Жаңалықтар

Қазақ мұнайы қалай тасымалданып жатыр?

ашық дереккөзі

Қазақ мұнайы қалай тасымалданып жатыр?

Қазақстан мұнайын Әзербайжан арқылы тасымалдау басталды. 20 наурызда Қашаған кен орнынан шыққан 6 900 мың тонна мұнай Ақтау портынан Баку портына жөнелтілді. «ҚазТрансОйл» бұл сынақ үшін жіберілген жөнелтілім екенін, сынақ сәтті аяқталғанын мәлімдеді. «Әзербайжан Каспий теңіз пароходының» (ASCO) ресми сайтында да мұнайдың жеткізілгенін растайтын мәлімет жарияланды. Баку портына жеткізілген мұнай әрі қарай «Баку–Тбилиси–Жейхан» құбырына құйылады.

Бұл оқиға экспорт Ресейді айналып өтуге мүмкіндік бере­тін әртараптандырудағы қадам болғанын, мұнай экспорттауда Ресейді айналып өткеніміз туралы бір­қатар отандық БАҚ хабарлады. Естеріңізде болса, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдегі маршруттарға балама, теңіз арқылы мұнай жеткізуді жолға қоюды тапсырған болатын. Одан бұрын Қазақстан мұнайының 79 пайызы экспортталатын Каспий құбыр консорциумындағы ақау­лардан кейін болған қиындықтар кезінде де осы мәселе көтерілген еді. Сол кезде осы «Баку–Тбилиси–Жей­хан» құбыры балама жол ретінде бірнеше рет айтылған болатын. Жалпы, бұл маршруттың тиімділігі қандай болмақ? Әлеуеті қандай? Қанша көлемде мұнай тасымалдауға мүмкіндік бар?

Әртараптандыруға әрекет

20 наурызда «ҚазТрансОйл» Қашаған кен орнынан шыққан 6 900 мың тонна мұ­най­ды Ақтау портынан Баку портына қарай бірін­ші сынақ ретінде жөнелту жұмысы сәтті аяқталғанын мәлімдеді. Қашаған мұнайын INPEX North Caspian Sea, Ltd компаниясы жеткізген. «Қаз­Транс­Ойл»-дың ресми мәлімдемесіне сүйенсек, INPEX North Caspian Sea, Ltd-ның Қазақ­стан­дағы филиалының директоры Хироси Икеда бұл сынақ жөнелту Қашаған мұнайы­ның экспорттық маршруттарын әртарап­тан­дыру мүмкіндігін көрсеткенін мәлім­де­ген. Компания NCOC консорциумының (Қа­шаған консорциумы) 7,6 пайыз ак­­ция­сына ие. Жалпы, Қашаған кен орнынан Ақтау портынан Баку портына экс­порт­қа 7 мың тонна мұнай жөнелту жоспарда бар екенін «ҚазТрансОйл» 10 наурызда ха­бар­лаған болатын. Сол күні Сыртқы істер министрінің орын­басары Роман Василенко Ор­та­лық коммуникациялар қызметінің бри­фин­гінде қазір мұнай экспорты бірнеше маңыз­ды бағыттар бойынша жүргізіліп жатқанын айтты.

– Олардың қатарына Ресей арқылы өте­тін бағыттар кіреді. Каспий құбыр консо­р­циу­мы, «Атырау–Самара» құбыры, «Ма­хач­кала–Ақтау» бағыты бар. Осы жылдан бас­тап «Ақтау–Баку» бағыты бойынша та­сы­малдау басталады. Яғни, мұнай Әзербайжан ар­қылы тасымалданатын болады, – деді Роман Василенко.

Сондай-ақ ол мұнай тек шығыс-батыс бағытта ғана емес, солтүстік-оң­түс­тік бағытында да тасымалданатынын еске сал­ды. Оңтүстік бағыт Түрікменстан мен Иран арқылы өтеді. Сондай-ақ Түркия ар­қы­лы Иранға мұнай тасымалдау туралы ке­ліссөздер жүргізілген. 27 наурызда «ҚазТрансОйл» Ақтау пор­тын­да қазақстандық Теңіз кен орнынан «Баку–Тбилиси–Жейхан» мұнай құбырына ши­кізатты одан әрі жеткізу үшін President Heydar Aliev танкеріне 9,959 тонна мұнай жө­нелтілгенін мәлімдеді. Акционерлік қоғам наурыз айының соңы­на дейін бұл бағыт бойынша тағы 10 мың тонна теңіз мұнайын жөнелту жос­пар­ланып отырғанын да айтып өтті. Ал биыл сәуір айында «Баку–Тбилиси–Джейхан» ба­ғыты бойынша мұнай жөнелтудің жос­парланған массасы – 125 мың тонна.

– Былтыр жыл соңында біз Әзербайжан Рес­публикасының SOCAR мемлекеттік-ұлт­тық компаниясымен жылына 1,5 миллион тон­на көлемінде мұнай тасымалдау туралы ке­лісімге қол қойдық. Осы келісімшарттың аясында Теңіз мұнайын тасымалдауды жоспарлап отырмыз. Осы айда бұл бағыт бойынша жөнелтуді бастамақпыз, – деп 15 наурызда мәлімдеген еді Закиров Қаз­Мұнай­Газдың онлайн конференциясында.

«ҚазТрансОйл» компаниясының тасы­мал­дау департаментінің директоры Абай Бей­сембаевтың «Курсив» іскерлік басы­лы­мын­да жарияланған пікіріне сүйенсек, «Қаз­ТрансОйл»-дың Ақтау арқылы 1,5 мил­лион тонна мұнай жіберу жоспары өз кү­шінде, алайда әзірге бұған кейбір факторлар ке­дергі болып отыр. Еске сала кетейік, ақпан айы­ның басында болған Түркиядағы жер сіл­кінісінен кейін «Жейхан» теңіз терми­на­лында жүк тиеу жұмыстарының уақытша тоқ­татылған еді.

– Биыл Ақтау порты арқылы 1,5 мил­лион тонна теңіз мұнайын жіберу, ауыс­ты­рып тиеу жоспарланған болатын. Бірақ бү­гін Түркиядағы жер сілкінісіне байланысты та­ғы бір тонна жөнелтілген жоқ. BTC форс-ма­жор деп жариялады, өйткені Жейхандағы екі айлақтың бір айлағы бүгінгі күнге дейін жұ­мыс істемейді, ал басқа айлақ арқылы олар тек Әзербайжан мұнайын жөнелтеді, – деп атап өтті компания өкілі.

Былтырғы тамыз айында Reuters агент­­тігі Қазақстан Әзербайжан ау­мағымен өтетін мұнай құбыры арқылы жы­­­лына 1,5 миллион тонна мұнай экс­порт­тауды жоспарлап отыр деген мазмұнда ма­қала жариялады. Сол кезде Энергетика ми­нистрі Болат Ақшолақов Қазақстан «Баку–Тбилиси–Жейхан» мұнай құбыры ар­қылы 1,5 миллион тонна мұнай экспорт­тауды жоспарлап отыр деген ақпаратты жоққа шығарған болатын.

– Ақпарат ресурсында айтылған мұнай мөл­шерімен біздің экспорт бойынша проб­лемамызды шешу ақылға сыймайды. Неге? Өйткені біріншіден, аталған бағытпен 1,5 мил­лион тонна мұнайды экспорттау қа­зір­гі ахуалды айтарлықтай жеңілдетпейді. Екін­шіден, біздің министрлікте дәл мұндай ке­лісімге қол қою жоспары жоқ, – деген еді ми­нистр.

Яғни, қазіргі негізгі экспорт жол­да­ры­на альтернатив маршруттар ар­қы­лы мұнай тасымалдау көлемі артып келе жат­қаны байқалады. Естеріңізде болса, был­тыр балама жол қарастыру туралы м­ә­селе көтерілгенде, Ақтау теңіз порты ту­ра­лы айтылған болатын. Бірақ, оның әле­уе­тін көтеру, оны пайдалану уақыттың енші­сін­дегі мәселе. Себебі қазір порт арқылы та­сы­мал­данып отырған мұнай көлемі негізгі ба­ғытпен салыстырғанда өте мардымсыз. 

Үлесі аз болғанымен, үміт көп

Қазіргі Қазақстан мұнайы, негізінен Ре­сей арқылы экспортталады. Қашаған мен Теңіз мұнайының басым бөлігі Каспий құ­быр консорциумының (КҚК) құбыр жүйесі ар­қылы Новороссийскіге дейін жеткізіледі. «Теңіз – Новороссийск» құбыры арқылы Қа­зақ­станның барлық экспортқа шығатын мұнайының үштен екісінен астамы өтеді. КҚК – 1,5 мың шақырымнан асатын ма­­­­гистральдық құбыр салу және пайдалану үшін құрылған Ресей, Қазақстан, сондай-ақ әлемнің жетекші өндіруші ком­паниялары­ның үлесі бар ірі халықаралық мұнай та­сы­малдау жобасы. Каспий құбыр консор­циу­мына Ресей (31 пайыз), Қазақстан (20,75 пайыз), Chevron Caspian Pipeline Con­sortium Company (15 пайыз), LUKARCO B.V. (12,5 пайыз), Mobil Caspian Pipeline Company (7,5 пайыз), Rosneft-Shell Caspian Ventures Limited (7,5 пайыз), BG Overseas Holding Limited (2 пайыз), Eni International N.A. N.V. (2 пайыз) және Oryx Caspian Pipeline LLC (1,75 пайыз) иелік етеді. Energy analytics сарапшыларының мә­ліметінше, елімізден тәулігіне экспортталатын 1,4 миллион баррель мұ­най төрт бағыт бойынша сатылымға шы­ғарылады: 79 пайызы – тәулігіне 1,1 мил­лион баррель КҚК арқылы; 17 пайызы – «Атырау–Самара» мұнай құбыры арқылы; 3 пайы­зы – Ақтау теңіз порты арқылы; қал­ған 1 пайызға жуығы– Қытайға. Яғни, қазір КҚК консорциумынан өзге мұнай тасымалдайтын бағыт жоқ деп айтуға да болады. Мұнай экспор­ты­­ның 80 пайызын қамтамасыз етіп отыр­ған Каспий құбыр желісі консорциумы қыз­метін тоқтатса, Қазақстан тәулігіне 320 мың баррель мұнай өндіруден қағылады. Сондықтан былтыр құбыр жүйесінде болған бірнеше апаттан кейін мұ­най компаниялары да, Үкімет те транспорт маршруттарын диверсификациялау жол­дарын қарастырған еді. Сол кезде осы «Баку–Тбилиси–Жейхан» құбыры бір нұс­қа ретінде жоспарланған болатын. «Баку–Тбилиси–Жейхан» құбырының ұзындығы – 1 768 шақырым, үш елдің, Әзер­байжан, Грузия және Түркияның аума­ғы арқылы өтеді. Өткізу қуаты жылына 50 миллион тоннаға бағаланады. Бұл мұнай құбыр желісі Каспий мұнайын Түркияның Жерорта теңізінің жағалауындағы Жейхан портына жеткізеді. Экономиканы қол­дан­балы зерттеулер орталығының сарапшы­лары­ның айтуынша, бұл Ресейді айналып өте­тін және АҚШ пен Ұлыбританияның ті­­ке­лей қатысуымен салынған ТМД ел­де­рін­дегі бірінші бағыт. Дегенмен сол кезде осы бағыт арқы­лы мұнай тасымалдауға қатысты бір­қатар мәселе бар екені айтылған бол­а­тын. Бірінші – екі ел арасында тікелей ке­лі­сім болмады. Екіншіден, Ақтау портының қа­зіргі жағдайына қатысты сұрақ көп бол­ды. Порттың инфрақұрылымын да­мыту­ға қыруар ресурс қажет. Тасымал бойын­ша да бұл бағыттың шығындары кө­бірек. Бірақ қазіргі жағдайды бағамдасақ, порт­тың әлеуетін жақсартып, маршрутты да­мыту бойынша жұмыстарға назар ау­дары­ла бастаған секілді.

Геосаяси ахуал – қосымша мүмкіндік

Одан бөлек, былтыр геосаяси ахуал шие­леніскеннен бастап Қазақстан үшін Еуроодаққа энергия жеткізуші ретінде қо­сымша мүмкіндіктер ашылып жатқаны ай­тылып келеді. Ресей мұнайы мен газының негізгі тұтынушысы болып келген Еуропа Ре­сейге қарсы ауқымды санкциялардан кейін өзіне басқа серіктестер қарастыра бас­тады. Бұған Еуропаға мұнай тасы­мал­даушылар арасындағы Ресейдің үлесі был­тыр бір жыл ішінде 31 пайыздан 4 пайызға түс­кен.

– Мұндай жағдайда Қазақстанның энер­гия жеткізуші ретіндегі рөлі, оның ішін­де 2022 жылғы қарашада қол қойылған, БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі 27-ші конференциясының, ҚР мен ЕО ара­сын­дағы энергия және шикізат жеткізу сала­сын­дағы ынтымақтастықты кеңейту ту­ра­лы екіжақты келісімнің аясында артып ке­леді. Өз кезегінде, ЕО-ның энергия өн­діру­ші елдерге деген қызығушылығының ар­туы біздің еліміз үшін транзиттік-ло­гис­тикалық салада, сондай-ақ ел эко­номи­касы­на озық еуропалық технологиялар мен инновацияларды тарту тұрғысынан қо­сымша мүмкіндіктер ашады, – деп мәлім­депті СІМ жанындағы ССЗИ өкілі Аман­келді Тәженов.

АҚШ Ресейге салынған санкциялардан кейін қазір Еуроодақтың басты мұнай жеткізушісіне айналып отыр. Дегенмен сарап­шылар Қазақстан да мұнай тасы­ма­лы­нан өз үлесін алуы керек деп есептейді. Яғни, геосаяси ахуал мен негізгі бағыттағы апат балама жолдың қажет екенін анық бай­қатты. Осы тұрғыдан алғанда Ақтау теңіз порты мен «Баку–Тбилиси–Жей­хан» маршрутының маңызы артпақ. «Қаз­Транс­Ойл» АҚ бұл бағыттың әлеуетін кеңей­туге мүд­делі екенін айтады. Дегенмен ол үшін бір­қатар ауқымды әрі кешенді шара ат­қарылуы қажет.

Шыңғыс ИЛЬЯСОВ, «ҚазТрансОйл» АҚ Жұртшылықпен байланыс және ішкі коммуникациялар департаментінің директоры:

Бұл ба­ғыт­тың әлеуетін кеңейтуге мүдделіміз

– Қашаған кен орнынан шыққан мұ­найды Ақтау портынан Баку порты ба­ғытына жібердік. Бұл – сынақ ретінде жө­нелтілген мұнай. Сынақ сәтті өтті. Жұ­мысты әдеттегідей жоспарлаған мер­зім ішінде, қауіпсіздік техникасын ұста­на отырып жүзеге асырдық. Ақтау портынан мұнай екі бағытта ке­теді. Біріншісі – Баку порты, әрі қа­рай «Баку–Тбилиси–Жейхан» мұнай құ­бырына айдалады, екіншісі Ма­хач­кала порты, әрі қарай «Махачкала–Ти­хорецк–Новороссийск» мұнай құ­бы­ры­на айдалады. «ҚазТрансОйл»-дың техникалық әле­уеті Ақтау порты арқылы жылына 6,2 миллион тонна мұнайды экспортқа жө­нелтуге жетеді. Сондықтан Ақтау пор­ты арқылы кететін мұнайдың көле­мі өзге экспорттық бағыттарды толы­ғы­мен алмастыра алмайды. Ақтау пор­тымен «Баку-Тбилиси-Джейхан» мұнай құбырына кететін бағытты экс­порттың балама жолы ретінде қарас­тыру­ға болады. Дегенмен ол үшін біз өн­дірістік мүмкіндіктерімізді толықтай пайдалануымыз қажет. Бұл ба­ғыт­тың әлеуетін кеңейтуге біз мүдделіміз. Ол үшін бірқатар ауқымды әрі кешенді шара атқарылуы қажет, олардың біршамасы «ҚазТрансОйл» АҚ құзіретіне жатпайды. Еске сала кетейік, «ҚазТрансОйл» АҚ жалпы ұзындығы 5 400 ша­қы­рым болатын әртараптандырылған магистральды мұнай құбыры жүйе­сіне иелік етеді. Мұнай 5 бағыт бойынша экспортқа жөнелтіледі: «Аты­рау-Самара» және «Қазақстан-Қытай» мұнай құбырлары, Ақтау пор­ты (танкерлерге мұнай қою), Каспий құбыр желісіне мұнайды құю, те­міржол (цистерналарға мұнай құю). Сынақ-Қашаған мұнайын ТрансКаспий бағытына теміржолмен, одан әрі Ақтау порты арқылы жеткізу – экспорттық бағыттарды әр­тарап­тандыру мүмкіндігі бар екенін көрсетті. Inpex NorthCaspian Sea Ltd. қазір сынақ жұмыстарына сараптама жа­сап жатыр. Сынақ ретінде өткен жұмыстың жалпы нәтижелері бойын­ша Қашаған мұнайын осы бағытта әрі қарай да тасымалдауымыз әбден мүмкін.

Абзал Нарымбетов, мұнай-газ саласы бойынша тәуелсіз сарапшы, Energy analytics телеграм каналының авторы:

Әртараптандыру саясаты тек экономикаға тірелмеуі керек

– Биыл Қазақстан жоспар бойынша 71 миллион тонна мұнай экспортқа жө­нелткелі отыр. 6 900 тонна деген – оның он мыңнан бір бөлігі, немесе 0,01 пайы­зы. Яғни, теңіздің тамшысындай ғана. Бірақ мұның екінші жағы да бар: бұл – әртараптандырудың мүм­кін­ші­лік­терінің бірі. Қазірден бастап, теңіз­ден тамшы құралады дегендей, жіберіп көр­сек, тәжірибе жинасақ, сол мақ­сат­та, сол бағытта жұмыс істеліп жатыр. Бұл – құптарлық жайт. Осы көлемді кө­­­бейте беру керек. Сосын, айта кеткен дұрыс деп есеп­тей­мін, Қазақстан осы уақытқа дейін, 2008-жылдары «Баку–Тбилиси–Жейхан» арқылы мұ­най тасымалдаған. Кей кезде көп, кей кез­де аз. Сондықтан әртараптандыруды ал­­ғаш бастады деуге келмейді. Бұдан әл­­деқайда көп көлемде, миллиондаған тонна жіберген. Қазір «Баку–Тбилиси–Жейхан» мұ­най құбырының жартысынан көбі бос жатыр. Себебі Әзербайжан мұнайы кейінгі 10 жыл ішінде жылдан-жылға азайып барады. Соңғы рет оларда ең көп көлемде 2010 жылы тасымалданды, 1 миллион 200 мың тоннадай, содан бері түсіп келе жатыр, қазір күніне 500-600 мың тон­на баррель шығады. Ал мұнай құбырының сыйымдылығы 1,2 миллион тонна. Екіншіден, Әзербайжан халқының да мұнай тұтынуы көбейіп жатыр. Сондықтан ол құбыр одан да босай береді. Сондықтан оны мейілінше қолдануға тырысуы керек. Өйткені оларға бізден басқа мұнайын өткізетін ел жоқ. Сондықтан бұл – мүмкіншілік. Негізі бұл бағытта 2000 жылдардың басында жұмыстар атқарылған, кейіннен қалып қойды. 2008 жылы Ресей мен Грузия арасында қақтығыс болды, сол әсер етті ме, әйтеуір назар аударылмады. Енді, міне КҚК-дағы оқиғалардан кейін әртараптандыру саясаты аясында осы бағытты қайтадан қолға алып жатыр. Экономикалық жағынан тиімді ме деген сұраққа келер болсақ, бұл енді қиындау. Өйткені мұнайды кен орнынан Ақтауға дейін цис­терналармен, вагондармен жеткізу керек, сосын сол жердегі резер­вуарларға құйылады. Сосын танкерлерге құйылады. Танкерлер Ақтаудан Ба­куге жеткізіледі. Содан кейін танкерлер қайтадан Бакудегі резер­вуарларға құяды. Осыдан соң ғана «Баку–Тбилиси–Жейхан» мұнай құ­бырына құйылады. Бірнеше сатылы процесс. Ал КҚК-да бірден кен ор­нынан, Қашаған, Қарашығанақ, Теңізден шығады да, тікелей құбыр­мен Новороссийскіге дейін тоқтамай барады. Бұл жерде құбырға, та­риф­ке ғана ақша төлейсіз. Ал бірінші жағдайда компания вагонға, цис­терналарға, резервуарларға, танкерлерге, әрқайсына бөлек-бөлек қар­жы жұмсайды. Сондықтан нақты қанша екенін білмеймін, бірақ қым­батқа түседі деп ойлаймын. Дегенмен әртараптандыру саясаты тек экономикаға тірелмеуі керек деп есептеймін. Бұл жердегі біздің мақсатымыз – өзіміздің мүддемізді қор­ғау, өз мұнайымызды қалаған жерге жеткізе алатындай болуымыз керек деп ойлаймын. Негізі, қазір Ақтау порты арқылы 5-6 миллион тоннаға дейін мұнай өткізуге болады. Портқа инвестиция құйылса, әлеуетін тағы да көтеруге болады. Қазіргі әлеуеті де аз емес. Жалпы, бастаманың бо­лашағы зор. Құбырдың бос жатқаны бізге тиімді. Әзербайжан жа­ғына да тиімді болуы керек, себебі құбыр бос жатқанша, мұнай өткізген қолайлы. Еуропа әрқашан мұнайға, газға тәуелді. Олар басқа да серіктес із­дейді. Бұл жерде Қазақстан да өз үлесін алуы керек деп ойлаймын. Мұны мүмкіншілік деп қабылдау керек. Жалпы, біздің мұнайдың 80 пайызы экспортқа кетеді. Қалғаны ішкі на­рықты қамтуға жеткілікті. Жылына 90 миллион тонна өндірсек, со­ның 70 миллион тоннасын сыртқа сата аламыз. 70 миллион тоннаны КҚК ма, «Ақтау-Самарамен» бе, «Баку–Тбилиси–Жейхан» құбыры арқы­лы ма, әртараптандыру бағытын жалғастыру керек. 98 пайыз мұнайы­мыз Ресей аумағы арқылы өтуі біз үшін аса жақсы емес. Түрікменстанның өзінде 3 бағыт бар. Газын Қытайға, Ресей, Иранға жі­береді. Біз сәл артта келе жатырмыз, дегенмен қолға алынып жатқаны қуан­тады.

Қорыта айтқанда, альтернатив маршрут мұнай экспортындағы мәселені шешеді деуге келмейді. Балама жол арқылы тасымалдана бастаған мұнай көлемі негізгі бағытпен салыстырғанда теңіздің тамшысындай ғана. Дегенмен әлеуетін толық пайдаланса, болашағынан үміт бар. Ол үшін қыруар жұмыс атқарылуы қажет.