Өркениет өз көрін өзі қазып жатыр ма?
Өркениет өз көрін өзі қазып жатыр ма?
Өзге еңбектерін айтпағанда, бәріміз күнде 12 беттік оқушы дәптерінің артқы мұқабасынан көріп жүрген ықшам көбейту кестесінің авторы самостық Пифагордың (б.з.д 570 – 490 жж) «Әлемді сандар билейді» деген сөзі бар. Кезінде бұған кім қаншалық мән бергенін білмеймін, бірақ дәл қазіргі ақпараттық технологияның адам айтқысыз жылдамдықпен дамып жатқан заманында ол сөз ақиқатқа айналып бара жатқандай. Себебі ақпараттық технологияның бірден-бір тірегі компьютерлік бағдарламалар болса, бағдарламаның негізгі тірегі – сандар. Яғни, кез келген бағдарламаға 0-ден 9-ға дейінгі сандар негізінде жасалған түрлі символдар (әріптер, белгілер, т.б.) қолданылады. Демек, қазіргі дәуірде сандардың қатысынсыз біздің өміріміз өмір болмауға айналды. Басқасын айтпағанда, сол «сандар билігінің» өнімі – бүкіл әлемді көз алдыңызға әкеп беретін ұялы телефонсыз бір күніңізді елестете аласыз ба? Бір ақын айтқандай, «соткасыз адам – соскасыз сәби» сияқты бүгінде.
ХХ ғасырдың соңғы ширегінде жұрт компьютер дегеннің не екенінен біраз хабардар болса, қазір «ақпараттық технология деген не?» деп сұраудың өзі күлкілі. Өйткені біз оны күнде сағат сайын емес, минут сайын тұтынып отырмыз. Ал қазір ол туралы біле түскен сайын ойымызды қорқыныш билейтін болды. Себебі ақпараттық технология дәуірі адамдардың «нанын» алып қойып жатыр, яғни түрлі бағдарламалармен жұмыс істейтін құралдар адам істейтін қара жұмысты атқаратынын айтпағанда, бара-бара адамды ой еңбегінен де мақұрым қалдыратын секілді. Оның алғашқы бір мысалы, әлемнің үздік шахматшысы Гарри Каспаров 1997 жылы IBM компаниясы жасаған бағдарламамен қаруланған компьютерден жеңіліп қалуы еді. (Кезінде бұл жеңілісін көрнекті шахматшы алаяқтық дегенімен ол дәлелденбей қалды).
Міне, сол кезден бастап адамша ойлайтын «жасанды интеллект» дәуірі жүре бастады. Ал қазір ше? Шын мәнінде, жасанды интеллект зауыт-фабрикаларды автоматтандырудан бастау алады. Енді ол (жасанды интеллект) адам секілді музыка шығарып, шығарма жазуға, сурет салуға, тіпті адамның дертіне диагноз қоюға, кей жағдайда отаға көмектесуге қабілетті. Сондай-ақ музыканың нотасын автоматты түрде жазып, нотаға түскен музыканы компьютер оқып береді, адамның дауыстап айтқан сөзін қағазға жазу қылып түсіріп беретін бағдарламалар да бар. Бұрында мультфильмдердің сюжеті суретшілер қолдан сызған суреттерден құрастырылса, қазір 3D форматын қолдану арқылы кино жасау аса қиын шаруа емес. Көріп отырмыз, жасанды интеллекттің араласпаған саласы қалмай бара жатыр. Айта берсек, мұндай мысалдың мыңдаған түрін келтіруге болады. Мұның бәрі қолданысқа кең түрде еніп кетті.
Кезінде ақпараттық технологияның болашағы туралы әңгіме болып, келешекте оның адамды қолдан жасауға дейін баратыны айтылғанда ғалымдар өре түрегеліп, «адамды ксерокопия жасау мүмкін емес» деп еді, бүгінде адамның кейбір органдарын жасау тәжірибелері жеміс беріп жатыр. Голливудтың киноларындағы «кибер-солдаттар» жақын жылдарда заттанып, ақиқатқа айналуы әбден мүмкін.
Адамның ой-қабілеті бүгінде қиял-ғажайып ертегілерден асып барады. Мұндайда Мұқағалидың «Мен басымнан қорқамын атом ба деп, Бір әлемет жасалып жатыр ма деп» деген өлеңі есіңе түседі. Расында, адам ойына не келсе соны жасай беруінің түбі жақсылыққа апарса игі, әйтпесе, бір фантастикалық шығармадағыдай (сюжет кинонікі ме, әлде әдеби шығарманікі ме, дәл қазір есіме түспей тұр) «саналы биороботтар» өздерін жойғысы келетін «ғалым-әкелеріне» қарсы шығып, адамдарды жаппай қыра бастаса – қасіреттің көкесі сол болмақ!
Бір-екі жылдықта ғаламторда ақпараттық технологияның дамуына орай, жойылатын мамандықтар туралы оқығаным бар, сонда алдағы кезде шет тілін оқытатын мұғалімдер, аудармашылар, алыс жолға жүк таситын көліктердің жүргізушілері, т.б. қажет болмай қалады деген тұжырым жасалады. Яғни, оның бәрін жасанды интеллекттер иеленіп, адамның қатысы қажетсіз болады дейді. Мұның жаны бар сөз екенін қазір де көріп отырмыз. Мысалы, есептер жасау, төлемдерді төлеу, кіріс-шығысты тіркеу секілді есепшілердің жұмысын бір ғана компьютерлік бағдарлама атқарып жатыр, түрлі құжатты мемлекеттік операторының көмегінсіз-ақ e-Gov арқылы түрлі анықтаманы алып, құжаттар рәсімдей аламыз. Банктердегі несие жөніндегі менеджерлерді керек етпей, несие алу, т.б. шаруаларды телефондағы мобилдік қосымшалар бітіре алады. Тіпті, газет-журнал, кітап шығару ісіне де қауіп төнгендей. Олардың бәрін электронды форматта жасап таратуға болады. Хат жазу деген нәрсенің тоқтағанына да көп болды, олардың орнын sms-хаттар, электронды пошта басты. Былайша айтқанда, ақпараттық технология дамуының қарқыны көптеген жұмыс түрлерінің жабылып, жер бетінде миллиондаған адамның жұмыссыз қалуына әкелді.
Әрине, мұның қиындығы да, жақсылығы да бар. Қиындығы – жұмыссыздықтың көбеюі болса, жақсылығы – түрлі қызметтің оңтайлы әрі тез атқарылуында. Десек те, жарық бар жерде көлеңке болмай тұрмайтыны секілді, ақпараттық технология дамыған сайын адамдарды бақылау күшейіп, интернет арқылы манипуляцияға ұшырау, алаяқтық әрекеттердің құрбаны болу, біреулердің бопсалауы салдарынан өзі-өзіне қол салуға дейін жетуі жиілеп бара жатқаны алаңдатпай тұрмайды. Тіпті, интернет алаяқтарына алданып шотындағы ақшаларынан айрылып, атына өзге біреулер алып кеткен жағдайлар да жиі кездесуде. Демек, бүгінде ақпаратық технологияны жетік меңгермесең, оны жақсы игеріп алған ниеті бұзықтарға жем болу оп-оңай. Арам ниеттілердің ақпараттық технология өнімдерін жақсы пайдаланғаны соншалық, Сириядағы «жихадқа» түрлі әлеуметтік желілер арқылы мыңдаған адамдарды азғырып соғыстан бір-ақ шығарды. Оның соңы – сүйегі жат жерде қалған адамдар, қаңғып қалған әйелдер мен жас балалардың тәлкек болған тағдыры...
Тегінде, ғасырлар ғұламасы әл-Фарабидің ««Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзі көкейкестілігін жоғалтпайтын даналық болса керек. Өйткені пышақтың тамақ жасауға пайдаланылу да, суық қаруға айналуы да адамның ниетіне байланысты.
Адам баласы есейген сайын түрлі қиындықтармен бетпе-бет келуі көбейетіні тәрізді, адамзат ақыл-ойының жемісі – ақпараттық технология дамыған сайын адамның рухани әлемі тарылып, еркін өмір сүруі де ауырлап бара жатқан тәрізді. Өйткені адам жаны табиғатынан қызыққыш, еліккіш нәрсе. Білемін, көремін, құралды пайдаланам деп өзін басқара алмай, соның жетегінде кетуі оңай. Адамның осы осалдығын пайдаланып біреулер оны табыс көзіне айналдырып та жатыр. Мәселен, бүгінде күллі әлемге танымал facebook әлеуметтік желісінің негізін салушылардың бірінің айтуынша, желіге адамдарды барынша көбірек тарту үшін оған писхологтар қатыстырылған дейді. Яғни, адамды желіге қайткенде қызықтыруға болады деген мәселе қаралған. Сөйтіп, желіде жазылған постарға, жарияланған суреттерге комментарий жазу, лайк (ұнау белгісі) басу секілді қызметтер қосылған. Бұл адамдардың өзгенің назарында болуды қалайтын мінездерін ескергендік болса керек. Ол жемісін бермей де қалған жоқ. Азғана уақытта бұл желіге миллиондаған адамдар тіркеліп, бір-бірімен онлайн дос болып, байланыса бастады.
Әлеуметтік желілер адамдардың бір-бірімен байланысу құралы дегенмен мұнда манипулияция жасау күшті дамыған. Оған сауатты адамдар болмаса, белгілі бір мәселе бойынша білімі таяздар тез алданады. Өйткені мұнда жалған ақпарат тарату, шынайы бейнесін жасыру, түрлі фейк парақшалар арқылы біреуді жамандап оның беделіне нұқсан келтіру, т.б. теріс әрекеттер жасауға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, мұнда адамдар түрлі алаяқтық әрекеттердің құрығына түседі. Ол қазірде тыйылмай тұр... Міне, осындай құбылыстардың белең алуы нәтижесінен фактчек (белгілі бір ақпараттың өтірік-расын анықтау) қызметі пайда болды.
Мамандар компьютерлік бағдарламаларға шектен тыс иек арту – адамдарды рухани жағынан дамуын тежеп жатқан көрінеді. Мәселен, қазірде газет-журнал, кітап шығару толығымен компьютерленді. Әріпті теруден бастап, материал жазу, газет-журнал, кітаптарды безендіру жұмыстарына дейін компьютермен жасалады. Материал жазушылар интернеттегі біреудің сонша ізденіп жазған дүниесін оп-оңай иемдене беретін болса, безендірушілер де суретті, макетті өзге біреудің жасағанынан көшіріп не соған ұқсатып жасай салуы мүмкін. Бұл біреудің еңбегін рұқсатсыз пайдаланып, авторлық құқыққа зиян келтіруі мүмкін. Сондай-ақ, кітап безендірушілер де қазір суретшілердің көмегін пайдалана бермейді, оның жұмысын атқаратын дизайнерлер оннан-мұннан алып құрастыра салады.
Ал музыка саласында фонограммамен айтатындар көбейіп, әншілердің өз даусымен ән айтуы сиреп кетті. Соның себебінен сахнада өз даусымен айтуға мәжбүр болған кейбір әншілердің өзі орындайтын әндердің мәтіндерін ұмытып қалып жатқан жағдай да жиі ұшырасады. Өйткені әнші студияда ән жаздырған кезде ән мәтінін қағазға қарап бір айтып шыққан да, қайтып оны тірі дауыста айтып көрмеген! Неше күн бойы жарнама жасап концерт беретін әншілердің кешіне барсаң интернеттен тыңдап жүргеніңді сол қалпында қайталап береді, тек өзі ғана сахнада жүр. Тіпті, бұған етіміз өліп, концертке тек әншінің түрін көруге баратынымыз қалыпты жағдайға айналып бара жатыр...
Бүгінде біз интернетті білім, ақпарат көзі ретінде пайдалансақ, бара-бара өз жұмысымызды құрылғыға жасататын жаққа қарай кетіп бара батқан секілдіміз. Мәселен, нейрожелі... Бұл желінің бағдарламалары адамша «ойлап», адамша жұмыс істейді. Болашақта бізге мақала немесе ғылыми жұмыс жазып беруі әбден мүмкін. Қазірдің өзінде қолданыла бастаған нейрожелі өнімінің бірі – ChatGPT тілдік моделі. Ол, әрине, адамша ойлай алмайды, бірақ бар материалдар негізінде саған қажет мәтін жазып бере алады. Бұл жайында baribar.kz сайтына сұқбат берген IT-маман, аndroid бағдарламалаушы, Kazakh in Cardiff Telegram-каналының иесі Данияр Мұқанов былай дейді: «ChatGPT – адам сияқты, адамның тіліне ұқсас етіп, еліктеп жауап беруге үйретілген дүние. Бірақ өзінің жеке логикасы жоқ, тек үйретілген нәрсені қайталап бере алады.
Әзірге бұл чат ағылшын тілінде керемет жұмыс істеп тұр. Қазақ тілінде қате, қисынсыз ақпарат беріп қалатын кездері болады. Сондықтан ChatGPT қазақ тілінде дұрыс сөйлесе алуы үшін желіге сапалы ақпарат пен сауатты жазылған әдебиеттерді жүктеуіміз керек. Сонда ол қазақ тілі құрамы мен морфологиясын, сөйлем құрылымдарын «түсінуге» тырысады». Мұны қалай қолдану керек екенін көрсеткен Д.Мұқанов одан (ChatGPT-қа) «Абай Құнанбаевтың гуманистік идеясы» туралы сұраған. ChatGPT оған былайша «жауап» беріпті:
«Абай Құнанбаевтың гуманистік идеясы қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор болған1. Ол қазақ халқының өнер мен білім, өнеге мен тәлім, достық-жолдастық, парыз бен қарыс сияқты қасиеттердің асыл үлгілерін жырымен де, ғақлияларымен де жеткізе білді2. Ол орыс және европа мәдениетімен жақындасу арқылы қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, сазгер, аудармашы болып табылады1. Оның қара сөздерінде терең философиялық толғаныспен көрініс тапқан3». Learn more: 1. kkwikipedia.org 2. kkwikipedia.org 3. kznews.kz.
Әдетте, біз интернеттен мәлімет іздегеннің өзінде қанша материалдарды сүзіп шығамыз және оны қорытып шыққанша бірталай уақыт кетеді. Ал жоғарыдағы мәтінді нейрожелі бар болғаны 3-ақ секундта құрастырып берген! Ендеше, мұндай мүмкіндікті адам баласы қалт жібере ме? Содан келіп болашақта мұндай мақалаларды адамның өзі жазып отырмайтын шығар. Бүгінде «копировать» «вставить» деген командаға әбден еті үйреніп кеткен оқушылар мен студенттер мынадан кейін басын ауыртып мәтін жазуды мүлде қойып кетпес пе екен?..
Қалай десек те, ақпараттық технология дәуірі адамдардың ой еңбегін азайтып, қара жұмыстан «құтқаруға» барынша тырысып-ақ жатыр. Алайда, «таяқтың екі ұшы бар» демекші, физикалық еңбектен қашып «ауырдың үсті, жеңілдің астымен» жүруге бейім бүгінгінің адамдарын мүлде масыл қылып алмаймыз ба? Мәселе сонда...
«Ауадан ақша жасау» деген ұғым бар. Бүгінде америкадағы ең бай, ешқандай материалдық өнім жасамай-ақ байып кеткен Google, facebook, microsoft секілді трансұлттық компаниялардың иелері әлемдегі ең бай адамдардың алғашқылары болуы да көп ойға жетелейді. Әрине, олар мұндай танымалдық пен байлыққа ой еңбегімен жеткені даусыз, бірақ олардың жасағандарын тұтынушылар миллиардтап саналады. Демек, азғана адамдар тобының көзге көрінгенмен қолға ұстап көруге болмайтын «өнімдерін» миллиардтаған адамдар тұтынып, оларға тәуелді болып отыруы сан түрлі ойға жетелейді...
P.S.
«Өркениеттің ең маңызды мақсаты – адамға ойлануды үйрету» деген екен алғашқы дыбыс жазу аппаратын (фонограф) т.б. мыңнан аса құрылғы ойлап тапқан Томас Эдисон. Бірақ көріп отырғанымыздай, бүгінгі өркениеттің бағыты адамды ойландырудан гөрі жасалған нәрсені пайдаланушы тұлғаға айналдырып бара жатқандай. Бәлкім, біреу жасаған нәрсені пайдалануды үйренуге аз-кем тер төгерміз, бірақ оның аржағына ешкім үңіліп жатқан жоқ.
«Өркениет дегеніміз – мәдениетті қоғам қалыптастыру» дейді ағылшын суретшісі және ақын Джон Рескин. Қазіргі дәуірге көз салсақ, мәдениет пен өркениет екеуі мүлде басқа дүние сияқты. Мәдениет рухани әлем болса, өркениет технология. Ал технологияны тәрбиесі дұрыс емес пенде қолданса, оны мәдениет үшін емес, қарақан басы үшін – мал-дүние жинау үшін ғана пайдаланатынын білеміз.
Қайсы оқымыстының айтқаны есімде жоқ, бірақ «Өркениет – адамзаттың өз көрін өзі қазуы» деген пікірді оқып едім бір жерден. Кейде технологияны шексіз дамыта берудің соңы қайда апаратынын болжап білудің өзі қорқынышты. Бұған ойшыл адамдардың өзі көп назар аударған. Ғаламтордан өркениет туралы қанатты сөздерді оқығанда соған көзім жетті. Қазір де бұл жайында оқымыстылар бас қатыруда.
Бейжіңде өткен жаһандық мобильді интернет-конференцияда британдық ғалым Стивен Хокинг жасанды интеллект болашақта адамзатқа қатер төндіретінін айтқан екен. Оның пікірінше, ғылымның осы бағытта дамуы «адамзат үшін жарқын да қорқынышты факторға айналуы мүмкін». Яғни, технология адамның азып-тозып, табиғаттың, түрлі апаттардың алдында дәрменсіз қылып тастауы мүмкін.
Өзінің ақылдылығын, қиялының ұшқырлығын дәлелдеп, технологиялық дүмпумен «Құдайдың құқығына қол салып жүрген» адамдардың тірлігі күндердің күнінде өз басына зауал тілеп алмаса игі...
Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ