40 жылдан бері жол ережесін бұзбаған «Такси апа»

40 жылдан бері жол ережесін бұзбаған «Такси апа»

40 жылдан бері жол ережесін бұзбаған «Такси апа»
ашық дереккөзі
Абай облысы Аягөз ауданының тұрғыны Оразхан Манабаеваның есімі жергілікті халыққа жақсы таныс. Бәрі оны «Такси апа» деп атайды. Бір қызығы, 40 жылдан бері темір тұлпарды тізгіндеп жүрген такси жүргізушісі осы уақытқа дейін бірде-бір рет жол ережесін бұзбаған. Өзінің ғана емес, мініп жүрген көлігінің де «денсаулығын» жақсы күтетін ол қазір жапондық «Toyota 35»-ті жүргізіп жүргенін айтады. Оразхан Манабаева – әзірге өңірдегі жалғыз әйел таксиші. Жастайынан тех­никаға әуес болып өскен ол Аягөздегі автомектепте оқып, практикалық, теория­лық емтихандарды үздік бағаға тапсырған. Сөйтіп, алдымен «Запорожец» көлігін жүр­гізіпті. 76 жастағы таксиші қазір де сүйікті ісі­н­ен қол үзбеген. Таңғы жетіден жұмысқа кірі­сетін ол кешкі беске дейін аудандық ауру­ханаға келушілер мен ауруханадан шық­қан адамдарды діттеген жеріне жет­кізіп салады.  width=
«Семей облысы Үржар ауданы Қызыл­құм деген жерде туып-өстім. Үржардағы Абай атындағы мектепте оқыдым. Содан то­ғыз жолдың торабы ғой деп, Аягөзге кө­шіп келдік. Үйде отағасымыз бар. Отас­қа­ны­­­­мызға 56 жыл болды. Үкімет құлап, қиын жылдар болды ғой. Сол кезден бастап жұмыс істеп келе жатырмын. Төрт ұл, бір қыздан 16 немере, 6 шөбере сүйіп отырмыз. Кен­же ұлымыздың қолында тұрып жатыр­мыз. Бұрын бала-шағаның қамымен жүр­сек, қазір Құдайға шүкір дейміз. Үкіметтен ала­тын азын-аулақ зейнетақыны қанағат тұта­мыз. Бірақ жасым келді деп, үйде оты­рып қалуға болмайды. Осы уақытқа дейін «Запорожец», «Жигулиден» бастап, «Ауди 80», «Ауди-80 Б4», «Фольксваген Пассат», «Тойо­та Камри» сияқты көліктерді тізгін­дедім. Қазір «Toyota 35»-ті айдап жүрмін. Өзі­ме ұнайды, жайлы. Бұл – сегізінші кө­лігім», – дейді Оразхан Манабаева.
Кейіпкеріміз отағасы көлік жүргізуі­не қарсы емес екенін айтады. 77 жас­­тағы қарияның өзі де ат арбамен ха­лық­тың жүгін тасиды екен. Оразхан Манабаева аптасына бес күн жұмыс істеп, сенбі, жексенбі кү­ні демалады. Бұл – бұрыннан қалыптас­қан қағидасы. Ал жұма күні міндетті түрде ме­шітке барады. Такси жүргізушісі болып қа­на қоймай, 33 жылдан бері құлшылық үйі­нің шаруаларына да көмектеседі екен.
«Денсаулығыма, уақытты дұрыс өткізу­ге мән беремін. Мысалы, қазір сізбен ме­шітте сөйлесіп отырмын. Өтініш жасаған соң, қасиетті айда оразамды ұстап, құлшы­лық үйінде қызмет етіп жүрмін. Келуші­лер­мен жұмыс істеймін. 2015 жылы қажылық­қа барып келдім», – дейді Оразхан Мана­баева.
 width= Бір таңданарлығы, кейіпкеріміз тек Аягөзде емес, көлігімен еліміздің түр­лі қалаларына барып жүрсе де, бірде-бір рет жол ережесін бұзып, айыппұл төле­ме­ген. Машинасына үнемі ұқыпты қарап, дер кезінде жөндеу жұмыстарын жүргізіп, бөл­шектерін ауыстырып отыруы мұның бір се­бебі болар. «Көлігіңе құрметпен қарау ке­рек» дейді ол. Сонымен қатар тәжірибелі так­сиші көлік жүргізушілер ең алдымен са­бырлы болуы керек екенін айтады.
«Асықпай жүрсең де, баратын жеріңе жетесің. Асып-саспай, алды-артыңды бағ­дар­лап жүрген жақсы ғой. Көшеде келе жа­тып ұлдардың беталды «обгон» жасайты­нын көріп, ұрсатын кездер болады. Ал қыз­дар ұқыпты айдайды. Жастар абайлап жүр­се дейсің. Көлігімнің қандай жағдайда екенін бақылап жүремін. Даусы сәл дұрыс шықпай қалса, техникалық қызмет көрсету стан­сасына апарып тексертемін. Жалпы, өзім қырық жылдан бері дөңгелек ауыс­ты­рып көрмеппін. Домкратымды қолға ал­ған­нан ұлдарым жүгіріп келіп, өздері істеп береді», – дейді.
Көп уақытын жолда өткізетін такси жүргізушілері түрлі оқиғаның куәсі болып жатады. Оразхан Манабаева басы­нан өткен сондай оқиғасын баяндап, қиын сәтте тығырықтан қалай шыққанын айтып берді.
«Біз жақта теміржол бар. Одан ары қа­рай әскери бөлім орналасқан. Соған 4-5 ба­ланы апара жатқан болатынмын. Жеткен кезде қарасам, теміржолды қазып тастапты. Ал ол жердегілер «Апа, құммен жүресіз» деп қарап тұр. Құмға машина кіріп кетеді екен. Жан-жағыма қарасам, сегіз машина батып жатыр. «Енді не істеймін?» деп тұрмын. Ал көлігімдегі ұлдар «Апа, жұмыстан қалатын бол­дық» деп мазасызданып барады. Содан бі­летін дұғамды оқып, тәуекел етіп, ебін тауып сегіз машина батып тұрған құмнан өтіп кеттім. Сенесіз бе? Балаларды апарып тас­тағаннан теміржолды қазып жатқан­дар­ға келіп «Таяу арада бітесіңдер ме?» десем, «Қазір бітпейді, ана жақпен айналып өтіңіз» дейді. Барлық жер құм. Әйтеуір жо­лын тауып келген ізіммен өтіп кеттім. Құ­дайдың құдіреті деген осы болар», – дейді таңданысын жасырмай.
 width= Оразхан Манабаева табыс табудан гөрі денсаулығы үшін үнемі қозға­лыста жүргенді құп көреді. Сонымен қатар елмен араласып, емен-жарқын әңгімескенде уақыт та көңілді өтеді екен. Такси жүргі­зу­ші­сі қасиетті жұма күні жолаушыларға жеңіл­дік жасауды әдетке айналдырған. Тіп­ті, көпбалалы аналардың қиналып тұр­ға­нын көрсе, барар жеріне тегін апарып тас­тайды. Сонымен бірге немерелерін бала­бақ­ша мен мектепке де өзі тасиды екен. Бүгінде «Такси апа» атанған кейіпкері­міз елімізге ғана емес, шетелге та­ны­мал бола бастаған. Бір қызығы, кейіп­кері­міз туралы еліміздегі журналистерден бұ­рын мәскеуліктер бірінші келіп, деректі фи­льм түсіріпті.
«Аягөзде үлкен аудандық аурухана бар. Таңертеңнен соның алдында тұрамыз. Ауруханаға келушілерді, шыққандарды, медбикелерді, дәрігерлерді баратын жеріне апарамын. Денсаулық саласының маман­дары көлігімде отырғанда «Жатпаңыз, осы­лай жүре беріңіз. Қимылдағаныңыз жақ­сы» деп айтады. Олардың кеңесін де тың­даймын. Сөйтіп, ақырындап жүріп жа­тырмыз. Қолында екі-үш сөмкесін ұстап, ба­ла­ла­рын ертіп ауруханадан шығып жатқан әйелдерді көп көремін. Кейбірін күтіп ала­тын ешкім болмай жатады, әрине таксиге ақшасы да жетпей қалуы мүмкін. Ал оған автобуспен үйіне жету оңай емес қой. Мұн­дай жағдайда міндетті түрде көмектесіп, үйіне тегін апарып тастаймын. Есесіне, қай­тып келе жатқанда жолаушылар мінеді. Кө­лігім бос болған емес», – дейді «Такси апа».

Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ