Жаңалықтар

Ынтымақтастық пен одақтастықтың жаңа деңгейі

ашық дереккөзі

Ынтымақтастық пен одақтастықтың жаңа деңгейі

Осы аптада Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Қазақстанға ресми сапармен келді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев шағын құрам­дағы кездесуден кейін екі мемлекеттің ресми делегацияларының қатысуымен келіссөзді кеңей­тіл­ген құрамда жалғастырды. Ақорданың ресми мәлімдемесіне сүйенсек, екі ел басшысы сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, мә­дени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты ны­ғайтуға ерекше назар аударып, Қазақстан мен Әзер­байжан арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақ­тастықтың негізгі мәселелерін талқылады. Жоғары мемлекетаралық кеңес құрылды Мемлекет басшысы екі ел арасындағы ын­ты­мақ­тас­тықты нығайту үшін Әзер­бай­жан пре­зи­ден­тінің бұл сапарының маңызы зор екенін айт­ты. – Әзербайжан – бізге маңызды және се­німді серік­тес қана емес, бауырлас әрі жа­қын мемлекет. Ғасырлар бойы қалып­тас­қан достық пен өзара қолдаудың мызғымас бай­ланыстарына сүйене отырып, біз бүгін­де шынайы стратегиялық серіктестік пен одақ­тастық рухында дамып келе жатқан тиім­ді мемлекетаралық ынтымақтастықты жол­ға қойдық. Елдеріміз арасында қар­қын­ды және сенімді саяси диалог орнады. Үкі­мет деңгейінде үйлесімді жұмыстар ат­қа­ры­лып, көпжақты платформалар аясында сын­дарлы өзара іс-әрекет жүргізіліп келеді, – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасында шарт­тық-құқықтық қарым-қатынас орна­ға­нына тоқталып өтті. – Біз былтыр Стратегиялық қаты­нас­тар­ды нығайту және одақтастық ынты­мақ­тас­тық­ты тереңдету туралы декларацияға, сон­­дай-ақ Ынтымақтастықты дамытудың 2026 жылға дейінгі кешенді бағдарламасына қол қойдық. Бүгін тағы бірқатар маңызды құ­жат қабылданады. Сонымен қатар Сіздің бү­­­гінгі сапарыңыз аясында ынтымақ­тас­ты­ғы­мыздың саяси тұғырнамасына тың сер­пін бе­ретін Жоғары мемлекетаралық кеңес құра­мыз. Бұл екіжақты қатынастарға тың сер­пін беретіні сөзсіз, – деді Мемлекет бас­шысы. Президенттер екі елдің сауда-эко­но­мика саласындағы қарым-қатынастарының айтарлықтай ілгерілеп келе жатқанына көңілдері толатынын мәлімдеді. Айта кетейік, былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 40 пайызға артып, жарты миллиард долларға жеткен. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Әзербайжанның эко­номикалық әлеуетін толыққанды пай­далана отырып, бұл көрсеткішті 1 мил­лиард долларға дейін жеткізуге мүмкіндік бар деп есептейтінін айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы қазақ-әзер­байжан қатынасын нығайтуда мәде­ниет саласындағы ынтымақтастық та ерек­­­ше рөл атқаратынына тоқталды. – Екі елдің мәдени онкүндігін өткізу ту­ра­лы уағдаластықты ерекше атап өткім ке­­леді. Биыл Әзербайжанда Қазақстанның мә­дениет күндері өтеді. Бүгін біз құрметті Әзер­байжан президентімен бірге көрнекті мем­­­­лекет қайраткері Гейдар Әлиев атын­дағы көшені ашамыз. Бұл игі шара әзер­бай­жан халқының біртуар перзентінің жүз жыл­дығына орай өткізіліп отыр. Ел­дері­міз­дің шынайы достығы мен өзара қол­дауы­ның тағы бір айқын дәлелі – қазақ халқы­ның Әзербайжанға тартуы Физули қала­сын­дағы Құрманғазы атындағы балалар шығармашылық орталығы. Бұл нысанның құрылысы қарқынды жүріп жатқаны жө­нін­де маған мәлімдеді. Осы маңызды ны­сан­ның іске қосылуын жуық арада көре ала­мыз деп ойлаймын. Біз гуманитарлық бай­ланыстарды жан-жақты дамытып, ор­тақ рухани және мәдени құндылықтарды байытуға ниеттіміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Ильхам Әлиев екі ел өзара ынтымақ­тас­тық пен одақтастықтың жаңа деңгейіне кө­теріліп жатқанын айтты. – Ең алдымен, Қазақстанға ресми са­пар­мен шақырғаныңыз үшін тағы да алғыс айта­мын. Бауырлас қазақ жеріне келгеніме қуа­ныштымын. Біздің қарым-қатынасымыз нығайып келеді. Халықтарымыздың ара­сын­дағы байланыстың тарихы терең әрі біз әрдайым бір-бірімізге бауыр ретінде қа­­­раймыз. Бүгін осы берік іргетастың не­гізінде келешегімізді бірге құрып жа­тыр­мыз. Біз бұған дейін талқылаған ын­ты­мақ­тастықтың барлық саласының әлеуеті мол. Гуманитарлық саладағы ынтымақ­тас­тық­тың айрықша маңызды екенін айта кеткім ке­леді. Қазақстанның Әзербайжандағы, сондай-ақ Әзербайжанның Қазақстандағы мә­дениет күндерінің ұйымдастырылуы ел­дерімізді одан әрі жақындата түсіп, ха­лықтарымыздың терең тарихы мен бай мәдениетін паш етеді. Біздің ойымызша, мемлекетаралық қарым-қатынасымыздың н­егізі – осы гуманитарлық сала. Әрине, екі та­раптың да мүддесіне сай салалар аз емес. Біз, шын мәнінде, өзара ынтымақтастық пен одақтастықтың жаңа деңгейіне көте­рі­ліп жатырмыз, – деді Әзербайжан прези­денті. Ильхам Әлиев бүгін екіжақты қарым-қа­тынастар бойынша ауқымды мәселелер көтерілгенін және халықаралық мәселелер жө­нінде жан-жақты келіссөздер жүр­гізілгенін айтты. Келіссөздердің қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев Бір­лескен мәлімдемеге және Қазақстан Рес­публикасы мен Әзербайжан Респуб­ликасының Жоғары мемлекетаралық кеңе­сін құру туралы Хаттамаға қол қойды. Гейдар Әлиевтің есімі ұлықталды Келіссөздерден кейін Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан пре­зиденті Ильхам Әлиев Астананың ор­талығындағы Гейдар Әлиев атындағы көшені салтанатты түрде ашты. Мемлекет басшысы былтыр Әзербай­жан­­ға ресми сапары барысында Ильхам Әлиев­пен мәдени-гуманитарлық ынты­мақ­тастықты нығайту жөнінде келісімге кел­генін еске салып, бұл, ең алдымен, екі ел­дің достық қарым-қатынасын бекемдей түсу үшін өте маңызды қадам екенін айтты. – Гейдар Әлиев секілді әлемдік деңгей­дегі тұлғаның атын ұлықтау – біздің пары­зы­мыз. Астанада оның есімімен аталған жаңа көшенің ашылуы – біздің осы игі іске қос­қан маңызды үлесіміз. Әзербайжан хал­қының ұлы перзентіне деген зор ілти­патымыз әрі шынайы құрметіміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент өз сөзінде Гейдар Әлиевтің күр­­делі кезеңде ел билігін қолға алып, Әзер­байжанның мемлекеттілігін нығай­ту­да зор рөл атқарғанын атап өтті. – «Гейдар» есімі «алдыңғы шепте жүру­ші» деген мағына береді. Мұның символдық мәні бар. Оны қазіргі қарқынды даму жо­лына түскен Әзербайжанның архитекторы де­сек, артық айтқандық емес. Оның са­ли­қалы басшылығымен Әзербайжанда елеулі саяси және әлеуметтік-экономикалық өз­герістер жасалды. Ел қиын кезеңдерді ең­се­ріп, дамудың даңғыл жолына түсті. Әлем­дік қоғамдастықтың беделді мүшесі бол­ды. Шын мәнінде, Гейдар Әлиев есімі Әзер­байжанның нағыз брендіне айналды. Оның өмір жолы – ұлтқа адал қызмет ету­дің жарқын үлгісі, – деді Мемлекет бас­шы­сы. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Гей­дар Әлиевтің Қазақстан мен Әзербайжан ара­сындағы екіжақты қарым-қатынасты ны­ғайтуға өлшеусіз үлес қосқанына тоқ­талды. Сондай-ақ оның қазақтар туралы жылы пікір білдіріп қана қоймай, түп-та­мырымыз бен тарихи мұрамыз ортақ еке­нін үнемі айтып отыратынын еске алды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы бү­­­гінгі Қазақстан мен Әзербайжан ара­сын­дағы қарым-қатынас берік әрі үйлесімді, стра­тегиялық серіктестік пен одақтастық ру­хында дамып келе жатқанына назар аударды. Өз кезегінде Әзербайжан президенті Иль­хам Әлиев біздің елімізге ресми сапары ая­сында осындай керемет тарихи сәтке куә бо­лып отырғанына қуанышты екенін жет­кізіп, Гейдар Әлиевтің тәуелсіз Әзербайжан мем­лекетінің қалыптасуындағы тарихи рө­ліне тоқталды. – Қасым-Жомарт Кемелұлы Гейдар Әлиев­­­­­тің бауырлас қазақ халқына деген ықы­­ласы мен сүйіспеншілігі ерекше бол­ға­нын айтты. Расында, солай. Мен бұған куә­­мін. Ол қазақтардың салт-дәстүрін, мә­­­­­­дениетін жақсы білетін және көп­ға­сыр­лық тарихына құрметпен қарайтын. Ол қазақтар мен әзербайжан халқының бауыр­­­­ластығын жоғары бағалады. Сондай-ақ ол түркі әлемін одан әрі біріктіру үшін қолынан келгеннің бәрін жасады. Біз бүгін түр­кі әлемінің бірігіп, халықаралық аре­нада беделді және қуатты ұйым құрғанына куә болып отырмыз. Бұл – Гейдар Әлиевтің де еңбегінің жемісі, – деді Әзербайжан пре­зиденті. Сонымен қатар Ильхам Әлиев Қа­зақ­стан Президенті мен халқын әлеуметтік-эко­­номикалық даму жетістіктерімен құт­тықтап, еліміздің халықаралық аренадағы беделі зор екенін атап өтті. Салтанатты рәсімнен кейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Әзербай­жан президенті Ильхам Әлиев Астана қа­ла­­сын­дағы Ботаникалық бақта ағаш отыр­­­ғыз­ды. Одан бөлек, Еуразия ұлттық универ­си­те­­­тінде Гейдар Әлиевтің аудиториясы сал­танатты түрде ашылды. Онда Гейдар Әлиев­тің қолжазбалары, мемлекеттік қызметі тура­лы кітаптар, түркі халықтарының та­ри­хы мен мәдениеті туралы еңбектер жи­нақ­талған. Салтанатты ашылу барысында Ерлан Сы­дықов Еуразия ұлттық университеті мен Әзер­байжанның жетекші жоғары оқу орын­дары арасындағы ынтымақтастығы бел­сенді дамығанын және ондаған әзер­бай­жандық студенттер ЕҰУ қабырғасында оқи­тынын айтып өтті. Әзербайжанның Қазақстандағы Тө­тен­ше және Өкілетті елшісі Агалар Ата­моғ­ланов биыл белгілі саяси қайраткер Гейдар Әлиевтің туғанына 100 жыл толатынына тоқталды. – Әр халықтың тарихында ұлы адамдар бар. Ең тағдырлы сәтте олар халықты алға же­телейді. Бауырлас қазақ елі Гейдар Әлиев­ті саяси қайраткер ретінде құрмет­тей­­тінін білеміз. Еуразия ұлттық университетінде осы аудиторияның ашылуы – соның жар­қын дә­лелдерінің бірі. Менің ойымша, біз­дің студенттер жаңа білім алуға және Әзер­байжан мәдениетімен танысуға мүм­кін­дік алады. Біз ЕҰУ-мен бірлесіп осы атау­­лы аудиторияда мәдени іс-шаралар өт­­­­кізе­тін боламыз, – деді Агалар Атамоғ­ла­нов. Аудитория Әзербайжанның тарихы, сая­саты мен мәдениеті туралы білім орталығына айналмақ. Онда тілдік және әдеби бағыттар бойынша түрлі тақырыпта дәрістер өткізілмек.