Жаңалықтар

40 жылдан бері жол ережесін бұзбаған «Такси апа»

ашық дереккөзі

40 жылдан бері жол ережесін бұзбаған «Такси апа»

Абай облысы Аягөз ауданының тұрғыны Оразхан Манабаеваның есімі жергілікті халыққа жақсы таныс. Бәрі оны «Такси апа» деп атайды. Бір қызығы, 40 жылдан бері темір тұлпарды тізгіндеп жүрген такси жүргізушісі осы уақытқа дейін бірде-бір рет жол ережесін бұзбаған. Өзінің ғана емес, мініп жүрген көлігінің де «денсаулығын» жақсы күтетін ол қазір жапондық «Toyota 35»-ті жүргізіп жүргенін айтады. Оразхан Манабаева – әзірге өңірдегі жалғыз әйел таксиші. Жастайынан тех­никаға әуес болып өскен ол Аягөздегі автомектепте оқып, практикалық, теория­лық емтихандарды үздік бағаға тапсырған. Сөйтіп, алдымен «Запорожец» көлігін жүр­гізіпті. 76 жастағы таксиші қазір де сүйікті ісі­н­ен қол үзбеген. Таңғы жетіден жұмысқа кірі­сетін ол кешкі беске дейін аудандық ауру­ханаға келушілер мен ауруханадан шық­қан адамдарды діттеген жеріне жет­кізіп салады. Бір таңданарлығы, кейіпкеріміз тек Аягөзде емес, көлігімен еліміздің түр­лі қалаларына барып жүрсе де, бірде-бір рет жол ережесін бұзып, айыппұл төле­ме­ген. Машинасына үнемі ұқыпты қарап, дер кезінде жөндеу жұмыстарын жүргізіп, бөл­шектерін ауыстырып отыруы мұның бір се­бебі болар. «Көлігіңе құрметпен қарау ке­рек» дейді ол. Сонымен қатар тәжірибелі так­сиші көлік жүргізушілер ең алдымен са­бырлы болуы керек екенін айтады. «Асықпай жүрсең де, баратын жеріңе жетесің. Асып-саспай, алды-артыңды бағ­дар­лап жүрген жақсы ғой. Көшеде келе жа­тып ұлдардың беталды «обгон» жасайты­нын көріп, ұрсатын кездер болады. Ал қыз­дар ұқыпты айдайды. Жастар абайлап жүр­се дейсің. Көлігімнің қандай жағдайда екенін бақылап жүремін. Даусы сәл дұрыс шықпай қалса, техникалық қызмет көрсету стан­сасына апарып тексертемін. Жалпы, өзім қырық жылдан бері дөңгелек ауыс­ты­рып көрмеппін. Домкратымды қолға ал­ған­нан ұлдарым жүгіріп келіп, өздері істеп береді», – дейді. Көп уақытын жолда өткізетін такси жүргізушілері түрлі оқиғаның куәсі болып жатады. Оразхан Манабаева басы­нан өткен сондай оқиғасын баяндап, қиын сәтте тығырықтан қалай шыққанын айтып берді. «Біз жақта теміржол бар. Одан ары қа­рай әскери бөлім орналасқан. Соған 4-5 ба­ланы апара жатқан болатынмын. Жеткен кезде қарасам, теміржолды қазып тастапты. Ал ол жердегілер «Апа, құммен жүресіз» деп қарап тұр. Құмға машина кіріп кетеді екен. Жан-жағыма қарасам, сегіз машина батып жатыр. «Енді не істеймін?» деп тұрмын. Ал көлігімдегі ұлдар «Апа, жұмыстан қалатын бол­дық» деп мазасызданып барады. Содан бі­летін дұғамды оқып, тәуекел етіп, ебін тауып сегіз машина батып тұрған құмнан өтіп кеттім. Сенесіз бе? Балаларды апарып тас­тағаннан теміржолды қазып жатқан­дар­ға келіп «Таяу арада бітесіңдер ме?» десем, «Қазір бітпейді, ана жақпен айналып өтіңіз» дейді. Барлық жер құм. Әйтеуір жо­лын тауып келген ізіммен өтіп кеттім. Құ­дайдың құдіреті деген осы болар», – дейді таңданысын жасырмай.