Жаңалықтар

9-сынып оқушысын өлтірген күдіктілерге қатысты жаңа деректер пайда болды

ашық дереккөзі

9-сынып оқушысын өлтірген күдіктілерге қатысты жаңа деректер пайда болды

Түркістан облысында оқушы қызды өлтірген күдіктілерге қатысты жаңа деректер шығып жатыр. Төрткүл ауылындағы 9-сынып оқушысы Аружан Орынбайды сол мектепте оқитын 11-сынып оқушысы мен 19 жастағы ауылдасы миллион теңге бермесең, жалаңаш фотоңды әлеуметтік желіге жариялаймыз деп бопсалапты. Бұл туралы turkystan.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлады. Бірақ қомақты соманы таба алмаған 15 жасар қызды бірнеше рет пышақтап, денесін суға ағызып жіберген дейді туыстары. Қазір қос күдікті қамалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Алайда, марқұмның туыстары олар жазадан жалтарып кете ме қорқатынын жасырмайды. Себебі, ұсталғандардың бірі экс-әкімнің ұлы болса, екінші күдікті ауқатты отбасынан шыққан. - Жаным, жаныым, қарағым, талшыбықтай бұралған, қарағым. Әппақ сұлуым, аруым … Аружанды соңғы төрт жыл бауырына басқан әжесі енді суреттеріне қарап, ботадай боздайды. 9-сыныпта оқып жүрген немересі пышақталған күйі ауыл маңынан өлі табылғанына әлі сене алар емес. Кешке үйдегілер ұйқыға кеткенде Аружан сыртқа шығып, қайта оралмаған. Аружанның үйден соңғы мәрте шыққаны көрші үйдің қорасына қойылған бейнекамераға түсіп қалған. Түнгі сағат 12 шамасында әлдекіммен телефонмен сөйлесіп елеңдеген қыз арықты бойлап жүреді. Ал ертесіне 15 жасар қыздың денесі бұл жерден бірер шақырым жердегі арықтың ішінен табылды. Әжесі оның кісі қолынан өлгеніне сенімді. Себебі, үйдің іргесіндегі арықтың маңы әбден қанға малынған. Өзіне қол салғандай қылған қаскөйлер қылмысын жасыру үшін жарақат алған қызды суға тастаған дейді. Құрманкүл Салқынбекова, марқұмның әжесі: - Дыбысы шықпасын деп, бүйтіп кигізіп тұрған да, жаңағы 11-сыныптың баласы қолын артқа ұстап тұрған, қайырып, анау пышақты екі рет ұрған. Одан кейін қыз құлағаннан кейін, анау балаға: “Қане, сен қолын кес” деген, 11-сыныптағыға. Одан кейін ол қолын кескен. Арықтың жағасында қан деген көлкөсір. Қызды өлтіруге қатысты деген екі күдікті ұсталды. Оның бірі 19 жастағы ауылдасы болса, екіншісі Аружан оқыған Төрткүл мектебінің 11-сынып оқушысы. Қара жамылған отбасы олар қыздың жалаңаш фотосын жалпыға жарияламас үшін миллион теңге сұрағанын айтады. Динара Зілғараева, марқұмның анасы: - Соңғы мәрте, алтысында менен ақша сұрады, қызым. Сосын мен айттым, “әкеңнен сұрашы” деген едім, “мама, сіздер ондай ақшаны тауып бере алмайсыздар” деді. Сөйтіп, менің қызымның әдеті бар, күліп ойнайтын да, сосын, “неғыласың ол ақшаны?” деп, қайта-қайта сұрап едім, “мама, мен шетелге кетем” деді. Міне, шетелге кетті ғой. Осы екі бала бопсалаған. “Ақша бермесең, масқараңды шығарам, сенің суретіңді шығарам” деген. Марқұм болған Аружан мен 11-сыныптағы күдікті туралы мектептегілер тек қана жақсы жағынан білетінбіз дейді. “Екеуінің өзара қарым-қатынасы туралы енді естіп отырмыз” деген мұғалімдер күдіктінің  момын екенін айтады. Қанат Коспанов, Төрткүл орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары: - Ешқандай аутодиструктивті мінез-құлық ол баланың бойынан табылмаған. Сауалнама нәтижесінде, ол өзі сәл қорқақтау бала, сондай қаттырақ сөйлесең, жылап қалатын, сондай бала, одан бір қылмыс шығады деп біз мүлдем ойламадық. Күдіктілерді қамауға алған полицейлер кісі өлтіру дерегімен іс қозғап, сараптама тағайындады. Бірақ бірі жергілікті бай-бағланның баласы, екіншісі бұрынғы ауыл әкімінің ұлы деген туыстары іс жылы жабыла ма деп қорқады. Сондықтан істі облыс прокуратурасы бақылауға алса дейді.