ЖаңалықтарЖаһан

Нидерландта ЭКСПО-2017-ге арналған сайт ашылды

Нидерландта «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысатын голландықтарға арналған ресми сайт ашылды. Интернет-құрал Нидерландтың сауда және инвестициялар ұлттық агенттігінің электронды порталы негізінде құрылды. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлады.

Сайтта алғашқы рет Нидерландтың баламалы энергетика саласында жетекші технологиялар мен инновациядағы жетістіктерін бейнелейтін «ЭКСПО-2017» логотипі және «Low Land, High Energy» ұраны жария етілді. Интернет қолданушыларға «ЭКСПО-2017» көрмесіндегі Нидерландтың ұлттық павильоны туралы ақпарат, көрмеге қатысушылар мен қонақтарға электрондық түрде тапсырыс беру мүмкіндігі қарастырылған іс-шаралар бағдарламасы және Қазақстандағы пайдалы сілтемелер ұсынылған.

«Қазақстанда бизнес жүргізу» бөлімінде Астанада өтетін көрме голланд бизнес-өкілдеріне, баламалы энергетика, ауыл шаруашылығы, жасыл технолгиялар мен инновация салаларында іскерлік байланыстарды кеңінен орнатуға мүмкіндік беретіні айрықша белгіленген. Оған қоса, сайтта 2017 ж. маусым-қыркүйек аралығында өтетін сауда миссиялары туралы ақпаратты орналастыру жоспарланған.

Ерекше назар «болашақ жаңашылдар буыны» ретінде студенттермен жұмысқа аударылмақ. Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесінде Нидерланд делегациясы голланд және қазақстандық студенттер арасындағы біліммен алмасуға бағытталған «Innovation Challenge» акциясын ұйымдастыруды жоспарлауда.

Ресми сайттың ашылуы қарсаңында Қазақстанның Нидерландтағы Елшісі Мағжан Ілиясов Нидерландтың ЭКСПО-дағы ұлттық комиссары Ханс Дриссермен кездесті. Келіссөздер аясында тараптар Нидерландтың Астанадағы халықаралық көрмеге дайындық барысы сұрақтары, сондай-ақ 2017 жылдың 22-23 ақпанында Астанада өтетін ЭКСПО көрмесінің халықаралық комиссарлары жиналысына жоспарланған голланд делегациясының сапары мәселелері талқыланды.  «ЭКСПО-2017» арналған арнайы сайттың Нидерландыда ашылуы  Астанада өтетін көрмеге қатысушылар мен қонақтарды кеңінен тартуға жол ашары анық.

 

Back to top button