Өзбекстан БҰҰ-да Арал теңізі мәселесін қозғады

Өзбекстан БҰҰ-да Арал теңізі мәселесін қозғады

Өзбекстан БҰҰ-да Арал теңізі мәселесін қозғады
ашық дереккөзі
22-24 наурыз аралығында БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде ұйымның су мәселесіне арналған конференциясы өтті деп хабарлады turkystan.kz uza.uz сайтына сілтеме жасап. Жиында 2030 жылға дейін әлемді табиғат арқылы біріктіру, планетамыздағы теңіздер мен мұхиттардың маңызы және осыған байланысты жаһандық бастамалар талқыланды. Оған БҰҰ-ға мүше барлық елдер мен мамандандырылған мекемелер тарапынан ықпалды спикерлер қатысты. Халықаралық қауымдастық мұндай конференцияға 45 жылдық үзілістен кейін алғаш рет жиналды. Себебі бұл мәселе өте өзекті: 2050 жылға қарай планета халқының 5 миллиард адамы су тапшылығынан зардап шегуі мүмкін. Бұл тұрғыда Өзбекстанның да айтары мен ұсынары көп, тәжірибесі мол. Өйткені бір кездері көлемі жағынан дүние жүзінде төртінші орында тұрған Арал теңізі Өзбекстан жерінде орналасқандықтан, оның бүгінгі тағдыры бүкіл халықаралық қауымдастықтың мәселесі. Оның үстіне кейінгі жылдары Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев БҰҰ-ның жоғары деңгейдегі отырыстарына қатысқан сайын дәл осы мәселені көтеріп келеді. Конференцияға ұйымға мүше 198 елдің қатарында Өзбекстан делегациясы да қатысты. 23 наурызда конференцияның жоғары деңгейдегі пленарлық отырысында делегация мүшесі Саида Мирзиёева БҰҰ мінберінен Арал трагедиясының зардаптары, Өзбекстан тарапынан атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар мен осыған байланысты халықаралық күш-жігерді біріктіруде елдің жетекшілігі туралы айтты. Саида Мирзиёева Арал жағасындағы Мойнақ бұрын үлкен өндірістік қуаттары бар портты қала болғанын, кейін тепе-теңдік бұзылғанын айтты.
«Арал теңізінің дағдарысы – адамның қоршаған ортаға немқұрайлы қарауының салдары. Дегенмен, қамқор адамдардың күш-жігерінің арқасында ол қайтадан үміт пен жаңару символына айналып отыр», - деді Саида Мирзиёева.
Президент Шавкат Мирзиёев көтерген бастамалар халықаралық деңгейде қолдау тауып, 2021 жылы БҰҰ-ның Арал өңірін экологиялық инновациялар мен технологиялар аймағы деп жариялау туралы қарары қабылданғаны, ал одан сәл ертерек – 2018 жылы Адам қауіпсіздігі үшін көпжақты серіктестікке негізделген траст қоры құрылғаны атап өтілді. Өзбекстан жүзеге асырып жатқан шаралар туралы сөз болғанда, аймақты қаржыландыруға, оның экономикалық әлеуетін арттыруға, ең бастысы, қайсар қарақалпақ халқының денсаулығын қалпына келтіруге, жасыл желекті саябақтар құруға 14 миллион доллардан астам қаржы бөлінгені айтылды. Қайғылы оқиғаның зардабын көріп жатқан Қарақалпақстан халқының табандылығы, еңбекқорлығы, жасампаздығы ерекше бағаланды. Өңірдің ауыр жағдайында әйелдерге ерекше қамқорлық пен қолдау қажет екені, олардың мүмкіндіктерін кеңейту қажеттігі баса айтылды. Сөзінің соңында Саида Мирзиёева халықаралық қауымдастықты Өзбекстанның жаһандық су мәселесімен тығыз байланысты Арал трагедиясының зардаптарын жоюдағы күш-жігерін қолдауды жалғастыруға шақырды. 22 наурызда БҰҰ-ның су мәселелері жөніндегі конференциясы аясында Өзбекстан министрлер кабинеті жанындағы Мәдениет және өнерді дамыту қоры ұйымдастырған «Aral Culture Summit» жобасының тұсаукесері өтті. Бұл жергілікті және халықаралық қауымдастықты, жетекші ғалымдар, сәулетшілерді, суретшілер мен дизайнерлерді біріктіретін жаңа институт. Арал мәдениеті саммиті аясында жас ұрпақты аймақтағы жағдайды жақсартуға ықпал ететін дағдыларды дамытуға ынталандыру үшін білім беру және алмасу бағдарламалары, шәкіртақылар мен тағылымдамалар ұйымдастырылады. Сондай-ақ саммит аясында биодизайн ферма-зертханасы ұйымдастырылады. Жоба аясында өңірді сумен қамтамасыз ету, ауылшаруашылық дақылдарының жаңа түрлерін жасау, өңірдегі тұздануды азайтудың түрлі технологиялары зерттеліп, әзірленетін болады. Саммиттің жергілікті фермерлермен шығармашылық адамдарының басын қосып, жаңа өсімдіктерді өсіру үшін биодизайн саласында тұрақты қарым-қатынас орнатып, сол арқылы алдағы 10 жылға стратегиялық жоспар әзірлейтіні белгілі болды. Бұл жергілікті қоғамдастықта үлкен өзгерістерге жол ашады. Алдағы саммиттің мәні мен маңызы конференцияның аясында «Су ынтымақтастық үшін: су ресурстары саласындағы трансшекаралық және халықаралық ынтымақтастық, сектораралық, оның ішінде су саласындағы ғылыми байланыстар және тұрақты даму күн тәртібіндегі су мақсаттарына қол жеткізу» тақырыбындағы сессияда және қор ұйымдастырған халықаралық сарапшылардың қатысуымен «Өнерден әрекетке: Арал өңірін жандандыру үшін шөлді орманға айналдыру» тақырыбында өткен панельдік пікірталас барысында жан-жақты айтылды.