Жаңалықтар

Жаңадан сайланған депутаттар халық мүддесі үшін қызмет етуі керек – Серік Негимов

ашық дереккөзі

Жаңадан сайланған депутаттар халық мүддесі үшін қызмет етуі керек – Серік Негимов

Бүгін Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс депутаттарын ресми тіркеді. Жаңадан сайланған депутаттарға сайлау куәлігі мен төсбелгі табысталды. Осыған орай Turkystan.kz тілшісі профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Негимовтің жуырда өткен cайлау және VIII сайланымның депутаттары туралы пікірін білді. «Бұл жолғы науқан бұрынғыларынан өзгерек болды. Олай дейтін себебім, сайлау алдында өзіндік мақсат-мұраты бар әр партия «Жаңа Қазақстанды» дамытамыз, халыққа қызмет етеміз деп кандидатурасын ұсынды. Оның үстіне таяуда өткен сайлауда бұрынғыдай әр партия кімнің депутат болатынын өзі шешпеді. Бәріне халық таразы, халық сыншы болды. Сондықтан сайлау да тартысты өтті. Біткен іске сын айтатындар әр уақытта да табылады. Депутат болып сайланғандар арасында халықтың үмітін ақтайтын қайраткерлер бар, кездейсоқ өткендер де болуы мүмкін», - деді ол. Профессор Мәжіліске өткен халық қалаулыларын құттықтап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. «Жаңадан сайланған депутаттарға табыс тілейміз! Енді олар мемлекеттің мүддесі үшін аянбай қызмет етуі керек. Былтырғы қыс мезгілі халыққа ауыр тиді. Өйткені бүкіл Қазақстандағы ЖЭС апатқа ұшырады, бәрі тозды. Екібастұз, Риддердегі оқиғалар – соның дәлелі. Сондықтан да енді халықтың тағдырын ойлауымыз керек. Мәжіліс депутаттары осыны көкейіне тоқып, ел үшін қызмет етеді деп сенемін!» - деді Негимов.