Тұран жолбарысы
Тұран жолбарысы
«Чукча оқымайды, тек жазуды біледі...» демекші, соңғы кезде кітап оқудан қол үзіңкіреп кеткен едім, жаңбыр-жаңбырдың арасында уақыт тауып, екі шығарма оқыдым: Куприн жиеніміздің «На разъезде» әңгімесі және белгілі технологиялық кәсіпкер Арсен Томскийдің мемуарлық эссе кітабы. Алғашқысы – «Біз Алаштың азаматтарына қараймыз, Алаштың азаматтары жерге қарайды» деп бір тым ересектеу бойжеткен айтпақшы, қыз бала шекер көзін төңкерген сәтте жанарымен жер шұқып қалатын бойкүйез мігіттерге абсолютті түрде кереғар нағыз жігіт туралы.
Жә, оны қойшы, мені қатты әсерлендірген екінші туынды – Томскийдің «InDriver. Якутиядан Кремний алабына дейін: жаһандық технологиялық компанияның құрылу тарихы» (шығарушы компания – Bilim Media Group, қазақшалаған – Мақсот Ізімұлы). Құдауанда, 280 бетті бір тәулікте қылғытып қойыппын!
Кітап, ара-арасында сыналап қағылған авторлық күрделілеу пәлсапалық ой кешулерді, психологиялық тренингтерге байланысты рефлекцияларды қоспағанда, негізінде қарапайым тілмен жазылған. Тұтас алғанда «Синет» компаниясынан бүгінгі InDrive компаниялар тобына дейін алғы бизнес құрылымының құрылу, даму тарихы үш бөлікпен берілген: біріншісі, автордың өз бизнесінің тарихы, соның ішінде дербес әдістемесі және бизнес идеологиясын қалай жасағаны; екіншісі, әртүрлі бизнес модельдер жайлы ой-толғамдары; үшіншісі, бизнес жолындағы жеңістер мен жеңілістер, сүйініштер мен күйініштер, өзін және компанияны шабыттандырудың, өмірдің мән-мағынасын іздеудің құпиялары. Автор ішкі жан-дүниесін түк қалдырмай ақтармалап, кей тұста батыстық герменевтика тәсілін қолданған. Арасына сыналап езуге еріксіз күлкі үйіретін әзіл-қалжыңды, юмор қағуды да ұмытпайды. Яғни, мәтін саналы стиль тезіне түсірілген және сонысымен оқырманды жалықтырып алмай, аруанадай бұйдалап, алға қарай әкетіп отырады. Бұл – нағыз эссенің қалыбы, оның ішінде Джудит Турман стиліндегі эссе-вивисекция.
Әлбетте, өмірбаян деректері жағымдылау реңкте берілген яки әдейі көмес тасталған да шығар (қанша дегенмен кітаптың аты кітап қой), десе де ««InDriver...» барынша шыншыл туынды болып шыққанын немесе соған ұмтылғанын атап айту жөн. Программа теңшеу (аудармашы тапқан тосын, барабар балама), шағын сайт, аумақтық портал, технологиялық стартап ұйымдастырудан құлата отырып, онлайн-сервис, интернет-супермаркет, т.б.-ға дейінгі өтелек-төтелектен тақтайдай жонылып, таспадай сыдырылып қалай өткендерін баяндайды. Интернетінің өзі жарытымсыздау, ешқандай қолдаушы-қорғаушы әкә-үкәсі жоқ, метрополияның жемсауы болып отырған мешеулеу шет аймақта өз кәсібін бастаған жас бағдарламашы-провинциалдың долбарлай соғып жүріп, жан күйзелістерін еңсере жүріп, ағатсыз түйсігімен ғана табысқа жеткенін еш бүкпесіз қызғылықты етіп суреттейді. Google, Facebook, Apple, Telegram cекілді бүгінгінің алпауыттары әу баста жекелеген фрилансер – «еркін атқыштардың» идеяларынан бастау алғаны мәлім, оған бір дәлел – Марк Цукерберг жайлы «Әлеуметтік желі» байопигі. Дәл сол сияқты автор бағаны жолаушының өзі тағайындайтын биддинг идеясын 2012-жылдың айрықша зымыстан қысында Якутскідегі Вконтакте әлеуметтік желісіндегі студенттер құрған топтан алғанын жасырмайды. Жалпы, Марктен бастап Әрсенге дейінгі креатив тұлғалардың негізгі, айтулы айырмашылығы – бұрын ешкім көрмегенді көре білулері, яки идея табудан бұрын жетістікке жету моделінің тылсым құпиясын тура жұлынтұтамдарымен сезіне алулары ғой. Автордың өзі жазғандай, бұрыннан бар нәрсені жаңғыртып, қырлап-сырлап, жаңадан өң (сапа) беру. Басқаша айтқанда, Әрсен студент Павлов идеясынан ең негізгі нәрсені – әдетте жолаушы мен жүргізушінің екеуін де қанағаттандыратын ортақ баға келісіміне келген кезде адамдарға еркіндік берілетінін тамыршыдай тап басып ұстай алған. Жолаушы тасымалдайтын InDriver сервисін Яндекс пен Uber сияқты өзге сервистерден айрықшалап тұрар басты белгі де осы – еркіндік, тәуелсіздік. Халықтың көңілі әрқашан осы екеуін іштей қалап тұрады. Демек InDriver-ді InDriver қылған осы жағдай – бұқаралық сипат алуы (вариант: Dears-тың Димашты Димаш қылғаны сияқты). Осының арқасында Томский атқан оғын бірден ондыққа тигізген. Екінші сөзбен әліптесек, «Синет» компаниясы жаңа смартфондардың шығуымен айы оңынан туа қалған WhatsApp жобасы сияқты, нарыққа «күту моделі» әбден пісіп-толып тұрған ең қолайлы сәтте кірген. Демек, InDriver жобасының бағын ашқан кездейсоқ студенттік чат яки бір кезде өзі де психолог кеңесімен бір уақ такси болып кісі тасығаны емес, адамдардың сүрсанасында өмір сүріп жататын көместегі көңіл-күй ауанын дер кезінде аңғара білуі еді. Таңқаларлығы сол – : бұл жағдайды, яғни өз бизнесі үшін барынша қолайлы ортаны кейіннен Қазақстаннан табады және ұзақ аңдап, терең барлай келіп, арада алты жыл өткенде дәл Астанада өз жобасына халықаралық старт береді. Бұл жағдайды, яғни қолайлы орта бар екенін оған дейін қазақстандық кәсіпкерлердің бірде-біреуі байқамаған. «Шамның жарығы түбіне түспейді» деп осындайда айтқан шығар.
Қазақ қоғамының назарбаевтық дәуірінде айырықша қабындаған өрескел қателіктермен байланысты бұл құбылыстың сай-себебін Әрсен Ресейдегі сол кездегі жалпы ахуалға баға беру арқылы аңғартыпты. Алғашқы берекесіз, жабайы капитализм кезеңін айтпағанда, ұрлап-жырғап тойынған шенеуніктер табысты көрініп тұрған жобаларды көзапара «секвестрлеуді» (сызып тастау) ғана білетін, елдік, мемлекеттік деңгейдегі шешімдерді кездейсоқ алгоритмдер бойынша қабылдай салатын клеоптократиялық елде ешқашан өсу болмайды, «өсу – жанталаса әрекет етуде емес, өсудің кілті үздіксіз дамуда, ал дамудың кілті тұрақтылықта» – алгоритммен үйрек атқан Томский кәсіпкерлікте негізгі слоган етіп алған ұстанымның мәні осыған саяды. Кейін бұл ұстанымды ол «InDrive-тың өмір сүру мәні – әділетсіздікке қарсы тұру» деп нақтылады.
Әрсен базбір кәсіпкерлер құсап ақша-байлықты (жалпы материалдық игілікті) орынды-орынсыз мансұқтай бермейді. Оның түсінігінде, гипертұтынушылық қоғам жағдайында материалдық табыс табу мүмкіндігінің өз философиясы болады. Яғни, құмнан алтын жуғандай дұрыстап ізерлесең тұтынушылық қоғамның құндылықтарының түп-тереңінен кісінің жанына жалау боларлық белгілі бір құндылықтарды кезіктірер едің. Адамның ішінен Құдайдың сәулесін іздеген Достоевский сияқты идеалист автор әлгі ақиқи құндылықты үнемі өз ішінен іздеумен жүреді және осы орайда айтылмыш кітапта жоғарыдағы іштей өзін-өзі мүжу, ақтармалау рефлексиялары, соның ішінде өз қателіктерін анықтау жолында көбінесе негатив іздеп кететін деструктивтік өзін-өзі аңдау қалыбы ол қажет еткеннен де молырақ бой көрсететінін айтар едік. Бірақ дүниеде не нәрсе де түпкі нәтижемен өлшенеді ғой. Осы ретпен келгенде, әлгі рефлексиялардың соңы хайыр – кәсіпкер сол үздіксіз ізденістерінің нәтижесінде «отбасы – денсаулық – мансап – ақша» төрттағанынан тұратын өзіндік өмір сүру балансын жасап алады. Яғни, ілгерідегі тұтыну қоғамының тереңінде жасырынған құндылықты өз ішінен табады, ол – адамның жүрек қалауымен, содан туашақ ой, әрекет еркіндігімен өмір сүруі екен. Еркін, тәуелсіз болсаң, шындық пен әділет өз жағыңда екенін сезінсең, онда өзгенің ырқына әсте бас алдырма. Автордың оқырманына жолдаған негізгі месседжі осындай және үшбу қағидатын өзі де өмірде бұлжытпай ұстанып келеді. Әрсен, әрине, кәсібін өркендету барысында синергияға (бірлесіп әрекет ету) барған, оны кітабында ашық жазады, бірақ ол бизнестегі серіктестерімен ғана ымыра жасасқан, ал әдетте көп жерде, көп елде жемқор болып келетін билікпен әсте бітіспеген, олар ұсынған лас, кірлі нәрселерден бас тартып отырған. Томскийлер бастап бизнеспен айналысқан кезде алыс Саха елінде ІТ сала мемлекеттік емес, үкіметке провайдерлік қызмет қана көрсеткен, таза жеке компаниялардың күшімен қалыптасқан. Сөйте тұра, бизнеске билік тарапынан күшті қоқан-лоққы көрсетіледі, бірақ Әрсен емендей беріктік танытып, әлгі өпірем қысымға иліге қоймайды. Қоқан-лоққыға адекват жауап беріп отырады (мысалы, сондай зорақының бірінің үстінен «әлеуметтік жауапкершілігі төмен бойжеткендермен оңаша зауықтасқаны» жайлы дақ келтіретін материал жинау жолымен құтылады). Олай етпеген күнде біз бүгінде Томский деген табыскер кәсіпкерді білмеген, InDriver деген сервисті тұтынбаған да болар едік. Бұл жағынан Әрсен ешқашан іркілуді білмейтін, үздіксіз өсіп-жетіліп, өзімен қоса айнала дүниені де өсіріп, жетілдіріп отыратын дамытушы тұлға. Әрбердесін адамзат осы күнге дейінгі бүткіл білімді әйтеуір есте қалдыру үшін емес, өзін дамыту, өсіру үшін жыйды емес пе? Оның көптеген кәсіпкерлерден басты айырмашылығы да осында – дәл Абай өсиеттерінде айтқандай, ол өзіне сеніп, өзін алып шығар ақылы мен қайратына қалтқысыз иланды. Орта жолда тоқтап қалмай, қайткенде де Арманына (ия, дәл осылай бас әріппен жазылады!) іркіліссіз, күдік-күмәнсіз жетті.
Тарихтың ретті кездейсоғына қараңыз, Әрсен «Синет» жанынан InDriver-ді құрып күшейте бастаған 2013 жылы сәтті басталған «Астана» журналы жобамды тастап кеттім, яғни, Арманыма адам айтқысыз опасыздық жасадым: адамның адамнан айырмашылығы осы тектес өмір сынағы ситуацияларында бедерлене көрінетін болуы керек. Томский феноменінің бір сыры да осында – ол Күн өз сәулесін жаһанға бірдей шашатыны сияқты, «такси» сөзі де әлемнің барлық тілінде бірдей мағына беретінін ағатсыз түйсінген. Нәтиже күткендегідей: арада небәрі жеті-сегіз жыл өтті, ал бүгінде InDrive (2020 жылы өткізілген ребрендингтен кейін компаниялар тобы ретінде осылай жаңаша аталған) дүние жүзінің 47 елінде 150 миллион мобилді қондырмасы бар сервис ретінде жаһандық ең ірі райдшерингтік қызмет көрсетулердің алдыңғы үштігіне (топ – 3) кірді, көлік сервистері арасында мобилді қосымша орнату жағынан екінші орынды иеленді, соның ішінде компания Латын Америкасының қызуқанды алабын, Африка мен Азияның аптапты аймағын тұтымында берік ұстап отыр. Штаб-пәтері АҚШ-тағы Калифорнияның Кремний алабында – Маунтин-Вьюде орналасқан, ал inDrive тарихындағы ең үлкен желілік офисі Алматыда жайғасқан (онда мың адам жұмыс істейді). Оның себебі, компанияның халықаралық нарыққа экспанциясы алдымен дәл осы қазақ жерінен басталған және Қазақстан көлемінде inDrive мобилдік қосымшасы, әсіресе орта және шағын қалаларда тізгін үзіп тұр (Алматы мен Астана бойынша ғана сервисі мықты Яндекс алдыңғы орында). Бұрынырақта Әрсенге жүгенсіз жемқорлық жайлаған Қазақстанның мәшһүр «өзі сұр, өзі ұры қасқыры» күш көрсетіп, үлесінің бір бөлігін тартып алмақшы болған ғой, бірақ кәсіпкер қашанғыдай еш илікпей, халыққа арқасын сүйеп бизнесін бермей алып қалады. Сөйтіп, бейнелеп айтқанда «ритмсіз» бір елде рок-н-ролл елшісі болудан шаршап, Алматыға түпкілікті орнығады. Релокант ретінде.
Әрсен Томский Қазақстанға адам капиталына негізделген жаңа тұрпатты экономика құруда көмек көрсетуге ниетті. Оны шалғай елді мекендерде әлеуметтік лифтілер құрудан бастағысы келеді. Сосын Алматыда қабілетті балаларға арналған алғашқы тегін университет ашып, онда технологиялық кәсіпкерлер әзірлемекші. Бір сөзбен айтқанда, жеке қаражатын түгел дерлік дамудың коммерциялық емес жобаларына жұмсап жүр. Бұл – ең басты құндылыққа, адам капиталына инвестиция салу. Себебі ондай қадамның қайтарымы болмай қалмайды және ол қайтарым орасан.
* * *
Өмірде айтулы жетістікке жеткендер туралы кітапты оқу бір жағынан мотивация, екінші жағынан одан мотиватор өкілі болып саналатын ел жайында бай мағлұмат аласың. Сұлулығы тілмен айтып жеткізгісіз ғажайып Якутияның жер аумағы 5 Франция, 13 Ұлыбритания келетінін (Қазақстаннан да үлкен) оқып таңғалдым. Жерінің асты да шылқыған бай – Менделеев кестесіндегі элементтер түгелге жуық табылады екен. Және де сахалардың Жаңа жылы – күн шақырайып тас төбеге келетін 21 маусымда тойланатын ұлттық құт-береке мейрамының аты Ысыақ. Сонымен қатар осы ысыақ пен оның түбіріндегі «саха» сөзінің дериваты бір есептен, қазақ ішіндегі ысты, ысық (ру аттары), сакао – сақау (қазақта ру тақтасы, венгр мадиярларында этникалық топ) нәмімен егіз қозыдай үйлес шығуы ой саларлық. Одан да тереңдесек, Сахалин топонимі де осы қатардан табылады ғой. Бұлардың барлығы да асыл түбінде, негізінде «ыс» морфемасы жатқан бағзы сақтарға тартуы әбден мүмкін. Жазғандарын «бір май, бір ет» етіп, жаймашуақ юмормен көмкеріп отыратын Әрсен осы орайда inDriver жобасы «жайдары да жаңашыл қазақтарға мінсіз үйлесе кеткенін» айта келіп, сосын «сірә, саха мен қазақ бір заманда бір халық болған шығар, бет әлпетіміз бен «понт» жасау жағынан бір-бірімізге қатты ұқсаймыз» деген сөздерімен езуіңе күлкі үйіреді.
Өзі ашып айтпағанымен, Парижде француз тілінде Атилла жайлы кітап жазып, Францияның Жазушылар одағына қабылданған, сахадан шыққан тұңғыш математика докторы Григорий Томскийдің белінен жаралған, өзінің Әрсен есімі де арғы ер түрік заманының Эрсен, Ересен (мифтік Арсалан алып) сойына тартатын Әрсен Томский, әсілі, тұраншыл тұлға. Шынында да, Анадолыдан басталып, Солтүстік Мұзды мұхитқа белдем салған ұлан-қиыр әрі бай Ұлы Тұранды Саха елінсіз көзге елестету мүмкін емес қой. Әйеуір, саха елі мен қазақтың қайсысын айтса да аузынан жалын шығады: бүгінде жаһанға танымал Әрсен Григорийұлы әйгілі Кремний алабында жаңа технологиялармен суық климаттағы тұрмыс жағдайын жақсарту арқылы Якутияны өркендету, Қазақстанды адами капитал негізінде түлету жобаларын айтқан кезде көз жанарының түбінен бүгінде жер бетінен құрып кеткен әйгілі Тұран жолбарысының қуаты тепсінеді. Енді ше, ол өзінің бүкіл ғұмырына мән болған, сән болған Алгоритм алғаш жасалған өлкеге оралды ғой. «Әрсен алгоритмі» ендігі жерде дәл осы жерде қан тамырдай бұлқына соғып тұрмақ...
Әдебиет деп әлеужелідегі блогтарды атайтын мына заманда үшбу кітапты қазақ оқырмандарымен таныстырған «Bilim Media Group»-қа және өз тілімізге шабыттана отырып тамылжыта аударған Мақсот Ізімұлына ақ алғыс (оффтоп боп кетпес үшін аударма жағына тоқталып жатпадық, дегенмен бұл нұсқаның өз аудиториямызда кеңінен жаңғырық туғызбауы бізге түсініксіз, сірә қажетті продак плейсменттің болмауынан шығар).
17 сәуір – Әрсен дүние есігін ашқан күн. Сол датаға орайластырып бүгін біз алыстан келген бауырымызға өзі ұнататын бір тілекті бағыттаймыз:
– Акуна матата, Әрсен!
«Саспа, бәрі де окэй болады!»
Өзі айтқандай, мынау жақсылықтан жаралған дүниеде түбінде бәрі жақсылыққа апарады.
Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ