Жаңалықтар

AMANAT-тың «Кедергісіз келешек» жобасы жалғасып жатыр

ашық дереккөзі

AMANAT-тың «Кедергісіз келешек» жобасы жалғасып жатыр

«AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында еліміздің түкпір-түкпірінде мониторинг жұмысы жүргізіліп жатыр. Мұндағы мақсат – ерекше қажеттілігі бар жандардың өмір сапасын арттыру және оларға қолайлы орта қалыптастыру. Мәселен, елордада мониторинг тобы «City» емханасында және Балаларды оңалтудың ұлттық орталығында болды. Тексеру барысында мониторинг тобы бірқатар кемшілікті анықтап, ескерту жасады. Сондай-ақ, оны жою бойынша ұсыныс-пікір қалдырды. Ал партияның Жамбыл облыстық филиалы жанынан құрылған жұмыс тобы алдымен облыстық сот ғимаратына барып, пандустардың бар-жоғын анықтады. Бұған қоса, арнайы аяқпен немесе таяқпен сезілетін тактильді рельефті бағыттаушы жолақтардың, зағиптарға арналған оқу тақталарының, автотұрақтағы сары бояумен сызылған арнайы орындардың, ғимарат ішіндегі арнайы әжетхананың және пандустағы дабыл түймесінің болуы назарға алынды. Бұл жұмыс облыс орталығындағы  «КМФ банк», «Отбасы банк», 2-ші қалалық емхана, «Болашақ» колледжінде де жалғасты. Мониторинг тобы мүмкіндігі шектеулі жандардың ғимаратқа емін-еркін кіріп шығуына жағдай жасалуын және мекемедегі санитарлық-тұрмыстық орынның талапқа сай келуін назарға алды. Ал партияның Ақмола облыстық филиалының мониторинг тобы Көкшетау қаласындағы орта білім беретін мекемелерді аралап, жыл соңына дейін бейімделетін нысандардың қазіргі жай-күйін бақылады. Мониторинг барысында ғимараттар мен оған іргелес аумақтар ерекше қажеттілігі бар адамдарға қаншалықты қолайлы екеніне мән берілді. Биыл облыста партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында 192 нысанды бейімдеу жоспарланып отыр. Оның 23-і – облыс орталығында орналасқан.