Жаңалықтар

Көлгінов Қызылорда облысының тұрғындарымен кездесті

ашық дереккөзі

Көлгінов Қызылорда облысының тұрғындарымен кездесті

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Алтай Көлгінов Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында апатты жағдайдағы ауыл мектептері мен денсаулық сақтау нысандарында болып, жастармен, сондай-ақ ауыл тұрғындарымен «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысу мәселелері бойынша кездесу өткізді деп хабарлады turkystan.kz.

Президент тапсырмаларын орындау аясында білім беру, денсаулық сақтау және жұмыспен қамту мәселелері ерекше бақылауда. Мектеп тапшылығы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы мен «Білім беруді қолдау» қорының көмегімен шешілетін болады. Соның нәтижесінде үш жыл ішінде өңірде 30-дан астам білім беру нысанын салу межеленген.

Қызылорда облысында медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін биыл облыстық қан орталығы мен мамандандырылған емханасы бар 300 орындық (онкологиялық бөлімшесі бар) көпсалалы аурухана, Арал ауданы Сексеуіл ауылында 40 төсектік аурухана құрылысын салу жоспарланған.

Премьер-министрдің орынбасары Қызылорда қаласына қарасты Баймұрат батыр ауылы тұрғындарымен кездесіп, бағдарламаның шарттарына тоқталды.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарына өз бизнесін бастауға немесе бұрыннан бар бизнесті дамытуға мүмкіндік береді. Ол үшін жеңілдікпен несие мөлшерлемесі енгізілді, бюджеттен қомақты қаражат бөлінуде. Ауыл тұрғындарынан талап етілетін басты нәрсе – бастама көтеру мен жұмыс істеуге деген ұмтылыс. Ауылда жайлы өмір сүру үшін жағдай жасалуда: мектептер, ауруханалар, жолдар, инженерлік инфрақұрылым салынуда. «Ауыл аманаты» бағдарламасы – ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін жақсартудың тағы бір қадамы», — деп атап өтті Үкімет басшысының орынбасары.