Жаңалықтар

ШҚО-да «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының отырысы өтті

ашық дереккөзі

ШҚО-да «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының отырысы өтті

Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының жиналысы өтті. Жиында ШҚО бойынша «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасының пункттерін Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаттарына бекіту мәселесі қаралды. «Біз депутаттық қызметті белсенді жүргізуіміз керек. Алда үлкен жұмыс күтіп тұр. Бағдарламамыздың барлық тармақтарын іске асыру - бұл біздің міндетіміз және әрбір депутат бұл мәселелерге жеке жауапкершілікпен қарауы керек деп есептеймін. «AMANAT» партиясының  депутаттық фракциясы алдына қойылған міндеттерді толық орындауы тиіс»,- деді Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі Тұрарбек Әзекенов. Депутаттар үшін маңызды міндеттің бірі – ол халықпен тығыз байланыста болып,  сайлаушылардың сұрақтарына дер кезінде жауап беру. «Атқарылған жұмысты жұртшылыққа жеткізудің тиімді жолы ол әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асатыны баршаңызға белгілі. Сондай-ақ азаматтарда кейбір мәселелерді әлеуметтік желі арқылы жеткізіп жатады. Осы орайда фракция мүшелеріне әлеуметтік желідегі белсенділікті арттыру маңызды болмақ»,- деді «AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Сайрангул Жумадилова. «AMANAT» партиясының ШҚО филиалының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасын іске асыруға арналған Жол картасы 4 бөлімнен және 88 тармақтан тұрады. Жаңадан сайланған депуттатардың алдына қойылған міндет ауқымды. Халықты толғандырған мәселелерді жүйелі шешу және сайлауалды бағдарламаның жүзеге асуына атсалысуда белсенділік танытуы қажет.