Алматы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Air Astana әуекомпаниясы өкілінің актісі бойынша екі жолаушы рейстен түсірілді деп хабарлады turkystan.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Екі ер адам Алматы – Астана бағытындағы әуе рейсіне отырғызу кезінде өздерін дөрекі ұстап, бортсеріктерді балағаттаған.
Көлік полицейлері Ресей Федерациясының 34 жастағы екі азаматының мас болғанын анықтаған.
Оларға қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 440-бабы мен 434-бабы бойынша әкімшілік материал толтырылып, 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Ұсақ бұзақылық бойынша материал тиісті шешім қабылдау үшін Алматының әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданады.