Карина ИБРАГИМОВА: Ендігі мақсат – олимп шыңында көк Туымызды желбірету

Карина ИБРАГИМОВА: Ендігі мақсат – олимп шыңында көк Туымызды желбірету

Карина ИБРАГИМОВА: Ендігі мақсат – олимп шыңында көк Туымызды желбірету
ашық дереккөзі
Жақында Үндістан астанасы Нью-Делиде өткен бокстан әлем чемпионатында Қазақстан әйелдер құрамасы екі күміс, төрт қола медаль еншіледі. Осылайша, алты жүлдеге қол жеткізіп, алтын ала алмадық. Бұрымды боксшыларымыз жүлде саны жағынан жалпы есепте Қытайдан кейінгі екінші орынға ие болды. Әлемдік доданың финалынан екі боксшымыз ғана жарқырай көрінді. Соның бірі – Карина Ибрагимова. – Осыған дейін екі рет әлем чем­пио­натына қатысып, қоланы қанағат тұ­тып едіңіз. Биыл күміс жүлдеге ие бол­дыңыз. Шаршы алаңдағы өнері­ңіз­ге көңіліңіз толды ма? Қандай дайын­дықпен бардыңыз? – Иә, осыған дейін екі қола жүлдем бар еді. Бұл көрсеткіш одан жоғары. Бірақ осы жа­рысқа алтын үшін барған болатынмын, ба­бымда болдым. Алайда өздеріңіз көр­ген­дей, алтын жүлдеге бір қадам жетпей қал­дым. Әрине, әлемдік доданың ақтық сы­ны­на жеткен де, жетпеген де бар. Еліміздің на­мысын қорғауға барған соң барымызды са­ламыз. Дегенмен «Әттеген-ай» деген жер­лер де болды. – Осы әлем чемпионатында қате­лес­песем бес боксшымен кездестіңіз. Соның ішінде жартылай финалдағы тай­пейлік қарсыласыңызбен жұды­рық­тасу оңай болмағанын көрдік. Оны жеңу үшін қандай әдіс қолдан­дыңыз? – Әлем чемпионатында кез келген қар­сылас оңай болмайды. Өйткені әр ел өз мықтысын апарады. Сіз айтып отырған, жар­тылай финалда жұдырықтасқан тай­пейлік қарсыласым расында психо­ло­гия­лық тұрғыдан қиындау болды. Не дегенмен ол қыз жоғары жетістіктерге жеткен, екі дүр­кін әлем чемпионы. Бапкерлерім дұрыс так­тика қойып берді. Соны орындап шық­тым. 2018 жылғы жарыста осы қыздан жеңіл­ген едім. Осы додада есемді қайтарып отыр­мын.  width= – Биылғы жарыстан кейін бірінші рет қазақ тілінде сұхбат бердіңіз. Жақ­сы меңгергеніңізді қазіргі сұхбат ба­ры­сында да байқап отырмын. Қа­лай үйрендіңіз? – Мен үшін қазақ тілінің орны бөлек. Қа­зақша жақсы білемін, түсінемін, құр­метім ерекше. Мектептегі, спорттағы дос­тарым қазақтар болғандықтан, кішкен­тайым­нан қазақ тілі жаныма жақын. Үйде әкем де аздап қазақша сөйлейді. Алдағы уа­қытта қазақ тілін әлде де жан-жақты мең­гер­гім келеді. Басында сөйлеуге ұяла­тын­мын. Қазір осы жағын қолға алып, сөй­леп, қазақ тілінде сұхбат беріп жатыр­мын. – Бокс – спорттың ауыр түрі. Бұл қыз бала үшін оңай емес. Неге басқа спорт түрін емес, боксты таңдадыңыз? – Боксқа кештеу келдім. 16-17 жасым­да. Әкем спортпен айналысқанымды қала­ды. Ал анам бимен, музыкамен айналыс­қа­­­нымды құп көретін. Мектепте бұларға қа­тысып көрдім, бірақ ұнамады. Мектепте бар­лық спорт түрімен айналыстым. Фут­болға да баратынмын. Ол кезде кіш­кен­тай­мын, жаттығу алаңы алыс болды. Со­сын әкем мені өзінің досымен таныстырып, жар­ты жылдай бокспен айналысуға үгіт­теді. «Бұл – Олимпиадалық спорт түрі. Ба­­­ғыңды сынап көр», – деді. Басында бар­ғым келмегенмен, әкемнің айтқанын орын­дап құтылайын дедім. Сөйтіп, бір­не­ше аптадан кейін мені жарысқа жіберіп, ол жақтан үшінші орын алып қайттым. Сол кезден бастап алдыма нақты мақсат қойып, алда жүруге ұмтылдым. Осылайша, спортқа кездейсоқ келіп, боксты жақсы кө­ріп кеттім. Бокстағы қатаң тәртіп ұнайды. Бұл спорт­та әрдайым тек өзіңе ғана сенім ар­туың керек. Сонымен қатар режим сақтап, жаттығып отыруды талап етеді. – Бокстағы бірінші жаттықтыру­шыңыз кім болды? Қазір жеке бап­ке­ріңіз бар ма? – КСРО-ның Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Петр Леонидович Булка. Со­нымен қатар Қазақстанның еңбек сіңірген жат­тықтырушысы Александр Алексан­дро­вич Высоцкий. Петр мені ере­сектер арасындағы боксқа ауысқанға дейін жаттықтырды. Жеке бапкерім бар. Он сегіз жасымнан бастап Александр Вы­соц­кий жаттықтырып келеді.  width= – Әріптесіңіз Жайна Шекер­беко­ва­мен жақсы дос екеніңізді әлеуметтік же­лідегі парақшаңыздан көрдік. Спорт­та нағыз дос табу қиын ба? – Жайнаны боксқа келгеннен бастап та­ни­мын. 2015 жылы құрамаға келгенде жа­қын таныса бастадық. Ол кезде Жайна кұра­мадағы халықаралык спорт шебері, кыз­дар боксындағы мықты спортшы бола­тын. 2018 жылы Үндістанда өткен әлем чем­пионатына бірге бардық. Содан кейін бір бөлмеде тұрдық, әлі күнге дейін бір нан­ды бөліп жеп келеміз. Спортта шынайы дос табу қиын. Мұн­да бәсекелестік көп, шаршы алаңда бір-бірі­мізге қарсыласпыз. Жайна нағыз шы­найы дос деп айта аламын. – Туған жеріңіз, отбасыңыз туралы біле отырсақ. – Мен Көкшетау каласында өмірге келдім. Қазір де сонда тұрып жатыр­мыз. Әкем, анам, әпкем бар. Әпкем тұр­мыста. Ал менің басым бос. Спортта жүрген соң көп уақытымыз сыртта өтеді. Сондықтан бос уақытым бола қалса отбасымның жанында болуға тырысамын.  width= – Салмағыңызды бірқалыпты ұс­тау үшін диета ұстайсыз ба? Қандай та­­­ғамдардан бас тартуға тура келеді? – Әрине, кез келген спортшы барлық уақытта дұрыс тамақтануы керек. Арнайы диета ұстаймын деп айта алмаймын. Бірақ қуырылған, газды тағамдарды тұтынбай­мын. – Алдағы Париж Олимпиадасына қа­тысу ойыңызда бар ма? – Иә. Сол жерге барып, алтын алу үшін бары­мызды саламыз. Қазіргі салмағым, яғни 57 келі – Олимпиада салмағы. Ендігі мақ­сат – лицензия алып, Олимп шыңында көк Туымызды желбірету. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ