Өмірбек ЖҰБАНИЯЗОВ: Арнайы сурет академиясы бізде ғана жоқ

Өмірбек ЖҰБАНИЯЗОВ: Арнайы сурет академиясы бізде ғана жоқ

Өмірбек ЖҰБАНИЯЗОВ: Арнайы сурет академиясы бізде ғана жоқ
ашық дереккөзі
Өнердің ішінде бейнелеу өнері – ерекше бір әлем. Қа­зақта сурет өнері өнердің басқа түрлеріне қарағанда классикалық түрінде кештеу қалыптасып, кенже да­мыса да бүгінде әлемге танылды дей аламыз. Де­ген­мен қылқалам шеберлерінің жай-күйі туралы он­ша біле бермейміз. Сондықтан біраз жылдар бойы ғылыми жұмыспен айналысып, Өнер ака­демиясында ұстаздық еткен, бес жылдан бері Сурет­шілер Одағын басқарып келе жатқан Өмір­бек Жұбаниязбен сұхбаттасып бүгінгі қазақ бей­нелеу өнерінің, суретшілерінің жай-күйі тура­лы әңгімелескен едік. – Өмірбек Орынбасарұлы, халқымыз жал­­пы сурет өнері туралы хабардар бол­са да оның қазіргі жағдайы, сіз басқарып отыр­ған бейнелеу өнері өкілдерінің жай-күйі туралы біле бермейді. Қазақ суретшілері қалай күн көріп жатыр? – Жалпы, адам баласы жарық дүниеге ке­ліп көзін ашқаннан ең алдымен бәрін кө­зі­мен көріп, дүниені көру арқылы қабыл­дай­ды ғой. Анасын, әкесін, жан-жағындағыларды көреді, солардың бейнесін жадына сақтайды. Олардың мейірімін бет-пішінінің құбылысы ар­қылы айқындайды, қуанғанын, күлгенін кө­реді, сезінеді. Өйткені, адамның құлағы сөз­дерді естігенімен, оның мағынасын түсі­ніп білуге біраз уақыт керек. Сондықтан әуелі ақпаратты бейне арқылы сақтап, қорытатын адам баласы үшін сурет ең алдымен маңызды. Бала тіпті жазу мен оқуды игермей тұ­рып суретке құлшынады десек, артық айт­қандық болмас. Кішкене баланың қолына қағаз бен қалам берсе ол түрлі сызықтарды сызып, өз ойымен кескін жасап отырғанын кө­ресіз. Ол – оның көзімен көргендерінің ойын­да қорытылғаны деуге болады. Оны тіп­ті тілі шықпай тұрып та жасайды. Демек, ол миына өзі көру арқылы жинаған ақпа­рат­ты бейнелегісі келіп жатыр деген сөз. Сон­дық­тан өмірінде сурет салып көрмеген адам болмайды, тек оны өнер ретінде түсініп се­зінгенде ғана іздене бастайды. Икемі, қабілеті бол­са әрі қарай дамытып, суретші болуға тал­­­­пынады. Сурет өнерінің араласпайтын саласы жоқ деуге болады. Әріптер мен но­та­лар таңбасының өзі дыбыс пен әуеннің белгісі, яғни суреті. Ал біздің ата-ба­ба­лары­мызда суретшілік өнері болды ма, деп сұрау­дың өзі артық. Тасқа таңба болып түскен түр­кілер дәуірінің суретшілік өнері осы за­манға дейін жетті. Олардан қалған су­рет­тердің кейбірі осы күнде кең танымал. Мә­се­лен, Алматы қаласынан 170 шақырым сол­түстік-батыстағы Қарабастау кентінен сол­түстік-батысқа қарай 4 шақырым жерде ор­на­ласқан «Таңбалы» петроглифтерін әлем біле­ді. Сондықтан өзгелер сияқты бізде де, су­рет өнері атам заманнан бері бар деп айта ала­мыз. Тек оның кәсіби түрде дамуына өт­кен ғасырдың басында жол ашылды. Бұл тұр­ғыдан алғанда, Қазақстан Суретшілер ода­ғының елімізде басқа шығармашылық одақ­тардың бәрінен бұрын, 1933 жылы құры­луы көп жайдан хабар берсе керек. Қа­зақ халқында әдебиет, музыка, театр секілді бас­қа өнер салаларынан кейін қалыптасып, кеш­теу дамыса да, қылқаламды жанына се­рік еткендердің басы тез қосылып, ерте бі­рігуі – суретшілердің көп оқып, көп із­де­нетін өнер иелері екенін байқатса ке­рек. Сондық­тан олар шығарма­шы­лық одақты да ерте құ­рып, кә­сіби тұрғыда өз өнерін да­мы­тып, та­нылу жолын ерте бас­тады.  width= Жалпы, мемлекет­тің, халықтың тұр­мыс жағдайын баға­лаудың түрлі критерийі бар әрине, бірақ мәде­ние­ті мен өркениеті дамыған ел­дерде оны суретшілер­дің жағдайына қарап баға­лай­ды, яғни суретшілер қо­ғамда танымал, жағдайы жақ­сы болса, олар жасаған өнер туындылары қымбат баға­ла­натын болса, сол елдің де тұр­мы­­сы жақсы деген сөз. Ал бізде қа­лай? Құдайға шүкір, қазақта мықты сурет­ші­лер көп, оның арасында бейнелеу өнерінде өз бағыты бар, әлемге танымалдары да аз емес. Ал солардың тұрмысы, қазіргі жағдайда қан­дай? Жұрт шетелдегі суретшілер туралы естіп, біліп, олардың туындыларының қым­батқа сатылып жатқанына қарап, біздің де сурет­шілер сондай деп ойлайтын шығар. Бір­ақ шынайы жағдай мүлде басқа. Қай нәрсені де салыстыру арқылы түсі­не­міз ғой, сондықтан бүгінгі жай-күйімізді тәуелсіздіктен бұрынғы кезеңдегі жағдаймен са­лыстырсақ, қазақ суретшілері әлеуметтік жа­ғынан мүлде қорғаусыз қалды деуге бо­ла­ды. Бұрынғы уақытта, әрбір аудан орта­лы­ғында, әр мекемеде суретші болатын (ху­дож­ник-оформитель), театрларда сахна сурет­шісі болатын, тіпті әр қаланың бас суретшісі деген лауазым да болатын. Сондай-ақ кітап баспаларында кітап безендіруші суретшілері штат­пен жұмыс істеді. Қазір ауылда да, қала­да да суретші маман орны жоқтың қасы. Театр­­­­ларда сахналық декорациялардың ор­нына, қазір LED экрандар пайдаланылатын болды. Баспаларда оннан-мыннан суреттерді құрастырып, кітаптың мұқабасын жасай са­латын дизайнерлердің қызметін пай­да­ла­нады. Бірлі-жарым суретшілер білім берумен айналысып, суретшілер дайындайтын оқу орындарында жұмыс істейді демесек, бүгінде суретшілердің қалың тобы жұмыссыз деуге бо­лады. Анда-санда мемлекеттік тапсырыс бо­лады, бірақ олар барлық суретшілерді қам­тымайды ғой. Кеңестік кезде мемлекеттік тапсырыс­тарды орындайтын, мейрамдарға бай­ланысты түрлі лозунг, плакаттарды жа­за­тын, мәдени орындарға безендіру жұмыс­та­рын жүргізетін суретшілердің айлығы бес жүз сомнан асып жығылатын. Олардың өзі үшін­ші, төртінші дәрежедегі суретшілердің жағ­дайы, ал негізінен шығармашылықпен шұ­ғылданатын бірінші дәрежелі сурет­ші­лердің материалдық дәрежесі олардан үш-төрт есе артық еді. Былайша айтқанда, Cурет­шілер одағы кеңестік кезде өзін-өзі қар­жы­лық жақтан қамтамасыз ететін шығар­ма­шылық одақ болды. Қазір бізде ондай мүмкіндік жоқ... – Суретшілер мемлекет, қоғам тара­пы­нан қандай көмекке мұқтаж? Олар­дың беделін көтеру, олардың еңбегіне де­ген сұранысты арттыру үшін не істеу ке­рек деп ойлайсыз? – Суретшілерді елде «бір картинасын пә­лен миллионға сатады, бай ғой» деп ой­лай­тын шығар. Бірақ ондай жағдай кез келгенге бұйыра бере ме? Рас, қазір өзгелер сияқты біз­дің қылқалам шеберлері де әлемнің кез кел­ген елінде өтіп жатқан көрмелерге қаты­суы­на кедергі жоқ. Бірақ оған барып қатысуға кез келгеннің жағдайы жете бере ме? Бәрі де­­­меушілер іздейді, тапса барады, таппаса бар­майды. Тағы бір айта кететін жәйт: сурет­ші­лер өз туындысын шетелдік көрмеге алып бару үшін елден шығуға арнайы рұқсат алуы ке­рек. Алдымен суретшілердің өзімен бірге алып бара жатқан түпнұсқа туындыларына Әбіл­хан Қастеев атындағы Қазақстан Рес­пуб­ликасы Мемлекеттік өнер музейі «Мәдени құн­дылығы жоқ» деген анықтама береді, кейін әкімшілік мөр басып, бекітіп, рұқсат қа­ғазын береді. Содан кейін ғана шетелге шы­ғуға мүмкіндік болады. Ал сол жұмыстар шет­елдегі көрмеге қатысса, мәдени құндылық ретінде бағаланып жүлделер алынып жатады, со­нымен қатар шетелдік мұражайлар мен қор­лар сатып алып жатады. Былай қарасаңыз, күлкілі нәрсе ғой. Мұның бәрі түптеп кел­ген­де еліміздің «Мәдениет туралы заңында» бей­нелеу өнері ұғымының жоқтығы мен шы­ғармашылық суретшінің кәсіби маман ре­тінде аталмағаны болып отыр. Осыған орай, жоғары жаққа талай рет конструктивті ұсы­ныстарымызды жолдап отырмыз, бірақ, әзір­ге нәтиже болмай тұр. Шетелдерде суретшілердің еңбегі жо­ға­ры бағаланады, картиналары аук­циондарда қымбат бағаларға сатылады. Де­мек, соған байланысты тұрмыс жағдайы да жақсы болады. Ал бізде ше? Бірен-саран ақшасы бар коллекционерлер сатып алмаса, бас­қа алушы жоқтың қасы. Бұрын мем­ле­кет­тен ақша бөлініп, суретшілердің карти­на­ла­рын музейлер сатып алатын. Сондықтан әр ке­зеңдегі суретшілердің еңбектерін му­зей­лерден көруге болатын. Оның тоқта­ғанына да көп уақыт болды. Сондықтан тәуелсіздіктен бергі жерде қазақ суретші­лерінің еңбектерін музейлерден кездестіру қиын. Мәселен, му­зейлерде 1990-2005 жылдар аралығындағы ке­зеңді көрсететін суретшілердің туын­ды­лары жоқ деуге болады. Оның себебі, үкімет­тен музейге қор толтыруы үшін қаржы бө­лін­бегендіктің салдары. Ал Алматыда өткен ғасырдың соңында он үш сурет галереясы болса, бүгінде содан екі-үшеуі ғана қалды. Әрине, қылқалам шеберлері көрме өткізген кезде бір-екі картинасын му­зейге сыйлап кетуі мүмкін, бірақ олар то­лық болмағаннан кейін қазақ сурет өне­рі­нің белгілі бір кезеңдегі шығармаларымен жет­кі­лікті танысу келешек ұрпаққа қиын. Ен­деше, сурет өнерін бағалауға мемлекет тара­пы­нан бетбұрыс жасалмаса, бәрі бекер бол­мақ. Жас ұрпақ қазақ сурет өнерінен хабарсыз өсіп келеді. Бүгінгі мектеп бағдарламасында сурет және сызу сабағын алып тастаған. Жастардың назарын аударатын тек телефон болып отыр. Ал нағыз өнер назардан тыс қалып жатыр. Сондықтан ел­дің болашағын ойласақ жас ұрпақты өнегелі өнерге, оның ішінде сурет өнеріне баулып өсіруіміз керек. Материалдық құндылық жағынан ал­ған­да жұрт суреттің не құны бар деп ойлайтын шығар, ал шынында оның ке­рек жерінде оның да байлық бола алаты­н­ы­ның мысалы көп. Мысалы ІІ дүниежүзілік со­ғыс кезінде КСРО басшысы И.Сталин Аме­рикаға Эрмитаждан 50-ден аса картинаны са­тып, соған қару-жарақ алғаны туралы де­рек бар. Суретшілердің еңбегі құнды болмаса сондай жағдай болар ма еді? Тағы бір айта кететін нәрсе, жан-жағымыздағы елдердің бәрінде суретшілерге арналған арнайы Сурет академиясы (оқу орны, ғылыми-зерттеу ла­бо­раториясы) бар, тек бізде ғана жоқ. Бізде бар оқу орындарын жалпы өнермен біріктіріп жіберген. – Бізде суретшілердің өсіп-жетілуі үшін қандай жағдайлар жасалған? Су­рет­шілерді қайда даярлайды? – Өзге елдер сияқты бізде де сурет өне­рі­н­е қызығатын, болашақта суретші болсам деп армандайтын балалар көп. Жас суретшілерге арналған түрлі байқаулар өтіп жатады. Бола­шағын суретшілік өнермен байланыстырғысы келгендер болса, Қазақстанда суретшілер даярлайтын біраз оқу орындары бар. Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қол­данбалы өнер колледжінде (бұрынғы Н.Го­голь атындағы Алматы көркемсурет учи­лищесі), Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында, Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде, Алматыдағы Абай атын­дағы Қазақ ұлттық педагогикалық уни­верситетінде бейнелеу өнері факультетінде, т.б. оқу орындарында суретшілерді даярлай­ды. Солардың бірін оқып бітіріп қабілетін дә­лелдеген, сурет өнерімен беріле айна­лыс­қан­дарға суретші болуға кедергі жоқ. Жалпы, суретші өзінің ерек­ше мәнері­мен көз­ге түсіп, білімімен, шебер­лі­­­гі­мен, тәжірибесімен кө­рін­се, оған Сурет­шілер ода­ғы­ның мүшесі болуына мүм­кіндігі бар.  width= – Елім­ізде сурет өне­рін, суретшілер­дің шы­ғар­машылығын наси­хат­тау дең­гейі қандай? – Жоғарыдағы айтылған ой­ларға зер сал­саңыз, елімізде сурет өнерін насихаттау ісіне көңіл толмайтынын байқар едіңіз. Адам сурет өнерімен мектеп ке­зінен танысып, біл­месе оны қайдан біл­сін. Орта мектеп бағдар­ла­масында су­рет сабағы болмаса, балалар да суретке қы­зыға қоймас. Кеңестік кезеңде де мек­тептерде сурет сабағы болғанымен, оны оқы­­татын арнайы маман мұғалімдер сирек кез­­десетін. Қалалық жерлерде болмаса, ау­дан­дық, ауылдық жерлерде суретшілікті оқы­­ған мұғалімдер жетіспеді. Дегенмен бүгінде өз бетінше сурет салып, соны дамытатын балалар да аз емес. Оған дәлел – елімізде балалар мен жасөспірімдерге арналған жас суретшілердің байқауларының өтіп жатуы. Жасыратыны жоқ, газет-журналдарда, радио-телевидениеде суретші­лер­дің насихаты аз. Сондықтан жалпы халықтың бұл өнерге түсінігі де, қызығушылығы да ой­­да­ғыдай емес. Суретшілердің елді өз туындыларымен таныстыратын жалғыз орта – музей­лер мен галереяларда көрмелер ұйымдас­тыруы болса, көрме өткізуге де біраз қаражат керек. Оған демеуші таппаса, суретшілер көр­ме өткізе алмайды. Ал өз туындыларын аль­бом ретінде шығаруы суретшілерге ол да өте қымбатқа түседі. Себебі сурет жай қағазға басылмайды. Былайша айтқанда, суретшінің бір альбомына жазушының он кітабына жұм­салатын қаржы кетеді. Осы орайда Мем­ле­кеттік тапсырыспен суретшілердің альбом­да­рының шығарылуы қолға алынса дейміз. Суретшілер одағының 80 жылдығы тұсында 5 томдық альбом демеушілер арқа­сында шығарылды. Онда сурет өнерінің барлық саласы қамтылып, еліміздің сурет­ші­лері туралы мәліметтер мен суреттер берілген. Алайда осы толымды еңбек аз таралыммен жа­рық көрді. Тіпті, қазір кітапханалардан та­была бермейді. Негізі, соны мемлекет шы­ғаратын орны бар еді. Еліміздің атын шетелге танытып, қазақ халқының сурет өнерін әлем­ге паш етіп жүрген қылқалам шеберлерін өз мемлекеті насихаттамаса, кім насихат­тайды? Кейде біздің көрмелерімізге журна­лис­тер келіп, сұхбат алып, суретшілерге қатысты сұрақ қояды. Сонда олардың сұрақ­тарынан-ақ сурет өнерінен хабары жоғын байқауға болады. Әбілхан Қастеев, Қанафия Тел­жанов, Орал Таңсықбаев секілді бұрында өт­кен бірді-екілі кісі болмаса, одан кейінгі дәуір­дегі суретшілерді біле бермейді. Содан соң көбінің сұрайтыны суретшілердің әлеу­мет­тік жағдайы, кейде болып жататын ай­тыс-тартыс мәселелері. Ал ол сурет өнерін на­­­си­хаттауға жата ма? Елімізде театрлар, концерттік залдар, кі­тап­ханалар салынып жатыр, бірақ заманауи суретшілерге заманауи көрме зал­дары салынып жатыр дегенді естімейміз. – Ендеше осы олқылықтардың ор­нын толтыру үшін не істеу керек дейсіз? – Сурет өнері әдебиет, музыка сияқты на­си­хатталса екен деймін. Орта мектептерде сурет сабағы өз деңгейінде оқытылса болар еді. Елімізде кітап шығарып жатқан баспалар көп, олар өздерінің өнімдерінің барынша тар­тымды болуы үшін суретшілермен бірігіп жұ­мыс істесе жаман болмас еді, өздері шы­ға­рып жатқан кітаптарының көркемдігі артып, қылқалам шеберлерінің нәпақысын табуына септігін тигізер еді. Үлкен қалаларда көрме зал­дары көптеп салынып, суретшілерге өз ең­бектерін насихаттауға жағдай жасалса бұл са­ланың халыққа жақындай түсуіне, адам­дар­ға рухани ләззат сыйлауына мүмкіндік артар еді. Сурет өнерінің тілі күллі адамға ортақ қой. Мен сізге бір қызық айтайын: ана бір жылы Қытайға бардым. Базарға, дүкенге барғанда алатын затымды айтайын десем – тіл білмеймін. Сонда мен не істедім? Алғым келетін орамалдың суретін қағазға салып ұстат­тым, сатушы суретке қарап бірден түсі­ніп, керек затты әкеліп берді, бірақ маған әкелген орамалы жібектен болды, маған жүн ора­мал керек болғандықтан, ормалдың жа­нына қойдың суретін салғанда сатушы кере­гімді әкелді. Бұл қарапайым ғана мысал ғой. Ал шын мәнінде, әлемде қазақтың жан-дүниесін таныта алатын дүние сурет өнері. Кең далада жүйрік мініп құйғытып бара жат­қан жігіттің не қыздың суретіне қарап өз дәстүрі, тұрмыс-салты бар көшпелі елдің болмысын тани қояды немесе табиғатты бей­нелеген картинаға қарап елімізде айдын­ды шалқар көлдердің, биік-биік таулардың бар екеніне көз жеткізеді. Былайша айтқанда, мемлекет мүмкіндік беріп жатса, суретшілер де ақын-жазушылар мен әнші-композитор­лардан, спортшылардан кем танытпас еді ғой қазақты. Бүгінде халқымыздың жағдайы жақсы, тұрмыс деңгейі тәуелсіздік алған кез­дегіден көп өсті деп жатамыз ғой. Ал шын мә­нінде, халықтың жағдайы жоғары болса керемет үй салып, оның ішін көркемдеу үшін арнайы картиналар салдырар еді. Көрмелер жиі өтіп, халық оған ағылып бармас па еді? Оқитын кітабымыздың мұқабасынан бастап, үйіміздің төріне іліп қоятын ата-әжеле­рі­міз­дің портреттеріне дейін суретшілерге салды­рып қойсақ қандай керемет?! Өкініштісі сол, оған әлі жете алмай жатырмыз. Демек, қазақ бей­нелеу өнеріне қатысты қордаланып қал­ған мәселелер әл-әзірге шешіле қояр түрі кө­рін­бейді. – Дегенмен ұлтымыздың атын шы­ғарып жүрген қылқалам шеберлері барда қазақ бейнелеу өнерінің болаша­ғы жарқын, әлемді өзіне қарататын кезі әлі алда деп үміттену керек шығар? – Әрине, солай! Мәселелерді көбірек ай­тып, жетістігіміз жайында аз сөйлеген сияқты кө­рінген шығармын. Дегенмен барды бар, жоқ­ты жоқ деп айтқан дұрыс қой. Шүкір, қазақ бейнелеу өнері қашанда таланттарға кенде болған емес. Әр дәуір­дің үлкен тұлғалары бар. Олардың шы­ғар­машылығы да өз бағасын алып та жатыр. Халықаралық көрмелерге қатысып, бәйгеден атын оздырып келіп жатқандары да баршы­лық. Мұның бәрі олардың қара бастарынан гөрі елге пайдалырақ. Шетелдерде танылып жат­са, осындай қазақтың мықты суретшілері бар екен деп айтып жүреді. Қазақ суретшісі танылса, қазақ деген халықтың талантты екенін де танытады. Біз қазақ атын алмастан бұрынғы дәуірдегі де өнерлі халық екенімізді танытқан елміз. Бабаларымыздың тасқа қашап салған суреттері – соның дәлелі. Қазақ бар­да, қазақтың талантты суретшілері дүние­ге келіп, қазақтың бейнелеу өнері де жасай береді. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Ахмет ӨМІРЗАҚ