Жаңалықтар

«Қарызсыз қоғам»: «AMANAT» партиясы мен Halyk Bank жаңа жобаны іске қосты

ашық дереккөзі

«Қарызсыз қоғам»: «AMANAT» партиясы мен Halyk Bank жаңа жобаны іске қосты

Қаржылық сауаттылық деңгейін арттырмай, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту мүмкін емес. Сондықтан «AMANAT» партиясы Halyk Bank-пен бірге «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосты. Бүгін тиісті Меморандумға партияның атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев және банктің басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова қол қойды. «Біз ауылдың әл-ауқатын арттыру және аграрлық секторды қолдау мемлекеттің стратегиялық басымдығының бірі екеніне сенімдіміз. Біздің басты міндетіміз – елді азық-түлікпен қамтып отырған шаруаларға жағымды жағдай жасау. Ол үшін жеке қосалқы шаруашылықтар мен шаруа қожалықтары несиеге қол жеткізе алуы тиіс. Дәл осы ретте, қаржылық сауаттылық деңгейін сапалы арттыру мәселесі туындайды. Бұл жоба қаржылық алаяқтықты азайтуға, шамадан тыс қарызданып қалуды болдырмауға және ауыл тұрғындарының қаржылық мәдениетін жақсартуға негізделген», – деді Елнұр Бейсенбаев. Жобаға қатысушылар өз қаражатын тиімді басқаруды және шығынды оңтайландыруды үйренеді деп күтілуде. Олар қаржыға қатысты мәселелер қалай пайда болатынын, дәл қазіргі уақыттағы несиелік қарыздар санын азайтудың қандай жолдары барын, алаяқтық әрекеттерді қалай анықтау қажет екенін білетін болады. Ал ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер компания бюджетін қалыптастыру тәртібіне, салық есеп-қисабын ұсынуға және мемлекеттік қолдау бағдарламаларының қаржыландыру шартына қатысты құнды ақпарат алады. «Қарызсыз қоғам» жобасының алғашқы кезеңінде еліміздің 8 өңірі қамтылады: Ақтөбе, Алматы, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Атырау және Маңғыстау облыстары.