Жаңалықтар

AMANAT-та «Капитан Qazaqstan» комиксінің тұсауы кесілді

ашық дереккөзі

AMANAT-та «Капитан Qazaqstan» комиксінің тұсауы кесілді

«AMANAT» партиясы Қоғамдық саясат институтының «SocioExpert Club» алаңында «Жаңа саяси мәдениет және креативті индустрия» тақырыбы аясында «Капитан Qazaqstan» комиксінің тұсауы кесілді. Жиынға Мәжіліс депутаттары, министрліктердің өкілдері, зиялы қауым, саясаттанушылар, сарапшылар, блогерлер, жастар ұйымдарының көшбасшылары қатысты. «Бүгін біз отандық креативті индустрияның дамуына қатысты тарихи сәтке куә болып отырмыз. Осы мәселені Парламент Мәжілісі қабырғасында да көтерген едім. Аталған саланы әлі де өрге сүйреу қажет. Себебі, әрбір комикстің тәрбиелік мәні, жас ұрпаққа берер өзіндік пайдасы бар. Комикс қаһармандары – әдетте патриотизмнің, адамгершіліктің, ізгіліктің жаршысы. Олар сын сағатта Отан үшін, елі мен жері үшін жан қиюға әзір тұрады. Сондықтан, тек комиксті ғана емес, жалпы креативті индустрияны дамытуға барынша мән беру қажет», – деді халық қалаулысы. Ал «Kitap.kz» жобасының авторы, медиасарапшы Мақпал Жұмабайдың айтуынша, ел жастарының шығармашылық, зияткерлік әлеуеті өте жоғары. Тіпті, шетелдік жобаларға қатысып жүрген қазақстандық жастар да бар. «Бүгін тұсауы кесіліп отырған комикстің нобайын оқушы кезімде жасай бастадым. «Marvel»-дің, «DC»-дің киносын, мультфильмдерін көріп өстім. Заманауи Қазақстанның қаһарманы, саясаткері қандай болуы керек деп көп ойландым. Оның жемісі – осы «Капитан Qazaqstan». Ол отбасылық құндылықтарға басымдық беріп, отансүйгіштікті, әділеттілікті ту етеді. Біз жас отандастарымызды дұрыс бағытта тәрбиелеуіміз керек», – деді Ерлан Ахмеди. Айта кетейік, комикстің бас кейіпкері Дінмұхаммед Қасымхан күндіз әділеттілікті ту ететін саясаткер, түнде әділетсіздікпен күресетін суперқаһарман – «Капитан Qazaqstan». Комиксті Астана қаласындағы «Алаш» және «Абай» дүкендерінен сатып алуға болады.