Құтқарушыларға барынша жағдай жасауға міндеттіміз – Бибігүл Жексенбай
Құтқарушыларға барынша жағдай жасауға міндеттіміз – Бибігүл Жексенбай
Қазақ «апат айтып келмейді» дегенді тегін айтпаған. Күзде еліміздің бірнеше аймағы алапат өрттен зардап шексе, қар еріп, күн жылына бастағалы біраз аймақ топан судың астында қалды. Бауырлас Түрік еліндегі жер сілкінісі де «сақтанғанды сақтаймын» дегенді еске салып отыр. Сондай сын сағатта тұрғындарға алдымен құтқарушылар көмекке ұмтылады. Бұл туралы Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай facebook-парақшасында жазды деп хабарлады turkystan.kz.
Ал осы құтқарушылардың жағдайын қаншалықты біз назарға алып отырмыз? Төтенше жағдайда көмектің жоғары деңгейде болуы үшін не жасалып жатыр?
Бүгін Халықаралық қатынастар, қауіпсіздік және қорғаныс комитетіндегі бір топ әріптесімізбен: Геннадий Шиповских, Ғалиасқар Сарыбаев, Сергей Ершов, Алишер Сатвалдиевпен Көкшетау қаласындағы ТЖМ Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының жұмысымен танысып қайттық.
Бұл білім ордасы – Қазақстандағы, тіпті Орталық Азиядағы кәсіби құтқарушылар даярлайтын бірден-бір оқу орны.
Жиырма бес жылдық тарихында 6 мыңнан аса кәсіби құтқарушы даярланған Академияның жұмысымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та танысып, азаматтық қорғау жүйесінің үнемі жаңғыртуды қажет ететінін, бүгінде озық әлемдік тәжірибені үлгі ету, заманауи технологияларды енгізу өте маңызды шаруа болып отырғанын айтып, құтқарушыларды сапалы даярлауға ерекше назар аудару қажеттігін ескерткен болатын, – деді ол.