Жаңалықтар

Әнұран шырқалғанда орнынан тұрмаған тілшілер кешірім сұрады

ашық дереккөзі

Әнұран шырқалғанда орнынан тұрмаған тілшілер кешірім сұрады

Мәжіліс Парламенті ғимаратындағы жиында әнұран шырқалған кезде орнынан тұрмаған екі тілшінің басы дауға қалды деп хабарлады turkystan.kz. Бұл туралы журналист Нұрбек Бекбау өзінің парақшасында видеомен бөлісіп, қысқаша пікір білдірді. «Әнұран шырқалып жұрттың бәрі тік тұрғанда Тамара Вааль мен журналист Ирина Севостьянова неге былшиып отырсыздар? Басқа емес, Парламент ғимаратында тұрып, әнұраныңды менсінбеу не деген сорақылық. Гимнді мойындамау – мемлекеттілігіңді мойындамау ғой. Оғаш оқиғаны Дархан Қыдырәлі мырза назарға алуыңызды сұраймыз»,- деп бөлісті журналист. Белгілі болғандай олар «Власть» редакциясының тілшлері болған. Кейін редакция әнұран кезінде орнынан тұрмаған тілшілердің әрекеті үшін кешірім сұрады. Олар бұл туралы өздерінің телеграм арнасындағы жазбада бөлісті. «Власть әнұран ойнағанда орнынан тұрмай, жұмыс істеуін жалғастырған журналистің әрекетін құп көрмейді. Біз бұл үшін кешірім сұраймыз», - деп жазды басылым. Артынша тілші Тамара Вааль да Facebook-тегі парақшасында жазба жариялап, халықтан кешірім сұрады.

«Парламенттегі видео бойынша айтарым - осындай келеңсіз оқиғаның себепкері болғаныма өкінемін, әрине! Мен ешкімді ренжіткім келмеді, өз жұмысымды атқарып отырдым. Мен өз елімнің Әнұранын жатқа білемін, ылғи да тік тұрып, зор мақтанышпен орындаймын.

Достар, ақпарат саласында еңбек етіп жүрген маман ретінде Парламенттегі оқиғадан тараған вирустық бейнежазбаға қатысты пікір білдіргенім дұрыс деп ойлаймын.

Алдымен айтарым, Әнұран кезінде орнынан тұрмау - журналистер жиі жіберетін қателік, өйткені сол сәттегі жаңалықтарды тезірек баспасөзге жеткізу керек. Ақпарат қызметкерлері - ақпаратты сол сәтте және тап қазір тарататын журналистер. Ал өз ісімнің кәсіби маманы ретінде менің де мойныма Парламент қабырғасында болып жатқан маңызды жайттарды халыққа барынша тез әрі ашық жеткізу жүктелген.

Біздің жұмысымыздың ерекшелігі де осында, біз нақты уақытта болып жатқан барлық нәрсені мәтін түрінде беруіміз тиіс. Мемлекеттік Әнұран орындалып жатқанда операторлар мен фотографтар залды аралап, түсіріп жатқаны сияқты шаруа бұл. Мұны осы саладағы кез келген маман мен айтпай-ақ білуі керек. Бірақ бұл менің өз елімді, мемлекеттік рәміздерімді сүймеймін, құрметтемеймін дегенді білдірмейді. Мен Қазақстан Республикасының азаматымын, балаларым да Қазақстан Республикасының азаматтары.

Бүгін кейбіреулер Тамара Вааль дегеннің кім екенін дұрыс танымаған сияқты. Мен - 18 жылдық тәжірибем бар журналистпін, көбінесе тәуелсіз БАҚ-та жұмыс істедім. Жемқорлық, халықтың өзекті мәселесі туралы жазып жүрмін, рас, билікті көп сынаймын. Мен әрқашан өз жұмысымды адал орындадым және орындай да беремін. Кез келген орынды сынды қабылдауға әзірмін, бірақ дәл бүгінгі маған деген өшпенділік жаныма батып тұр. Мен өз елімнің азаматымын, жемқор шенеуніктерді, ел тұрғындарының ортақ проблемаларын, көпшіліктің талап-тілегі туралы жазатын журналиспін. Дәл осындай өзекті мәселелер бәрімізді біріктіруі керек деген ойдамын» , - деп жазды ол.