Діни ағымдар елді ірітіп барады
Діни ағымдар елді ірітіп барады
Маңғыстауда діни ахуал шатқаяқтап тұр. Әсіресе, уәхаби-сәләфилік ағым күн сайын қанатын кеңге жайып барады. Жергілікті билік пен құқық қорғау орындары мұны жауырды жаба тоқып, қанша жасырып, бүркегенімен, олар оқтын-оқтын оқжыландай бас көтеріп, тіршілігін білдіріп қояды. Сондай оқиғаның бірі – Ақтау қаласында өткен наурыз айында болды. Жат ағымның жетегінде жүрген 37 жастағы жігіт 2011, 2014 және 2016 жылы дүниеге келген 3 баласын пышақтап өлтірген. Білетіндердің айтуынша, ол әр баласын кәнігі қасапшыдай жіліктеп, соңында өмірін үзген соң, бейнежазбаға түсіріп, Атырауда тұратын әйеліне жіберіп отырған. Кейін белгілі болғандай, ерлі-зайыптылар осыдан 2-3 ай бұрын ажырасып кеткен екен. Ойында ештеңе жоқ ана мектептің көктемгі демалысында балаларын Ақтаудағы әкесіне жіберген. Ақыры бейкүнә періштелер құрбан болды.
Өзіміз тірнектеп жинаған мәліметке сүйенсек, балалардың анасы да қара жамылып, бет-аузын тұмшалап, күйеуімен бірге бір діни ағымның қатарында болған. Маңғыстаудың барлық жерінде ұзын сақал, қысқа балақты жігіттердің өріп жүргенін ескерсек, оның қандай ағым екені айтпаса да түсінікті. Бір өкініштісі, алғашқы баласының бейнежазбасы келісімен анасы Ақтаудағы тәртіп сақшыларына мән-жәйді айтып, көмек сұрап хабарласқан. Алайда оқиға орнына кешігіп жеткен полиция қызметкерлері қалған балалардың өмірін сақтап қала алмаған.
Бұл оқиға бүкіл қоғамды дүр сілкіндірді. Дәл осындай, егіз қозыдай ұқсас оқиға өткен жылы желтоқсан айында Ақтау қаласының іргесіндегі Мұнайлы ауданында да болған еді. Қандықол әке кәмелетке толмаған 3 ұл-қызын асып өлтіріп, өзі де мойнына жіп салып, ажал құшты. Балалардың шешесі бұл уақытта жұмыста болған. Бізге белгілісі, жақында түрмеден оралған күйеуі үлкен қызын жыныстық қатынасқа итермелеген. Оны біліп қалған анасы ажырасуға бел буған. Қазіргі түрмелердің барлығында сәләфилер қаптап отырғанын ескерсек, әлгі әке-сымақтың да сау сиырдың боғы емес екенін бірден аңғаруға болады. Осы жерде оқырманның есіне осыдан оншақты жыл бұрын Ақтау түрмесінен қашып, қолын кісі қанына малғандардың да осы ағымның жетегінде жүргенін салғым келеді. Араларын аздаған жылдар бөліп тұр демесең, бәрі де өліммен аяқталады.
Біз қанша тырысқанымызбен осы қос оқиға туралы толыққанды мәлімет ала алмадық. Айналдырған 3-4 айдың ішінде 6 ұл-қыздан айырылдық. Ресми орындар үндемей отыр. Бірақ қоғам белсенділері, ел азаматтары осы оқиғадан соң, қолдарынан келгенше дабыл қағып, өз ойларын, ұсыныс-пікірлерін айтып жатыр.
Жақсыгүл МАХАМБЕТОВА,
Маңғыстау облысы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі:
– Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың ең сорақы түрі – балаларын хайуандықпен өлтірудің бірнеше жағдайы Маңғыстауда ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінде де орын алып отыр. Осыған дейін де заңды күшейту керек деп, тиісті орындарға бірнеше рет ұсыныс берілді. Алайда заң шығарушы органдар отбасындағы аналардың мүддесіне емес, агрессорлардың жағдайына жығып беріп отыр.
Үйдегі жанжал, ұрып-соғудың аяғы – ажырасу, әйел мен бала өліміне де жеткізді. Полиция да агрессорды ашуы тарқағанша 2-3 сағатқа ғана ұстай алады. Ал әйелдер жағдайы тек ажырасуға тірелгенде ғана сотқа барады. Сот шара алу үшін әйел өлімші болып таяқ жеуі керек. Заң солқылдақ. Ажырасқаннан кейін де еркек пен әйел бір-бірінен кек алу үшін түрлі әрекеттерге барып отыр. Жұптар ажырасуға және ажырасқаннан кейін психолог маманның қызметіне жүгінуді міндеттеуді заңмен қарастыру керек.
2021-2025 жылдары барлық өңірде қиын жағдайға тап болған әйелдер мен балаларға арналған орталықтар ашылу керек еді, бірақ бюджет тапшылығын сылтауратып, құзыретімізге кірмейді деп басқармалар бір-біріне ысырып, күні бүгінге дейін бұл мәселені шешпеді. Сонымен қатар, отбасы орталықтарындағы психологтар, медиаторлар екі тараптың бір-бірімен тіл табысуына немесе ашу-ызасын жұмсарту үшін сотқа дейін, кейін де психологиялық қолдау көрсетуді практикаға енгізуі керек. Бұл – бүгінгі күннің талабы. Тек қана тұрмыстық зорлық-зомбылық заңы ғана емес, отбасы және неке, бала құқықтары, әкімшілік жауапкершілік, қылмыстық кодекске де арнайы баптар енгізу керек. Осылай жалғаса берсе әйелі мен баласын өлтіру қалыпты жағдайдағы қылмысқа айналатын түрі бар. Бейкүнә балалардың жазығы не? Ересектер балаларын неге кек алу құралына айналдырып отыр? Неге Үкімет пен қоғам бұған көз жұма қарайды?
Сақал өсіріп, қысқа балақ шалбар киіп, әйелін талақ етіп, басқасына үйлене беретіндерге де тыйым болмай тұр.Үйінде ұрыс-керіс, зорлық-зомбылық көріп өскен бала, ертеңгі күні соны қайталамай ма? Неге иманы әлсіз ұрпаққа интернеттегі зорлық-зомбылықтың түр-түрі, құмар ойындары, қолжетімді есірткілер, радикалды ағымдардың уағыздары іздегенге, сұраған дегендей, бәрі ашық тұр? Сұрақ көп. Жауап мардымсыз.
Әнуарбек БИМАҒАМБЕТ,
ақын, журналист
– Қаңтар оқиғасында әлеуметтік әділетсіздік пен саяси жүйеге қарсы халық көтерілді, кәдімгі бұқара теңдікшіл халық. Сонымен бірге ситуацияны өздеріне белгілі бір мүддеге пайдаланбақшы болған тағы бір күш болды. Ол – діни радикалды топ. Өзім солай деп есептеймін. Арнайы рация, снайперлік қарулармен жарақтанып, ұлттық әскери қорғаныс күштерімен соғысып, жазықсыз періште Айкөркемдерді атқан да осы топ. Әйтпесе, періште баланы оққа байлауға еш әскеридің қолы бармайды. Осылайша, халық пен биліктің арасына мәңгілік бітіспес өш қалдырған олар уақыт өте бере жоқ болып кетті. Ал олардың түгел жоқ болып кетуі мүмкін емес. Олар қоғамға сіңіп, «ұйқыға» кетті. Бәлкім, келесі тапсырмаға дейінгі үзіліс.
Бұл топ өздігінен ликвидацияға ұшырамайды. Жойылып та кетпейді. Келесі кезеңді күтеді. Соңғы кездері «25 мешіт салды, пәлен медресе тұрғызды, түген ақынның басына шырақ жақты, сол үшін де бостандық берілсін!» – деп Қ.Сатыбалды үшін теңдік сұраушылар көбейді. Бұл жақсы тенденция емес. Ызалы топ өз талаптарын өткізу һәм қоғамды санастыру үшін түрлі әрекеттерге, сигналдық шараларға барады. Оралдағы кәсіпкерді пышақтау, Мұнайлы ауданында өз балаларын дарға асу, күні кешегі екі қыз, бір ұлын пышақтап өлтірген салафиттің әрекеті, мұның бәрі жай тұрмыстық қылмысқа сайып, жеке-жеке оқиға ретінде қарастыратын дүниелер емес. Бұл – тізбекті қылмыстар! Әлеуметтік желіде осы оқиғалардың соңына жазылған пікірлерде оқи отырып, еріксіз осы шындықты мойындайсыз. Пәлен сахабадан рәуәят болған хадис бойынша ол балалар жұмақтікі деген қылмыскер салафиттерді ақтаушылық осыған меңзейді. Әзірге бұлар тізбекті қылмыстар, яғни сериялық оқиғалар. Оқиға ғана емес, акциялар! Өздерінің саяси мақсаттарын қоғамға ашық жариялайтын да күн алыс емес. Құдай сақтасын! Көздің қарашығындай сақтауға тиісті тәуелсіздік сол кезде таразыға тартылады. Неге? Біз жауырды қанша жаба тоқысақ та, әр әулет, әр отбасында осындай қағынан жерінген, өз анасының асын ішпейтін, өз перзентін діни идея үшін пышаққа байлайтын Ибраһим Халил тәубесін бүркенген салафилер міндетті түрде кездеседі. Қазір кез келген мешіт имамынан сұрап көріңіз, олар өз жамағатын толық басқарып отырған жоқ. Оларға бағынбайтын талай жамағаттық топтар бар. Олар бар жерде қауіп те бар. Олар үшін ұлт, халық, тәуелсіздік, мемлекет ұғымы көк тиын. Кейбір бейресми деректер бойынша еліміздегі олардың саны екі жарым миллионнан асады. ҰҚК мен құқық қорғау күштерін реформалау қажет!
Сонымен бірге, бұл топ өкілдерінің қоғамда терең тамыр жаюын бағамдай келе, кез келген еңбек дауы, әлеуметтік шиеленіс пен митингілерден осы аудитория өкілдерін жиі байқауға болады. Ол кешегі Жаңаөзен, бүгінгі Жетібайдағы митингілердің бәрінде бой көрсетті. Әділет талап етіп, жұмыс сұрап, бала-шағасының нәпақасы үшін тұрған адам бір басқа. Компромиссіз, табандап тұрған, ұсынған жұмыстан, ситуациядан шығудың бейбіт жолдарын көрсеткен барлық бастамадан категориялық бас тартушы қату, рейімсіз адам – мүлде басқа саяси принциптің иесі екенін көрсетеді. Жұмыс орнын тауып беріп, халықтың әлеуметтік тұрмысын шешу бір басқа, көрінбейтін ойыншыларды да аңғарымсыз қалдырмайық! Өйткені ертелі-кеш олар «ұйқы режимінен» шығады, олар оянып келеді…»
...Біз тілдескен қоғам белсенділері болсын, қарапайым тұрғындар болсын, барлығы да бірауыздан өлкемізде теріс ағымның жетегіндегі жастардың көбейіп бара жатқанын айтады. Ақтау қаласындағы «Бекет Ата» немесе жақында салынған «Ержан Хазірет» мешітіне, тіптен ауылдағы Құдай үйіне бас сұқсаңыз, оған көзіңіз әбден жетеді. Былай күндері жым-жылас жоғалып кеткендер жұма күні айтқызбай-ақ осы жерден табылады, мешіттердің айналасы олардың бас қосатын ордасына айналған. Осы жағдайды құқық қорғау орындары көріп-біліп отырған болар, бірақ неге нақты шара алмайды, бүгін бауыр еті баласын аямағандар, ертең біздің есігімізді қақпасына кім кепіл?!, – деп ашынады тұрғындар.
Жоғарыда аталған қос оқиғада ерлі-зайыптылардың бірінің ажырасып, бірінің ажырасуға бел буғандары айтылады. Сәбилердің өлімін алимент алумен байланыстырғысы келетін де бар екен. Біз де осы деректі кеңінен тарқатып көруге бел будық. Сөйтсек, қазір Маңғыстау облысындағы сот орындаушыларында 12 мыңнан астам алименттік іс бар екен. Бұл сан жылдан жылға өсіп барады, – дейді мамандар. 2020 жылдан бері ажырасу азайған, бірақ алиментке арыз берушілер көбейіп кеткен. Себебі алимент алу үшін ажырасу міндетті емес. Кейбір ерлі-зайыптылар банктен алған несиесін төлемеу үшін өтірік «ажырасып» жатады. Мәселен отбасында 3 бала болатын болса, оған әкесінің алған айлығының 50 пайызы тиесілі. Қалған 50 пайызына заң бойынша ешкім тиісе алмайды. Осылайша, олар несиесін төлемей жылдар бойы жүре береді.
Екінші мәселе – құмар ойынына қатысты. Оны ойнайтындардың басым бөлігі – тұрақты жұмысы бар азаматтар, жалақысын алған бойда соған жұмсайды. Сондықтан кейбір әйелдер күйеуінің қалған 50 пайыз айлығына ие болып, бала-шағасын асырау үшін әдейі ажырасып жатады. Оған нәзікжандылар амалсыз барады.
Осы алиментке қатысты, тағы бір күрделі мәселе – алименттік борыштың есептелуі. Мәселен, бір балаға заң бойынша, жауапкер табысының 25 пайызы, 2 балаға 33, 3 және одан көп балаға 50 пайызы тиесілі. Егер ол жұмыс істесе ғана, осы мөлшерде ұл-қызына аударып отырады. Ал жұмыс істемесе ше? Онда жауапкердің жиналатын ай сайынғы борышы еліміз бойынша орташа еңбекақымен есептеледі. Мәселен, орташа жалақы 300 мың теңге болатын болса, ай сайын 150 мың теңге баласына аударып отыруы керек. Осылайша, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген борышкердің мойнына 1 жылдың өзінде қыруар қаржы жиналып қалады. Қарыздың 4-5 немесе 10 жылда қанша жиналатынын ойша есептей беріңіз. Сұмдық сома шығады! Осыдан келіп, отбасында осындай жанжал шығып, қоғам үшін әлеуметтік мәселе туындайды.
Мамандардың айтуынша, бұл тығырықтан шығудың жалғыз жолы – борышкердің жауапкершілігін арттыру және сот орындаушысының өкілеттілігін өсіру. Мәселен, алимент төлемей, қашып жүрген борышкерді, арақ ішіп, отбасында жанжал шығарғандарды немесе қоғамға зиянды әрекет жасаушыларды сот шешімімен қоғамдық жұмыстарға тарту. Яғни, оларды әкімшілік жауапкершілікке тартып, қала тазалауға немесе құрылыс жұмыстарына жегіп қойса, біраз мәселенің басы қайырылар еді.
Бірақ бұл мәселе де ай-күннің аманында адам өлтіріп, қандықол атануға себеп емес. Себебі тереңде жатқан сияқты. Осы оқиға әлеуметтік желіге шыққанда «Балалар құрбандыққа шалынды, олар жұмаққа баратын болды!» – деген сөздерді оқып, төбе шашымыз тік тұрды. Демек, қазақ қоғамына жат ағым, бөтен көзқарас сыналап кіріп, санасына орнығып алған болуы мүмкін деп әбден шошыдық. Одан қалай арыламыз, қайткенде ұрпақты сақтап, ұлттық құндылығымызды аман алып қаламыз деп, жүйке-жүйеміз шарқ ұрды. Ал мұнайлы өлкеде орналасқан кен орындарында жұмысшылардың 80-90 пайызы уақабтық-сәләфилік жолда деген деректі көзі қарақты адамдардан есті-генімізде салымыз суға кеткендей күй кеш-тік.
Қазақстанды діни ағымдардың тәжірибе алаңына айналдырып алдық. Сол ағымдар жас сәбилердің жанын жаһанамға жіберіп, аналарына қара жамылдырып, әкелеріне теке сақал қойдырып, санамызда бомба болып жарылып жатыр. Мөңке бидің «Алашұбар тілің болады, дүдәмалдау дінің болады» деген сөзі расқа айналып, қазақ халқы шын мәнінде тар жол, тайғақ кешіп, ұрпақ азып, ұлтқа қауіп төніп тұр.
Бүгін қимылдамасақ, ертең кеш болады!
Маңғыстаудың үкіметтік емес ұйымдарының үндеуі
Экономикалық және әлеуметтік қысымдар мен қорқыныштар, діни алауыздық пен нашақорлық күшейген сайын, біз тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өршіп бара жатқанына куә болудамыз. Осы үндеуді жолдауымызға Маңғыстау облысында 2022-2023 жылдары туған балаларын әкелерінің жауыздықпен өлтіру деректерінің орын алуы себеп болып отыр. Елімізде тұрмыстағы зорлық-зомбылық қылмыстық іс болып танылмағандықтан, әйелдер мен балалардың өміріне қауіп төндіретін жағдайларға жол берілуде. Қиын жағдайға тап болған отбасы мүшелеріне қолдау қызметтері қолжетімсіз, жергілікті полицияда білікті кадр тапшы. Біз – жантүршігерлік жағдайдың елімізде белең алуына заңдардың әлсіздігі, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы жұмыстарының төмені, күйзеліске түскен отбасы мүшелерінің оңалту қызметінің жоғы, отбасы институтын нығайтуға бағытталған жұмыстардың жеткіліксіздігі – деп санаймыз. Қазақстан Республикасы демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандығы. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда әйелдердің 34%-ы мен балалардың 28%-ы (зорлық-зомбылықтың куәгерлері және құрбандары) зардап шегеді. Бұл мәселені тиімді шешу үшін тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыстық жауапкершілікке тарту және кінәлілердің жазасыз қалуын тоқтату қажет. Бұл тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеуге тосқауыл болар еді. Сондықтан Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы», «Баланың құқықтары туралы», «Неке және отбасы» туралы заңдарына, «ҚР қылмыстық кодексіне», тұрмыстағы зорлық-зомбылық қылмыстарына қатысты баптарды енгізуді сұраймыз. Біз Маңғыстаудың үкіметтік емес ұйымдары, Ана мен баланың өмірін қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеу үшін, ер адамның әйелін, баласын дінге мәжбүрлеуді де қылмыстық іс деп қарауды қолдаймыз. «Маңғыстау жергілікті бастамалар орталығы» қоғамдық қорының басшысы Ж.Маханбетова «Маңғыстау облысының Азаматтық Альянсы» ЗТБ Президенті Ж.Ахметова «Жанартау» жастар шығармашылығы қоғамдық бірлестігінің төрайымы А.Шамшадинова «Маңғыстау әйелдер көшбасшылығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Р.Махамбетова «Бәйшешек» қоғамдық қорының директоры А.Сақтағанова «Өркениетті келешек» қоғамдық қорының басшысы Г.Қарабалина «Ана мен бала» қоғамдық бірлестігінің директоры Д.Шакенова «Риза Ана» қоғамдық қорының басшысы Б.Рамазанова « Іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің өкілі Д.Асанова «Альянс женских сил Казахстана» қоғамдық бірлестігінің Президенті З.Фаталиева «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің Маңғыстау облыстық филиалының өкілі М.Сұлтанбаева «Шуағыңды шаш» қоғамдық қорының директоры А.Шамшадинова «Қанағат» жеке қайырымдылық қорының басшысы Д.Саргулова «Маңғыстау әуені» қоғамдық бірлестігінің басшысы Н.Оспанова «Саламатты ел» қоғамдық қорының директоры Г.Есетова «Шаңырақ» қоғамдық қорының басшысы Л.Тындырғанова «Азаматтық құқық» қоғамдық бірлестігінің басшысы А.Байбатырова «Хазірет» қоғамдық қорының басшысы К.Медеуова «Ауылдық әйелдер белсенділігін арттыру» қоғамдық бірлестігінің басшысы С.Көшбаева «Аудандық азаматтық бастамалар» қоғамдық бірлестігінің басшысы Р. Дәрібаева «Қайырымды жандар» қоғамдық қорының басшысы С.Базарбаева «Жастар жетістіктері» қоғамдық қорының директоры А.Абылдаева «Парасат-Ақтау» қоғамдық бірлестігінің басшысы Т.Құсайынова «Айрық» қоғамдық қоры А.Таласбаева ҚХА Маңғыстау облысы Аналар кеңесі А.ДжайылхановаСағындық Рзахметов, Ақтау қаласы