Омбыда Кемел Тоқаевқа мемориал тақта орнатып, М.Жұмабаев атындағы стипендия тағайындаған Махаббат Көптұров

Омбыда Кемел Тоқаевқа мемориал тақта орнатып, М.Жұмабаев атындағы стипендия тағайындаған Махаббат Көптұров

Омбыда Кемел Тоқаевқа мемориал тақта орнатып, М.Жұмабаев атындағы стипендия тағайындаған Махаббат Көптұров
ашық дереккөзі
Махаббат Көптұров – Омбыдағы Шо­қан Уәлиханов атындағы орыс-қазақ достығы орталығының басқарма төрағасы. Омбы қазақтары оны Омбыдағы әскери госпитальдің ғимаратына Кемел Тоқаевқа ар­налған мемориал тақта орнатуына септігін тигізгенін айтады. Омбы кадет корпусында үз­дік оқитындарға Шоқан Уәлиханов атын­дағы стипендия тағайындаған ол биылдан бас­тап Омбы мемлекеттік педагогикалық уни­верситетінің студенттеріне Мағжан Жұмабаев атындағы стипендия беру туралы келісім жасасқан. Омбыда ізі қалған тұл­ғаларымыздың есімін жаңғыртуды мақсат еткен Махаббат ағаймен Омбыға іссапармен барған кезде сұхбаттасқан едік. – Махаббат аға, Омбыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы орыс-қазақ достығы орталығына қай уақыттан бері жетекшілік етесіз? – Негізі, Омбыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы орыс-қазақ достығы орталығы 2015 жылы құрылған. Бастапқыда орталықты запастағы полковник, академик Валерий Терехов басқарған болатын. Ол кісі қайтыс болған соң Қарулы күштер ардагерлері бұл қызметті маған сеніп тапсырды. Біздің жұмысымыз қоғам ішінде көтерілген бастамаларға негізделген. Дегенмен басты міндетіміз – екі бауырлас елдің достығын айшықтайтын мәдениетті дамыту. Талай ғасыр бойы көрші тұрып келе жатқан екі елдің татулығын дәріптеу. Орталықтың бірінші бастамасы деп Омбы кадет корпусында оқитын кадеттерге Шоқан Уәлиханов атындағы стипендия тағайындағанымызды айтсақ болады. Біз бұл стипендияны жайдан-жай тағайындамаймыз. Мұнда тамыр-таныстыққа жол берілмейді. Білім күнінің алдында орталықтың басқарма мүшелері кадет корпусының педагогикалық кеңесіне шақырылады. Сол кеңесте бұл стипендияға кім лайық екенін қызу талқылаймыз. Бұл стипендияға лайық кадеттің үлгерімі жақсы, тәртібі түзу болуға тиіс. Сондай-ақ ғылым мен спортта да үздіктер қатарынан көрінуі қажет. Жалпы айтқанда, бағалау критерийі күрделі. Бірақ бұл стипендияның берері мол. Портфолио үшін де «салмағы» бар. Екі жылдан соң Омбы қаласының тумасы, Совет одағының батыры Дмитрий Карбышев атындағы стипендия тағайындадық. Осылайша, қазір біз кадеттерге екі стипендия ұсынып отырмыз. Омбыдағы барлық қоғамдық ұйымның арасынан мұндай стипендияны тек біз ұсынамыз. [caption id="attachment_219231" align="alignnone" width="1710"] width= Ш.Уәлиханов және М.Жұмабаев атындағы стипендияны тағайындау туралы шешім[/caption] – Биылдан бастап тағы сіздің бастамаңызбен Омбы педагогикалық университетінің студенттеріне Мағжан Жұмабаев атындағы стипендия беріледі екен. – Иә. Былтыр Петропавлда тұратын достарымның шақыруымен сол жаққа барып, Мағжан Жұмабаев туралы көп дерек білдім. Сосын ақынның Сарытомар ауылындағы музейінде болдым. Мағжан туралы мәліметті бұрыннан жиі еститін едік. Омбының мұғалімдер даярлайтын семинариясын бітіргенін, бұл қалада біраз уақыт тұрғанын білетінмін. Бірақ сол сапарда ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы мен білмейтін деректер естіп, таңғалдым. Омбыға келген соң қанаттанғаным соншалық, ойыма Омбы мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттеріне Мағжан Жұмабаев атындағы стипендия тағайындау туралы идея келді. Сөйтіп, аталған университеттің ректорына хат жазып, өтініш білдірген едім, ол құптап, ақырында келісім жасастық. Бұйырса, биыл оқу жылынан бастап үздік оқитын студенттерге арнайы стипендия тағайындайын деп отырмыз. Стипендиядан бөлек, Омбы мемлекеттік педагогикалық университеті студенттерінің арасында Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған үздік ғылыми жұмыстарды іріктеу үшін арнайы конкурс ұйымдастырмақ ойымыз бар. Мұны да жыл сайын өткізбекпіз. «Омбы қазақтары» ұйымының жетекшілері Торғын Әшенова мен Қуаныш Елеутаев бұл бастамамды қолдап отыр. Өзіңіз білесіз, Омбыдағы қазақтардың тарихы тым тереңде жатыр. Сондықтан мұны бірен-саран адам ғана емес, көпшілік білсе екен дейміз. «Мағжан Жұмабаев» деген аты-жөнді естісе, олар бар білгенін айтып, арамыздан шыққан танымал тұлғалар туралы деректерден хабардар болып жүретіні сөзсіз.  width=– Осыдан екі жыл бұрын Омбы әскери госпиталінің ғимаратында Кемел Тоқаевқа арналған ескерткіш тақтаның орнатылуына мұрындық болғаныңызды көпшілік біле бермейді. Бұл бастама қайдан туындады? Не түрткі болды? – Омбыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы орыс-қазақ достығы орталығына жетекшілік етуден бөлек, мен ондағы «Қарулы күштер ардагерлері» қалалық қоғамдық ұйымының мүшесімін. 2015 жылы сол кеңестің бір отырысында Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына орай сұрапыл уақытта сарбаздардың жанын аман алып қалған дәрігерлердің еңбегін елеп-ескеріп, ескерткіш орнату мәселесі көтерілді. Сіз білмейтін боларсыз, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Омбы облысында 45 госпиталь жұмыс істеген. Ол кезде Омбы қаласында небәрі 200 мың адам тұрған. Сосын соғыс жылдары көп зауыт осында көшірілген соң, тұрғындар саны екі есеге көбейді. Содан соң әлгі госпитальдарда майданда ауыр жарақат алған 200 мыңға жуық сарбаз ем-дом алды. Тиісінше, тұрғындар саны тағы да арта түсті. Сөйтіп, дәрігерлерге арналған ескерткіштің эскизін дайындап, шығынын есептеуді қолға алдық. Бұл жобаны әзірлеу туралы құжаттың бір параграфында жараланып, кейін айығып шыққан адамдар арасында танымал болғандар туралы да деректер іздестіру керек екені жазылған. Бір күні архивті ақтарып отырып, Кемел Тоқаев деген есімге мән бердім. Ол кезде Қазақстанда Сенат Төрағасы қызметін атқаратын Қасым-Жомарт Тоқаевтың фамилияласы немесе туысқаны болар деп ойладым. Бірақ кейін бұған аса мән бермедім. Себебі ескерткіштің басқа құжаттарымен жүгіруім керек болды. Бірақ қанша талпынға­нымызбен, біздің бұл бастамамыз іске аспады. Бізге рұқсат берілмеді. Дегенмен бұл идеямызды Омбыдағы дәрігерлер кәсіподағы іске асырып, ақырында олар Жеңіс саябағында біз сонша айтып жүрген, дәрігерлердің құрметіне арналған ескерткішті орнатты. Сосын кеңестің тағы бір отырысында «Ақыры дәрігерлерге ескерткішті басқа кәсіподақ орнатты. Онда біз осында жарты жыл емделген соғыс ардагері, кейін Қазақстанда детектив жанрының жолын ашқан, көрнекті жазушы Кемел Тоқаевқа мемориал тақта орнатайық» деген ойымды ортаға тастадым. Үстел басында отырғандар «Өзің ұсындың, енді өзің айналыс» деді. Сөйтіп, құрметті ардагер, запастағы майор Леонид Алешин екеуіміз бұл істі қолға алып, тиіс құжаттарды жинастыра бастадық. Шыны керек, қағазбастылық біраз әуре-сарсаңға салды. Үш-төрт жылдай уақытымыз кетті. Бірақ дегенімізден қайтпай, екі жыл бұрын мемориал тақтаны әскери госпитальдің ғимаратына орнаттық. Ол мемориал тақтаны Омбыда өсіп-өнген, қазір Санкт-Петербургте тұратын жас мүсінші Мейрам Баймұханов әзірледі. Мейрам – суретшілер династиясынан шыққан өнерпаз. Оның әкесі Гейрман Баймұқанов – танымал суретші. Өте дарынды отбасы. Мемориал тақтаның ашылуына Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Ермек Көшербаев, Омбы облысының губернаторы Александр Бурков пен қоғам белсенділері қатысты. Тағы да қайталап айтамын. Мен Кемел Тоқаев туралы дерек тауып, мемориал тақта туралы ойластырып жүргенімде Қасым-Жомарт Тоқаев Сенат Төрағасы болатын. Көпшілік бұл істі Президентке ұнау үшін қолға алды деп ойлап жүрсе керек. Мен оның болашақта Президент болатынын қайдан білемін?! Мұнда біз мүлде басқа мақсатты көздедік. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында тек бір ұлт емес, Кеңес одағын мекендеген көп ұлт жанкештілік танытқанын көрсеткіміз келді. Дегеніміз орындалды деп ойлаймын. Себебі мемориал тақта ілінген әскери госпиталь маңында аялдама мен жаяужол орналасқан. Әрі қала орталығы болғандықтан, мұнда көп адам жүреді. Мемориал тақтаға еріксіз көзі түседі. Расында, қасынан өтіп бара жатқандардың тақтайшада жазылған деректі оқып тұрғанын жиі байқаймын. [caption id="attachment_219236" align="alignright" width="473"] width= Омбы қалалық кеңесінің Кемел Тоқаевқа мемориал тақта орнату туралы шешімі[/caption] – Бір деректерде «Майданда жарақат алған Кемел Тоқаевтың аяғын кесу қаупі туады. Бірақ кейін Илизаров аппаратын жасаушы ретінде есімі әлемге жайылған, сол кезде Омбы госпиталінде жұмыс істеген Гавриил Илизаров аяғын аман сақтап қалды» делін­ген. – Ол рас. Гвардия сержанты болған Кемел Тоқаев Польшаны босату шайқастарында аяғынан ауыр жарақат алған. Ауыр жарақат алғандарды бірден Омбыға апаратындықтан, оны да осындағы әскери госпитальге жатқызып, емдеген. Өте ауыр жағдайда келіп түскен оның аяғын ампутация­лау қаупі төнді. Сол кезде әлі ешкім таны­май­тын, бірақ кейін аяққа қажет аппарат ойлап тауып, есімі әлемге танылған жас хирург Гавриил Илизаров оның аяғын кеспей, басқа жолмен емдеп, аман алып қалған. Осылайша, 1945 жылы қаңтар айының соңында өте ауыр жарақатпен келіп түскен Кемел Тоқаев сол жылы маусым айында госпитальден өз аяғымен шығып, Алматыға қайтқан. Осы жерде айта кететін жайт, соғыс жылдары Вахтангов театры Омбыға көшірілді. Әртістер ауыр жарақат алғандардың алдында өнер көрсетіп, олардың көңілін аулап, түрлі қойылым қоятын. Жас ақын Роберт Рождественский де сол кезде өлең оқып, көзге түскен. Кемел Тоқаевтың соғыстан кейін шығармашылыққа бет бұрып, документалист, жазушы атануына Омбыда эвакуацияда болған шығармашылық интеллигенция әсерін тигізсе керек. Айтпақшы, мемориал тақтаны орнату кезінде тағы бір игі іс атқару керек екенін түсіндім. [caption id="attachment_219237" align="alignleft" width="454"] width= Омбы әскери госпиталінің ғимаратында Кемел Тоқаевқа арналған мемориал тақта[/caption] Жоғарыда айтып өткенімдей, Омбыда соғыс жылдарында 200 мыңға жуық сарбаз емделген. Оның алпыс мыңы майдан шебіне оралды, қалғаны шепке шығуға жарамсыз деп танылды. Жарақатынан айықпай, қайтыс болғандар да бар. Омбының сол жағалауында орналасқан қаржас ауылында мұсылмандар қабірі бар. Үлкендеріміздің айтуынша, госпитальдарда қайтыс болғандарды осында әкеп жерлеген. Қазір ол жақта құрылыс жұмыстары басталды, отыз-қырық жылдан соң ол ауылдан түк қалмауы мүмкін. Сондықтан сарбаздар жерленген сол жерге мемориалды кешен ашу туралы бастама көтердім. Кемел Тоқаевтың тақтайшасын әзірлеген мүсінші бауырымыз Мейрам Баймұқановқа өтініш жасаған едім, ол эскиз нұсқаларын жасауға келісті. Қазір онда жерленгендердің аты-жөндерін анықтап, зерттеу жүргізіп жатырмын. Құжаттарды тексеру кезінде көзім ауырса да, бұл істі соңына дейін жеткізсем деймін. Олар ұмыт қалмауға тиіс. Өзіңіз ойлаңызшы, адам жанқиярлық танытып, соғысады. Қайтыс болады. Бірақ оның кім екенін, қайда жерленгенін ешкім білмейді. Өмірде ондай адам болмағандай сезіледі. Сондықтан өскелең ұрпақ батырлардың есімін білсе екен деген оймен осы мемориалды кешенді ашу идеясын қолға алдым. Қазір біз мұның құжаттарын реттестіріп жатырмыз. Бұйырса, бұл да іске аса жатар. – Біршама игі істер атқарғаныңызды байқап, риза болып отырмыз. Ал сіз өзіңіз Омбының тумасысыз ба, әлде? – Мен 1965 жылы Омбы облысы Шарбақкөл ауданына қарасты Қарағаш ауылында дүниеге келгенмін. 1983 жылы орта мектепті бітірген соң, әскерге кеттім. Әскерден келген соң Новосібірдегі жоғары әскери училищеге оқуға түстім. Оны аяқтаған соң Германиядағы кеңес әскерилер тобында екі жыл қызмет еттім. Содан соң қызмет бабымен алдымен Орынбор, сосын Омбы облысына ауыстым. Сосын екі жүз бірінші дивизияның құрамында болып, үш жылдай Тәжікстан мен Ауғанстан шекарасында қызмет еттім. Сосын Омбыға қайтып келген соң, осында біраз уақыт әскери қызмет атқардым. Кейін запаста­ғы майор болып, қыз­мет­пен қош ай­тысып, біраз уа­қыт жеке кәсіп­кер­лікпен ай­налыстым. Сөйтіп жүргенде Қарулы күштер ардагерлері мені қоғамдық бастамалар­ға тартып, ақы­рында осы орта­лық­қа же­тек­ші етіп та­­ғайын­­да­ды. – Әңгімеңізге рақмет! Іске сәт!

Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ