Әли Алпысбаев: Қазақстанның әр облысында гүрілдеген оркестр бар
Әли Алпысбаев: Қазақстанның әр облысында гүрілдеген оркестр бар
Қазақ мәдениеті мен руханиятын ілгерілетуге үлес қосып жүрген белгілі дирижер, композитор Әли
Алпысбаев Астана төрінде «Елге арнау» атты шығармашылық концертін өткізбек. Әли Алпысбаев – ел ішінде таралған көптеген әннің авторы. Сондай-ақ бірқатар музыкалық қойылымдарға әуен жазған. «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Әли Демегенұлына Астанаға келген бойда хабарласып, әңгімесін жазып алған едік.
Дирижер оркестрді басқарып қана қоймай, дипломат бола білуі керек
Мен – Жетісу облысы Көксу ауданына қарасты Жеңіс ауылында туып-өстім. «Ауыл баласының дирижер болуына кім түрткі болды?» деп сұрағыңыз келсе, әпкелерім деп айтар едім. Жастайынан музыка мектебінде оқыған олар музыкаға бейім болуыма септігін тигізді. Оған қоса, өзім де бала күнімде үлкен оркестрдің өнерін тамашалаған кезде дирижер болуды армандайтынмын. Орыстар «Дирижер – музыканың патшасы» деп атайды. Сондықтан мен бәрінен биік тұратын дирижер маман иесі атануды мақсат еттім. «Қайтсем де дирижер боламын!» деп қоймай жүріп, Шымкент мәдениет институтын, сосын Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын тәмамдадым. Бұл таңдауыма еш өкінбеймін. Құрманғазы атындағы, Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» оркестрлерімен, Астана қаласының оркестрімен ірі концерттік залдарда өнер көрсеттім. Қазақстаннан ары асып, Қытай, Түркия, Польша, Үндістан, Корея, Болгария және Ресейдің ірі қалаларында көптеген халықаралық музыкалық форумдар мен фестивальдарға қатыстым. Аллаға шүкір, дегеніме жеттім.
Қазақстанның аймақтарында өнерге көп көңіл бөлінеді
Гастрольге жиі шығатындықтан небір қызыққа тап боламыз. Ғалымдар, шенділер үлкен трибунада тұрып, баяндама оқиды ғой. Сол секілді біз де алдымызда партитура болмаса өнер көрсете алмаймыз. Әлбетте, партитураға қарамай өнер көрсетуге болады. Бірақ күй-поэмалардың, тағы басқа үлкен шығармалардың ортасына келгенде «өлшемі», «тақырыбы», қарқыны өзгереді. Сондай шығармаларды партитураның көмегінсіз орындап шығу қиынға түседі. Бірде Алматыда өткен бір үлкен концертте сахнаға шықсам, партитура жоқ. Оркестр орындағалы тұрған күй-поэманы жатқа білемін, бірақ сонда да «Қалай болар екен?» деп қорқақтап тұрмын. Біреу әдейі істеді ме, әлде кездейсоқ болды ма, білмедім. Бір қарасам, әлдебіреу партитураны анау бір шетке апарып қойыпты. Дегенмен оны байқағанша екі минуттай сасқалақтап қалғаным бар. Кейде концерт кезінде қолыңнан таяқшаң ұшып кетеді. Кейде таяқшаны абайсызда қатты қағып қоясың. Бірақ біздің жұмыс сонысымен қызық.
Әртістер концертпен өседі. Қазір концерт аз ұйымдастырылады ғой. Біздің заманымызда ауыл-аймақты аралап, айлап үй көрмейтінбіз. Әртістер гастрольге жиі шығуы керек. Бір өңірдің ән-күй мектебін екінші өңірдің өнерпаздары хабардар болуға тиіс. Мысалы, Батыстың әнін Жетісу әншілері, ал Жетісудікін Шығыс өнерпаздары білуі қажет. Бірақ әр өңірде қызу қайнап жатқан өнер ордасы бар екенін айта кеткен жөн. Қазақстанның бас қалаларында ғана емес, аймақтарында да өнерге көп көңіл бөлінеді. Көршілес жатқан Өзбекстан, Қырғыз Республикаларында мемлекеттік оркестрлерінен басқа өнер ұжымдары жоқтың қасы. Ал бізде әр облыста гүрілдеген оркестр бар. Бір Астананың өзінде бес симфониялық оркестр бар. Ол оркестрлердің осы уақытқа дейін қатары азаймай жеткенін ескерсеңіз, бізде өнерге назар аудармайды деп айтып көріңіз. Мен қазір Қазақстанда халықаралық конкурстарды жиі ұйымдастырып жүрмін. Мұқан Төлебаев атындағы халықаралық «Алтын таяқша» дирижерлер, «Кестелі орамал» вокалистер байқауы, сондай-ақ домбыра, флейтада ойнайтын балаларға арналған «Жас шеберлер» халықаралық байқауын ұйымдастырамын. Мұның көбі Талдықорғанда өтетіндіктен, облыс әкімдігінің өңірде өнерге баса көңіл бөлетінін білетін бірден-бір адаммын.
Бір өкінішті жері, дирижер – дефицит мамандық. Әнші-күйшілер жылына топ-топпен оқу бітіріп жатса, бізде екі-үш маман ғана бітіріп шығады. Консерваторияда дирижер мамандығын оқытатын үш мұғалім болса, оның әрбірі бір-бір шәкірт дайындайды. Бірақ оқу бітірген ол үш баланың үшеуі бірдей дирижер жұмысын жалғастырмайды. Дирижер болу екінің бірінің қолынан келмейді. Бұл мамандықты оқыған мың адамның ішінен он адам дирижер болып шықса жақсы.
Жазып алған Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ