Діни ағымдар елді ірітіп барады

Діни ағымдар елді ірітіп барады

Діни ағымдар елді ірітіп барады
ашық дереккөзі
Маңғыстауда діни ахуал шатқаяқтап тұр. Әсіресе, уәхаби-сәләфилік ағым күн сайын қанатын кеңге жайып барады. Жер­гілікті билік пен құқық қорғау орындары мұны жауырды жаба тоқып, қанша жасырып, бүркегенімен, олар оқтын-оқтын оқжыландай бас көтеріп, тіршілігін білдіріп қояды. Сондай оқиғаның бірі – Ақтау қаласында өткен нау­рыз айында болды. Жат ағымның жетегінде жүр­ген 37 жастағы жігіт 2011, 2014 және 2016 жы­лы дүниеге келген 3 баласын пышақтап өл­тірген. Білетіндердің айтуынша, ол әр бала­сын кәнігі қасапшыдай жіліктеп, соңында өмі­рін үзген соң, бейнежазбаға түсіріп, Аты­рауда тұратын әйеліне жіберіп отырған. Кейін белгілі болғандай, ерлі-зайыптылар осыдан 2-3 ай бұрын ажырасып кеткен екен. Ойында еш­теңе жоқ ана мектептің көктемгі демалы­сында балаларын Ақтаудағы әкесіне жіберген. Ақыры бейкүнә періштелер құрбан бол­ды. Өзіміз тірнектеп жинаған мәліметке сүйен­сек, балалардың анасы да қара жа­мылып, бет-аузын тұмшалап, күйеуімен бірге бір діни ағым­ның қатарында болған. Маңғыстаудың барлық же­рінде ұзын сақал, қысқа балақты жігіттердің өріп жүр­генін ес­керсек, оның қандай ағым екені айтпаса да тү­сінікті. Бір өкініштісі, алғашқы баласының бей­нежазбасы келісімен анасы Ақтаудағы тәр­тіп сақшыларына мән-жәйді айтып, көмек сұрап ха­барласқан. Алайда оқиға орнына ке­шігіп жеткен по­лиция қызметкерлері қал­ған балалардың өмірін сақ­тап қала алмаған. Бұл оқиға бүкіл қоғамды дүр сілкіндірді. Дәл осындай, егіз қозыдай ұқсас оқиға өт­кен жылы желтоқсан айында Ақтау қа­ла­сының іргесіндегі Мұнайлы ауданында да болған еді. Қандықол әке кәмелетке толмаған 3 ұл-қызын асып өлтіріп, өзі де мойнына жіп са­лып, ажал құшты. Балалардың шешесі бұл уа­қытта жұмыста болған. Бізге белгілісі, жа­қында түрмеден оралған күйеуі үлкен қызын жы­ныстық қатынасқа итермелеген. Оны бі­ліп қалған анасы ажырасуға бел буған. Қазіргі түр­мелердің барлығында сәләфилер қаптап отырғанын ескерсек, әлгі әке-сымақтың да сау сиырдың боғы емес екенін бірден аң­ғару­ға болады. Осы жерде оқырманның есіне осы­дан оншақты жыл бұрын Ақтау түрме­сі­нен қашып, қолын кісі қанына малғандардың да осы ағымның жетегінде жүргенін салғым келеді. Араларын аздаған жылдар бөліп тұр демесең, бәрі де өліммен аяқталады. Біз қанша тырысқанымызбен осы қос оқиға туралы толыққанды мәлімет ала алмадық. Айналдырған 3-4 айдың ішінде 6 ұл-қыздан айырылдық. Ресми орындар үндемей отыр. Бірақ қоғам белсенділері, ел аза­маттары осы оқиғадан соң, қолдарынан кел­генше дабыл қағып, өз ойларын, ұсыныс-пі­кірлерін айтып жатыр.  width= Уәйіс ЕРСАЙЫНҰЛЫ, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты:
– Адам шошыр­лық, тіпті жантүр­ші­­­герлік қылмыс жа­­­салды бізде. Мұ­ны қылмыс деп емес, қылмыстың зо­ра­паты – зұлмыс деп атау керек. Қылмыс сө­зінің түбірі қылудан шықса, зұлмыс сөзі мың есе ауыр зұлымдықтан шығады. Аң екеш аң да, мал екеш мал да ондай жауыздыққа бара бермейтін. Саналы деген адам бала­сы­ның, оның ішінде дін ұстап жүр деген адам­дар­дың қатарынан шыққаны тіпті сұмдық. Қоғам қатты шамырықты. Басынан бас­тап ырқына жіберілген әсіредіншілдердің соңы осындай зұлмысқа әкеліп отыр. Бұл тоқ­тамаса, зұлмыс түбі зұлмат болары хақ. Тез арада бір шара қабылдамаса, мүлде кеш болғалы тұр. Қоғам зұлмыскердің жазасын беріп, сазайын тарттыруды қатаң талап етіп жатыр. Ол дұрыс-ау, бірақ бұл себеппен емес, салдармен күресу ғана. Қылмыскердің қолын қол, бұтын бұт еткеннен қылмыс тоқтамайды. Қылмыс жасалған соң, жазалаудан қылмысқа апармау мың есе дұрыс. Бұл діннің кемшілі­гінен не болмаса жамандығынан емес, дін ұста­нушы жанның қате дүниетанымынан болып отырған құбылыс. Демек, қателікті түзеу де осы бағытта жүргізілуі керек. Мәселені шешу жолы ретінде ұсынысым: 1. Дінге емес, дінді жаппай ұстануға тыйым салу керек. Дін жәй құбылыс емес, арнайы білімі бар адамдар ғана айналысатын сакральды ілім болуы керек. Мұны мен аспаннан алып отырған жоқпын, біздің даламызда бұрын осындай тәжірибе болған; 2. Дін ғылымына емес, ритуал орнынан тыс жерде діни уағыз айтылуға үзілді-кесілді тыйым салыну керек; 3.Араб дәстүршілдігін уағыздайтын са­ла­физм қозғалысының қызметіне Қазақ­станда мүл­дем тыйым салынуы керек; 4. Аса ауыр қылмыстарды жасаушыларға, яғни зұлмыскерлерге бөлек жаза түрі та­ғайындалуы керек. Жыл кесу олар үшін тағ­дыр­дың сыйымен тең; 5. Қазақ дәстүршілдігін мемлекеттік идео­логия деңгейіне көтеру керек.
 width= Жақсыгүл МАХАМБЕТОВА, Маңғыстау облысы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі:
– Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зом­бы­лықтың ең сорақы түрі – балаларын хайуан­дықпен өлтірудің бірнеше жағдайы Маң­ғыстауда ғана емес, еліміздің өзге өңір­лерінде де орын алып отыр. Осыған дейін де заңды күшейту керек деп, тиісті орындарға бірнеше рет ұсыныс берілді. Алайда заң шы­ғарушы органдар отбасындағы аналардың мүддесіне емес, агрессорлардың жағдайына жығып беріп отыр. Үйдегі жанжал, ұрып-соғудың аяғы – ажырасу, әйел мен бала өліміне де жет­кізді. Полиция да агрессорды ашуы тар­қа­ғанша 2-3 сағатқа ғана ұстай алады. Ал әйел­дер жағдайы тек ажырасуға тірелгенде ғана сотқа барады. Сот шара алу үшін әйел өлім­ші болып таяқ жеуі керек. Заң солқылдақ. Ажырасқаннан кейін де еркек пен әйел бір-бірінен кек алу үшін түрлі әрекеттерге барып отыр. Жұптар ажырасуға және ажырасқаннан кейін психолог маманның қызметіне жүгіну­ді міндеттеуді заңмен қарастыру керек. 2021-2025 жылдары барлық өңірде қиын жағдайға тап болған әйелдер мен балаларға арналған орталықтар ашылу керек еді, бірақ бюджет тапшылығын сылтауратып, құ­зыретімізге кірмейді деп басқармалар бір-біріне ысырып, күні бүгінге дейін бұл мәсе­лені шешпеді. Сонымен қатар, отбасы орта­лық­тарындағы психологтар, медиаторлар екі тараптың бір-бірімен тіл табысуына немесе ашу-ызасын жұмсарту үшін сотқа дейін, кейін де психологиялық қолдау көрсетуді прак­тикаға енгізуі керек. Бұл – бүгінгі күннің та­лабы. Тек қана тұрмыстық зорлық-зом­былық заңы ғана емес, отбасы және неке, бала құқықтары, әкімшілік жауапкершілік, қылмыстық кодекске де арнайы баптар енгізу керек. Осылай жалғаса берсе әйелі мен ба­ласын өлтіру қалыпты жағдайдағы қылмысқа айналатын түрі бар. Бейкүнә балалардың жазығы не? Ересектер балаларын неге кек алу құралына айналдырып отыр? Неге Үкімет пен қоғам бұған көз жұма қарайды? Сақал өсіріп, қысқа балақ шалбар киіп, әйе­лін талақ етіп, басқасына үйлене беретіндерге де тыйым болмай тұр.Үйінде ұрыс-керіс, зорлық-зомбылық көріп өскен ба­ла, ертеңгі күні соны қайталамай ма? Неге има­ны әлсіз ұрпаққа интернеттегі зорлық-зомбылықтың түр-түрі, құмар ойындары, қол­жетімді есірткілер, радикалды ағымдар­дың уағыздары іздегенге, сұраған дегендей, бәрі ашық тұр? Сұрақ көп. Жауап мардымсыз.
 width= Аят СҮГІРБАЙ, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты:
– Ақтау қала­сын­­да болған Алла­ның амана­ты­на қия­нат жасаған жан­түршіктірер оқи­ғаға байланыс­ты көптеген азаматтар пі­кірлерін жазып, ұсыныстарын айтып жатыр. От­басындағы зор­лық-зомбылықты алдын алу мақсатында тұр­­мыстық зорлық-зом­­бы­лық­тың про­фи­лак­тикасын күшейту, күй­зеліске түскен от­ба­сыларды оңалту, зорлық-зом­былық көр­сет­кен тарапты қатаң жазаға тарту сияқты пікірлер айтылып жатыр. Дұрыс. Қосыламын. Бірақ қатаң жазалаумен ғана мәселе шешіл­мейді. Себебі қандайда бір қыл­мыс­қа барған адам қылмыс үстінде оның ар­ты не боларын ойламайды. Ұры ұрлық үс­тінде сотталып кетем деп, кісі өлтіруші қыл­мыс үстінде қамалып кетем деп ойла­май­ды. Тіпті, атылып немесе өмірбақи темір тор­дың арғы жағында болам деген ой бол­май­ды. Ондай ой болғанның өзінде де ол оны тоқтатпайды. Өзіңіз саралап қараңызшы, кісі өлтіргені үшін қанша рет жазаны күшейтсе де, адамның қолынан адам ажал құшқаны азаяр емес. Демек, тек қана жазаны күшейтіп қана қоймай, қылмысты немесе заңбұзу­шы­лықты болдырмау мәселесін қарастыру керек. Бір сөзбен айтқанда, бұл мәселені ке­шен­ді түрде қолға алу қажет. Біздер саналы аза­маттар ретінде, есті қоғам ретінде тек қа­на салдарымен емес, ең бастысы – себеппен кү­рескеніміз абзал. Яғни, зорлық-зом­бы­лық­ты болдырмауға тырысу керек. Отбасында ыдыс-аяқ сылдырласа да «бас жарылып, қол сынбауы» керек. Ол үшін, біздер ең алдымен саналы азамат қалыптастыратын, қазақи отбасы құндылықтарын насихаттайтын, шаңырағы шайқалмай, керегесі берік бола­тын отбасы құратын қоғам құруымыз қажет деп есептеймін. Осы салада біраз еңбек етіп жүрген әр­түрлі үкіметтік емес ұйымдардың жұмыстары жеткіліксіз деген ойдамын. Олар жұмыс істемейді деуден аулақпын, бірақ қайткенде де мемлекеттің жасағанын жеке ұйымдар істей алмайды. Сондықтан мемлекет тара­пынан нақты шаралар қолға алынуы керек. Ең алдымен, мемлекеттік идеология мә­селесі қайта қарауды қажет етеді деген ой­дамын. Жаhандану процесінің «жемісте­ріне» қарсы тұратын, оларға тосқауыл бола алатын ұлттық құндылықтарымызды қалқан етпесек, алдағы уақытта не боларын болжау қиын. Ұлттық құндылықтарымыз – ұлты­мыз­дың қорғаны екенін дәлелдеудің қажеті жоқ. Дін, мәдениет, салт-санамыз лай­ланбай, таза болса қоғам да мықты бо­лады. Қоғам мықты болса, мемлекетіміз мәңгі жа­сай бермек.
 width= Әнуарбек БИМАҒАМБЕТ, ақын, журналист
– Қаңтар оқи­ға­сында әлеуметтік әді­летсіздік пен сая­си жүйеге қарсы ха­лық көтерілді, кә­дім­гі бұқара теңдік­шіл халық. Сонымен бірге ситуацияны өздеріне белгілі бір мүддеге пайдаланбақшы болған тағы бір күш болды. Ол – діни радикалды топ. Өзім солай деп есептеймін. Арнайы рация, снайперлік қарулармен жарақтанып, ұлттық әскери қор­ғаныс күштерімен соғысып, жазықсыз пе­ріш­те Айкөркемдерді атқан да осы топ. Әйтпесе, пе­ріште баланы оққа байлауға еш әскеридің қо­лы бармайды. Осылайша, халық пен би­ліктің арасына мәңгілік бітіспес өш қал­дыр­ған олар уақыт өте бере жоқ болып кетті. Ал олардың түгел жоқ болып кетуі мүмкін емес. Олар қоғамға сіңіп, «ұйқыға» кетті. Бәлкім, ке­лесі тапсырмаға дейінгі үзіліс. Бұл топ өздігінен ликвидацияға ұшы­ра­майды. Жойылып та кетпейді. Ке­лесі кезеңді күтеді. Соңғы кездері «25 мешіт сал­ды, пәлен медресе тұрғызды, түген ақын­ның басына шырақ жақты, сол үшін де бос­тандық берілсін!» – деп Қ.Сатыбалды үшін тең­дік сұраушылар көбейді. Бұл жақсы тен­денция емес. Ызалы топ өз талаптарын өткізу һәм қоғамды санастыру үшін түрлі әре­кет­тер­ге, сигналдық шараларға барады. Орал­да­ғы кәсіпкерді пышақтау, Мұнайлы ауданында өз балаларын дарға асу, күні кешегі екі қыз, бір ұлын пышақтап өлтірген салафиттің әре­кеті, мұның бәрі жай тұрмыстық қылмысқа сайып, жеке-жеке оқиға ретінде қарас­тыра­тын дүниелер емес. Бұл – тізбекті қылмыстар! Әлеу­меттік желіде осы оқиғалардың соңына жазылған пікірлерде оқи отырып, еріксіз осы шындықты мойындайсыз. Пәлен саха­ба­дан рәуәят болған хадис бойынша ол балалар жұ­мақтікі деген қылмыскер салафиттерді ақтаушылық осыған меңзейді. Әзірге бұлар тізбекті қылмыстар, яғни сериялық оқиғалар. Оқиға ғана емес, акциялар! Өздерінің саяси мақ­саттарын қоғамға ашық жариялайтын да күн алыс емес. Құдай сақтасын! Көздің қара­шығындай сақтауға тиісті тәуелсіздік сол кезде таразыға тартылады. Неге? Біз жауырды қанша жаба тоқысақ та, әр әулет, әр отбасында осындай қағынан жерінген, өз анасының асын ішпейтін, өз перзентін діни идея үшін пышаққа байлайтын Ибраһим Халил тәубесін бүркенген салафилер міндетті түрде кездеседі. Қазір кез келген мешіт имамынан сұрап көріңіз, олар өз жамағатын толық бас­қарып отырған жоқ. Оларға бағынбайтын та­лай жамағаттық топтар бар. Олар бар жер­де қауіп те бар. Олар үшін ұлт, халық, тәуел­сіз­дік, мемлекет ұғымы көк тиын. Кейбір бейресми деректер бойынша еліміздегі олар­дың саны екі жарым миллионнан асады. ҰҚК мен құқық қорғау күш­терін реформалау қажет! Сонымен бірге, бұл топ өкілдерінің қо­ғамда терең тамыр жаюын бағам­дай келе, кез келген еңбек дауы, әлеуметтік шиеленіс пен митингілерден осы аудитория өкілдерін жиі байқауға болады. Ол кешегі Жаңаөзен, бүгінгі Жетібайдағы митингілердің бәрінде бой көрсетті. Әділет талап етіп, жұ­мыс сұрап, бала-шағасының нәпақасы үшін тұрған адам бір басқа. Компромиссіз, табан­дап тұрған, ұсынған жұмыстан, ситуациядан шығудың бейбіт жолдарын көрсеткен бар­лық бастамадан категориялық бас та­р­тушы қату, рейімсіз адам – мүлде басқа саяси прин­циптің иесі екенін көрсетеді. Жұмыс орнын тауып беріп, халықтың әлеуметтік тұр­мысын шешу бір басқа, көрінбейтін ойын­шыларды да аңғарымсыз қалдырмайық! Өйт­кені ертелі-кеш олар «ұйқы режимінен» шы­ғады, олар оянып келеді…»
...Біз тілдескен қоғам белсенділері болсын, қара­пайым тұрғындар болсын, барлығы да бірауыздан өлкемізде теріс ағымның же­те­гіндегі жастардың көбейіп бара жатқанын айтады. Ақтау қаласындағы «Бекет Ата» не­месе жақында салынған «Ержан Хазірет» ме­шітіне, тіптен ауылдағы Құдай үйіне бас сұқ­саңыз, оған көзіңіз әбден жетеді. Былай күн­дері жым-жылас жоғалып кеткендер жұ­ма күні айтқызбай-ақ осы жерден табылады, мешіттердің айналасы олардың бас қосатын ордасына айналған. Осы жағдайды құқық қорғау орындары көріп-біліп отырған болар, бірақ неге нақты шара алмайды, бүгін бауыр еті баласын аямағандар, ертең біздің есігімізді қақ­пасына кім кепіл?!, – деп ашынады тұр­ғын­дар. Жоғарыда аталған қос оқиғада ерлі-зайыптылардың бірінің ажы­расып, бірінің ажырасуға бел буғандары ай­тылады. Сәбилердің өлімін алимент алумен байла­ныстырғысы келетін де бар екен. Біз де осы деректі кеңінен тарқатып көруге бел бу­дық. Сөйтсек, қазір Маңғыстау облысын­да­ғы сот орын­даушыларында 12 мыңнан ас­­там али­менттік іс бар екен. Бұл сан жылдан жылға өсіп барады, – дейді мамандар. 2020 жыл­дан бері ажырасу азайған, бірақ али­мент­ке арыз берушілер көбейіп кеткен. Себебі али­мент алу үшін ажырасу міндетті емес. Кей­бір ерлі-зайып­тылар банктен алған не­сиесін төлемеу үшін өтірік «ажырасып» жа­тады. Мәселен от­басында 3 бала болатын бол­са, оған әкесінің ал­ған айлығының 50 пайы­зы тиесілі. Қалған 50 пайызына заң бойын­ша ешкім тиісе алмайды. Осылайша, олар несиесін төлемей жыл­дар бойы жүре береді. Екінші мәселе – құмар ойынына қатыс­ты. Оны ойнайтындардың басым бө­лігі – тұрақты жұмысы бар азаматтар, жала­қы­­сын алған бойда соған жұмсайды. Сон­дық­тан кейбір әйелдер күйеуінің қалған 50 пайыз ай­лығына ие болып, бала-шағасын асы­рау үшін әдейі ажырасып жатады. Оған нә­зік­жан­дылар амалсыз барады. Осы алиментке қатысты, тағы бір күр­делі мәселе – алименттік борыштың есептелуі. Мәселен, бір балаға заң бойынша, жауапкер табысының 25 пайызы, 2 балаға 33, 3 және одан көп балаға 50 пайызы тиесілі. Егер ол жұмыс істесе ғана, осы мөлшерде ұл-қызына аударып отырады. Ал жұмыс істемесе ше? Онда жауапкердің жиналатын ай сайын­ғы борышы еліміз бойынша орташа ең­бекақымен есептеледі. Мәселен, орташа жа­лақы 300 мың теңге болатын болса, ай сайын 150 мың теңге баласына аударып отыруы ке­рек. Осылайша, екі қолға бір күрек таба ал­май жүрген борышкердің мойнына 1 жыл­дың өзінде қыруар қаржы жиналып қалады. Қарыздың 4-5 немесе 10 жылда қанша жина­латынын ойша есептей беріңіз. Сұмдық сома шығады! Осыдан келіп, отбасында осындай жан­жал шығып, қоғам үшін әлеуметтік мә­селе туындайды. Мамандардың айтуынша, бұл ты­ғы­рық­­тан шығудың жалғыз жолы – бо­рышкердің жауапкершілігін арттыру және сот орындаушысының өкілеттілігін өсіру. Мә­селен, алимент төлемей, қашып жүрген борыш­керді, арақ ішіп, отбасында жанжал шы­ғарғандарды немесе қоғамға зиянды әре­кет жасаушыларды сот шешімімен қоғамдық жұмыстарға тарту. Яғни, оларды әкімшілік жауапкершілікке тартып, қала тазалауға не­месе құрылыс жұмыстарына жегіп қойса, біраз мәселенің басы қайырылар еді. Бірақ бұл мәселе де ай-күннің аманында адам өлтіріп, қандықол атануға себеп емес. Себебі тереңде жатқан сияқты. Осы оқи­ға әлеуметтік желіге шыққанда «Балалар құр­бандыққа шалынды, олар жұмаққа бара­тын болды!» – деген сөздерді оқып, төбе ша­­­­шымыз тік тұрды. Демек, қазақ қоғамына жат ағым, бөтен көзқарас сыналап кіріп, са­на­сына орнығып алған болуы мүмкін деп әб­ден шошыдық. Одан қалай арыламыз, қайт­кенде ұрпақты сақтап, ұлттық құндылы­ғымызды аман алып қаламыз деп, жүйке-жүйе­міз шарқ ұрды. Ал мұнайлы өлкеде ор­наласқан кен орындарында жұмысшылардың 80-90 пайызы уақабтық-сәләфилік жолда деген деректі көзі қарақты адамдардан есті-ге­німізде салымыз суға кеткендей күй кеш-тік. Қазақстанды діни ағымдардың тәжірибе алаңына айналдырып алдық. Сол ағымдар жас сәбилердің жанын жаһанамға жіберіп, аналарына қара жамылдырып, әкелеріне теке сақал қойдырып, санамызда бомба болып жарылып жатыр. Мөңке бидің «Алашұбар ті­лің болады, дүдәмалдау дінің болады» деген сөзі расқа айналып, қазақ халқы шын мә­нінде тар жол, тайғақ кешіп, ұрпақ азып, ұлт­қа қауіп төніп тұр. Бүгін қимылдамасақ, ертең кеш болады!

Маңғыстаудың үкіметтік емес ұйымдарының үндеуі

Экономикалық және әлеуметтік қысымдар мен қорқыныштар, діни алауыз­дық пен нашақорлық күшейген сайын, біз тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өршіп бара жатқанына куә болудамыз. Осы үндеуді жолдауымызға Маңғыстау об­лы­сында 2022-2023 жылдары туған балаларын әкелерінің жауыздықпен өл­тіру деректерінің орын алуы себеп болып отыр. Елімізде тұрмыстағы зорлық-зомбылық қылмыстық іс болып танылма­ған­дық­тан, әйелдер мен балалардың өміріне қауіп төндіретін жағдайларға жол берілу­де. Қиын жағдайға тап болған отбасы мүшелеріне қолдау қызметтері қол­жетімсіз, жергілікті полицияда білікті кадр тапшы. Біз – жантүршігерлік жағдайдың елімізде белең алуына заңдардың әлсіздігі, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы жұмыстарының төмені, күй­зеліске түскен отбасы мүшелерінің оңалту қызметінің жоғы, отбасы инс­титутын нығайтуға бағытталған жұмыстардың жеткіліксіздігі – деп санаймыз. Қазақстан Республикасы демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеу­меттік мемлекет оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құ­қық­тары мен бостандығы. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда әйелдердің 34%-ы мен балалардың 28%-ы (зорлық-зомбылықтың куәгерлері және құрбандары) зардап шегеді. Бұл мә­селені тиімді шешу үшін тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыстық жауап­кершілікке тарту және кінәлілердің жазасыз қалуын тоқтату қажет. Бұл тұр­мыс­т­ық зорлық-зомбылыққа жол бермеуге тосқауыл болар еді. Сондықтан Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық-зомбылық про­филактикасы», «Баланың құқықтары туралы», «Неке және отбасы» туралы заң­дарына, «ҚР қылмыстық кодексіне», тұрмыстағы зорлық-зомбылық қыл­мыс­тарына қатысты баптарды енгізуді сұраймыз. Біз Маңғыстаудың үкіметтік емес ұйымдары, Ана мен баланың өмірін қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеу үшін, ер адамның әйелін, баласын дінге мәжбүрлеуді де қылмыстық іс деп қарауды қолдаймыз. «Маңғыстау жергілікті бастамалар орталығы» қоғамдық қорының басшысы Ж.Маханбетова «Маңғыстау облысының Азаматтық Альянсы» ЗТБ Президенті Ж.Ахметова «Жанартау» жастар шығармашылығы қоғамдық бірлестігінің төрайымы А.Шамшадинова «Маңғыстау әйелдер көшбасшылығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Р.Махамбетова «Бәйшешек» қоғамдық қорының директоры А.Сақтағанова «Өркениетті келешек» қоғамдық қорының басшысы Г.Қарабалина «Ана мен бала» қоғамдық бірлестігінің директоры Д.Шакенова «Риза Ана» қоғамдық қорының басшысы Б.Рамазанова « Іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің өкілі Д.Асанова «Альянс женских сил Казахстана» қоғамдық бірлестігінің Президенті З.Фаталиева «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің Маңғыстау облыстық филиалының өкілі М.Сұлтанбаева «Шуағыңды шаш» қоғамдық қорының директоры А.Шамшадинова «Қанағат» жеке қайырымдылық қорының басшысы Д.Саргулова «Маңғыстау әуені» қоғамдық бірлестігінің басшысы Н.Оспанова «Саламатты ел» қоғамдық қорының директоры Г.Есетова «Шаңырақ» қоғамдық қорының басшысы Л.Тындырғанова «Азаматтық құқық» қоғамдық бірлестігінің басшысы А.Байбатырова «Хазірет» қоғамдық қорының басшысы К.Медеуова «Ауылдық әйелдер белсенділігін арттыру» қоғамдық бірлестігінің басшысы С.Көшбаева «Аудандық азаматтық бастамалар» қоғамдық бірлестігінің басшысы Р. Дәрібаева «Қайырымды жандар» қоғамдық қорының басшысы С.Базарбаева «Жастар жетістіктері» қоғамдық қорының директоры А.Абылдаева «Парасат-Ақтау» қоғамдық бірлестігінің басшысы Т.Құсайынова «Айрық» қоғамдық қоры А.Таласбаева ҚХА Маңғыстау облысы Аналар кеңесі А.Джайылханова

Сағындық Рзахметов, Ақтау қаласы