Жаңалықтар

Сәдия Сүрер: Кёльндегі 1 000 қазақтың келбетін сақтау – парызымыз

ашық дереккөзі

Сәдия Сүрер: Кёльндегі 1 000 қазақтың келбетін сақтау – парызымыз

26-28 мамыр аралығында Германиядағы қазақ көп шоғырланған Кёльн қаласында Еуропа қазақтарының дәстүрлі құрылтайы өтеді. Онда Еуро­паның бірнеше елінде тұратын 25-ке жуық диаспора өкілдері жиналып, белсенді жас­тардың басын қосатын конференция өткізілмек. Кёльн қазақ мәдени орталығының төрайы­мы Сәдия Сүрер құрылтайға қызу дайындықты бастап кеткенін айтады. Шалғайда өткі­зілетін мұндай құрылтайдың Қазақстанға пайдасы зор екенін алға тартқан Сәдия Сүрер­ге хабарласып, әңгімелескен едік. – Еуропада тұратын қандастардан Германия қазақтары туралы сұрасақ, бір­ден сіздің есіміңізді атап, сізге ха­бар­ласуымызды сұрайды. Ал сізді жақсы та­нитындар Кёльн қазақ мәдени ор­талығының жұмысын жандандырып, салт-дәстүрімізді насихаттап жүрген аза­мат әйел деп мақтауыңызды асы­ра­ды. Қоғамдық жұмыспен айналысуға не түрткі болды? – Мен – Ыстамбұл қаласының тума­сы­мын. 1981 жылы тұрмысқа шығып, Германияға қо­ныс аудардым. Сол жылдары Түркиядан Гер­манияға күнкөріс қамы үшін көшіп кел­ген аға-апаларымыз жастар тілін, дінін, дәс­түрін ұмытпасын, әрқайсысымыз жеке-же­ке жүргенше бір қоғам астында бірігейік деп Кёльн қазақ мәдени орталығын құрған. Ол уақытта күш-қуаты тасып жүрген әп­ке­лері­міз түрлі іс-шара өткізіп, біраз шаруа ат­қарды. Олар сол кезде бәрін өз қолдарымен жа­саған, тіпті қазақы киімді өздері тіккен. Осы­лайша, белсенді жұмыс істеген олар он-он бес жылдың ішінде Германияны ме­кен­де­ген қазақтардың кім екенін, қайдан тарай­ты­нын естен шығармауға барын салды. Мен Кё­льн­нен екі жүз шақырым жерде орна­лас­қан Гейдельбург қалашығында тұрамын. Бір­ақ әлгі мәдени орталық ашылғалы бері сон­да мүшелікке өтіп, шама-шарқым жет­кенше қолдау білдіріп жүрдім. Кейін әпке­лері­міз бала-шағаның қамымен жүріп, қолы ти­мей, орталықтың жұмысы тұралап қалды. Оған қоса, олар жылдан-жылға жасар­май­тыны анық. Үй мен жұмыстың арасында жүріп шаршайтыны тағы бар. Бірақ сол жыл­дары Еуропаның бірнеше елінде ашыл­ған қауымдастықтардың жұмысы бәсеңдеп қал­ды. Содан соң бұлай тұрып қалғанымыз бол­мас, мәдениетімізді қолдан келгенше на­сихаттайық деп 2018 жылдың соңында же­ті қазақ әйел Кёльн қазақ мәдени орта­лы­ғына төрайым болып сайландық. – Еуропадағы қазақ ұйымдарының тізгінін ұстаған бір-екі жасты ғана танимын. Көбісінің мұндай жауапты істі қолға алуға жүрегі дауаламайтын секілді. – Иә, көпшілігі істегісі келмейді. Жауап­кер­шілікті жүк етіп алғысы жоқ. Енді бірі же­ке өміріме кедергі бола ма деп уайымдаса ке­рек. Ал жас отбасылар үйден асып шыға ал­майды. Бірақ жүрегінде сезімі бар адам қан­ша жерден ауыр жұмыс істеп, күйбең тір­шілікпен қолы тимей жүрсе де, бұл істі кейін­ге ысырып қоя алмайды. Мәдени орта­лықта жұмыс істейтін адам бір тиын ақша ал­майды, керісінше өз қалтасынан жұм­сай­ды. Бірақ тегін жұмыс болса да, орталық үшін жа­нымызды беруге әзірміз. Тағы да қайталап айта­мын, сезімі күшті емес кісілер жарты, бір жылдан соң орталықтың жұмысынан ба­сын алып қашады. Ал бұған бейжай қарай ал­майтын, рухы мықты жетеуіміз келгенде «Бұ­лар не істей алады екен?» деп сенімсіздік та­нытқандар да болды. Бір қызығы, Гер­ма­ния­да әйелдер жетекшілік ететін қауым­дас­тық жоқ екен. Біз бірінші екенбіз. Қа­зақ­стан­да, Германияда әйелдерге еркіндік берілген. Олар тіпті Парламент төрінде отырып, де­пу­тат бола алады. Ал Түркияда ежелгі дәстүр бойынша әйел бір саты төмен тұруы қажет. Мұны жақсы білетін көпшілік алғашында бізге сын көзбен қарады. Тәубе, жетеуіміз екін­ші рет төрайым қызметіне сайландық. Зей­­нетке шықсақ та, орталықтың жұмы­сы­мен жүгіріп жүрміз. Дегенмен біз қашанға дейін жүгіреміз дейсің? Немере, шөбере сүйе­тін жасқа жеттік. Сондықтан жастарға «Біз­ден кейін жетекші болуға дайын жүрің­дер» деп тапсырма бердік. Алдағы жылдары жас­тар бастаған ісімізді алып кетеді деп ой­лаймын. Жалпы, мен табиғатымнан бір орында тұрмайтын адаммын. «Мынаны істей салайыншы. Анау істі бітіре салайыншы» деп жүретін қазақпын. Сосын менің жүрегімде көп сезім бар. Қанша жерден шаршап-шал­ды­ғып тұрсам да, ұлтқа, атажұртқа, ата дәс­түрге деген сезім мені жібермейді. Алғаш осын­да көшіп келгенде күн көру үшін қара жұ­мыс істедік. Кейін балаларымызды оқы­тайық, болашағын жарқын етейік деп заң­дарды үйрене бастадық. Заңдарды ашып қарап, зер салып оқығанда бізге көп мүмкін­дік берілгенін түсіндік. «Ееее, біз мынаны іс­тей алады екенбіз ғой. Бізге мынаған рұқ­сат берілген екен ғой» деп көзіміз шайдай ашыл­ды. Сөйтіп, жолай кезіккен тосқауыл­дарды еңсеріп, балаларымызды жетектеп, желеп-жебеп жүрдік. Сосын мен осында ашыл­­ған түрік және неміс қоғамдарынан үй­рен­генім көп. Тіпті, ұлдарымды спорт сек­­­ция­ларына апарғанда онда болып жатқан ивент­терге қарап «Бұл осылай істелінеді екен ғой» деп жадыма жаттап алатынмын. Содан кейін болар, қазір маған мұндай шаруаны ат­қару тіптен оңай. Жалпы, мен Германияға кө­шіп келгенде жиырма жаста болғанмын. Қа­зір алпыс үштемін. Қырық жыл бойы мін­сіз өмір сүрдім дей алмаймын, себебі жеке өмірім біраз қажытып жіберді. Бірақ сонда да берілмей, төрт баланың ризығын тауып, қа­тарынан қалдырмауға тырыстым. Амал­сыз­дан 15 сағат бойы жұмыс істеген кезім болды. Мұн­дайда қоғамдық жұмыстарға араласуға мұршаң бола бермейтіні анық. Бір­ақ сонда да айналадағы бір қауым қазақ­тың есіне салу үшін бірдеңе істегің келіп тұра­ды. Сөйтіп, жас­тар үйренсін деген мақ­сат­пен қазақтың ұлт­тық тағамдарын пісіріп, мә­зірі мен суре­тін интернетке жүктеуді қол­ға алдым. Бірден айтайын, мен аспаз емес­пін. Бірақ еуропаның асханасына үйрен­ген жастарға өзім білетін ұлт­тық тағам­дары­мызды таныстыруды па­рыз санадым. Кейін жа­стар тағам туралы жүк­теген пост­тарым­ның астына «Апай, мы­на­ған не қоссам бо­лады? Анаған не қосу ке­рек?» деп пікір жаза бас­тады. Жекесіне шы­ғып, бәрін түсіндіріп беремін. – Мамыр айының соңында Кёльнде Еуропа қазақтарының кезекті құрыл­тайы өтпек. Жалпы, бұл құрылтай әу баста Германиядан бастау алған ғой. – Иә. Әдепкіде осында тұратын отба­сы­лар жыл сайын футбол ойнауды дәстүрге ай­­­налдырған-тын. Артынан қатысқысы ке­ле­тіндер саны көбейіп, ақылдаса келе кезде­су форматын өзгертейік деп, ақырында құ­рыл­тайға айналдырдық. Жыл сайын өткізі­ле­тін құрылтай пандемия салдарынан төрт жыл өтпей қалды. Былтыр көп адам жиналу­ға рұқсат берілген соң көп күткен құрылтай Парижде ұйымдастырылды. Бірақ соның өзін­де біраз адам пандемия ережелеріне бай­­­­ланысты қатыса алмады. Биыл бұл игі іс-шараны ұйымдастыру бізге жүктелді. Бағ­дарламаға сәйкес бірінші күні ресми түрде ашылу салтанатын өткіземіз, екінші күні жастар футбол ойнайды. Жүзге жуық баланы бәй­геге қосамыз. Кешке жастар кеші ұйым­дас­тырылады. Үшінші күні ойындарда оқ бойы озғандарды марапаттаймыз. Мұның соңы үлкен концертке ұласады. Мұқым Еу­ропадан 25-ке жуық диаспора өкілдері қаты­су­ға ниет білдіріп отыр. Қазақстаннан ат ары­тып келетіндер де жетерлік. Бұл құрыл­тайдың астарында жастарымыз қайда жүрсе де бір-бірін танысын, үнемі қолдап жүрсін, та­ны­май, теріс айналып кетпесін деген мақ­сат жатыр. Байқап қарасаңыз, бұл – Қа­зақ­стан үшін үлкен пайда. Себебі осындай жиындарда рухтанған олар ертең қазақтың атын шығарып, бір-бірін демеп жүреді. Осылайша, мүмкіндігіміз барда жастардың басын қосып, таныстырып кетейік дедік. Еуропадағы қазақ жастарының Қазақстанға түбі пайдасы тиетіні анық. Біз оларға қазақ тілін үйрете алмасақ та, қазақ екенін ұмыт­тыр­­мауға тырысып-бақтық. Барлығы тағы да ұлтқа деген сезімге келіп тіреледі. Жүре­гі­нің түбінде сезімі болса Еуропадан ары ас­па­­­ған қазақ сіз айтқандай еуропа­ла­нып кет­­пейді. Көшеде кездейсоқ қазақты кез­дес­тіре қалса да, «Қазағым! Жалғызым!» деп жақын тартып тұрады. Олар ағылшын, неміс, түрік тілдерінде сөйлесе де, бәрібір қазаққа пайдасы тиеді. Сөйтіп жүріп қазақ тілін үйренеді. Қазір «Отандастар» қоры қандастар үшін қыруар шаруа атқарып жүр. Абзал Са­парбекұлы секілді зиялы азаматтың ол қорға жетекшілік етуі бізге берілген керемет мүм­кіндік деп ойлаймын. Олар қазақ тілі, ұлт­тық музыкаға баулитын сабақтар жүр­гізеді. Қазір менің балам қазақша үйре­ніп жатыр. Болашақта Қазақстанда тұрғысы келеді. Екі апта бұрын ғана Алматыға қыдырып барып келді. Біз кейде «Үкімет неге істемейді?», «Жауапты тұлғалар қайда қарап отыр?» деп кінәні басқа біреуден іздеуге дайын тұрамыз. Бірақ тәрбиенің бәрі отбасынан бастала­тынын жадымыздан шығарып аламыз. Байқа­ғаным, балаға төрт пен он екі жас ара­лығында нені үйретсең, ол сол үйрет­ке­ніңді өмір бойы бағдаршам етіп ұстап жүре­ді. Ал он екі жасқа толғанда балаңды тәр­бие­лей алмайсың. Ол даладан, айналасынан тәрбие алады. Қазақ тілін үйрете алмағаным бол­маса, балаларымды қазақилықтан ажы­рат­пауға тырыстым. Бірақ олар кішкентай кез­дерінде қазақша сайрайтын. Кейін бала­бақ­ша, мектепке барған соң ұмыт қалды. Деген­мен оларға бойымдағы мықты сезімді дарыта білдім деп айта аламын. Ба­лаларым Қазақстанның әнұранын ести қал­са, тік тұрып тыңдайды. Қазақылыққа, Қа­зақстанға қатысы бар дүниелерге елең ет­пей қоймай-ды.