Жаңалықтар

Елордада әскерге шақырылушыларды салтанатты түрде шығарып салды

ашық дереккөзі

Елордада әскерге шақырылушыларды салтанатты түрде шығарып салды

Астанда «Айбынды жастар – Қазақстанның тірегі» әскери-патриоттық акциясы өтті. Осылайша, салтанатты жағдайда көктемгі әскерге шақырылғандар ҚР Қарулы Күштері қатарына қабылданды, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты. Әскерге шақырылушылар алдында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов, Астана әкімінің орынбасары Есет Байкен, «Қарулы Күштердің ардагерлері» РҚБ басшылығы, «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының генералдары мен офицерлері, әскери колледж ұландары және гарнизон әскери бөлімдерінің мерзімді әскери қызметінің әскери қызметшілері сөз сөйледі. «Отан алдында азаматтық борыш өтеу – үлкен мәртебе. Бүгінгі таңда елордада жасөспірімдер арасында әскери-патриоттық тәрбие бойынша жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Қорғаныс істері департаментімен бірлесіп шақыру науқаны және салалық бағыттағы басқа да іс-шаралар өткізіледі. Биыл Астанадан Қарулы Күштер қатарына 100-ден астам жас жауынгер аттанды. Жақында әскери жиындарды өткізу үшін жаңа кешенді ғимарат пайдалануға берілді. Сондай-ақ, шайқастарға қатысқан ардагерлер ұйымдары, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубтары іс-шараларды қоғамдық негізде ұйымдастырады. Қала мектептерінде әскери дайындықтың бірінші курсы оқытылады. Бүгінгі іс-шараны біз дәстүрге айналдырамыз. Өйткені, әрбір жасөспірім Отанды қорғаудың қасиетті парыз екенін білуі керек», – деді Астана әкімінің орынбасары Есет Байкен.