Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ: Әдебиетке қамқорлық – мемлекеттің рухани әлемін сақтау
Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ: Әдебиетке қамқорлық – мемлекеттің рухани әлемін сақтау
Соңғы отыз жылда түркітектес елдердің өзара мәдени ықпалдастығы артып келеді. Жақында ТҮРКСОЙ Жазушылар одағы құрылып, оның алғашқы төрағалығына көрнекті қазақ ақыны Ұлықбек Есдәулет сайланды. Ол соңғы бес жылда Қазақстан Жазушылар одағын басқарып келе жатыр. Ал биыл жазушылар одағының кезекті құрылтайы өтпек. Осыған орай, біз қаламгерлер ұйымының басшысымен өзі басшылыққа сайланған жаңа ұйым жайында және бұрыннан басқарып келе жатқан ұйымының жұмыстары туралы әңгімелескен едік.
– Ұлықбек Оразбайұлы, соңғы дәуірде түркітектес елдер арасында түбі бір туысқандықтың көрінісіндей ынтымақтастық артып, бір-бірімен алыс-берісі, барыс-келісі күшейіп жатқанын күллі әлем көріп отыр. Ол, әсіресе мәдени бағытта жақсы нәтиже беріп жатыр. Соның үлкен жаңалығының бірі – жақында Әзербайжан, Қазақстан, Қырғыз республикасы, Өзбекстан, Түркия және Түрікменстан өкілдері ТҮРКСОЙ Жазушылар одағын құру туралы құжатқа қол қойылуы. Аталған қаламгерлер одағының алғашқы төрағасы болу Сізге тапсырылды. Бұл ұйымның алға қойған мақсат-міндеті жайында кеңірек айтып берсеңіз.
– Түп-негізі анау Алтайдан тараған түркітұқымдастар көбейе келе кең дүниеге жайылды ғой. Сөйтіп, бүгінде Алтайдан Анадолыға дейін аумақты иеленіп, түрлі заманың аласапыранында бір-бірінен бөлек кетіп, әрқайсысы өз алдына бірнеше мемлекет құрған түркілердің бүгінде бірігу процесі басталды. КСРО күйрегеннен кейін соның құрамында болған түркі елдері тәуелсіздік алып, әрқайсысы өз мемлекеттерін құру жолында түрлі қиындықтарға тап болып, қалыптасқанша да біраз уақыт өтті.
Дегенмен жаһандану үдерісінде жұтылып кетпеу үшін олар уақыт өте бірігу, ықпалдасу керек екеніне көзі жетті. Былайша айтқанда, бабаларымыздың «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген философиясын басшылыққа алу қажеттігін сезінді. Солтүстікте Орталық Азия түркі мемлекеттері жеріне көзінің сұғын қадап отырған, шығыста экономикасына әсер етіп отырған алып елдер бар. Айналамыздағы елдерде соғыс болып жатыр. Осының бәрі тәуелсіз түркі мемлекеттеріне бірігу керек екенін ұқтыра түскендей.
Тарихқа қарасақ, сонау патшалық Ресей заманынан бері түркітектестерге талай рет геноцид жасалды, тіпті ол кеңестік дәуірде жалғасты. Оның басты мақсаты осы елдердің халқын барынша азайтып, жерін босатып алу екені бәріне мәлім. Міне, осыдан әлсіреп, аман шығып, бүгінде өз алдына дербес мемлекет құрған түркі елдері дамудың жаңа сатысына көтеріліп, әлемнің өзге елдерімен терезесі тең болуы үшін ең алдымен өзара бірлікте болуы аса қажет нәрсе. Оны бауырлас мемлекет басшылары жақсы түсініп отыр. Шүкір, бұл орайда үлкен ынтымақтастыққа қол жеткізуге ұмтылудамыз.
Жалпы, бұл үдерістің басталғанына бір ғасырдай уақыт болды. Атақты Исмайыл Гаспыралының сөзі бар ғой: «Тілді, пікірде, істе бірлік» деген. Бұл біздерді рухани және саяси-экономикалық бірлікке алып келетін ұран. Сондықтан алдымен әдеби-мәдени кеңістікте біріксек, саяси-экономикалық кеңістікте де бірігуге қол жеткізіп, үлкен күшке айнала алатынымызды сезіп отырмыз.
Түрік дүниесінде 220 миллионнан аса халық бар. Ал осының ықпалдастығы мәдени кеңістігімізді ауқымды етіп, үлкен табыстарға жеткізетіні анық. Мысалы, сенің бір фильміңді осынша халық көріп, бір кітабыңды осынша халық оқыса қандай керемет! Ал біз қазір шығарған киноларымызды көретін халық жоқ, прокаттан пайда түспейді деп орыс тіліне аударуға мәжбүрміз. Кітаптарымыз да сондай күйде. Ал осының бәрін түрік дүниесіне тарата алсақ таршылық көрер ме едік? Бұл ойланарлық нәрсе.
ТҮРКСОЙ – түркі дүниесінің ЮНЕСКО-сы сияқты, түркі елдерінің мәдениетін дамытатын ұйым. Осы ұйым «түрік дүниесінің Жазушылар одағын құрайық» деген бастама көтеріп, алғашқы құрылтайына Әзербайжан, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Түркия елдерінің Жазушылар одағы басшылары және Түрікменстанның Түркиядағы елшілігінің қызметкері (Түрікменстанда Жазушылар одағы тарап кеткен екен) қатысты. Жиында ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының құрылуына алты елдің өкілдері қол қойды. Мені соның төрағасы етіп сайлады. Қалған елдердегі қаламгер ұйымының басшылары келісім бойынша төрағаның орынбасарлары болып бекітілді. Сонда сөйлеген сөзімнен кейін мен Анкарадағы Түрікменстан елшілігінің өкілінен: «Сіздерде Жазушылар одағы жоқ екен, соны құрғыларыңыз келмей ме? Біз жаңадан құрылған ТҮРКСОЙ Жазушылар одағы атынан Сіздердің басшыларыңызға осындай өтінішпен хат жазсақ, қалай қарайсыз?» деп сұрап едім, ол: «Әрине, Жазушылар одағын құрғымыз келеді, сіздер хат жолдасаңыздар үлкен көмегі тиер еді» деп ойымды мақұлдады. Енді түрікмен елінің басшысына ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының атынан хат дайындап жатырмыз. Бұл мәселеде ТҮРКСОЙ басшылығымен келістік.
Жаңа құрылған ұйымның бірінші жиналысын Өзбекстанның Навои қаласында өткізіп үлгердік. Сонда алдағы уақытта істейтін істеріміздің жоспарын жасадық. Ұйымның эмблемасын жасап апардық. Өзбекстанда өткен жиын түркі дүниесінің ұлы ақыны Әлішер Науаи шығармашылығына орайластырылып, «Мумтаз шериат» («Жауһар жырлар») деген атпен өтті. Оған елімізден біраз жылдан бері Науаи шығармаларын қазақ тіліне тәржімелеп жүрген белгілі ақын Несіпбек Айтов шақырылды. Оның аударуында Науаидың «Ескендір қорғаны» (екі рет басылған), Фархад-Шырын», «Ләйлі-Мәжнүн» дастандары басылып шыққан. Жақында Түркі Академиясының баспасынан «Хамса» деген атпен, Президентіміздің алғысөзімен шығып, өзбек елінің басшысына сыйланған екен. Өзбек елі осы еңбегі үшін Несіпбек Айтұлына «Науаи қаласының құрметті азаматы» атағын беріп, «Өзбекстан Жазушылар одағының құрметті мүшесі» етіп қабылдады, соңғы үлгідегі ноутбукты сыйға тартты.
Науаи қаласында біз бір Түркі дүниесі Жазушылар одағы басшылары өз жиналысымызды өткіздік. Оған ТҮРКСОЙ Жазушылар одағына мүше елдердің жазушылар одақтары басшылары қатысты. Бұл ұйымды құрған алты ел болғанымен оған мүше болуға татар, башқұрт, алтай, қарашай, малқар, саха, шуваш, гагауз жазушылар ұйымы тілек білдіріп, Венгрия Жазушылар одағы 15-ші болып тіркелді. Әзірше оларды ұйымға бақылаушы ретінде қатыстыру керек деп шештік. Уақыты келгенде олар да толыққанды мүше бола жатар. Бұл жолы татар, башқұрт елдері қаламгерлер ұйымдарының басшылары бақылаушы ретінде қатысты.
– ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының еліміздегі басқосуы қашан болмақ және ондай қандай іс-шаралар өтеді?
– Солтүстік Қазақстан әкімдігімен бірлесіп, осы жылы маусым айының аяғына таман қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығы аясында Түркі дүниесі поэзия фестивалін өткізсек деп отырмыз. Оған әр түркі елдерінен бір ақыннан шақырамыз деген ой бар, сондай-ақ оған өзіміздің ақындар да қатысатын болады.
Мағжан – қазақ қана емес, түркі дүниесінің бетке ұстар ақындарының бірі. Есімі мен жырлары түбі бір түркі жұртына түгел ұранға айналған тұлға. Сондықтан оның мерейтойы міндетті түрде түркі әлемінің тойы болуы тиіс.
– Қазақстан Жазушылар одағының өзге түркі мемлекеттеріндегі қаламгерлер ұйымымен байланысы жайында да айта кетсеңіз, қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Біз түркітілдес елдердегі барлық қаламгер ұйымдарымен байланыстамыз. Оларда өткен жиындарға барамыз, олар біздегі жиындарға қатысып тұрады. Олар біздің кітаптарымызды аударып шығарып жатса, біз де қарыз болып жатқанымыз жоқ. Бізде де олардың кітаптары басылып жатыр.
Әсіресе, Өзбекстанмен байланысымыз күшті. Екі ел Жазушылар одағы арасында қол қойылған меморандум арқасында жеткен жетістігіміз көп. Өзбек елі түрік дүниесі әдебиетінің 100 томдығын шығарды. Оның 10 томы қазақ әдебиетіне арналған. Оның ішінде Абай мен Жамбылға бір том, Мұхтар Әуезов, Олжас Сүлейменов секілді қаламгерлерге жеке-жеке том берілген. Сосын қазақ әңгімелері бір том, поэзиясы бір том болып шыққан. Бұл сериядан тыс та қазақ ақын-жазушыларының кітаптары өзбек тілінде шығып жатыр.
Жалпы, Өзбекстанның қазіргі президенті басшылыққа келгелі бері әдебиетке қамқорлықты қолға алған. Ташкенттегі Ұлттық саябақтың қақ ортасынан аумағы біздің Ғылым Академиясындай тұтас кварталды алатын Жазушылар одағының үлкен ғимаратын жарты жылдың ішінде салған. Содан кейін Ә.Науаи атындағы тіл-әдебиет университетін ашып берген. Онда тілшілер мен әдебиетшілерді, аудармашыларды оқытып дайындайды. Мысалы, біздің соған қолымыз жетпей жүр ғой. Біз мұндай мәселені кезінде елімізде өткен Жастар форумы кезінде жас қаламгерлердің аузымен айтқызғанбыз. Оны сол кезде еліміздің президенті қолдап, әдебиет академиясын ашуға көмектесеміз деген. Бірақ министрлер жиі ауысып, бірі біріне сілтеп, ақыры ол іс аяқсыз қалды...
– Енді өзіміздің Қазақстан Жазушылар одағының әдебиетті дамыту жөнінде істеген істері жайлы айтсаңыз?
– Қазақстан Жазушылар одағы тарихы жөнінен де, маңызы жөнінде әдебиеттің басты ұйымы болып келеді және солай бола беретіні анық. Сондықтан қазақ әдебиетінің, қазақ қаламгерлерінің басты қамқоры – осы ұйым. Ана бір өтпелі кезең еліміздің әдебиетіне, қаламгерлеріне қиын тигені белгілі. Сонда да ұйым сақталды. Қазақтың әдебиетін сақтап қалды. Мемлекеттің назарын әдебиетке бұрып, ақын-жазушыларға қамқорлық жасауға қол жеткізді. Кітаптары мемлекеттік тапсырыспен шығып жатыр, сондай-ақ шығармаларын мемлекет сатып алып, әжептәуір қаламақы төлейтін жағдайға да жетті.
Тұлғалы қаламгерлеріміздің мерейтойлары мемлекеттік деңгейде аталып өтіп жатыр. Қаламгерлеріміз мемлекеттік сыйлық алып, Еңбек Ері атанып та жатыр. Мұның бәрі – Жазушылар одағының жұмыс істеп тұрғанының арқасы.
Халық қаламгерлерге зиялы қауым деп қарайды. Ал олардың мемлекетке сөзі өтпесе беделі бола ма? Сондықтан біздің ең алдымен қолға алғанымыз қоғамда қаламгерлердің қадірін арттырып, оларды билікке сөз өтетін, халықтың мәселесін көтеретін тұлғаға айналдыру. Мәселен, Қазақстан Жазушылар одағының облыстық бөлімшелері бұл күнде әкімдер санасатындай мәртебеге ие болды. Сондықтан облыста тұратын қаламгерлерді Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке алу, кітаптарын шығару, стипендия, сыйлық әперу, т.б. мәселелерді облыстардағы бөлімшелердің өздері шешеді. Қазір көптеген облыста тұратын қаламгерлердің кітаптарын жергілікті әкімшілік шығарып, оларға стипендия тағайындап жатыр. Кейбірі әдеби сыйлықтар да береді. Мұның бәрі қаламгерлеріміздің өздері тұратын жердегі билікке, халыққа ықпалын күшейтері сөзсіз. Мысалы, осы Алматы қаласында 400-дей қаламгер тұрады. Кейінгі жылдары солардың бәріне қала әкімдігі жыл сайын бір рет жарты миллион теңгеден ақша беріп жатыр. Жыл сайын «Алатау кітапханасы» сериясымен Алматыда тұратын қаламгерлердің кітаптарын шығарып беріп отыр. Алдағы уақытта да шығарып отырмақ.
Қаламгерлердің еңбегі бағаланбаса бола ма? Сондықтан олардың еңбегіне сай материалдық қолдау мақсатында түрлі конкурстар ұйымдастырылып, бәйгеден шығармасы озып келген қаламгерлер жүлдегер болып жатыр. Мәселен, біздің ұсынысымыз бойынша өткен жылы 7 номинация бойынша ұйымдастырылған «Айбоз» ұлттық сыйлығының конкурсынан озып шыққандар әрқайсысы 5 миллион теңгеден жүлде алды. «Айбоз» биыл да өткізіледі, биыл көркем сын жанры бойынша номинация қосу көзделіп отыр.
Жалпы, Қазақстан Жазушылар одағы әдебиетті насихаттау, оны халыққа барынша жақындата түсу жолында, сондай-ақ шетелдерге таныту жолында талай жиындардың бастамашысы болып келеді. Астанада қала әкімдігімен бірігіп, «Жібек жолы бойындағы астаналар қаламгерлері бас қосуын», шетелдік 25-тен аса қаламгер қатысқан «Еуразия жазушыларының форумын», Азия қаламгерлерінің бірінші форумын өткіздік. Оған бірнеше мемлекеттен екі қаламгерден қатысты, арасында 5 Нобель сыйлығының номинанты бар. Оны Президент Қ.К.Тоқаевтың өзі ашты. Біз оған қатысқан шетел қаламгерлерінің бірқатарымен жақсы байланыстамыз. Олар ретінде біздің тілшілерімізге сұхбат беріп жүр.
Басшылыққа келгенімде маған бір бизнесмен келді, «шығармашылық үйін сатып алуға келісім жасап едік, бірақ одақтың бұрынғы басшысы қол қоюға үлгермей кетті, Сіз қол қойыңыз, ақыңызды жемейміз» деп. Мен үзілді-кесілді бас тарттым. Қазір ол шығармашылық үйі жалға беріліп, шипажай ретінде жұмыс істеп тұр. Қаламгерлерге 50 пайыз жеңілдік бар. Онда шығармашылықпен айналысуына жақсы мүмкіндік жасалған. Дем алам, ем алам десе жағдай бар. Фитнесі, саунасы бар. Жалға беруден түскен ақшаны Жазушылар одағының шаруасына жұмсап отырмыз.
Құдайға шүкір, қазір кітабын шығара алмай қатты қиналып жүрген ақын-жазушы жоқтың қасы. Облыстарда да кітаптар шығып жатыр. «Атамұра» секілді жекелеген баспалардың бастамасымен де басылады. Мемлекеттік тапсырыспен де, мемлекеттік сатып алу негізінде де шығады. Кейбір баспалар қаламақы төлеуі мүмкін. Кейбірі қаламақының орнына кітап бергісі келеді. Ал мемлекеттік сатып алу жобасымен сатып алынған кітаптардың қаламақысы қомақты. Бұрын қолжазбаның әр баспа табағына 150 мың теңгеден төлейтін болса, қазір ол 250 мыңға көтеріліпті. Ол арнайы сараптаушылардың пікірімен өтеді, яғни кітапқа баға беру комиссиясының сараптауы негізінде. Бір жылдары комиссия кітапханашылардан құралды. Олар бұрынғы танымалдарды болмаса, кейінгі шығып жатқан жас таланттарды білмейтін. Соның себебінен кейбір лайық авторлар өтпей қалып жатқан кездері болды. Әрине, мемлекет тарапынан сатып алынатын кітаптарға қойылатын талаптар бар: «ұлт араздығын қоздыратын, нашақорлықты насихаттайтын, порнографияны қолдайтын, зорлық-зомбылықты, нәсілшілдікті уағыздайтын тұстары болмауы керек» деген сияқты. Кейбір талғамы төмен сарапшылардың кесірінен кейбір әлсіз жазушының бір жылда бес кітабы сатып алынса, кейбір мықты авторлардың жылдар бойы бір кітабы да өтпей қалып жатады. Сондықтан мұндайда сарапшылар қырағы қарап, әділетті шешім шығаруы қажет.
Әдебиеттің болашағы қашанда жас буынды тәрбиелеу, олардың шығармашылығы туралы әділін айтып, лайықты бағасын беруге де байланысты. Сондықтан кезінде «Дарын» мемлекеттік Жастар сыйлығының ұйымдастырылуына себіміз тиген еді. Ол талай-талай талантты жастарға берілді. Бірақ кейінгі кезде оның да беделі түсіп кеткен сияқты. Енді Мемлекеттік Жастар әдеби сыйлығын ұйымдастыру туралы мәселеміз жуырда шешімін табатын сыңайлы.
– Сыйлық демекші, Мемлекеттік сыйлықтың берілу мәселесі үнемі дау болады да жүреді ғой?
– Ол енді, бітпейтін дау болды... Бұл жерде бір кілтипан бар, мен айтайын.
Мемлекеттік сыйлықты беру комиссиясында әдебиет, музыка, архитектура, театр секілді әр саланың өзінің жеке секциясы бар. Мысалы, әр секциядан сұрыпталып өткен шығармалар кейінгі турға жеткенде барлық секцияның сарапшыларын қосып жіберіп, солардың дауыс қорытындысы ортақ есептеледі. Сол кезде бірінші турда жақсы дауыс алып өткен шығармалар құлап қалады. Себебі өнердің, басқа салалардың адамдары ақын-жазушылардың шығармаларын оқымағаннан кейін оны қалай дұрыс бағалайды? Авторын танымағаннан кейін оны құлатып жібереді. Осыны жақсы түсінетін мемлекеттік сыйлықтың кейбір пысық номинанттары комиссия мүшелерінің аузын алып, оп-оңай өтіп кетеді. Араға адам салады, біреуге айтқызады, әйтеуір жолын табады. Мемлекеттік сыйлық қаламгердің талантына емес, оның пысықтығына, біреулерді танитынына, араға салатын адамдарының беделіне байланысты берілетін болса, онда қандай әділдік болсын?! Комиссияның ішінде сенің шығармаңды оқымаған, атыңды білмейтін адамдар отырса саған қалай дауыс береді? Тіпті, ішінде қазақша білмейтіндер көп. Сондықтан бұл да сайлау науқаны сияқты болып кеткен, кімнің жарнамасы күшті, кім танымал, кімнің қолдайтын адамы бар – сол жеңеді. Сондықтан Мемлекеттік комиссиядағы әдебиет секциясының мүшелері ең соңғы турға дейін өзінше бөлек, басқа өнер салаларының өкілдері әрқайсысы өз алдына бөлек дауыс беруі керек. Яғни, әр саланың адамдары өз саласындағы шығармаларды бағаласын. Әйтпесе, әділетсіздік жағдайы жалғаса беруі мүмкін.
Жалпы, қаламгерлердің еңбегін бағалауда басқа да кетіп жатқан кемшіліктер бар. Бізде бұрын ең көрнекті ақын-жазушыларға берілетін «Қазақстанның Халық жазушысы» деген атақ бар еді, соны алып тастады. Қазір сол атақты алғандардан Олжас Сүлейменов, Мұхтар Мағауин, Мұхтар Шаханов қана қалды. Ал сондай атаққа лайық Төлен Әбдіков, Қойшығара Салғарин, Смағұл Елубай, Темірхан Медетбеков, Дулат Исабеков, Тынымбай Нұрмағамбетов, т.б. өзге де қаламгерлер алса болар еді ғой.
Мына өзбектерді қарасаң, сенімен жасты жігіттер «Халық шайыры», «Халық жазушысы» болып отыр. Қырғыздарда да солай, жап-жас жігіттер «Ел ақыны» атанған. Біз осындай жағдайлардан кейін Қазақстан Жазушылар Одағының 85 жылдығы тұсында өзіміз ұйымдастырып «Қазақстанның Құрметті жазушысы» деген атақты Әбдіжәміл Нұрпейісов, Олжас Сүлейменов, Әнес Сарай, Мұхтар Шаханов, Төлен Әбдік, Молдахмет Қаназ секілді бірнеше қаламгерге бердік. Ол әдебиетімізге еңбегі сіңген ақын-жазушыларды тым болмаса өзіміз марапаттайық деген ой ғой. Сол сияқты елімізге танымал өзге түркітектес бауырларымызды да осы атақпен марапаттап жатқан жай бар. Мәселен, кеше Өзбекстандағы жиында Әзербайжанның атақты жазушысы Анар Рзаевтың 85 жылдығын атап өттік. Сонда біз оны «Қазақстанның Құрметті жазушысы» деген атақпен марапаттадық. Оның артығы жоқ, кітаптары бізде шыққан, қазір де шығып жатқан бауырлас елдің танымал жазушысы.
– Әрине, қаламгерлердің еңбегін бағалап, тиісті орындардың оларды марапаттап отыруы дұрыс нәрсе. Дегенмен бүгінгі қазақ әдебиетінде барды бар, жоқты жоқ деп айтатын азулы да, әділ сын жоқ секілді?
– Шынын айту керек, қазір баяғыдай «сойып салатын» сын азайды. Бірақ мәдениетті сын бар. Оны өрістетіп отырған жігіттердің бірі – Аманкелді Кеңшілікұлы. Оныкі кәдімгі философиялық, психологиялық тұрғыдағы, әдебиетті әлемдік деңгейдегі үдерістермен салыстырып отыратын сынның түрі.
Сын деген әдебиетті өшіретін емес, өсіретін бағытта болғаны дұрыс. Сын әдебиетте оташының қызметін атқаруы керек. Мінді түзеу үшін балтамен шауып тастамай, басқаша жасайтын жолдары бар ғой. Бұтақтың өзін шаппай-ақ, түзеуге болады.
Бір кезде ақын бола алмағандар прозаик болатын, прозаик бола алмағандар сынмен айналысатын еді. Қазір енді бәрі шығарма жазатын болып кеткен ғой. Кез келген жазарман өзін ақын не жазушы санайтын болды. Сыншы болу үшін ең алдымен терең білім қажет. Сыншы болып сын айту үшін оның білімі, өресі, қабілеті ана шығарманы жазған адамнан кем болмауы керек.
Мысалы, Айгүл Кемелбай – дарынды прозаик, драматург. Мен оның сыншылығын да қатты мойындаймын. Өте терең. Тамыршы сияқты, шығарманың осал жерін де, күшті жерін де тап басады.
Кезінде Тұрсынжанның сыны керемет еді, өте парасатты сыншы еді, жазбай кетті.
Ақын-жазушылардың ішінде де жазам десе жақсы сын жазатындар бұрын да болды, қазір де жоқ емес. Бірақ шыбық тимей шыңқ етерлер көбейген заманда сын жазып әркіммен шатақтасып жүргісі келмейді ғой. Мәселен, кезінде Жарасқандар жақсы сын жазды. Менің өзім де сын жазған кезім бар.
Мәскеуде оқып келген соң баспаның сын бөлімінде істегем. Бірталай сын жазған кезім болды. Шалдарды сынадым, ебін тауып күлдіріп, юмормен сынадым. Бірақ қатты ренжіген ешкім болмады. Сыншы шығарманы сынасын, адамның жеке басына тиісіп, адамгершіліктен аттамасын. Сыншы әділ болса шығармаға да шығармашыға да пайдасы тиеді.
Шерхан Мұртаза ағаның бас редактор тұсында «Қазақ әдебиетінің» сын бөлімінде жұмыс істедім. Бір күні Шерағаң мені шақырып алып Смағұл Елубаевтың «Ақ боз үй» романын берді. «Мынаның үстінен ЦК-ға арыз жазыпты. Сен осыны оқып, ақ-қарасын айырып берші» деді. Кітапты оқып, оны талдауға бірнеше күн жұмыстан рұқсат берді. Романды ақтап, рецензия жазып әкеп бердім. Ол сынымның ЦК-ға кімнің атынан кеткенін білмеймін, арты тыныш болды әйтеуір. Одан кейін Балғабек Қыдырбекұлының «Алатау» деген романын ЦК-ға біреулер рушыл, жүзшіл деп айыптап жазыпты. Оны да мен жазушылық кемшілігін көрсете отырып, анадай айыптаулардан арашалап сын жазып бердім.
Содан кейін Морис Симашконың «Комиссар Жангелдин» деген шығармасы да менің сараптауыма берілді. Шығармасында ақтың офицерінің қазақтарды кемсіткен сөзі бар екен. Симашко маған ол менің сөзім емес қой, кейіпкердің кім екенін таныту үшін берілген сөздер ғой деп шырылдайды. Соны біреу ұлтаралық жанжал туғызатын, қазақтарды қорлаған шығарма деп арыз түсірген. Оны мен түсіндім. Сөйтіп, Симашконың да шығармасы туралы әділ сөзімді айтып, оны қорғап жазып бердім.
Сын деген біреуді қасақана қорлау үшін жазылмай, әділін айтса, автордың жеке басының қадір-қасиетін кемітпей шығармасының кемшілігін көрсетіп сынаса ғана сын. Сондықтан қазіргідей кітап аз оқылатын дәуірде әдебиеттің жетістігі мен кемшілігін бірдей сараптап, парасатты түрде жеткізетін сын болмаса, беталды лағып, білімсіздікпен айтыла беретін мін тергіштікті сын деуге болмас. Сын әдебиетпен бірге өсіп, әдепті жолмен дамығаны дұрыс. Әдебиет – мәдениетті болса ғана әдебиет. Адамды рухани әлемін көркейтпейтін әдебиеттің кімге керегі бар?
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Ахмет ӨМІРЗАҚ