Миниатюр кітап музейі

Миниатюр кітап музейі

Миниатюр кітап музейі
ашық дереккөзі
Әлемде кітаптың неше бір түрі бар. Бұл жерде мазмұны емес, сыртқы пі­шіні, яки көлемі мен салмағы жа­ғынан айтып отырмыз. Бүйірінен түрегелтіп қой­са, кісі бойынан асатыны, тіпті екі қабат үй­дің биіктігіне жететіні... Көлденеңінен сал­са, дәу шамаданның ішіне сыймайтыны... Арт­са, атан түйеге жүк болатыны... Қолыңды ке­ре созсаң, қалыңдығы қос құлашқа же­тетіні... Түстеп-түгендеп жатпай-ақ қоялық, әл­бетте, сол кітаптардың бәрінің басы құра­лып, бір-ақ Гиннесс рекордтар кітабына сыйып кеткен. Ал енді алақанға салғанда, сірің­ке қорабындай ғана тұрқы бар кітаптар жинақталған әлемдегі жалғыз музейге бас сұқсаңыз, тіпті ғажап күй кешесіз. Ол Кав­каз аймағындағы ең үлкен қала – Бакуде ор­наласқан және әлгі Гиннесс кітабына сол құйтақандай кітаптарымен бөле-жарғысыз бірге енген. Былтыр Әзербайжан астанасында өт­кен Түркі әлемінің әдебиет және кі­тап фестиваліне жолымыз түскен. Алғаш ұйымдастырылған ауқымды шараның сәнін конференциялар, кездесулер, концерттер ғана келтіріп қойған жоқ, Баку мемлекеттік университеті бас ғимараты алдындағы кең алаңда ұзына бойы созыла жайғасқан кітап көрмесі де айналаны ерекше шырайға бө­ле­ді. Күллі түркінің рухани әлемі ортақ қазан­да қайнады. Волонтер болып шапқылап жүр­ген әзербайжан жастарының тек өз ана ті­лінде ғана сөйлейтінін көріп, бәріміз де түр­кілік қарым-қатынасты «бөтен сөзбен был­ғамауға» тырыстық. Түрік, қырым тата­ры, өзбек, тағы басқа ағайындар бір-бірімізді аса қиналмастан түсінісіп жаттық. «Шайыр­лар шаһары» атанған Бакудың кітап киесін біле­тін қала екеніне де бара-бара көзіміз жетті. Бағдарламадан тыс уақытта, Фузулиді қа­зақша сөйлеткен алымды да, арын­ды ақын Кәдірбек Құныпияұлы, әзербайжан елінен алған әсерін сол сәтінде түйдек-түй­дек өлең шумақтарына айналдырған сезім­тал сөз иесі Саят Қамшыгер, Түркі акаде­мия­сы шығарған кітаптарды қалың жұртқа та­ныстырып бәйек болған жүрдек журналист Жан­дос Бәделұлы, бір сөзбен айтқанда, қа­зақстандық делегация құрамындағы осы са­парлас серіктеріммен бірге Бакудің көр­некті жерлерін аралап қайтуды ұйғардық. Бет алған бағытымыз – әсем қаланың ескі бө­лігі, яғни Ішкі шаһар (әзербайжанша – İçərişəhər). Онда Ширваншахтар сарайы, «Қыз қаласы» мұнарасы, Қос қала қақпасы, Керуен сарай, ортағасырлық мешіттер, моншалар, сонымен қатар бүгінгі бірқатар елдің елшіліктері, мейманханалар, дүкендер ірге тепкен. «Гауһар тасты қол» көркем филь­мінің кең танымал кадрлары түсірілген көше қайырылысы туристердің аяғы үзілмейтін тұсқа айналған. Сонымен, Ішкі шаһардың тарихын түгендеп, қазіргісіне қанығып келе жатқанымызда бір шағын ғимараттың (Ғәср көшесі, 67 үй) маңдайындағы «Миниатюр кітап­тар музейі» деген латын қаріпті жазу на­зарымызды аударды. Табалдырығынан ат­тадық. Кіру тегін. Қызметкер әйел құрақ ұшып қарсы алып, Қазақстаннан келгенімізді білгеннен кейін, музейдің шежіресін баяндай бастады. Біз аң-таңбыз... Бас-аяғы отыз тоғыз шыны қоршаудың ішіне дүние жүзінің 82 елінен жол тауып келген 9 мыңға таяу кіп-кішкентай кі­тап­шалар қойылған. Әр кітапшаның кө­лемі – ең әрі кеткенде 10 мм х 10 мм ша­ма­сы. Тіпті, үлкейткіш әйнекпен ғана оқы­ла­тын­дары да бар. 1672 жылы жарық көрген Құран Кәрім, орыс әдебиетінің классигі Пуш­киннің көзі тірісінде басылған кітап­шалары – сирек басылымдар қатарында. Ба­тыстың да, Шығыстың да мәшһүр көр­кемсөз шеберлерінің аты-жөндерін көзіміз шал­ды. Кітапшалар тақырып бойынша жік­теліп, әрқайсысы тиесілі орнын тапқан. «Бұл мемлекеттік музей емес, жеке адам­ның меншігіндегі қазына», – деді гидіміз. Шы­нында да, оның иесі Әзербайжанның ең­бек сіңірген мәдениет қайраткері, «Шоһрәт» («Даңқ»), «Шәрәф» («Құрмет») ор­ден­дерінің иегері, жасы тоқсанды төрлеген За­рифа Теймурқызы Салахова болып шықты. Ол 1982 жылы өзі қызмет істейтін кітап әуес­қойлары қоғамының жұмысымен Мәс­кеу­ге барып, сол арада көрнекті мысалшы Иван Андреевич Крыловтың 1835 жылы көзі тірісінде баспа жүзін көрген кітапшасын 23 сомға сатып алады. Бұл кеңес заманында аз ақша емес еді. Ал Крыловты түрік халық­тары­ның тіліне алғаш аударған әзербайжан ағар­тушысы Аббасқұлы аға Бакиханов бо­латын. Осының ықпалы тиді ме, Зарифа ха­ным сол уақыттан бастап мини-фор­мат­тағы кітаптарды жинауға шындап кіріседі. Жылдар озып, жиған-тергені үйге сыймай ке­теді. Жұртта жоқ кітабының көптігі ар­қа­сында «ең бай әйел» деген атаққа бөленеді. Сәтін салып, өзі сөз сөйлеген бір алқалы жиынға Мемлекет басшысы Гейдар Әлиев қатысып, оның игі талпынысынан хабардар болады. Нәтижесінде, болашақ музей иесі Ішкі шаһардан өзіне ұнаған орынды таңдап алып, Баку қаласының атқарушы билігі үш жыл ішінде осы ғимаратты салып береді. Музей 2002 жылғы 23 сәуір – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні салтанатты түрде ашылып, өз жұмысын бастаған. Ел пре­зиденті жаңа руханият ошағын қамқор­лы­ғына алып, оған зор маңыз артқан. Г.Әлиев бір кітабында: «Зарифа Салахова өзі­нің лайықты еңбегін қалай мәртебе көрсе, біз Әзербайжанды әлемнің ең алыс түкпі­рін­дегі мемлекеттерге танытқан бұл ғажап әйел­дің өз елімізде өмір сүретінін мақтан тұта­мыз», – деп жазыпты. Расында, музейдің Авст­­­ралияда, Англияда, Ауғанстанда, Банг­ла­деште, Беларусьте, Германияда, Израильде, Ку­бада, Қытайда, Моңғолияда, Ресейде, Сауд Ара­биясында, Түркияда, Украинада, Фран­цияда өткен көрмелері – соның айғағы. Бері қа­рай да жалғасын тапқан жүйелі қолдаудың ар­қасында музей қанатын кеңге жайып, На­хичевань, Гәнжә, Шәкі қалаларында фи­лиал­дары құрылған.  width= Кітап сөрелерінің үстінде басқа мем­ле­кет­тердің рәміздерімен қатар тұр­ған Қазақстан Республикасының жалау­ша­сы көзімізге ә дегенде жылы ұшыраған. Сөй­тсек, музейге кітап тарту еткен елдерге ға­на осындай ілтипат бұйырады екен. Тіпті, мы­надай жағдай болыпты. Бұл орынға талай жұрттың басшысы ат басын бұрған ғой. Со­лар­дың бірі – Хорватия президенті келгенде, өз елінің туын әлгі қатардан көре алмай кү­мілжіп қалыпты. Мән-жайды ұққасын, ізін­ше төрт миниатюралық кітапты сыйлық ре­тінде жолдап, жанына туын қоса беріп жі­бе­ріпті. Сөйтіп, мәселе шешілген. Міне, бұл му­зейдің даңқ-дақпырты осындай. Біз музейден Абайдың «Қара сөздері­нің» бірі қызыл, екіншісі қара мұқа­ба­лы – екі түрлі басылымын көрдік. Мұхтар Әуе­зовтың екі томдық шығармалар жинағы оның сүйікті шәкірті – қырғыздың ұлы жа­зушысы Шыңғыс Айтматовтың «Атадан қал­ған тұяқ» атты кітапшасының жанына жай­ғасыпты. Жұбан Молдағалиевтің «Мен қа­зақпын» поэмасының сөреден табыл­ға­ны­на да көңіліміз шалқыды. Бұлардың қай-қай­сысы да – орыс тіліне аударылған нұсқалар. Тек ақ күріштің атасына арналған «Ыбырай Жа­хаев» атты кітапша екі тілде – қазақша жә­не орысша шыққан. Букинистік өнімдердің сатып алын­ға­ны, тегін келгені бар – музей қоры әр­түрлі жолмен жасақталған. Мысалы, бел­гілі орыс поэтессасы Римма Казакова өз кол­­­­­лекциясындағы 45 кітапшаны жомарт­тық­пен тарту етіпті. Қолтаңбалы кітапшалар да едәуір баршылық. Атақты ақынымыз Мұхтар Шаханов «Қымбатты Леонид Алек­сан­дровичке достық белгісі ретінде. 30.04.1981 ж.» деп автограф жазып, сый етіп ұсын­ған Уильям Шекспирдің «Юлий Цезарь» ат­ты Лондонда ағылшынша басылған сонет­тер жинағы да осында тұр. «Леонид Алек­санд­рович деген кім болды екен?» деген сауал қойыл­ғанда, өзі мен әкесінің аты осыған сәй­кесетін, «Латынин» фамилиялы орыс ақы­ны ең алдымен ойымызға оралды. Ол тап сол 80-жылдары түркі халықтары ақын­да­ры­ның өлеңдерін аударумен айналысқан. М.Шахановтың «Жароков көшесіндегі кез­десу», «Жаңғырық», «Шыңғысханның қате­лі­гі немесе жеңілген жеңімпаз хақындағы Оты­рар дастаны», «Рух мектебіндегі мұң», «Ту­ған күн кешінде...» секілді өлеңдерін тәр­жімалаған. Оның үстіне, 1988 жылы Бакуде ау­­­дарма өлеңдер жинағы жарық көрген Л.А.Латынин бұл кітапты Зарифа ханымға өз қолымен табыстауы әбден мүмкін. ...Сөйтіп, Бакудегі миниатюр кітап музейі ке­ремет сырларға толы. Кішкентай кітаптар ар­қылы үлкен әлемді тануға жол ашатын, са­наға сәуле түсіретін сиқырлы бір мүйіс із­де­сеңіз, сол арадан табасыз.

Амантай ШӘРІП