Жаңалықтар

Педагогтердің жалақысына тағы үстемақы қосылады

ашық дереккөзі

Педагогтердің жалақысына тағы үстемақы қосылады

2023 жылдан бастап кемінде 5 жыл жұмыс өтілі бар өндірістен тартылған педагогтерге аттестаттаудан өтпей «педагог – модератор» біліктілік санаты беріледі деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. Сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігі оларға жалақысының 30% мөлшерінде қосымша ақы төленетінін де мәлімдеді. Еңбек өтілі 10 жылдан асатын педагогтерге жалақыға 35% үстемақы төленіп, сарапшы санаты беріледі. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім департаментінде айтылды. «Барлық қажетті кәсіби технологияларды меңгерген білікті маман даярлауда негізгі орын оқу шеберлері мен колледждің арнайы пән педагогтеріне тиесілі. Өйткені олар студенттерге білім беріп қана қоймай, дағды қалыптастыру үшін өзінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, өндірістегі білгенін үйретеді. Сондықтан өндірістен тартылған педагогтер үшін осы шаралар қарастырылған. Колледждерде алғаш рет педагогикалық қызметке кіріскен және кемінде 2 жыл өндірістік өтілі бар мамандар тестілеуден өтпей-ақ, «педагог» біліктілік санатын ала алады. Сонымен қатар өндірістік оқыту шеберлері мен арнайы пән оқытушылары аттестаттаудан өту кезінде тестілеуден босатылады, тек қызмет нәтижелерінің жалпы кешенді тексеруінен өтеді. Бұл өзгерістер колледж педагогтерін ынталандыратын болады және кадр даярлау сапасын арттырады», – дейді департамент директоры Ернат Жүнісов. Сондай-ақ зейнеткерлік жасына 4 жыл қалған педагогтер, 30 және одан да көп жыл педагогикалық өтілі бар педагогтер бұрын берілген біліктілік санатын растаған кезде тестілеуден босатылатын болады.