Карина ИБРАГИМОВА: Ендігі мақсат – олимп шыңында көк Туымызды желбірету
Карина ИБРАГИМОВА: Ендігі мақсат – олимп шыңында көк Туымызды желбірету
Жақында Үндістан астанасы Нью-Делиде өткен бокстан әлем чемпионатында Қазақстан әйелдер құрамасы екі күміс, төрт қола медаль еншіледі. Осылайша, алты жүлдеге қол жеткізіп, алтын ала алмадық. Бұрымды боксшыларымыз жүлде саны жағынан жалпы есепте Қытайдан кейінгі екінші орынға ие болды.
Әлемдік доданың финалынан екі боксшымыз ғана жарқырай көрінді. Соның бірі – Карина Ибрагимова.
– Осыған дейін екі рет әлем чемпионатына қатысып, қоланы қанағат тұтып едіңіз. Биыл күміс жүлдеге ие болдыңыз. Шаршы алаңдағы өнеріңізге көңіліңіз толды ма? Қандай дайындықпен бардыңыз?
– Иә, осыған дейін екі қола жүлдем бар еді. Бұл көрсеткіш одан жоғары. Бірақ осы жарысқа алтын үшін барған болатынмын, бабымда болдым. Алайда өздеріңіз көргендей, алтын жүлдеге бір қадам жетпей қалдым. Әрине, әлемдік доданың ақтық сынына жеткен де, жетпеген де бар. Еліміздің намысын қорғауға барған соң барымызды саламыз. Дегенмен «Әттеген-ай» деген жерлер де болды.
– Осы әлем чемпионатында қателеспесем бес боксшымен кездестіңіз. Соның ішінде жартылай финалдағы тайпейлік қарсыласыңызбен жұдырықтасу оңай болмағанын көрдік. Оны жеңу үшін қандай әдіс қолдандыңыз?
– Әлем чемпионатында кез келген қарсылас оңай болмайды. Өйткені әр ел өз мықтысын апарады. Сіз айтып отырған, жартылай финалда жұдырықтасқан тайпейлік қарсыласым расында психологиялық тұрғыдан қиындау болды. Не дегенмен ол қыз жоғары жетістіктерге жеткен, екі дүркін әлем чемпионы. Бапкерлерім дұрыс тактика қойып берді. Соны орындап шықтым. 2018 жылғы жарыста осы қыздан жеңілген едім. Осы додада есемді қайтарып отырмын.
– Әріптесіңіз Жайна Шекербековамен жақсы дос екеніңізді әлеуметтік желідегі парақшаңыздан көрдік. Спортта нағыз дос табу қиын ба?
– Жайнаны боксқа келгеннен бастап танимын. 2015 жылы құрамаға келгенде жақын таныса бастадық. Ол кезде Жайна кұрамадағы халықаралык спорт шебері, кыздар боксындағы мықты спортшы болатын. 2018 жылы Үндістанда өткен әлем чемпионатына бірге бардық. Содан кейін бір бөлмеде тұрдық, әлі күнге дейін бір нанды бөліп жеп келеміз.
Спортта шынайы дос табу қиын. Мұнда бәсекелестік көп, шаршы алаңда бір-бірімізге қарсыласпыз. Жайна нағыз шынайы дос деп айта аламын.
– Туған жеріңіз, отбасыңыз туралы біле отырсақ.
– Мен Көкшетау каласында өмірге келдім. Қазір де сонда тұрып жатырмыз. Әкем, анам, әпкем бар. Әпкем тұрмыста. Ал менің басым бос.
Спортта жүрген соң көп уақытымыз сыртта өтеді. Сондықтан бос уақытым бола қалса отбасымның жанында болуға тырысамын.