Жаңалықтар

Атырауда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік 60% үстемемен сатылған

ашық дереккөзі

Атырауда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік 60% үстемемен сатылған

Атырауда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік 60 пайыз үстеме бағамен сатылған деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. Облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Жаңабековтің мәліметінше, биыл тиімсіз делдалдарды анықтау жөніндегі комиссияның 30-ға жуық отырысы өткізілген. «Комиссия отырысының нәтижесінде «АтырауПробСнаб» ЖШС жеткізген сары май өнімі «Идеал Маркет» ЖШС-нің 40 сауда желісінде 2690 теңгеден сатылғаны анықталды. Қазір аталған өнімнің бағасы 1680 теңгеге төмендетілді. Супермаркет желілерінде басқа облыстардан тасымалданған тұз 75 теңгеден сатылып жатқаны белгілі болды. Жергілікті тауар өндіруші «Индер тұз» ЖШС-нің өнімін 45-55 теңгеден сатуға ұсыныс берілді. Соның нәтижесінде 58 супермаркетте тұз бағасы орта есеппен 34 пайызға төмендетілді. Ал «Трейд Стандарт» ЖШС, «Нурсагитов» және «АДК-Батыс» жеке кәсіпкерлігі сүт, сары май және тауық етіне 30-60 пайыз аралығында үстеме баға қосып, супермаркет желілеріне тасымалдап келген. Комиссия тарапынан үстеме бағаны 15 пайызға дейін төмендету бағытында тиісті жұмыстар жүргізілді», - деп хабарлады Нұрбол Жаңабеков. Оның айтуынша, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-бабына сәйкес, тауарларға үстеме баға 15 пайыздан асырылмауы керек. Егер бұл деңгейден асатын болса, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 10 АЕК (34 500 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне 75 АЕК (258 750 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 300 АЕК (1 млн 35 мың теңге) көлемінде айыппұл салынады.