Жаңалықтар

«Аналар үйіндегі» алданған тағдырлар

ашық дереккөзі

«Аналар үйіндегі» алданған тағдырлар

Жастықпен шалыс басып, бауыр еті баласынан бас тартқан қаракөздер еліміздегі тірі жетімдердің санын көбейтеді. Адасқанды дұрыс жолға бағыттау қоғам міндеті екенін ескерсек, бұл мәселені назардан тыс қалдыруға болмайды. Еліміздің ірі қалаларынан барар жері, басар тауы болмай, баласымен қалған жас аналар паналайтын «Аналар үйі» ашылғанын бірі білсе, бірі білмейді. Бүгінде кәсіпкерлердің қолдауымен жұмыс істеп жатқан орталықтардың бастамасы оң нәтиже беріп жатқанын статистика көрсетіп отыр. Осындай дағдарыс орталығы ең бірін­ші Астана қаласынан ашылды. Он жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Ана­лар үйіне» барып, тағдыры ұқсас жас, жал­ғыз­басты аналармен тілдесіп қайтқан едік. «Аналар үйі» деген айдар тағылғанмен, за­манауи стильде салынған үш қабатты ғи­марат кәдімгі отбасылық баспанадан артық бол­маса кем емес. Өтіп бара жатқан адам мұн­да бір отбасы тұрады деп ойлауы мүмкін. Өйт­кені сыртында ешқандай жазу жоқ. «Қыз­дар ұялатын болған соң, үйдің сыртындағы жазу­ды алып тастадық», – дейді «Аналар үйі» қо­­ғам­дық қорының өңірлік ма­маны Айжан Ди­ханова. «Бізге вакансия ұсынып жататын жағ­дай да болады. Жас аналардың түрлі курс­тарға қатысуына, жұмыс істеуіне мүмкіндік жа­саймыз», – дейді қоғамдық қор маманы. «Аналар үйіне» келген жас аналар мұнда жарты жыл тұра алады. Әрине, одан кейін де барар жері болмай тұрса, тағы да мүмкіндік беріледі. Қиындықты еңсеріп, ес жиғаннан кейін бірлесіп бөлек шығып жатқандар да бар. Осылайша, тығырықтан шығудың ама­лын бірге табады екен. Ал кейбірі уақыт өте келе жақындарынан қолдау тауып, отбасына ора­лып жатады. Жас аналардың еңсе кө­теруі­не психологтың да көмегі тиіп жат­қанын айта кету керек. «Қыздар жігітпен бірге тұрып, алданып қа­лады. Осындай жағдаймен келетіндер көп. «Азаматтық неке» деп айтады ғой. Олардың аяқ­қа тұрып, ары қарай өмір сүруіне мүм­кін­дік сыйлауға тырысамыз. «Уақытың бітті, бол­ды» деп ешкіммен санасып отыр­маймыз. Ең бастысы – ата-анасымен, туыстарымен тіл табысуы. Әке-шешесі қабылдаса, біз үшін ең жақсыcы сол. Мұндай жағдайлар көп бол­ды. Өзінің, жігіттің әке-шешесі қабылдап, ба­ланың әкесімен қосылып, отбасы болып кет­кендер бар. Әрине, бәрі жас ананың келі­сі­мі­мен болады. Баланың әкесі қателігін тү­сініп, орталыққа келіп, алып кеткен жағ­дай­лар да болды. Сондай бір отбасы қазіргі Қонаев қа­ла­сында тұрып жатыр. Жігіт пен қыз Алматыда азаматтық некеде тұрған. Ұрсысып қал­ған соң қыз Астанаға келеді. Өзінің аяғы ауыр. Баланы алдырып тастамақшы болды. Ма­мандар оны райынан қайтарды. Сөйтіп, орта­лығымызда бір жыл тұрды. Бала өмірге кел­ген соң жақындарының жүрегі жіби бас­тады. Баланың әкесінің де мейірімі оянып, Алма­тыдан келіп алып кетті. Екеуі бас қосып, тағы екі қызы өмірге келді. Қазір де хабар­ла­сып тұрады. Мұндағы әрбір сәбиге бауыр басып қалғаным соншалық, кетерде қимай жылап қаламын. Бізден кеткен қыздардың арасында бізді әлі күнге дейін ұмытпай, қо­нақ­қа шақырып тұратындары да бар», – дейді Айжан Диханова. Келесі кейіпкеріміз Назым басынан өт­кен жайтты ақтарыла айтқанмен, өзін су­рет­ке түсірмеуді өтінді. Жүктіліктің соң­ғы ай­ла­­­­рында жүрген ананың өтінішін орын­дап, әң­гімесіне құлақ түрдік. 31 жастағы ке­лін­шек­тің қазір үшінші сәбиіне аяғы ауыр екен. Екі некесі де сәтсіз аяқталған Назым ер-аза­маттардан көңілі қалғанын айтады. «Түркістан қаласынан келдім. Құрса­ғым­да­ғы сәби екінші некемнен. Бірінші құрған от­басымызда екі бала өмірге келді. Басында бәрі жақсы болды. Тұрмыстағы қайын бикем Түр­кияда тұратын. Кейін күйеуімен ажы­ра­сып, бізге келді. Ол қалай келді, отбасымыздың шыр­қы бұзылды. Ортамызға түсетін. Содан жол­дасым ішетін болды. Күйеуімнің отба­сын­­да екі бала: өзі мен осы әпкесі ғана. Ата-енем бала сүйе алмаған болу керек. Кейін еке­­уін де асырап алғанын білдім, яғни био­логиялық ата-анасы бөлек екен. Отбасы болуға тырыстым. Бірақ тату­лық болмады. Жұмыс жоқ, күн көру де қиын болып кетті. Содан жолдасыма «Бала бол­май тұрып Астанаға барып жұмыс істе­йік» дедім. Тыңдамады. Күнде ішіп, қолына пы­шақ алып қуа бастаған соң балаларым қор­қып, «кетейік» деді. Үлкенім қыз, мектепте оқиды, ұлым биыл мектепке барады», – дейді Назым. Бұдан кейінгі кейіпкеріміз Александра­ның мұнда келгеніне үш ай болыпты. «Аналар үйінен» кездестірген жалғыз өзге ұлт өкілі де осы болды. Тоғыз айлық баласын ұйық­татып, бізге басынан өткен оқиғасын баян­дап берген жас ана бір жыл бойы сөйле­сіп, азаматтық некеде тұрған жігіті отбасы­лық өмірге дайын болмай шыққанын айтады. Қолымдағы алты айлық баласымен қайда барарын білмей қиналып жүргенде туысқан әпкесінен «Аналар үйі» туралы естіген екен. «Қиын жағдайға түсіп, қаражатым тау­сылған соң осы жерге келдім. Әкем Солтүстік Қазақстан облысына қарасты ауылда тұрады. Анам өмірден өткен. Отбасында жалғыз ба­ла­мын. Анам жақтан туысқан үш әпкем бар. Жігітіммен сөйлесіп жүргенде ол 30 жаста, мен 21 жаста едім. Ол отбасы болып, бала сүйгісі келетінін айтатын. Бірге тұрғаннан кейін аяғым ауыр болып, өмірге сәби әкелдім. Басында бәрі жақсы болды. Баламның әкесі көлік бояумен айналысады. Тапсырыс бойынша әр қалаға барып жұмыс істейді. Қыс уақыты, желтоқсан айы болатын. «Жүр, сендерді әпкеңе апарып тастайын. Көп ұзамай алып кетемін» деді де, өзі қаражат табу үшін басқа қалаға кетті. Содан бір апта, екі апта өтті. Хабар жоқ. Ақшам таусыла бас­тады, балаға тамақ керек. Ол сол кеткеннен орал­мады... Әпкем үш баласымен қуықтай ғана бір бөлмелі пәтерде тұрады. Маған қалай кө­мектессін? Содан жалғызбасты аналар па­налайтын осындай жер бар екенін айтты. Ес­тіген бойда келдім, ұнап жатыр. Келгені­мізге үш айдан асып барады. Баламның әкесінің анасымен жақсы қарым-қатынастамын. Ол анасына жа­қында үйленетінін айтыпты. Ол кісі біздің жағдайымыздан бейхабар. «Сендер бірге емес­­сіңдер ме? Ол маған осылай деп айтты» деп тұр. Содан не болғанын айтып бердім. Не­гізі, осы жерге келгенде баламның әке­сі­мен бір рет сөйлескен болатынбыз. Азда­ған қара­жат жіберді. Бірақ анасынан әлгі ха­барды естігеннен кейін нөмірін ауыс­тырыпты. Өткенге өкінгеннен не пай­да? Ең бастысы, балам бар. Бар алданышым – сол. Енді өзімді қолға алып, жұмыс істе­сем деймін. Мек­тепке дейінгі тәрбие мамандығын бітір­ген­мін. Тамыз айында ба­лам­ды балабақшаға беріп, жұ­мыс істесем деп отыр­мын. Балам кішкентай, бір­ақ амал жоқ. Күн көру керек. Қыздарға асы­ғыс­тық жа­самай, жігітті жақ­сы та­нып-біліңдер деп кеңес айтар едім. Ертең бала әкесіз өс­пеуі үшін жақ­­сылап ойлану ке­рек екен. Маған бір жыл­­дың өзі аз­дық етіп­ті. Жастықпен асы­ғыс­тық жасап­пын», – дейді кө­мейі­не өксік ты­ғыл­ған Александра. Мұндағы жас аналардың ең кішісі – Нұржамал. 2000 жылы өмірге келген ол өзге елден қоныс аударған қандасымыз. 7-сыныптан бір мектепте оқып, дос болған жігітпен заңды түрде неке қиып, отбасын құрғаннан кейін елге келген екен. Отбасылық өмірі небәрі тоғыз айға ғана созылыпты. Күйеуі мен қайын ағасы қырқынан шықпаған сәбиімен үйінен қуып шыққанын айтқан жас ана көз жасына ерік берді. «Әкем бес жасымда өмірден өткен. Анам мен екі інім бар. Олар өзге елде тұрады. 21 жасымда өзіммен қатар, жақсы дос болған жі­гітке тұрмысқа шықтым. Аяғым ауыр бол­ған­ға дейін жақсы қарап, қалағанымды алып беретін. Кейін өзгере бастады. Негізі, бұрын аздап ішетіні бар еді. Оны қойдырып аламын деп ойлайтынмын. Олай болмайды екен. Астанада тұрдық. Павлодардағы оқу орнында IT саласы бойынша білім алып жатырмын. Мен сабаққа кеткенде ол өзге қызбен сөйлесіп жүргенін білдім. Содан кейін ренжісіп қалып, қызым қырқынан шықпай жатып үйінен қуып шықты. Бірақ баланы алып қалмақшы болған еді, полиция шақырып өзіме алып алдым. Қайын ағаларым әлі күнге дейін ха­бар­ласып, «Баланы өзіміз аламыз. Сен ештеңе іс­тей алмайсың» деп қорқытады. Қызыма үш ай болды. Менде стресс бол­ған соң сүт шықпай қойды. Қоспамен қорек­тенеді. Қатты мазасыз емес. Өскен соң әкесін іздеп жатса, араласуына қарсы емеспін. Биыл соңғы курста оқып жатырмын. Жазда диплом аламын. Мұғалімдер жағдайымды түсініп, онлайн оқуға рұқсат берді. Диплом алған соң жұмыс істеп, қызым жақсы өмір сүруі үшін барымды саламын. Қазір баланың заттары­ның бәрі қымбат. Сондықтан тынбай жұмыс істеу керек деп ойлаймын», – дейді алдағы күн­нен үміт күткен жас ана.