Билік пен бұқара арасы

Билік пен бұқара арасы

Билік пен бұқара арасы
ашық дереккөзі
Мемлекеттік қызметтің үйлесімді үлгісін қалыптастыру керек. VIII сай­лан­ған Парла­менттің бірінші сессиясының ашылуында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен депутаттарға осындай тапсырма берген бо­латын. Мұны, тапсырма емес, ескерту деп есептеген жөн сияқты. Мемлекеттік органдардағы жұмыстың үй­ле­сімді үлгісін қалыптастыру үшін жан-жақты, жүйе­лі шаралар қабылдануы керек еке­ні белгілі. Деген­мен, сол жүйелі жұмыс­тың алғышарты – мемлекеттік мекемелердің ха­лыққа ашықтығы, яғни ашық жұмыс іс­теу, қоғаммен сапалы, шы­найы диалог құра білу. Жалпы мемлекеттік органдар мен халықтың арасындағы алшақ­тық­ты жою мәселесі алғаш рет көтеріліп отыр­ған жоқ. Бұл туралы 2019 жылы да, 2021 жылғы Президент Жолдауында да ай­тылған. «Халық үніне құлақ асатын мем­лекет» немесе «Еститін мемлекет» атты тұ­тас бір тұжырымдама қабылданды. Со­дан соң осы бағытта біраз жұмыс жос­пар­ланып, біразы орындалғандай болды. Ұлт­тық қоғамдық сенім кеңесі, оның ор­нына шақырылған Ұлттық Құрылтайдың да негізгі мақсаты халық пен биліктің ара­сын жақындату болды. Мұның барлығы елімізде халық пен биліктің арасында жер мен көк­тей алшақтық әлі қысқара қоймағанын рас­тайды. Бұл жолы да осы тақырыпқа қай­та оралып отырмыз. Ести ме, естігендей бола ма? Мемлекеттік құрылымдардың қыз­меті халықтың игілігіне, азамат­тардың сұранысы мен талап-тілегіне ба­ғытталуға тиіс. Бұл бұлжымас қағида Ата Заңның 3-бап, 1-тармағында шегенделген. Демократия бар мемлекет үшін мемлекет­тік органдар мен басқарушы институттың ашықтығы, халыққа мейілінше жақын болуы – ең басты шарт. Дегенмен, олар «халықтың үнін ести бермейді». «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» не­месе «Естуші мемлекет» тұжырымда­ма­сын Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 2 қыр­күйектегі Жолдауында айтқан. – Қоғамдық диалог, ашықтық, адам­дар­­дың мұң-мұқтажына жедел назар ау­дару мемлекеттік органдар қызметінің не­гізгі басымдықтары саналады, – деп ай­­тылған Жолдауда. Сол кезде бұл тұжырымдама билік пен қоғамның арасындағы алшақ­тық, мемлекеттік органдар мен қарапайым азаматтардың арасындағы қарым-қаты­нас бір жүйеге келіп, еліміздің әрбір азама­ты­ның үнін еститін мемлекеттік аппарат қа­лыптасатынына сенім білдіретіндерін айтқандар да көп болды. Тұжырымдама мемлекеттік орган­дардың халықты естіп қана қой­май, тыңдап, түсініп, яғни мәселелерді ше­шу үшін жүйелі жұмыс істеп, болашақта сол олқылықтардың алдын алу үшін шара­лар қолдануға түрткі болуы керек еді. Сол кезде бұл тапсырманы орындау мемлекеттік органдар үшін аса бір қиынд­ық тудырмайды деген сенім болған. Се­бебі әлеуметтік желі мен интернет ба­рын­ша ашық болуға бар мүмкіндікті бе­ріп отыр. – Біз цифрлармен, фактілермен, іс-әре­кеттермен сендіре отырып, азаматтар­дың сынына және сындарлы ұсыныста­ры­на жедел ден қоя отырып, олардың се­ні­мін қалпына келтіруіміз керек, – деген бо­латын Қасым-Жомарт Тоқаев. Осыдан кейін мемлекеттік орган­дар, органдардың өкілдері, бас­шылары әлеуметтік желілерде өз парақ­ша­ларын ашып, тіркеліп, мемлекеттік қызметшілерінің қатысуымен тікелей эфир­лер сериясын өткізу сияқты түрлі нау­қандар басталып кетті. Дегенмен, ха­лықтың сенімі бір мысқал өзгерген жоқ. Қай­та одан әрі белгісіздік пен сенімсіздік кө­бейді десек болады. Кейбір мемлекеттік мекемелерден жауап алу әлі мұң, басқасын былай қой­ғанда, қызмет бабымен сауал жолдаған тілшілердің сұрағы әбден «сарғайып» кет­кен соң жауап келіп жатады. Оның бірден бір себебі – жоғары жаққа жалтақтау мен қа­­­­ғазбастылық. Мұны өздері де жасыр­май­ды. – Бізге мемлекеттік қызметтің барын­ша үйлесімді үлгісіне көшу қажет. Орта­лық­қа жалтақтамай, жергілікті жерде мә­селені шешуге дағдылану керек. Мем­ле­кеттік органдардағы жұмысты ұйым­дас­тыру мәдениетін де толық жаңғыртқан жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Пар­ла­ментте сөйлеген сөзінде. Содан соң был­тыр басталған бюрократияны жоюға ба­ғыт­­талған жұмыстар нәтиже бермегенін де айтып өтті. – Ең маңызды мәселелер бойынша са­­палы заңдарды тез қабылдау үшін қа­жет­ті жағдайлар жасалған. Алайда, мойын­­дау керек, нақты бюрократиядан арыл­­ған жоқпыз. Министрлер шешім қа­был­даудан қорқады, жауапкершілікті әріп­тестеріне немесе қарамағындағыларға жүк­тейді, – деді ол. Сонымен қатар сапалы мемлекеттік қыз­мет көрсету үшін деректер қо­рын өзара кіріктіру және «ақылды техно­ло­гияны» пайдалану өте маңызды екеніне тоқ­талды. Дегенмен, әуелде айтып өткен әлеу­мет­тік желілердегі ресми парақша ашу­дың аяғы әдеттегідей көзбояушылыққа айналып кетті емес пе? Қазір әлеуметтік же­лідегі мекемелердің парақшаларындағы жаз­баларға, басшылардың жариялаған есеп­теріне оң баға беріп отыратын қалың бот-армиялар жасақталып үлгерді... Көзбояушылық көркейтсе, қане? Бот-армия дегеніміз олардың көп­ті­гін меңзегеніміз болмаса, күнделікті өмірде, ауызекі сөйлеу тілінде оларды бот-фермалар деп атайды. Негізінен, бот дегеніміз – екілік код­пен жазылған компьютерлік бағдарламалар. Олар да қазір мемлекеттік қыз­меттің жұмысын жеңілдетуге пай­да­ланылып жүр. Мысалы, жіберген сәлем­де­меңнің қайда екенін көрсетіп тұратын «Қаз­поштаның» арнайы боты, Қаржы мо­ниторингі агенттігінің қаржы пира­ми­далары туралы ақпарат беретін чат-боты жә­не тағы да басқа. Аталған боттардың сөз­сіз, көмегі тиіп жатыр, дегенмен, біздің айт­пағымыз басқа боттар туралы. Боттар – жалған аккаунттар, яғни әлеуметтік желіде ғана бар, өмірде жоқ, ойдан шығарылған кейіпкерлер. Яғ­ни, жалған аккаунттар. Олар кәдімгі ин­тернет қолданушылары сияқты әрекет ете­ді, пікірлер жазады және контентті бө­лісе алады. Белгілі бір қызметкерді, ме­ке­мені, басшыны мақтап не қаралап пікір жазады, бір мәселеге қатысты белгілі бір пі­кірді сыналап енгізуге, елдің ойын бөлу­ге, алдарқатуға, назарды басқа нәрсеге бұру­ға тырысу үшін жұмыс істейді. Яғни, бұл да бір ақпараттық соғыстың қаруы. Кә­сіби мамандардың қолындағы жалған ак­каунттар басқарудың, әсер етудің қуат­ты құралы бола алады. Сондықтан, бір қа­ра­ғанда боттарды кәдімгі пікірін білді­ріп отырған адамнан ажырата алмай қалуы­ңыз да мүмкін. Дегенмен, олардың өз-өздерін ұстап беретін белгілері көп. Ең қызығы, боттарға мекемеден, яғ­ни мемлекет бюджетінен ақша тө­ле­неді, кейде қызметі миллиондарға ба­ға­лануы мүмкін. Тіпті, жайлы кеңсе де бе­ріледі. Кейіннен олардың қатарына әлеу­мет­тік желіде аудиториясы кең, «достары көп», белсенді блогерлер мен журналистер қосылды. Олардың ықпалы боттарға қарағанда қаншама есе күшті екенін өзіңіз бағамдай беріңіз... Бұл көштен біз де қалмадық. Қазір жал­ған аккаунт арқылы мемлекет­тік мекеменің жұмысына жағымды немесе жағымсыз пікір жазатындар өте көп. Де­ген­мен, алғашқыдағыдай емес, оларды ха­лық бірден танитын болған. Яғни мемлекеттік органдар интер­нет­тің игілігін осылай да пайдала­нып жатады. Боттарды кеңінен қолдану Мек­сикада, Сирияда, Түркияда, Украинада жә­не басқа да көптеген елде саяси нау­қан­дар кезінде қатты сыналған. Көршілес Ре­сей­де де боттардың қызметі «қызып тұр». Қытайда, Америкада да бот-фермалар жұмыс істейді. Осы себепті, боттар фаб­ри­касы, саяси бот ұғымдарына ғылыми-зерт­теу жасауға алғашқы талпыныстар бар, ғылыми-зерттеу жұмыстары да жазы­лып үлгеріпті. Ақпараттың ашықтығымен іс бітпейді Қолжетімді ақпарат – билік пен аза­мат­тар арасындағы қарым-қатынастағы ақпарат алмасудың оңай әрі қолжетімді болуы. Бізде ақпараттың қолжетімділігіне қа­тыс­ты мәселе көп туындай қоймайды. Пре­зидент айтқан статистика, нақты де­рек­тердің көбін де таба аласыз. Статистика комитетінің ресми сайтында да негізгі мә­ліметтердің бәрі бар деуге болады. Мем­ле­кеттік сатып алу порталында де кез кел­ген ақпаратты ала аласыз, әрине, мәлі­мет түгел көрсетілген болса. Қазір осы пор­талдағы мәліметтерге рейд жасайтын тәуел­сіз, ерікті мамандар да жұмыс істейді. Оған қоса e-Gov электронды үкімет пор­талы әлем бойынша ең үздік электронды үкімет порталдарының бірі ретінде мойындалған. Мәселен, былтыр қыр­күйекте еліміз Біріккен Ұлттар ұйы­мының (БҰҰ) электрондық үкіметті да­мытудың жаһандық индексінде (EGDI) 28-ші орынға көтерілді. БҰҰ сарапшылары ресми рейтинг жасау үшін БҰҰ-ға мүше бар­лық 193 мемлекеттің цифрлық қыз­мет­терінің, адами капиталының және те­­­­лекоммуникациялық инфрақұрылы­мы­ның дамуын бағалайды. Зерттеу 2001 жыл­дан бері жүргізіп келеді. Рейтинг – БҰҰ-ға мүше барлық мемлекеттердің элект­­рондық үкіметінің даму деңгейіне баға беретін әлемдегі жалғыз есеп. Әдіс­теме үш негізгі аспектке негізделген: Бұл он­лайн қызметтердің қолжетімділік дең­гейі, телекоммуникациялық инф­ра­құры­лымның даму дәрежесі және кадрлардың ақпараттық-коммуникациялық техноло­гия­ларды ілгерілету және пайдалану қа­білеті. Рейтинг бойынша теңізге тікелей шы­­ға алмайтын елдердің ішінен елі­міз бірінші орында тұр. Азия елдері ара­­сында Оңтүстік Корея, Сингапур, Жа­по­ния, Кипр және Біріккен Араб Әмір­лік­те­рінен кейін алтыншы орында. Рей­тинг­тің үш көрсеткішінің біріншісі – он­лайн-қызметтерге қолжетімділік деңгейі бойын­­­ша еліміздің әлеуеті ең жоғары деп ба­ға­ланып отыр. 2006 жылы іске қосылған кезде элек­т­рон­дық үкімет порталы ақпараттық ре­сурс болды. Содан соң үлкен даму жо­лын өт­керіп, цифрлық құжаттарды алудан бастап, бизнес-қоғамдастық өкілдері үшін көптеген мәселені шешуге көмектесуге дейінгі көптеген мемлекеттік қызметті ұсынатындай дәрежеге жетті. Осыдан он жылдай бұрын, 2012 жыл­­­дары e-Gov порталында мем­ле­­кеттік қызметтердің 77 түрі қолжетімді бол­ған. Бұл – қазір бар қызметтердің 11 пайы­зы. Яғни, бүгін 700-ден астам мем­лекеттік қызметті онлайн форматта, оның ішінде ұялы телефонның көмегімен алуға болады. Былтырғы қыркүйекте Цифрлық да­му және аэроғарыш министрі Бағдат Мусин бұдан да үлкен межені көз­дегенін, жақын арада рейтинг бойынша БҰҰ-ның үздік 20 елінің қатарына кіру үшін отандық ақпараттық-коммуника­ция­лық технологиялардың сапасын арт­тыруды жоспарлап отырғанын айтты. Дегенмен, халықтың бұл игілікке мейілінше қолы жетуі үшін шалғай ауылдар мен елді мекендердегі интернет сапасы, цифрлық сауаттылықты арттыру мәселелері бойынша жұмыстар атқарылуы керек екені анық. Иә, мемлекеттік қызметті алу оңай­лады. Ресми сайттарда статистика көп. Бізде Ақпаратқа қол жеткізу туралы заң да бар. «Ашық НҚА» порталында аза­мат­тар заң жобаларын талқылауға да мүм­­кіндік алды. Мемлекеттік ұйымдар мен азаматтардың қарым-қатынасын ны­ғайтуға негізделген «Ашық диалог» пор­та­лы да бар. Бір қарағанда, бәрі жақсы. Азаматтар ұсынысын айтып жатыр, мемлекет оған мүмкіндік беріп отыр, бар дерек көз ал­дымызда. Қоғам белсенділері, сарап­шы­лар да сол статистикалардан, сала құлаш есеп­терден олқылық тауып, мәселе көте­ріп жатады. Бірақ сол сауалдар мен сұрақ­тарға жауап ретінде қайтадан сол сала құ­лаш есептер келеді. Мазмұны – жаңылт­паш, тілі – түсініксіз. Дегенмен, халық пен биліктің арасы әлі сол баяғы жартас күйінде қалып отыр. Осы орайда, Үкіметтің ашықтығы сан-цифрды сайтқа сала салумен ғана бітетін іс емес екенін ескеру керек сияқ­­­ты. Халық айтады, Үкімет естиді, бір­ақ түсіне ме? Түсінсе де халықтың пікірін қан­шалықты ескереді? Мәселен, неліктен ауылдың небір түйткілді мәселелері зәулім ғимараттардағы төрт қабырғаның ішінде, құр­ғақ статистикаға сүйеніп шешіле салуы керек? – Сайлау алдындағы бағдарламалар жә­не уәделер ретімен орындалуы керек. Сон­да азаматтардың билікке және шы­найы өзгеріске деген сенімі артады. Ре­фор­маларды әзірлеу және жүзеге асыру ісінде мем­лекеттік қызметшілер маңызды рөл ат­қа­рады. Сол себепті жұмысқа ынтасы бар және жоғары білікті мамандарды мем­лекеттік қызметке тарту керек. Жеке сек­торда жүрген кәсіби және дарынды бас­қарушылар үшін жол ашық болуға тиіс. Біз­ге мемлекеттік қызметтің барынша үй­лесімді үлгісіне көшу қажет, – деген Президент сөзі осыны меңзесе керек. Яғни, басқарушы мекемелер мен олардың өкілдеріне өздерінің жасап алған шеңберінен шығып, шынайы ахуалды көріп, сезініп, түйсініп, халықпен кеңесу керек. Қалғаны – ойдағыдай. – Сондықтан популизмге, жеке бастың мүддесін көздеуге жол бермеу керек. Парламент пен мәслихаттар әрдайым бірлесе жұмыс істеуі қажет. Сонда мемлекет саясаты барынша үйлесімді болады. Жергілікті биліктің шамасы келмейтін ауқымды мәселелерге орталық дер кезінде көңіл бөледі, – деді Президент сөйлеген сөзінде. Яғни, бұл сын жоғарыдағы лауа­зым­ды тұлғалардан бастап қатардағы мем­­лекет­тік қызметкерлердің барлығы­ның құла­ғы­на тағылған алтын сырға деп түсінсек те болады. Қорыта айтқанда, бізде әдеттегідей құжат жүзінде барлығы мінсіз. Қағаз бетінде көркейген қалалар, қағаз жүзінде орындалған уәделер. Енді сол әдет интернеттің дамуымен, заманның ағымымен цифрлық форматқа көшіп үлгерді. Демек, Үкіметтің халыққа ашық болуы түсініксіз баяндамалар мен есептерді, қаптаған сандарды күн құрғатпай жариялап отырумен шектелмейді. Талап-арыздарға жүрдім бардым, салғырт жауап беру, боттарды жалдап, көзбояушылықпен айналысу да «халықтың үніне құлақ асу» емес. Бізге формалды емес, шынайы жұмыс, роботтар емес, халықтың жағдайына алаңдайтын мемлекеттік қызметкерлер керек.