Полиция Қызылордадағы оқушылар төбелесіне түсініктеме берді
Полиция Қызылордадағы оқушылар төбелесіне түсініктеме берді
Қызылорда қаласында екі мектептің оқушылары футбол ойыны кезінде төбелесіп қалды деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Әлеуметтік желіде қаладағы мектептердің бірінде футбол ойыны кезінде оқушылар төбелесіп қалғаны жөнінде бейнежазба жарияланды. Онда №176 және №271 мектеп оқушылары арасында жанжал туындағаны айтылған.
Бұл жөнінде қалалық білім бөлімі төмендегіше жауап берді.
«13 сәуір күні №271 орта мектепте 9-11 сынып оқушылары арасында ұлттық мектеп лигасы жарысы өткен еді. Ойын барысында жеңіліп қалған командадан екі-үш оқушы арасында жанжал шыққан. Мұғалімдердің араласуымен жанжал дер кезінде тоқтатылды. Балалар зардап шеккен жоқ. Олар ата-аналарының қарауында. Оқиға орнында медицина қызметкерлері болған. Алайда, олардың қажеттілігі туындаған жоқ», - деп жазылған хабарламада.
Оқиғаға байланысты Қызылорда облыстық Полиция департаменті түсініктеме берді.
«Аталған дерек Қызылорда қалалық Полиция басқармасының сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы бойынша тіркелді. Тергеу жүргізілуде. Мән-жайды анықтау мақсатында төбелеске қатысушылар полицияға жеткізілді.
Олардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға беріледі. Сондай-ақ, қатысушылар арасында жанжал туындаған спорттық турнирдің ұйымдастырушылары да полицияға жеткізілді», - деп мәлім етті департаменттен.