Жаңалықтар

Автокөлік ұрлығы ең көп жасалатын қылмыстың үштігіне кіреді - сарапшы

ашық дереккөзі

Автокөлік ұрлығы ең көп жасалатын қылмыстың үштігіне кіреді - сарапшы

Автокөлік құралдарының шанақ нөмірі жалған болатын, қайта басылатын немесе шетелдік көліктің нөмірлерімен сәйкес келетін (бір нөмірмен екі автокөлік рәсімделу) жағдайлар көп кездеседі. Трасологиялық сараптама жүргізетін мамандардың мәліметінше, Қазақстанда автокөлікке қатысты қылмыс ең көп жасалатын қылмыстың үштігіне кіреді. Осы орайда, Turkystan.kz тілшісі Түркістан облысы бойынша сот сараптамалары институтының жетекші сарапшысы Жандаулет Раушанбекұлымен сұхбаттасып, автокөлікке қатысты қылмыстарға сараптама қалай жүргізілетінін, шанақ нөмірлерін тексеру мүмкіндіктерін және аталмыш салаға қатысты сауалдарға жауап алды. - Автокөлікке қатысты қылмыстық оқиғалардың жиілеп кетуіне не себеп ? - Аталған қиындықтардың туындауына – бұрын автокөлік құралдарының шетелдермен ортақ мәліметтер базасының болмауы әсер етті. Қазір мәселе шешімін тауып, барлық өңірде орталықтандырылған мәліметтер базасы жұмыс істеп тұр.  Мәліметтер базасына сәйкес, шетелден әкелінген жаңа автокөліктерді көлік құралын қайта тіркеу барысында шанақтарының жекеленген нөмірлері бойынша сәйкестіктері анықталып, арнайы жүргізілген сараптамалар нәтижесінде бірі жалған, екіншісі түпнұсқа (оригинал) нөмір екені анықталады. Сондай-ақ қазір шетелдік және отандық автокөлік санының өсуі –  автокөліктерді заңсыз иемдену түріндегі қылмыстардың санының артуына әсер етіп отыр. Бұл қылмыс түрімен қомақты пайда көріп жүрген ұйымдасқан қылмыстық топтар көрші мемлекеттегі серіктестерімен бірлесіп айналысады. Кейінгі жылдары криминалдық автобизнес қылмыстары әр түрлі мамандармен, заманауи техникалық жабдықтармен толықтырылған және жақсы ұйымдасқан құрылымға айналып отыр. Өкінішке қарай, автокөлік ұрлығына қатысты қылмыстар Қазақстанда есірткі заттары, қарулар айналымы қылмыстарынан кейінгі үшінші орында тұр. Қымбат шетелдік көліктерде жаңа іздеу жүйесі мен рөлді бөтен біреудің жүргізіп кетуіне қарсы құрылғылар орналастырылғанымен, ұрылар технологияның өзін шаң қаптырып отыр. Автокөлік құралдарын заңсыз иемденуге қарсы құқық қорғау органдары тарапынан қылмыстарды сапалы ашу және тергеу мүмкіншіліктерін арттыруда сот трасологиялық сараптамасы негізгі рөлді атқарады.  Сараптама барысында көлік құралдарының таңбалық белгілеріне сапалы зерттеулер жүргізіледі. Сондай-ақ алғашқы жеке нөмірлері, автокөлік құралдарының агрегаттары мен негізгі жүйелеріндегі таңбалық белгілерінің өзгертілуі анықталады. - Сараптама барысында қылмыстың ашылуына кедергі келтіретін қандай факторлар болуы мүмкін? - Қылмыстың ашылуына бөгет болатын факторлар көп. Атап айтқанда, автокөлік өндірісінің қарқынды дамуы, криминалдық топтардың әртүрлі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі, олардың жоғары деңгейлі дайындығы мен автокөлік таңба белгілерін басудың әдіс-тәсілдерін еркін меңгергені сарапшыға қиындық тудырады. Қылмыстық топтар заңсыз иемденген автокөлік құралдарын мейлінше бүркемелеуге тырысып,  бұрын шанақ (шасси) нөмірлік таңба белгілерін қайта басып келсе, қазір компьютерлік технологияны кеңінен пайдаланады. Мәселен, көлік құралдарын басқаратын электрондық бұғаттардағы жеке нөмірлік белгі мәтіндерін жойып, басқаша өзгерістер енгізіп қояды. - Шанақтағы зауыттық нөмірлер және оларды жою қалай жүргізіледі? - Автокөлік құралдарының шанағындағы зауыттық жеке нөмірлерін толық немесе белгілі-бір көлемде өзгертулер енгізу бастапқы нөмірді толық жойып, оның орнына жаңа нөмірлік белгілер басу жолымен жасалады. Автокөлік құралдары бөліктеріне (шанақ, шасси) басылған барлық әріптік және сандардан тұратын нөмірлік белгілерді толық жою қиын болғандықтан қылмыскерлер мен қылмыстық топ нөмірлік алаңшадағы бір-екі ғана позициядағы белгілерді техникалық жолмен өзгертумен шектеледі. Қазір ұрланған автокөлік бөліктеріндегі нөмірлік алаңшаларды (номерная площадка) түбегейлі ауыстырулар арқылы жасайтын қылмыстар да жиілеп барады. Қылмыскер көбінесе бұрын апаттық жағдайға түскен автокөлік құралдарын техникалық құжаттарымен бірге сатып алып, онда көрсетілген мәліметтерге сәйкес түр-түсі, маркасы сәйкес келетін автокөліктерді ұрлайды. Содан кейін апаттық жағдайдағы автокөліктің жарамды шанақ немесе шассиінің нөмірлік алаңшаларын кесіп алып, ұрланған автокөліктің сәйкесінше аталынған бөліктерінің нөмірлік алаңшасы орнына слесарлық, дәнекерлеу жолымен ауыстырып қойылады немесе алаңшаның беткі қабатына қосымша түрде бекітеді. Бұдан ары әрлеу жұмыстары жасалынып, нөмірлік алаңша беті қажетті бояумен боялады. Ұрланған автокөлік бөлігінің кейінгі кесіліп алынған нөмірлік алаңшасы жойылады. - Шанақ нөмірлерінің түпнұсқасын қалай анықтайды? - Егер де сатып алынған автокөліктеріңіздің шанақ нөмірлері күмән тудыратын болса, жергілікті полиция бөлімдеріне арыздануға құқылысыз. Сонымен қатар, біздің сараптама Институтына жеке және заңды тұлғалардың өтініштері негізінде ақылы түрде зерттеулер жүргізіледі. Өтініш жазушы азамат жеке куәлігі, көлік құралын тіркеу туралы куәлігі және автокөлікпен мекемеге келіп, ақылы қызмет көрсету туралы келісімшарт жасайды. Автокөліктің шанақ нөмірін зерттеу жұмыстары табиғи күн жарықта автокөлік иесімен өткізіледі. Зерттеу барысында ұсынылған автокөліктің сәйкестендіру нөмірі «VIN» 17-позициялық араб цифрлары мен латын алфавиттерінен құралуы тиіс. Зерттелуші автокөліктің нөмірлік алаңша бетіндегі бояу жамылғысы бояу кеткендігі сонымен қатар маңайында артық басылған сызықтар, сырылған түрдегі зақымдану белгілері, т.б. қосымша штрихтары бар-жоғын үлкейткіш шыны аспабымен қарап, тексеруден өткізуі тиіс. Әрі қарай шанақ нөмірін анықтау мақсатында «Исследование маркировочных знаков автотранспортных средств» әдістемелік құралында көрсетілген химиялық ертінділермен тазалау әдісі алаңшадағы нөмірлік сан белгілері басылған жерлердің маңайына пластилиннен қоршау жасау арқылы қолданылады. Автокөліктің шанақ нөмірі орналасқан бөлігінде зерттелуі тиіс жердің бетіне химиялық өңдеу керекті шамаға дейін, яғни, нөмірлік белгілері жойылып кету жағдайы орын алмайтындай деңгейде жүргізіледі. Шанақтың нөмірлік «VIN» алаңшасында әріптік және сандық белгілерінің маңайын көзбен және әр түрлі бұрыштарда тура, қиғаш түскен жарықта, сонымен қатар үлкейткіш шынылы аспаппен қарағанымызда жоғарыда көрсетілген белгілерден басқа артық сызықтар, штрихтар және аталған белгілердің жалғасы, яғни, қалған элементтері бар жоғы анықталып, фотокесте арқылы көрсетіледі. Автокөлік шанағының нөмірлік алаңшасындағы латын әріптері мен араб цифрларынан құралған шанақ нөмірлік белгісі - цифрлары мен әріптік белгілері алғашқы басылған соң техникалық өзгеріске ұшыраған немесе ұшырамағандығы туралы сарапшының қолдары қойылып, құжат жүзінде қорытынды беріледі. Егер сатып алынған немесе сатуға қойылған автокөліктеріңіздің шанақ нөмірлерінің түпнұсқалық жағдайлары күмән тудырған жағдайда, азаматтың жеке куәлігі, автокөліктің техникалық құжатымен біздің мекемеге келіп, өтініш жазып, келісім-шартқа тұру арқылы автокөлігіңізді толыққанды зерттеуден өткізіп, қорытындысын алу мүмкіндігіңіз бар.