«Үміт ақталмады»: спорт сарапшысы қазақстандық әуесқой боксшыларды сынады

«Үміт ақталмады»: спорт сарапшысы қазақстандық әуесқой боксшыларды сынады

«Үміт ақталмады»: спорт сарапшысы қазақстандық әуесқой боксшыларды сынады
ашық дереккөзі
14-26 наурыз күндері Үндістанның астанасы Нью-Дели қаласында бокстан әйелдер арасында әлем чемпионаты өтті. Қазақстандық қыздар 2 күміс, 4 қола жүлдеге ие болып, медальдар кестесінде 8-сатыдан көрінді. Жарыс аяқталған соң turkystan.kz тілшісі спорт сарапшысы Аслан Қаженовтің әлем чемпионатында бақ сынаған қазақстандық боксшылар жайлы ойын білді.
«Алтынсыз қайту әдетке айналды. Қыздардың кешегі жетістігіне қарап, осындай түйін жасауға болады. Өйткені алтын алу керек еді. Оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, биыл әлем чемпионатына 20 ел қатыспады. Ресей мен Беларусь құрамаларына толық құрамда қатысуға мүмкіндік берілгеннен кейін, АҚШ, Еуропа елдері халықаралық бокс федерациясының шешіміне байкот жариялады. Оның ішінде, әсіресе, Еупопа қыздарының бокстан мықты екенін мойындау керек. Яғни біраз салмақта фавориттер, көп спортшылар болмады. Бұл біздің қыздарға берілген жақсы мүмкіндік еді. Алғашқы күндері 12 боксшымыздың алтауы жартылай финалға шықты. Сонда керемет көрсеткіш деп қуанып едік. Бірақ финалға екеуі ғана өтті. Жарайды, екеуінің бірі алтын алар деп ойладық. Әсіресе, Карина Ибрагимова алтын алады деп ойлағанмын. Бірақ үміт ақталмады. Екіншіден, біздің спортшылар тым тоқ, оларға ақша аса қажет емес. Мысалыға, биыл алғаш рет жеңімпаздарға берілетін сыйақы көлемі артып, рекордтық деңгейге жетті. Қолаға 25 мың, күміске 50 мың, алтынға 100 мың доллар беріледі. Бұрын-соңды әлем чемпионатында мұндай болмаған. Бірақ мұның өзі біздің қыздарға мотивация бола алмаған сияқты. Үшіншіден, қатты қуанып қойдық. Финалға шыққан екі қыз жартылай финалда жеңіске жеткен кезде қатты қуанды. Сурет, видеода сол қатты байқалады. Сол кезде бекер бұлай қуанып жатыр-ау, әлі финал бар ғой деп ойлағанмын. Сол ойым расталған секілді. Негізінде әлем чемпионы боламын деген адам жартылай финалдағы жеңіске қуанбай, эмоциясын, күшін келесі жекпе-жекке сақтайды. Кемі күміс алып тұрса да, оған қанағаттанбайды. Ал біздің қыздар қатты қуанды», - деді ол.
Сонымен қатар журналист отандық бокста жиі кездесетін қателік туралы айтты.
«Спортшылардың ерте қуануын - отандық бокстағы жиі кездесетін қателік деп айтар едім. Бас бапкер Шамиль Сафиуллин көрсе ескерер. Алтынсыз оралғаны болмаса, 2 күміс, 4 қола да жаман емес. Әйелдер боксында ерлер секілді көрсеткіштер тұрақты болмайды, ауысып тұрады. Оған қатты ренжіп, өкпелеу де дұрыс емес. Жалпы Алуа Балқыбековадан алтын күттік, жартылай финалда сүрінді. Екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбайдан да алтын күттік, алғашқы күндері жарыс жолынан шығып қалды. Менің білуімше, осы қыздар негізгі үміткер еді», - деді ол.
Аслан Қаженовтің айтуынша, қазіргі уақытта боксшыларымыз Түркістан облысындағы жаттығу базасында жиналып жатыр.
«Енді ерлер арасында әлем чемпионаты басталады. Спортшылар Түркістан облысындағы жаттығу базасында жиналды. Мүмкін жаттығу жиынын бастап та кеткен шығар. Әзірге ұлттық құрмадан ел намысын қорғайтындар тізімі белгісіз. Осы жаттығу жиынында спарингтер өткізіліп, жеңіске жеткендерден құрама жасақталады деген ақпарат алдық. Бұл жиын туралы тағы да ресми ақпарат жоқ. Негізінде федерациялар, министрлік, комитет - барлығы боксшыларымыздың жаттығуы туралы ақпарат беріп отыруы керек. Мысалыға, осы жаттығудың болып жатқанын үшінші адамдардан естіп жатырмыз. Кімдердің қатысып жатқаны, қанша адам жиналғаны туралы ресми мәлімет жоқ. Қазақ жанкүйерлер бокс туралы ақпаратты асыға күтеді. Біз білуіміз керек. Бірақ федерация, жаттығу жиындары әзірге жабық. Одан кейін әлем чемпионаты жақындағанда Ресеймен, Қырғыз Республикасымен бірлескен оқу-жаттығу жиыны болады деген ақпарат тарады. Әсіресе, Ресей мен Қазақстан арасында үздік боксшылар қарсылас болады екен. Бұл - жақсы. Өйткені қазір Ресей боксшылары аш. Шеттетілген соң біраз жарысқа қатыспады. Сондықтан мықты спортшыларын әкеледі. Ал ол біздікілерге тәжірибе болады. Әлем чемпионаты кезінде нәтижесін беруі керек деп үміттенеміз», - деді журналист.
Сонымен қатар ол Ташкенттегі әлем чемпионатына қатысты болжам жасады.
«Ташкенттегі әлем чемпионаты туралы болжам айту өте қиын. Әзірге құрамада кімдердің болатыны да белгісіз. Ең алдымен, солардың тізімін қарау керек. Одан бөлек қарсыластар да мықты. Жергілікті өзбек жігіттері бар, Ресей қатысады дедік. Жалпы алғанда ерлер арасындағы бокс тоқтаусыз дамып жатқандықтан, бәсекелестік өте жоғары болады. Ресей мен Беларусь құрамаларының боксшылары бұл жолғы әлем чемпионатына да толық құрамда қатысуға мүмкіндік алды. Халықаралық бокс федерациясының шешіміне АҚШ пен Еуропа мемлекеттері байкот жариялағандықтан, бұл чемпионатқа да олардың спортшылары қатыспайды. Сайыс тағы да шамамен 20 ел арасында өтеді. Байкот жариялағандар өздері бөлек, әлем чемпионатына параллель турнир өткізбек, бөлек федерация құрып жатыр. Жалпы әлемдік бокстың былығы көбейді. Бұл жағымсыз жағдай алдағы уақытта боксты Олимпиада бағдарламасынан алып тастауға әкелуі мүмкін. Қазір сондай пікір жиі айтылып жүр. Яғни Париждегі Олимпиадада бокс қалуы мүмкін, алайда 2028 жылғы Олимпиада бокстың тағдыры бұлыңғыр», - деді Қаженов.