Билік пен бұқара арасы
Билік пен бұқара арасы
Мемлекеттік қызметтің үйлесімді үлгісін қалыптастыру керек. VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен депутаттарға осындай тапсырма берген болатын. Мұны, тапсырма емес, ескерту деп есептеген жөн сияқты.
Мемлекеттік органдардағы жұмыстың үйлесімді үлгісін қалыптастыру үшін жан-жақты, жүйелі шаралар қабылдануы керек екені белгілі. Дегенмен, сол жүйелі жұмыстың алғышарты – мемлекеттік мекемелердің халыққа ашықтығы, яғни ашық жұмыс істеу, қоғаммен сапалы, шынайы диалог құра білу.
Жалпы мемлекеттік органдар мен халықтың арасындағы алшақтықты жою мәселесі алғаш рет көтеріліп отырған жоқ. Бұл туралы 2019 жылы да, 2021 жылғы Президент Жолдауында да айтылған. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» немесе «Еститін мемлекет» атты тұтас бір тұжырымдама қабылданды. Содан соң осы бағытта біраз жұмыс жоспарланып, біразы орындалғандай болды. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі, оның орнына шақырылған Ұлттық Құрылтайдың да негізгі мақсаты халық пен биліктің арасын жақындату болды.
Мұның барлығы елімізде халық пен биліктің арасында жер мен көктей алшақтық әлі қысқара қоймағанын растайды. Бұл жолы да осы тақырыпқа қайта оралып отырмыз.
Ести ме, естігендей бола ма?
Мемлекеттік құрылымдардың қызметі халықтың игілігіне, азаматтардың сұранысы мен талап-тілегіне бағытталуға тиіс. Бұл бұлжымас қағида Ата Заңның 3-бап, 1-тармағында шегенделген. Демократия бар мемлекет үшін мемлекеттік органдар мен басқарушы институттың ашықтығы, халыққа мейілінше жақын болуы – ең басты шарт.
Дегенмен, олар «халықтың үнін ести бермейді».
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» немесе «Естуші мемлекет» тұжырымдамасын Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында айтқан.
– Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары саналады, – деп айтылған Жолдауда.
Сол кезде бұл тұжырымдама билік пен қоғамның арасындағы алшақтық, мемлекеттік органдар мен қарапайым азаматтардың арасындағы қарым-қатынас бір жүйеге келіп, еліміздің әрбір азаматының үнін еститін мемлекеттік аппарат қалыптасатынына сенім білдіретіндерін айтқандар да көп болды.
Тұжырымдама мемлекеттік органдардың халықты естіп қана қоймай, тыңдап, түсініп, яғни мәселелерді шешу үшін жүйелі жұмыс істеп, болашақта сол олқылықтардың алдын алу үшін шаралар қолдануға түрткі болуы керек еді.
Сол кезде бұл тапсырманы орындау мемлекеттік органдар үшін аса бір қиындық тудырмайды деген сенім болған. Себебі әлеуметтік желі мен интернет барынша ашық болуға бар мүмкіндікті беріп отыр.
– Біз цифрлармен, фактілермен, іс-әрекеттермен сендіре отырып, азаматтардың сынына және сындарлы ұсыныстарына жедел ден қоя отырып, олардың сенімін қалпына келтіруіміз керек, – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осыдан кейін мемлекеттік органдар, органдардың өкілдері, басшылары әлеуметтік желілерде өз парақшаларын ашып, тіркеліп, мемлекеттік қызметшілерінің қатысуымен тікелей эфирлер сериясын өткізу сияқты түрлі науқандар басталып кетті. Дегенмен, халықтың сенімі бір мысқал өзгерген жоқ. Қайта одан әрі белгісіздік пен сенімсіздік көбейді десек болады.
Кейбір мемлекеттік мекемелерден жауап алу әлі мұң, басқасын былай қойғанда, қызмет бабымен сауал жолдаған тілшілердің сұрағы әбден «сарғайып» кеткен соң жауап келіп жатады. Оның бірден бір себебі – жоғары жаққа жалтақтау мен қағазбастылық. Мұны өздері де жасырмайды.
– Бізге мемлекеттік қызметтің барынша үйлесімді үлгісіне көшу қажет. Орталыққа жалтақтамай, жергілікті жерде мәселені шешуге дағдылану керек. Мемлекеттік органдардағы жұмысты ұйымдастыру мәдениетін де толық жаңғыртқан жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Парламентте сөйлеген сөзінде. Содан соң былтыр басталған бюрократияны жоюға бағытталған жұмыстар нәтиже бермегенін де айтып өтті.
– Ең маңызды мәселелер бойынша сапалы заңдарды тез қабылдау үшін қажетті жағдайлар жасалған. Алайда, мойындау керек, нақты бюрократиядан арылған жоқпыз. Министрлер шешім қабылдаудан қорқады, жауапкершілікті әріптестеріне немесе қарамағындағыларға жүктейді, – деді ол.
Сонымен қатар сапалы мемлекеттік қызмет көрсету үшін деректер қорын өзара кіріктіру және «ақылды технологияны» пайдалану өте маңызды екеніне тоқталды.
Дегенмен, әуелде айтып өткен әлеуметтік желілердегі ресми парақша ашудың аяғы әдеттегідей көзбояушылыққа айналып кетті емес пе? Қазір әлеуметтік желідегі мекемелердің парақшаларындағы жазбаларға, басшылардың жариялаған есептеріне оң баға беріп отыратын қалың бот-армиялар жасақталып үлгерді...
Көзбояушылық көркейтсе, қане?
Бот-армия дегеніміз олардың көптігін меңзегеніміз болмаса, күнделікті өмірде, ауызекі сөйлеу тілінде оларды бот-фермалар деп атайды.
Негізінен, бот дегеніміз – екілік кодпен жазылған компьютерлік бағдарламалар. Олар да қазір мемлекеттік қызметтің жұмысын жеңілдетуге пайдаланылып жүр. Мысалы, жіберген сәлемдемеңнің қайда екенін көрсетіп тұратын «Қазпоштаның» арнайы боты, Қаржы мониторингі агенттігінің қаржы пирамидалары туралы ақпарат беретін чат-боты және тағы да басқа. Аталған боттардың сөзсіз, көмегі тиіп жатыр, дегенмен, біздің айтпағымыз басқа боттар туралы.
Боттар – жалған аккаунттар, яғни әлеуметтік желіде ғана бар, өмірде жоқ, ойдан шығарылған кейіпкерлер. Яғни, жалған аккаунттар. Олар кәдімгі интернет қолданушылары сияқты әрекет етеді, пікірлер жазады және контентті бөлісе алады. Белгілі бір қызметкерді, мекемені, басшыны мақтап не қаралап пікір жазады, бір мәселеге қатысты белгілі бір пікірді сыналап енгізуге, елдің ойын бөлуге, алдарқатуға, назарды басқа нәрсеге бұруға тырысу үшін жұмыс істейді. Яғни, бұл да бір ақпараттық соғыстың қаруы. Кәсіби мамандардың қолындағы жалған аккаунттар басқарудың, әсер етудің қуатты құралы бола алады. Сондықтан, бір қарағанда боттарды кәдімгі пікірін білдіріп отырған адамнан ажырата алмай қалуыңыз да мүмкін. Дегенмен, олардың өз-өздерін ұстап беретін белгілері көп.
Ең қызығы, боттарға мекемеден, яғни мемлекет бюджетінен ақша төленеді, кейде қызметі миллиондарға бағалануы мүмкін. Тіпті, жайлы кеңсе де беріледі. Кейіннен олардың қатарына әлеуметтік желіде аудиториясы кең, «достары көп», белсенді блогерлер мен журналистер қосылды. Олардың ықпалы боттарға қарағанда қаншама есе күшті екенін өзіңіз бағамдай беріңіз...
Бұл көштен біз де қалмадық. Қазір жалған аккаунт арқылы мемлекеттік мекеменің жұмысына жағымды немесе жағымсыз пікір жазатындар өте көп. Дегенмен, алғашқыдағыдай емес, оларды халық бірден танитын болған.
Яғни мемлекеттік органдар интернеттің игілігін осылай да пайдаланып жатады. Боттарды кеңінен қолдану Мексикада, Сирияда, Түркияда, Украинада және басқа да көптеген елде саяси науқандар кезінде қатты сыналған. Көршілес Ресейде де боттардың қызметі «қызып тұр». Қытайда, Америкада да бот-фермалар жұмыс істейді. Осы себепті, боттар фабрикасы, саяси бот ұғымдарына ғылыми-зерттеу жасауға алғашқы талпыныстар бар, ғылыми-зерттеу жұмыстары да жазылып үлгеріпті.
Ақпараттың ашықтығымен іс бітпейді
Қолжетімді ақпарат – билік пен азаматтар арасындағы қарым-қатынастағы ақпарат алмасудың оңай әрі қолжетімді болуы. Бізде ақпараттың қолжетімділігіне қатысты мәселе көп туындай қоймайды. Президент айтқан статистика, нақты деректердің көбін де таба аласыз. Статистика комитетінің ресми сайтында да негізгі мәліметтердің бәрі бар деуге болады. Мемлекеттік сатып алу порталында де кез келген ақпаратты ала аласыз, әрине, мәлімет түгел көрсетілген болса. Қазір осы порталдағы мәліметтерге рейд жасайтын тәуелсіз, ерікті мамандар да жұмыс істейді.
Оған қоса e-Gov электронды үкімет порталы әлем бойынша ең үздік электронды үкімет порталдарының бірі ретінде мойындалған. Мәселен, былтыр қыркүйекте еліміз Біріккен Ұлттар ұйымының (БҰҰ) электрондық үкіметті дамытудың жаһандық индексінде (EGDI) 28-ші орынға көтерілді. БҰҰ сарапшылары ресми рейтинг жасау үшін БҰҰ-ға мүше барлық 193 мемлекеттің цифрлық қызметтерінің, адами капиталының және телекоммуникациялық инфрақұрылымының дамуын бағалайды. Зерттеу 2001 жылдан бері жүргізіп келеді. Рейтинг – БҰҰ-ға мүше барлық мемлекеттердің электрондық үкіметінің даму деңгейіне баға беретін әлемдегі жалғыз есеп. Әдістеме үш негізгі аспектке негізделген: Бұл онлайн қызметтердің қолжетімділік деңгейі, телекоммуникациялық инфрақұрылымның даму дәрежесі және кадрлардың ақпараттық-коммуникациялық технологияларды ілгерілету және пайдалану қабілеті.
Рейтинг бойынша теңізге тікелей шыға алмайтын елдердің ішінен еліміз бірінші орында тұр. Азия елдері арасында Оңтүстік Корея, Сингапур, Жапония, Кипр және Біріккен Араб Әмірліктерінен кейін алтыншы орында. Рейтингтің үш көрсеткішінің біріншісі – онлайн-қызметтерге қолжетімділік деңгейі бойынша еліміздің әлеуеті ең жоғары деп бағаланып отыр.
2006 жылы іске қосылған кезде электрондық үкімет порталы ақпараттық ресурс болды. Содан соң үлкен даму жолын өткеріп, цифрлық құжаттарды алудан бастап, бизнес-қоғамдастық өкілдері үшін көптеген мәселені шешуге көмектесуге дейінгі көптеген мемлекеттік қызметті ұсынатындай дәрежеге жетті.
Осыдан он жылдай бұрын, 2012 жылдары e-Gov порталында мемлекеттік қызметтердің 77 түрі қолжетімді болған. Бұл – қазір бар қызметтердің 11 пайызы. Яғни, бүгін 700-ден астам мемлекеттік қызметті онлайн форматта, оның ішінде ұялы телефонның көмегімен алуға болады.
Былтырғы қыркүйекте Цифрлық даму және аэроғарыш министрі Бағдат Мусин бұдан да үлкен межені көздегенін, жақын арада рейтинг бойынша БҰҰ-ның үздік 20 елінің қатарына кіру үшін отандық ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың сапасын арттыруды жоспарлап отырғанын айтты.
Дегенмен, халықтың бұл игілікке мейілінше қолы жетуі үшін шалғай ауылдар мен елді мекендердегі интернет сапасы, цифрлық сауаттылықты арттыру мәселелері бойынша жұмыстар атқарылуы керек екені анық.
Иә, мемлекеттік қызметті алу оңайлады. Ресми сайттарда статистика көп. Бізде Ақпаратқа қол жеткізу туралы заң да бар. «Ашық НҚА» порталында азаматтар заң жобаларын талқылауға да мүмкіндік алды. Мемлекеттік ұйымдар мен азаматтардың қарым-қатынасын нығайтуға негізделген «Ашық диалог» порталы да бар.
Бір қарағанда, бәрі жақсы. Азаматтар ұсынысын айтып жатыр, мемлекет оған мүмкіндік беріп отыр, бар дерек көз алдымызда. Қоғам белсенділері, сарапшылар да сол статистикалардан, сала құлаш есептерден олқылық тауып, мәселе көтеріп жатады. Бірақ сол сауалдар мен сұрақтарға жауап ретінде қайтадан сол сала құлаш есептер келеді. Мазмұны – жаңылтпаш, тілі – түсініксіз.
Дегенмен, халық пен биліктің арасы әлі сол баяғы жартас күйінде қалып отыр.
Осы орайда, Үкіметтің ашықтығы сан-цифрды сайтқа сала салумен ғана бітетін іс емес екенін ескеру керек сияқты. Халық айтады, Үкімет естиді, бірақ түсіне ме? Түсінсе де халықтың пікірін қаншалықты ескереді? Мәселен, неліктен ауылдың небір түйткілді мәселелері зәулім ғимараттардағы төрт қабырғаның ішінде, құрғақ статистикаға сүйеніп шешіле салуы керек?
– Сайлау алдындағы бағдарламалар және уәделер ретімен орындалуы керек. Сонда азаматтардың билікке және шынайы өзгеріске деген сенімі артады. Реформаларды әзірлеу және жүзеге асыру ісінде мемлекеттік қызметшілер маңызды рөл атқарады. Сол себепті жұмысқа ынтасы бар және жоғары білікті мамандарды мемлекеттік қызметке тарту керек. Жеке секторда жүрген кәсіби және дарынды басқарушылар үшін жол ашық болуға тиіс. Бізге мемлекеттік қызметтің барынша үйлесімді үлгісіне көшу қажет, – деген Президент сөзі осыны меңзесе керек.
Яғни, басқарушы мекемелер мен олардың өкілдеріне өздерінің жасап алған шеңберінен шығып, шынайы ахуалды көріп, сезініп, түйсініп, халықпен кеңесу керек. Қалғаны – ойдағыдай.
– Сондықтан популизмге, жеке бастың мүддесін көздеуге жол бермеу керек. Парламент пен мәслихаттар әрдайым бірлесе жұмыс істеуі қажет. Сонда мемлекет саясаты барынша үйлесімді болады. Жергілікті биліктің шамасы келмейтін ауқымды мәселелерге орталық дер кезінде көңіл бөледі, – деді Президент сөйлеген сөзінде.
Яғни, бұл сын жоғарыдағы лауазымды тұлғалардан бастап қатардағы мемлекеттік қызметкерлердің барлығының құлағына тағылған алтын сырға деп түсінсек те болады.
Қорыта айтқанда, бізде әдеттегідей құжат жүзінде барлығы мінсіз. Қағаз бетінде көркейген қалалар, қағаз жүзінде орындалған уәделер. Енді сол әдет интернеттің дамуымен, заманның ағымымен цифрлық форматқа көшіп үлгерді. Демек, Үкіметтің халыққа ашық болуы түсініксіз баяндамалар мен есептерді, қаптаған сандарды күн құрғатпай жариялап отырумен шектелмейді. Талап-арыздарға жүрдім бардым, салғырт жауап беру, боттарды жалдап, көзбояушылықпен айналысу да «халықтың үніне құлақ асу» емес.
Бізге формалды емес, шынайы жұмыс, роботтар емес, халықтың жағдайына алаңдайтын мемлекеттік қызметкерлер керек.