сәкен Бибосыновқа кеңес беретінін айтты.
«Маған қарағанда, Сәкеннің бойы ұзын. Біраз айырмашылық болады. Менің өзімнен аласа еді бойы. Сәкен басын жоғалтпай, дұрыстап тактика қойып, алдыңғы қолымен жақындатуға жол бермеуі керек. Менде кезінде қателіктер болды. Енді жарыс алдында Сәкенге барынша кеңес береміз», - деді бапкер.