Субсидияның жаңа жүйесіндегі қиындықтар талқыланды

Субсидияның жаңа жүйесіндегі қиындықтар талқыланды

Субсидияның жаңа жүйесіндегі қиындықтар талқыланды
ашық дереккөзі
12 сәуірде Мәжілістің Аграр­лық мә­селелер комитетінің тақырыптық оты­рысы өтті. Фер­мерлердің жұмы­сы­на кедергі келті­ріп отырған суб­си­диялаудың жаңа жүйесіндегі проб­лемалар – жиын­ның негізгі та­қырыбы болды. Естеріңізге сала кетейік, субси­дия­лау­дың жаңа жүйесі былтыр 1 шілдеде іске қосылған болатын. Деген­мен жаңа жүйеде де жұмыс жүйеленбей тұр. Негізгі мәселе – техникалық қиын­дық­тар. Комитет төрағасы Серік Егізбаев­тың жетекшілігімен өткен жиын­да депутаттар, Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігінің вице-министрі, «Ата­мекен» кәсіпкерлер палатасы төра­ға­сы­ның орынбасары, агроөнеркәсіп са­ла­сы­ның сарапшылары субсидиялаудың жа­ңа жүйесі және біріңғай мемлекеттік ақ­параттық жүйе жұмысындағы олқы­лық­тарды жоюдың жолын қарастырды. Серік Егізбаев ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын субсидиялаудың электронды порталында көптеген тех­ни­калық қиындықтар туындап жатқа­нын алға тартып, осыған байланысты Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағ­лан Бекбауовқа сөз берді.
– Әртүрлі техникалық қиындықтар туындағанда фермерлер не істейді деген сұ­рақ, әрине, мазалайды. Бұрынғы жү­йе­ге фермерлер үйреніп қалғанын, қа­зір­гі жүйеге бейімделу қиын екенін тү­сі­неміз. Дегенмен бұл – мемлекеттік жүйе. Бұл жерде субсидияның барлық тү­рі бар, барлығына бірдей қолжетімді. Бұ­рынғы ақылы жүйе туралы да айтып жат­қандар бар, әйтсе де бұл – мем­ле­кет­тің фермерлерді қолдауы. Азаматтар да өті­німі қай жерде, қай кезеңде тұрғанын кө­ре алады. Ал қазір мәселелердің бәрін ше­шу үшін жұмыс істеп жатырмыз, – деді ол.
Мәжіліс депутаты Айдарбек Қо­жа­назаров Ауыл шаруашылығы министрлігінің толық аяқталмаған жүйені іске қосуы жауапсыз шешім бол­ға­нын, осының салдарынан ел бойынша 40 мыңнан астам шаруа зардап шегетінін айтты.
– Ауыл шаруашылығы министр­лі­гі­нің мәліметі бойынша қазір субси­дия­лау­дың бірыңғай мемлекеттік ақпарат­тық жүйесі арқылы 6,1 миллиард теңгеге 1,5 мың өтінім, ал 2022 жылдың сәйкес ке­зеңінде 57,5 миллиард теңге сомасына өтінім мақұлданған. Осылайша, 2023 жылы өткен жылдың көлемінен небәрі 10 пайыздан аса сома ғана төленгенін кө­ріп отырмыз. Бұл дегеніміз – фермер­лер­дің 90 пайызы gosagro.kz жүйесінің жұ­мысына байланысты тиісті төлемдер­ді ала алмаса, ел экономикасына 51,4 мил­лиард теңге шығын келеді деген сөз, – деді депутат.
Сонымен қатар Айдарбек Қожа­на­заров бұл қаражатқа мұқтаж адам­дар, бизнес көздері, жұмыс орын­дары бар екенін айтып, 40 мыңнан ас­там ауыл шаруашылығын өндіруші ша­мамен 256 миллиард теңге болатын тиіс­ті төлемді ала алмай қалатынын жет­кізді. Отырыс барысында депутаттар, Ауыл шарушылығы министрлі­гі­нің басшылары мен салалық қауым­дас­тық­тардың өкілдері ақпарат­тық суб­си­диялау жүйесі толық пысықталмағанын және ауыл шаруашылығы тауар өн­діру­шілердің тарапынан көптеген шағымдар туғызып отырғанын айтып, мәселені жан-жақты талқылады. Депутат Бақытжан Базарбек мәсе­ленің шешімі тек құжатқа ғана тіреліп тұрғанын айтып, оны шешудің жолын ұсынды. Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігінің өкілдері ұсыныс мін­детті түрде назарға алынатынын айтты. Сонымен қатар депутаттар осы мәселені шешудің жолдарын қарастыруға жан-жақты жұмылатындарын жеткізді. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фрак­­­­циясының мүшесі Болат­бек Нажметдинұлы Ауыл шаруашылығы министрлігі жаңа платформаның жұмы­сы басталардан сегіз ай бұрын Qoldau платформасынан кететінін ескерткенін, де­генмен осы уақыт ішінде жүйені са­па­лы етіп әзірлей алмағанын айтты. Со­ны­мен қатар министрлік басқа плат­фор­маларға мүмкіндік бермей, монополияға жол берген. Оған қоса бұл техникалық қиын­­­дықтар саланың жалпы өсіміне әсер ететін болады.
– Министрдің міндетін атқару­шы­ның 23 желтоқсандағы бұйрығында қа­зіргі платформадан басқа платформа жұ­мыс істей алады деген сөз жоқ. Салада өсім байқалады. Ауыл шаруашылығы 2022 жылдың қорытындысы бойынша 9,2 пайызға өсті. Бірақ қазіргі сапасыз сер­вис жұмысы 2023 жылдың қорытын­дысына әсер етеді, – деді депутат.
Отырыс қорытындысы бойынша депутаттар айтқан ұсыныстар­дың негізінде Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі жаңа жүйенің жұмысындағы кемшіліктерді жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеп, олардың нақты орын­далу мерзімдерін белгілеп, Коми­тет­тің атына жолдайтын болады. Мәселе та­ғы да талқыланып, алда тағы да жиын­дар болатыны айтылды. Айдарбек ҚОЖАНАЗАРОВ, Мәжіліс депутаты: Фермерлер шығынға батуға мәжбүр болып отыр
– Қазір біздің сайлаушылар үшін Субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесіне қатысты мәселе өте өзекті болып отыр. Апта сайын осы сұрақ­қа байланысты маған жүздеген өті­нім келіп түседі. Ауыл шаруашылығы министрлігі жүйе қалыпты жұмыс істеп тұр, барлық мә­селе шешілген деп бізді осы уақытқа дейін сендіріп келді. Бірақ жағдайдың мүш­кіл екенін растайтын бірнеше сан кел­тіріп кетейін: фермерлердің 90 пайызы gosagro.kz жүйесінің жұмысына байланысты тиісті төлемдерді ала алма­ды. Бұл – жылдың басындағы жағдай, егер жүйенің жұмысы осылай жалғаса беретін болса, онда 12 ай қорытындысы бойынша gosagro.kz 287 миллиард теңгенің небәрі 31 миллиард теңгесін тө­леп үлгереді. Бұл жай ғана сандар емес, бұл қара­жатқа мұқтаж адамдар, бизнес көздері, жұмыс орындары бар. Одан бөлек, министрлік ұсынған статистикаға сүйенсек: gosagro.kz жүйесі 60 миллиард теңге сомасында 1,8 мың өтінімді немесе қаржыландыру көлемінің 37 пайызын кері қайтарған. Қалыптасқан тәжірибе кері қайтарылған өтінімдер көлемі 1 пайыздан аспауы тиіс екенін көрсетеді. Бұл мәселе де жүйенің жұмысына қатысты. Бүгінде несиелер бойынша пайыз­дық мөлшерлемені субсидиялау – ең өзекті мәселелердің бірі. Бұған қа­тысты ҚР АШМ өкілдері олар Qoldau.kz платформасындағы деректерді осы жылдың наурызының соңына дейін ала алмағанын айтады. Соның салдарынан министрлік былтырғы өтінімдерді төлей алмай жатыр-мыс. Биылғы төлем­дерді айтпаса да түсінікті. Фермерлер шын мәнінде шығынға батуға мәжбүр. Нақты сандарды да айта аламын: бүкіл ел бойынша фер­мер­лер шамамен 45 миллиард теңгені айналым қаражатынан алып, мемлекет жеңілдетуге міндеттелген несиелерді төлеуге мәжбүр. Түсіндіре кетейін: пайыз­дық мөлшерлемені субсидиялауға арналған қаражат көлемі – жылына 90 миллиард теңге. Тиісті төлемдер 4 ай бойы төленбей жатқандықтан, осы уа­қыт ішінде фермерлер несиелер бойын­ша толық мөлшерлемені – 20-25 пайыз­дан астамын төлеп жатыр. Болжам бойын­ша бұл жағдай жарты жылға созы­лады, демек фермерлер несиелері бойынша ауыртпалықтың бәрін өз мой­нына алады. Өңірлердегі ауыл шаруашылығы басқармаларының қызметкер­лері де бағдарсыз. Министрлік өкілдері­нің ешқайсысы фермерлерді жаңа жүйе­де жұмыс істеуді оқытқан жоқ. Өтінім­дерді қайтарып алу мүмкіндігі қарас­тырылмаған. Нәтижесінде, басқар­ма­лар мамандары мемлекеттік қызмет­тер туралы заңнаманы бұзуға барады. Фермерлердің өтінімдерін са­ра­ласақ, проблема инвестициялық салымдар, тыңайтқыштар, тұқым баға­сын субсидиялау бағыттары бойынша еке­нін байқаймыз. Жер телімі қожа­лық­тардың ЖСН нөміріне бекітілген шағын фермерлер үшін өтінім беру мүмкіндігі мүл­дем жоқ. Ал Түркістан, Алматы, Жам­был облыстарында мұндай фер­мер­лердің саны көп. Осыған байланысты Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігіне ұсыныстары­мыз­ды айттық. Мәселені тез арада шешу керек.