Сәдия Сүрер: Кёльндегі 1 000 қазақтың келбетін сақтау – парызымыз

Сәдия Сүрер: Кёльндегі 1 000 қазақтың келбетін сақтау – парызымыз

Сәдия Сүрер: Кёльндегі 1 000 қазақтың келбетін сақтау – парызымыз
ашық дереккөзі
26-28 мамыр аралығында Германиядағы қазақ көп шоғырланған Кёльн қаласында Еуропа қазақтарының дәстүрлі құрылтайы өтеді. Онда Еуро­паның бірнеше елінде тұратын 25-ке жуық диаспора өкілдері жиналып, белсенді жас­тардың басын қосатын конференция өткізілмек. Кёльн қазақ мәдени орталығының төрайы­мы Сәдия Сүрер құрылтайға қызу дайындықты бастап кеткенін айтады. Шалғайда өткі­зілетін мұндай құрылтайдың Қазақстанға пайдасы зор екенін алға тартқан Сәдия Сүрер­ге хабарласып, әңгімелескен едік. – Еуропада тұратын қандастардан Германия қазақтары туралы сұрасақ, бір­ден сіздің есіміңізді атап, сізге ха­бар­ласуымызды сұрайды. Ал сізді жақсы та­нитындар Кёльн қазақ мәдени ор­талығының жұмысын жандандырып, салт-дәстүрімізді насихаттап жүрген аза­мат әйел деп мақтауыңызды асы­ра­ды. Қоғамдық жұмыспен айналысуға не түрткі болды? – Мен – Ыстамбұл қаласының тума­сы­мын. 1981 жылы тұрмысқа шығып, Германияға қо­ныс аудардым. Сол жылдары Түркиядан Гер­манияға күнкөріс қамы үшін көшіп кел­ген аға-апаларымыз жастар тілін, дінін, дәс­түрін ұмытпасын, әрқайсысымыз жеке-же­ке жүргенше бір қоғам астында бірігейік деп Кёльн қазақ мәдени орталығын құрған. Ол уақытта күш-қуаты тасып жүрген әп­ке­лері­міз түрлі іс-шара өткізіп, біраз шаруа ат­қарды. Олар сол кезде бәрін өз қолдарымен жа­саған, тіпті қазақы киімді өздері тіккен. Осы­лайша, белсенді жұмыс істеген олар он-он бес жылдың ішінде Германияны ме­кен­де­ген қазақтардың кім екенін, қайдан тарай­ты­нын естен шығармауға барын салды. Мен Кё­льн­нен екі жүз шақырым жерде орна­лас­қан Гейдельбург қалашығында тұрамын. Бір­ақ әлгі мәдени орталық ашылғалы бері сон­да мүшелікке өтіп, шама-шарқым жет­кенше қолдау білдіріп жүрдім. Кейін әпке­лері­міз бала-шағаның қамымен жүріп, қолы ти­мей, орталықтың жұмысы тұралап қалды. Оған қоса, олар жылдан-жылға жасар­май­тыны анық. Үй мен жұмыстың арасында жүріп шаршайтыны тағы бар. Бірақ сол жыл­дары Еуропаның бірнеше елінде ашыл­ған қауымдастықтардың жұмысы бәсеңдеп қал­ды. Содан соң бұлай тұрып қалғанымыз бол­мас, мәдениетімізді қолдан келгенше на­сихаттайық деп 2018 жылдың соңында же­ті қазақ әйел Кёльн қазақ мәдени орта­лы­ғына төрайым болып сайландық.  width=– «Кёльн – Германияда қазақ көп шо­ғырланған аймақ» дегенді жиі ести­міз. Онда қанша қазақ тұрады? – Кёльннің өзінде алты жүзге жуық қа­зақ отбасы тұрады. Бірақ оның маңайындағы қалашықтарды мекендегендерді есептесек, са­нымыз мыңға жетіп жығылады. Одан б­ө­лек, Мюнхенде 20-30 қазақ отбасы, ел аста­насы Берлинде 15-20 қазақ отбасы тұрады. Басым бөлігі – Түркиядан көшіп келген қазақтар. Қатықтай ұйып отырған бір қауым елміз. Бірлігімізді арттырып, мәдениетімізді жаңғырта түсу үшін қыруар шаруа атқарып жүрміз. Жетеуіміз тағайындалған бетте ұмы­тылып кеткен салт-дәстүрлерімізді жаң­ғыр­туды қолға алдық. Немістерде бірінші сы­нып­қа барған балаларға сыйлық беріп, олар­ды сол күні ерекше қуанту дәстүрі бар. Мұн­да тұрған соң біз де ол дәстүрден аттап кет­пей, балаларымызға сыйлық жасай­тын­быз. Бір күні мұның түбіне үңілсем, бұл дәс­түрдің бізден тарағанын түсіндім. Біз де мек­тепке алғаш барған кезде әжелеріміз тіла­шар жасап, қалтамызды сыйлыққа тол­тыратын. Қала берді, білімге ден қойған аға­ларымыз секілді білімдар болсын деп, ауы­з­ымызға түкіртіп, бата оқытатын. Біз де осы­ны қолға алып, мектеп табалдырығын атта­ған балаларға сыйлық беріп, тілашар жа­сап, кішігірім тойлау дәстүрін қалып­тас­тырдық. Ғылым қуған, лауазымды орындарда отыр­ған азаматтарымызды шақырып, олар­дың жолын берсін деп ырымдап, тілеулес бо­ла­мыз. Жиналғандарға бұл дәстүрдің ма­ғынасын түсіндіріп, алдағы уақытта бұл істі жастар жалғастырып әкететініне сенім біл­дір­еміз. Сондай-ақ университет бітірген жас­­тарды да ұмыт қалдырмаймыз. Оларға да сыйлық тарту етіп, шашу шашып, шағын ортада тойлаймыз. Сондағы мақсат – шашу дәстүрін ұмыттырмау. Негізі біз үйде де дәс­түрге сәйкес біраз дүниелер жасаймыз. Бірақ жас­тар өздеріне арнайы жасалған соң таң­ға­лып «Неге маған ғана арналған? Неге бұлай жа­садыңыздар?» деп сұрайды. Біз оларға мұ­ның үлкендерден қалған дәстүр екенін ай­тып түсіндіреміз. Балалар мен жастардан бө­лек, үлкендерімізге де ерекше көңіл бөле­міз. Талай жыл табан тоздырып, жұмыс тал­ғамай еңбек етіп, зейнетке шыққан үл­кен­дерімізді шақырып, оларға да сыйлық бе­ріп, риза қыламыз. Ол кісілер «Біз­ді ойламаңдар. Біздің заманымыз өтті. Жас­тарға беріңдер. Жастарға көңіл бөлің­дер» деп ізет білдіруге мұрсат бермейді ғой. Жетеуіміз олардың көңілін тауып, арнайы дастарқан жайып, ыстық лебіздерімізді айтып, сыйлықтарымызды табыстаған кезде «Біз өзімізді ойламай жүре беріппіз ғой. Бізді елеп-ескергендеріңе ризамыз» деп ағынан жа­рылады. Отбасылы, орта жастағы әйел­дер­дің де басын қосуға тырысамыз. Олар «Би­легіміз келеді. Бір жиналып, көңіл кө­тер­гіміз келеді» деп хабарласқанда әп-сәтте-ақ бәрін ұйымдастырамыз. Тағы бір маңыздысы, жесір, жалғызбасты әйелдердің де назардан тыс қалдырмаймыз. «Сіздер жалғыз емес­сіз­дер. Сіздерді қолдайтын біз бармыз. Кез кел­ген уақытта жүгіне алатын мынадай ор­та­лықтарыңыз бар» деп желпіндіріп, олар­дың көңілін аулаймыз. Қазақстан, Түркия ел­шілігі, консулдығы ұйымдастыратын жи­налыстардан қалмаймыз. Ондай жерлерге беш­пент, қамзол киіп баруды дәстүрге ай­нал­­дырдық. Сырт көзге шоу секілді көрінуі мүм­кін, бірақ оның астарында ұлттық киі­мімізді таныстыру идеясы жатқанын сіз бен біз ғана білеміз. Ресми кездесулерде таныс­қан немістер үстіміздегі киім үлгісіне таң­ға­лып, сұрап жатады. Біз оларға қазақтың ұлт­тық киімі екенін айтып, сайрай жөне­ле­міз (күліп). Сол екі-үш минуттың ішінде бай­ланыс орнатып, өзімізді таныстырып үлгереміз. Түрлі жиынға жиі баратындықтан, бір кигенімізді қайталамайық, бір-бірі­міз­дікін ауыстырып киейік деп қазір бешпент іздей­тін болдық (күліп). Немістердің мере­келері кезінде өткізілген іс-шараларды пай­даланып, көпшілік танысын деп, төл мә­де­ние­тімізді сөз қыламыз. Аллаға шүкір, осы­лай әрекет етуіміздің нәтижесінде бүгінде көпшілік бізді таниды.  width=– Еуропадағы қазақ ұйымдарының тізгінін ұстаған бір-екі жасты ғана танимын. Көбісінің мұндай жауапты істі қолға алуға жүрегі дауаламайтын секілді. – Иә, көпшілігі істегісі келмейді. Жауап­кер­шілікті жүк етіп алғысы жоқ. Енді бірі же­ке өміріме кедергі бола ма деп уайымдаса ке­рек. Ал жас отбасылар үйден асып шыға ал­майды. Бірақ жүрегінде сезімі бар адам қан­ша жерден ауыр жұмыс істеп, күйбең тір­шілікпен қолы тимей жүрсе де, бұл істі кейін­ге ысырып қоя алмайды. Мәдени орта­лықта жұмыс істейтін адам бір тиын ақша ал­майды, керісінше өз қалтасынан жұм­сай­ды. Бірақ тегін жұмыс болса да, орталық үшін жа­нымызды беруге әзірміз. Тағы да қайталап айта­мын, сезімі күшті емес кісілер жарты, бір жылдан соң орталықтың жұмысынан ба­сын алып қашады. Ал бұған бейжай қарай ал­майтын, рухы мықты жетеуіміз келгенде «Бұ­лар не істей алады екен?» деп сенімсіздік та­нытқандар да болды. Бір қызығы, Гер­ма­ния­да әйелдер жетекшілік ететін қауым­дас­тық жоқ екен. Біз бірінші екенбіз. Қа­зақ­стан­да, Германияда әйелдерге еркіндік берілген. Олар тіпті Парламент төрінде отырып, де­пу­тат бола алады. Ал Түркияда ежелгі дәстүр бойынша әйел бір саты төмен тұруы қажет. Мұны жақсы білетін көпшілік алғашында бізге сын көзбен қарады. Тәубе, жетеуіміз екін­ші рет төрайым қызметіне сайландық. Зей­­нетке шықсақ та, орталықтың жұмы­сы­мен жүгіріп жүрміз. Дегенмен біз қашанға дейін жүгіреміз дейсің? Немере, шөбере сүйе­тін жасқа жеттік. Сондықтан жастарға «Біз­ден кейін жетекші болуға дайын жүрің­дер» деп тапсырма бердік. Алдағы жылдары жас­тар бастаған ісімізді алып кетеді деп ой­лаймын. Жалпы, мен табиғатымнан бір орында тұрмайтын адаммын. «Мынаны істей салайыншы. Анау істі бітіре салайыншы» деп жүретін қазақпын. Сосын менің жүрегімде көп сезім бар. Қанша жерден шаршап-шал­ды­ғып тұрсам да, ұлтқа, атажұртқа, ата дәс­түрге деген сезім мені жібермейді. Алғаш осын­да көшіп келгенде күн көру үшін қара жұ­мыс істедік. Кейін балаларымызды оқы­тайық, болашағын жарқын етейік деп заң­дарды үйрене бастадық. Заңдарды ашып қарап, зер салып оқығанда бізге көп мүмкін­дік берілгенін түсіндік. «Ееее, біз мынаны іс­тей алады екенбіз ғой. Бізге мынаған рұқ­сат берілген екен ғой» деп көзіміз шайдай ашыл­ды. Сөйтіп, жолай кезіккен тосқауыл­дарды еңсеріп, балаларымызды жетектеп, желеп-жебеп жүрдік. Сосын мен осында ашыл­­ған түрік және неміс қоғамдарынан үй­рен­генім көп. Тіпті, ұлдарымды спорт сек­­­ция­ларына апарғанда онда болып жатқан ивент­терге қарап «Бұл осылай істелінеді екен ғой» деп жадыма жаттап алатынмын. Содан кейін болар, қазір маған мұндай шаруаны ат­қару тіптен оңай. Жалпы, мен Германияға кө­шіп келгенде жиырма жаста болғанмын. Қа­зір алпыс үштемін. Қырық жыл бойы мін­сіз өмір сүрдім дей алмаймын, себебі жеке өмірім біраз қажытып жіберді. Бірақ сонда да берілмей, төрт баланың ризығын тауып, қа­тарынан қалдырмауға тырыстым. Амал­сыз­дан 15 сағат бойы жұмыс істеген кезім болды. Мұн­дайда қоғамдық жұмыстарға араласуға мұршаң бола бермейтіні анық. Бір­ақ сонда да айналадағы бір қауым қазақ­тың есіне салу үшін бірдеңе істегің келіп тұра­ды. Сөйтіп, жас­тар үйренсін деген мақ­сат­пен қазақтың ұлт­тық тағамдарын пісіріп, мә­зірі мен суре­тін интернетке жүктеуді қол­ға алдым. Бірден айтайын, мен аспаз емес­пін. Бірақ еуропаның асханасына үйрен­ген жастарға өзім білетін ұлт­тық тағам­дары­мызды таныстыруды па­рыз санадым. Кейін жа­стар тағам туралы жүк­теген пост­тарым­ның астына «Апай, мы­на­ған не қоссам бо­лады? Анаған не қосу ке­рек?» деп пікір жаза бас­тады. Жекесіне шы­ғып, бәрін түсіндіріп беремін.  width=– Біздегі көпшілік Еуропадағы қазақ жас­тары қазақылықтан алыс, тым еуро­па­ланып кеткенін алға тартады. – Германиядағы жастардың 95 пайызы Қа­­зақстанға барып көрмеген. Ұлы көш тура­лы естіген боларсыз. Ата-бабаларымыз жет­піс жыл бұрын бірнеше елдің аумағын жүріп өтіп, Түркияға үдере көшкен. Үлкендеріміз ол жаққа барып орнығып, түрік тілін үйрен­се де, қазақша сөйлейтін. Біздің үйде бәрі қазақ­ша сөйлейтін. Үлкен кісі келсе түре­геліп, төр ұсынып, ізет көрсетуден жа­лық­пай­тынбыз. Ата-әжелеріміз дәстүрдің не еке­нін санамызға сіңіртіп кетті. Қазір олар­дың жүріп өткен жолы мен бізге көрсеткен үлгісін еске алып, «Қандай мықты кісілер бол­­ған десеңші!» деп таңғаламын. Жас кезі­міз­де көп нәрсені байыбына барып түсін­бей­міз ғой. Ата-әжелерден «Қазақ жерінен неге көш­тіңдер сонда?» деп сұрасам, олар зар еңі­реп жылайтын. Сонда да оларды түсін­бей­тінмін. Түркияда туған соң, өзімізді тү­рік­­­ке теңедік. Түрік құсап жүрдік, түрік құ­сап өстік. Мектепте тек түрікше сөйлеп, түрік­­тердің мерекелерін тойлап, дәстүрін жат­қа білдік. Бірақ үйге келгенде басқа әлем­ге кіргендей болатынбыз. Сосын «Германия. За­манауи мемлекет. Өмір сапасы жақсы» деп жүріп, қазақ тіліне, қазақ мәдениетіне онша мән бермедік. Десе де, мен тілімді сақтап қал­­дым. Бауырларымның арасында қазақ­ша­­ны ұмытып қалғандары бар. Бірақ менің бойым­да тілді ұмыттырмайтын тылсым бір күш болды. Бұған кішкене кезімнен үлкен­дер­мен көш кезіндегі қиындықтар мен қы­зық­тар туралы сұрап, олармен сағаттап әң­гі­­мелесетінім себеп болған шығар, бәлкім. Үлкен кісілердің көзін көріп, өсиетін естіп-өскен біз салт-дәстүрімізді де сақтай білдік. Бі­рақ бізден кейінгі жас буынға, балалары­мыз­­ға тілді үйрете алмадық. Бір өкінетінім сол. – Қазақтілді орта болмаса, тілді үй­ре­ну қиын секілді. – Ол да бар. Мұнда қазақ мектебі жоқ. Таңер­тең көзін ашқанда, кешке ұйқыға ке­тер­де көретіні – немістер. Бірақ кейде бұған өзім­ді де кінәлаймын. Өмір сүру үшін күресемін, нәпақа табамын, балаларымды асыраймын деп жүріп көп нәрсені уысымнан шығарып алдым. Түркияда әкелеріміз жұмыс істегенде анамыз үйде бала бағып отыратын. Сабақтан келе сала баланың сабағын реттеп, күйін күйттеп жүреді. Германияда мұндай мүмкіндік болған жоқ. Мұнда әйелдер ерлермен қатар таңнан кешке дейін жұмыс істейді. Германияға көшіп келген қазақтар қыдырып келіп, бұл жерді ұнатып қалған­дықтан тұрақтаған жоқ. «Германия керемет мем­лекет деп естідік. Осында тұрақтайық» деп те келген жоқ. Түркиядағы экономи­ка­лық жағдай нашар болған соң осында көшу­ге тура келді. Келген бетте әйелдер де ең­бекке араласып, үй көрмейтінді шығарды. Сөй­тіп, балаға онша көңіл бөлінбейді. Олар­ды тек кешқұрым уақытта көресің. Жұмыс­тан шаршап келесің. Оған қоса, үй ішін рет­теп, тамақ істеуің қажет. Сол екі арада ба­лаға бөлінген екі- үш сағатта қазақ тілін үй­­­рете алмайсың. Кейде тез түсінсін деп не­місше сөйлей саласың. Мен мұны қателік деп түсінемін. Менің екі үлкен балам қазақ­ша түсінеді. Бірі сөйлей алады. Ал екіншісі түсінгенімен, жауап бере алмай қиналады. Ал кенже ұлдарым қазақша мүлде түсінбейді.  width=– Мамыр айының соңында Кёльнде Еуропа қазақтарының кезекті құрыл­тайы өтпек. Жалпы, бұл құрылтай әу баста Германиядан бастау алған ғой. – Иә. Әдепкіде осында тұратын отба­сы­лар жыл сайын футбол ойнауды дәстүрге ай­­­налдырған-тын. Артынан қатысқысы ке­ле­тіндер саны көбейіп, ақылдаса келе кезде­су форматын өзгертейік деп, ақырында құ­рыл­тайға айналдырдық. Жыл сайын өткізі­ле­тін құрылтай пандемия салдарынан төрт жыл өтпей қалды. Былтыр көп адам жиналу­ға рұқсат берілген соң көп күткен құрылтай Парижде ұйымдастырылды. Бірақ соның өзін­де біраз адам пандемия ережелеріне бай­­­­ланысты қатыса алмады. Биыл бұл игі іс-шараны ұйымдастыру бізге жүктелді. Бағ­дарламаға сәйкес бірінші күні ресми түрде ашылу салтанатын өткіземіз, екінші күні жастар футбол ойнайды. Жүзге жуық баланы бәй­геге қосамыз. Кешке жастар кеші ұйым­дас­тырылады. Үшінші күні ойындарда оқ бойы озғандарды марапаттаймыз. Мұның соңы үлкен концертке ұласады. Мұқым Еу­ропадан 25-ке жуық диаспора өкілдері қаты­су­ға ниет білдіріп отыр. Қазақстаннан ат ары­тып келетіндер де жетерлік. Бұл құрыл­тайдың астарында жастарымыз қайда жүрсе де бір-бірін танысын, үнемі қолдап жүрсін, та­ны­май, теріс айналып кетпесін деген мақ­сат жатыр. Байқап қарасаңыз, бұл – Қа­зақ­стан үшін үлкен пайда. Себебі осындай жиындарда рухтанған олар ертең қазақтың атын шығарып, бір-бірін демеп жүреді. Осылайша, мүмкіндігіміз барда жастардың басын қосып, таныстырып кетейік дедік. Еуропадағы қазақ жастарының Қазақстанға түбі пайдасы тиетіні анық. Біз оларға қазақ тілін үйрете алмасақ та, қазақ екенін ұмыт­тыр­­мауға тырысып-бақтық. Барлығы тағы да ұлтқа деген сезімге келіп тіреледі. Жүре­гі­нің түбінде сезімі болса Еуропадан ары ас­па­­­ған қазақ сіз айтқандай еуропа­ла­нып кет­­пейді. Көшеде кездейсоқ қазақты кез­дес­тіре қалса да, «Қазағым! Жалғызым!» деп жақын тартып тұрады. Олар ағылшын, неміс, түрік тілдерінде сөйлесе де, бәрібір қазаққа пайдасы тиеді. Сөйтіп жүріп қазақ тілін үйренеді. Қазір «Отандастар» қоры қандастар үшін қыруар шаруа атқарып жүр. Абзал Са­парбекұлы секілді зиялы азаматтың ол қорға жетекшілік етуі бізге берілген керемет мүм­кіндік деп ойлаймын. Олар қазақ тілі, ұлт­тық музыкаға баулитын сабақтар жүр­гізеді. Қазір менің балам қазақша үйре­ніп жатыр. Болашақта Қазақстанда тұрғысы келеді. Екі апта бұрын ғана Алматыға қыдырып барып келді. Біз кейде «Үкімет неге істемейді?», «Жауапты тұлғалар қайда қарап отыр?» деп кінәні басқа біреуден іздеуге дайын тұрамыз. Бірақ тәрбиенің бәрі отбасынан бастала­тынын жадымыздан шығарып аламыз. Байқа­ғаным, балаға төрт пен он екі жас ара­лығында нені үйретсең, ол сол үйрет­ке­ніңді өмір бойы бағдаршам етіп ұстап жүре­ді. Ал он екі жасқа толғанда балаңды тәр­бие­лей алмайсың. Ол даладан, айналасынан тәрбие алады. Қазақ тілін үйрете алмағаным бол­маса, балаларымды қазақилықтан ажы­рат­пауға тырыстым. Бірақ олар кішкентай кез­дерінде қазақша сайрайтын. Кейін бала­бақ­ша, мектепке барған соң ұмыт қалды. Деген­мен оларға бойымдағы мықты сезімді дарыта білдім деп айта аламын. Ба­лаларым Қазақстанның әнұранын ести қал­са, тік тұрып тыңдайды. Қазақылыққа, Қа­зақстанға қатысы бар дүниелерге елең ет­пей қоймай-ды.  width=– Қазақстанға жиі келіп тұрады екен­сіз... – Балаларым кішкентай болғанда жылы­на екі рет барып тұратынмын. Кейін олар ер жете бастаған соң тынбай жұмыс істеу қажет бол­ды. Сөйтіп, он бес жылдай табан тіреме­дім. Дегенмен үнемі барғым келіп, сағынып тұратынмын. Атажұртқа деген сағыныш бас­қаша ғой. Сөзбен сипаттап түсіндіре ал­май­мын. Өткен жылы барып, мауқымды ба­сып келдім. Бұрынырақта зейнетке шық­сам, атамекенге көшемін дегенді жиі айта­тын­мын. Алла амандығын берсе, алдағы уа­қыт­та Астанаға қоныс аударуды жоспарлап отырмын. – Бұйырса, Кёльннен Астанаға бір­жо­ла көшіп келесіз бе? – Бұйырса! Соған әрекет етіп жатырмын. Әкем мен анам Қазақстанға жете алмай, дү­ние­ден өтті. Түркияға келіп тұрақтаса да, бәрі­бір атажұртты сағынып жүретіні сезіле­тін. Анам «Қайран, туған жер!» деп күрсініп отыр­ғанда, «Мама-ау, неменеге сонша күңі­ре­не­сің? Ол жақтағы тау осында да бар. Мұн­да да ағаш бар, су бар. Бәрі бір емес пе?» дей­тін едім. Сонда ол «Балам, сен бізді бәрібір түсін­бейсің...» дейтін еді. Қазір сол кісілердің жа­сына келген соң, олардың неліктен күр­сінге­нін енді түсініп жатырмын. Өкініштісі сол, олар киелі топыраққа табанын тигізіп үлгере алмады. Жағдайы болмады. Мүмкіндік аз болды. Ал мен балаларымды аяғынан тік тұрғыздым. Жағдай дейтіндей, маған көп нәр­се қажет емес. Сәтін салса, екі жыл ішінде ата­мекенге көшіп бармақ ойым бар. – Мен танитын қандастардың көбі та­биғаты әсем, таулары биік Алматыға кө­шіп барғысы келеді. Ал сізге Астана қа­­ла­сы несімен ұнады? – Мен Астанадан бөлек, Алматы мен Шым­кент қалаларында болдым. Бірақ маған Аста­на қаласы қатты ұнап қалды. Отыз жыл ішін­де мұндай заманауи қала тұрғызғанына қай­ран қалдым. Жас, таза қала. Алматы бұры­н­ғыдай емес, тозып кетіпті. Дегенмен ата­­­мекен болған соң, шаң-тозаңына, тозға­нына қарамай кез келген қаласына барып тұра беретін едім. Маған атажұрттың топырағы бәрінен қымбат. Айтпақшы, мен Астананың маңында орналасқан Қоянды ауылынан жер алып қойдым. Көпқабатты үй­лерден жалыққаным сонша, ауылда тұру­ды аңсадым. Қоянды ауылында атажұртқа оралған қандастар тұрады екен. Олармен біте-қайнасып кететінімізге еш күмәнім жоқ. Ауылда тұрғым келетінін естіген көпшілік «Германияны тастап қайда барасың? Қазақ­станда түк жоқ қой» деп айтады. Оларға «Қа­зақ­станда бірдеңе болуы керек пе? Тари­хи Отан болғаны жеткілікті емес пе?!» деп жауап бердім. – Әңгімеңізге рақмет! Қазақстанда жолығуды жазсын!

Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ