Жаңалықтар

Отыз жылдан соң табысқан әке мен бала

ашық дереккөзі

Отыз жылдан соң табысқан әке мен бала

Екі күн бұрын Павлодар тұрғыны Асқардың отыз жыл­дан соң әкесін Семей маңындағы фермадан тауып алғаны туралы ақпарат ешкімді де бейжай қал­дыр­мағаны анық. Көпшілік Асқардың арада отыз жыл өтсе де, өкпе-ренішін ысырып қойып, әкесін іздегеніне риза бо­лып жатса, енді бірі екеуінің бірге түскен суретіне там­санып, өзара ұқсастық іздеп жатты. Абай облысы полиция департаментінің қызметкерлерінің көмегімен әкесін тап­қан Асқарға хабарласып, әңгімесін жазып алған едік. Әкем Семейден, ал анам – Пав­ло­дар­дың тумасы. Анам Семейде оқып жүр­генде екеуі көңіл жарастырып, отбасын құр­ған. Сосын мен дүниеге келген соң, екеуі Пав­л­одар облысына көшуді ұйғарыпты. Мұн­да келген соң жеке кәсіпкерлікпен ай­на­лысқан. Сосын екеуінің дәм-тұзы жа­рас­пай, ақырында әкем Семейге оралған. Ол кезде 90-жылдардың басындағы қиын ке­зең­де арадағы байланыс үзіліп қалған. Әкем сол күйі біз жаққа келмеген. Сөйтіп, әке­сіз өсуіме тура келді. Ал анам кейін екін­ші рет тұрмысқа шығып, ол отбасыда інім мен қарындасым дүниеге келді. 2018 жылы шаңырақ көтердім. Қазір төрт жасар ұлым мен бір жасар қызым бар. Олар­дың тегі әкемнің атына жазылған. Өзім әке болғандықтан, әкемді көргім кел­ді. Оған қоса, әкеме оның атын шығарып жүрген ұрпақтары бар екенін көрсеткім кел­ді. Кішкентай күнімде бірге доп тепкен дос­тарымның әкелеріне тәтті қылық та­ны­татынын байқап, «Әкеммен кездескенде мен де сөйтемін» деп армандайтынмын. Ара­да отыз жыл өтсе де, «Әлі кеш емес қой. Із­деп көрсем қайтеді?» деген қызығушылық бол­ды. Үйленген кезде Семейге арнайы ша­қыру жібергенбіз. Бірақ кейін белгілі бол­ғандай оған ол шақыру жетпепті. Көр­ші­лер беруді ұмытып кеткен бе, сол кезде фермада болған ба, анығын білмедім. Бірақ шақыруыма жауап бермесе де, үмітімді үзбедім. Қайткенмен қанымыз бір ғой. Жаһанда жер басып жүрген ең жақыным – сол кісі. Себебі анам 2012 жылы әскери бо­­­­ры­шымды өтеп жүрген кезде қайтыс бол­ды. Әскерден он күнге сұранып келіп, анам­ды жерлеп, қызметімді қайта жал­ғас­тырдым. Құдай бетін әрі қылсын, бірақ әкем­нен айырылып қалғанымды естісем, «Тірі жүргенде неге іздеп бармадым?» деп өзе­гімді өкініш өртейтін еді. Әкемді осын­шама жылдан кейін іздестіруге итермелеген бір себеп – мен анамның қасында көп уа­қыт өткізе алмадым. Анам бізді асырап-бағу үшін дамыл таппай, күні-түні жұмыс іс­те­гені есімде. Ауылда мектепті бітірген соң Талдықорғандағы колледждердің бірі­не оқуға түсіп, оны аяқтаған соң Алматыда жұ­мыс істедім. Үйдің үлкені болған соң, өз бе­тіммен өмір сүруге тырыстым. Сосын әс­керге аттандым. «Әскерге бармай анам­ның қасында қалуым керек еді. Анам тұр­ған үйден бір елі аттамауым керек еді» деп жер тепкілеп, өкінген кездерім болды. Сон­­­дықтан алдағы уақытта осыған ұқсас се­зімді бастан кешіріп, жер сипап қалмас үшін әкемді іздеп табуды мақсат еттім. Қа­зіргідей іздегеніңді дереу тауып беретін кез­де құрдан-құр отыру мүмкін емес қой. Сосын әкесіз өскендіктен «Барып көрейін. Жағ­дайы қалай екен? Қиналып жүр ме екен? Бәлкім, тұрмысы жақсы шығар. Басқа әйелі, одан туған балалары бар шығар. Бауыр­ларыммен таныссам ғой» дегендей сан түрлі сұрақтар бәрібір маза бермейді. Со­дан соң, әлбетте, қазақ болған соң, тамы­рым­ды, қай рудан тарайтынымды білгім кел­ді. Әкемнің туыстарыммен танысқым кел­ді. Оның үстіне, анамның ағасының ба­­­ласымен үнемі әке, отбасы туралы сөй­ле­сетінмін. Ол кісі «Асқар, әкеңді іздеу ке­рек. Балаларың өсіп келе жатыр. Атасын біл­сін, көрсін» дегенді үнемі айтатын. Жал­пы, нағашыларым әкем туралы тек жақсы пікір айтады. Олардан әкемнің қо­лы­нан көп нәрсе келетінін білдім. Туыс­тарым «Маман болмаса да, теледи­дар­ды жөндейтін. Көліктің де кем-кетігін түзей­тін. Қолынан келмейтіні жоқ. Жақсы жігіт бо­латын» деп үнемі айтып жүреді. Алғашында интернеттен әлдебір ілмек тауып алармыз деп ойладым. Бірақ үлкен жас­тағы кісілер интернетте отырмайтынын ес­керіп, Семейдегі еріктілер тобына хабар­ла­сып, көмек сұрадым. Олар полицияға өті­ніш жазу керегін, сосын барып қана із­дес­тіретінін айтты. Сөйтіп, өткенде ағам екеуіміз дұрысы, алдымен Семейге барып, по­лицияның көмегіне жүгінейік, сосын тұр­ғылықты мекенжайына барып, көрші-қо­лаңнан сұрастырып, іздестірейік деп жол­ға шықтық. Жолға «Түбі тауып аламын» деген амбициямен шыққан едім. Түйсігім алдамапты. Жергілікті полиция қызмет­кер­лерінің көмегімен әкемді Семейден 200 ша­қырым жерде орналасқан фермадан тап­тық. Бір қызығы, анам мен 7-сынып оқы­ған­да әкемнің жас кезіндегі суретін көр­сеткен. Бірақ кейін ол суретті жоғалтып ал­дық. Сондықтан Семейге барғанға дейін әкем­­нің түрін тіпті де елестете алмадым. Кез­­дескен кезде абдырап, түк айта алмай қал­­ды. Қателік жібергенін сезгендей. Іс­са­пармен Павлодар облысына сан мәрте кел­генін айтады. Бірақ мені іздеп келуге ба­­тылы жетпеген сыңайлы. «Балам қалай қа­­былдар екен?» деп дәті бармаған болар, бәл­­кім. Мінезі жұмсақ болған соң, ойға ма­та­лып, батыл қадамдар жасай алмаса ке­рек. Өмірде небір жағдайлар болады ғой. Мүм­кін, ауырып қалған шығар. Бәлкім, жағ­дайы жетпеген болар. Мен де өмірді көр­ген баламын. Бәрін түсінемін. Оған еш өк­пелемедім. Керісінше, оны көргенде төбем көкке бір елі жетпей қалды. Бәрінен бұ­рын, оны өмір аямаса да, өз-өзін жоғалтып ал­мағанына қатты қуандым. Ішімдікке са­­лынып, үй-күйсіз, көше жағалап жүр­ме­ге­ніне шүкір дедім. Жекеменшік фермада адал еңбек етіп, нәпақасын тауып жүр. Бас­тысы, далада қаңғып жүрген жоқ. Ау­ру­ханада немесе наркология бөлімінде жат­қан жоқ. Өз бетімен өмір сүріп жатыр. Со­ған қатты қуандым. Екінші рет отбасын құр­мапты. Бірінші тіккен отауында қалған біз­ді есінен шығармай, уайымдағаннан екін­ші рет үйлі бола алмаған болар деп ой­ладым. Туыстарым туралы сұрағанда «Се­мейде ешкімім қалмады. Жалғыз қа­рын­дасым Астанада тұрады» деді. Семейде еш­кімі болмағандықтан жеке меншігіндегі жа­тақханадағы бөлмені жалға беріпті. Он­да жалғыз тұру мүмкін емес екенін айтады. Оған отбасым туралы айтып, анамның қай­тыс болғанын жеткіздім. Бірақ екеуіміз көп уақыт сөйлесе алмадық. Себебі күні бойы нақты қайда екенін біле алмай, біраз із­дес­тірдік. Фермаға жеткенше кеш қарай­ды. Шай ішіп, бір сағаттай әңгімелестік. Со­сын телефон нөмірімізбен алмасып, сау­лық тілесіп, жолға шығып кеттім. Қай­тар­да «Өз-өзіңізге қарап жүріңіз. Ден­сау­лы­ғыңызды күтіңіз. Өткенді ойлап, бас қа­тырмаңыз. Тек алдағы өміріңізді ой­лаңыз. Бәрі жақсы болады. Қолымнан кел­генше көмектесемін. Бізге қонаққа келесіз ғой. Қолымда тұрамын десеңіз, қуана-қуана алып кетемін. «Жоқ, осында үйренгенмін» де­сеңіз, өзіңіз көресіз» деп айтып кеттім. Жиі хабарласып тұрамыз. Ферма жақта те­лефон желісі тартылмаған. Желі ұстай­тын жерге барғанда өзі телефон соғады. Өзім де хабарласып тұрамын. Бүгін таңер­тең ғана сөйлестік. «Жұмыстарымды біті­рейін. Жалақымды алайын. Сосын сендерге барамын. Өмірім өзгерді» дейді. Отыз екі жасқа келгенде осындай ерек­ше сезімді, сипаттауға сөз жет­пейтін эмоцияны бастан кешіремін деп кім ой­лаған? Өзім үшін жаңалық аштым. Тү­сін­генім, жүрегіңді қарайтып, өкпе сақ­тау­дың қажеті жоқ екен. Ебін тапса, ше­шіл­мей­тін түйін жоқ. Бәрін де шешуге болады. Бә­рін де кешіруге болады. Кезінде жұлдызы жа­расып, бақыттан бас айналатын сәттер кеш­кен екі адамның екі жаққа кетуі – тағ­дыр ісі. Сондықтан үзілді-кесілді бас тарт­пас бұрын, бәрін таразы талқысына салған абзал. Бірақ ең дұрысы – бәрін кешіре салу керек (күліп). Расында, дінімізде де кешіру, ке­шірімді болудың маңызы зор ғой. «Ке­шірімді кісіге Жаратқанның сыйы бар» деп бекер айтпайды. Кешіре білген адамға сар­қыл­мас сауап жазылады. Сабыр танытсаң, жо­лың ашылады. Ойың да лайланбайды. Пиғылың да түзу. Жеңілдеп қаласың. Ал өкпе-ренішіңді көкірегіңде тас қып ұстап, оны соншама жыл бойы көтеріп жүру­дің өзі азап емей немене?! Мен әкем­ді отыз жыл көрмедім. Отыз күн емес, отыз ай емес, отыз жыл! Былай қарап тұр­саң, менің «Осы уа­қытқа дейін неге мені іздеп келмедің? Мен бала күйде қал­дым ғой. Мен де сен се­кілді қиындық көп көрдім. Неге ізде­мей­сің? Қайткенмен, се­нің қаныңмын ғой» деп айтуыма бола­тын еді. Бірақ оны алғаш көргенде бірде-бір жағымсыз сөз айтпадым. Өт­кенді қаз­баламай, қазіргі сәттің қызы­ғына ба­тып, рахат алғым келді. Әкем екеуіміздің ортақ тұстарымыз көп екен. Тамақтанар кезде бір ая­ғым­ды орындықтың үстіне қойып алатын мені көргенде нағашыларым «Әкеңе тарт­қан­сың ғой. Ол да осылай отыратын еді» деп айтатын. Расында да, екеуіміздің сол әде­тіміз бірдей екен. Мінезіміз де ұқсайды. Бет-әлпетіміз де. Әсіресе, ұлым атасына тарт­қан секілді. Ұлым демекші, балаларым есей­мей тұрғанда, аталарын тауып алғаным қан­дай күшті! Жұмыста ата-анасы бұры­ны­рақта қайтыс болған бір әріптесім бала­ла­рын балабақшаға апара жатса үлкені «Әке, неге бізде ата-әже жоқ? Бәрінің атасы мен әжесі бар. Бізде де болсын» депті. Қазір­гінің балаларына «Ата-әжең қайтыс болған немесе бөлек тұрады» дегенді түсіндіре ал­майсың ғой.

Жазып алған

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ