Ел алғысына бөленген етікші келіншек
Ел алғысына бөленген етікші келіншек
Етікшілік өнерді ебі барлар ғана таңдайды. Өйткені асқан шыдамдылық пен ептілікті қажет ететін бұл іс екінің бірінің қолынан келе бермейді. Жаңа технология дәуірінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан көне кәсіпті серік еткендерді аз кездестіреміз. Бір қызығы, етікшілік ерлердің ғана ісі емес екен. Мәселен, бүгінгі кейіпкеріміз Гүлдана Хауашеваның сүйріктей саусағымен балға мен біз ұстап, маңдайтермен табыс тауып жүргеніне он жеті жыл болыпты.
Маңғыстау өңірінде туып, бүгінде Атырау облысы Мақат кентіне келін болған Гүлдана Хауашева етікшілік өнер арғы аталарынан дарығанын айтады. Бала кезден қуыршаққа қызықпаған қыздың аңсары гаражда тұрған темір-терсекке ауа беріпті. Бұған қоса, тігін машинасын іске қосып, теріден түрлі зат тігіп үйренген. Өсе келе, бұл іске деген қызығушылығы арта беріпті. Сөйтіп, 2006 жылы аяқкиім жөндеу ісін қолға алады. Алдымен отбасы мүшелерінің, көршілерінің аяқ киімін жөндейді. Ары қарай тапсырыс берушілер саны көбейген соң, шеберхана ашқан. Бастапқыда оның бұл ісіне таңданып, күдікпен қарағандар аз болмапты. Алайда жұмысына көңілі толған соң, тұрақты клиентіне айналған. Бүгінде еңбегімен ортасына сыйлы болған келіншек ауылдастарының алғысына бөленіп жүр.
Гүлдана Хауашеваның қолынан аяқкиім тігу де келеді. Ең бірінші жұмысы – күзгі маусымда киетін бәтеңке. Оны жолдасына арнап тіккен. Енді осы істі дамытуға бел буып отыр. Алайда етікші аяқкиімге қажетті материалдарды шетелден алдыруға мәжбүр екенін айтады.
«Италия, Түркиядай болмасақ та, отандық өндіріс ақырындап дамып келеді. Елімізде былғары өңдеу ісі қолға алынса деймін. Етікшілерге сапалы былғары қолжетімді болса, ел тұрғындары отандық өнімді қуана алар еді», – дейді ол.
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ