Қыдырәлі ДАЙЫРБЕКОВ, кәсіпкер, модельер: Қазір әлем қазақы стильге қызығып отыр
Қыдырәлі ДАЙЫРБЕКОВ, кәсіпкер, модельер: Қазір әлем қазақы стильге қызығып отыр
Қазір қолына ине ұстап, іс тігетін, заманауи технологияны меңгерген ер азаматтар саны көбейіп келеді. Он саусағынан өнер тамған Қыдырәлі Дайырбеков те осы кәсіпті таңдаған. Алматы қаласынан дүкенін ашып, этно-модернизм стилінде киім тігіп жүрген ол шетелдегі қандастарымыздан жиі тапсырыс алатынын айтады.
Қыдырәлінің дүкенінен ерлер мен әйелдерге арналған түрлі киімдерді көруге болады. Заманауи стильде тігілгенмен әрбірінде ұлттық колорит бар. Бұл – шығармашылық ізденісті қажет ететін дүние.
Осылайша, арманшыл жас жоғары оқу орнын бітірген соң мектепте екі жыл жұмыс істейді. Алайда тігін өнеріне деген қызығушылығы арта береді. Осыдан кейін армандап жүре бермей, әрекетке көшуді ойлаған ол «Сымбат» дизайн және технология академиясына дизайн мамандығына оқуға түседі. Қазір ол алғаш киім тіккен сәтін күліп еске алады.
«Екінші курсты бітіріп, ауылға барғанымда өзім естіп алған мықты дизайнерлер алдымен пердеден киім тіккенін естіп мен де пердеден киім тіккен едім. Кішкентай адамға аз мата кетеді деген оймен кішкентай қарындасыма көйлек тіккенмін. Қазір сол көйлекті киіп түскен сурет сақтаулы», – дейді тігінші.
Кейіпкеріміз киім тігіп, кәсіп ашу аса қиын жұмыс емес екенін айтады. Мұндағы маңызды дүние – концепцияны дұрыс құра білу. Сонымен қатар ол жеке кәсіппен айналысуға бел буғанда көзсіз тәуекелге барып, асығыстыққа бой алдыруға болмайтынын айтады. Бастамаң сәтті болуы үшін барлығын жоспарлап, ой елегінен өткізіп алған жөн.
«Басында тапсырыстарды үйде қабылдап, мата алуға да өзім барып келетінмін. Киімді бір өзім тігіп, одан қалса әлеуметтік желілердегі парақшаны жүргізіп жүрдім. Осылай жұмыс істеп жүріп тұтынушыларға кеңес беруге үлгермей қалатынмын. Сосын жаныма адамдар жинап, жауапкершілікті ақырындап бөле бастадым. Ісіңді толық түсініп, дұрыс ұйымдастыра білсең, табысты бизнес болып шыға келеді деп ойлаймын.
Қазір масштабтау үстіндеміз. Әрине, жалғыз емеспін, командам бар. Олардың әрқайсысына жауапты жұмыс жүктелген», – дейді жас кәсіпкер.
Бір киімді тігуге кететін уақыт киімнің түріне, өлшеміне, пішкен кездегі детальдар санына және материалына байланысты. Ең бастысы, сапалы дүние тігіліп, ол тапсырыс берушінің көңілінен шығуға тиіс. Тігінші қазір трендтегі бұйымдарды тігіп, тұтынушымен дұрыс байланыс құру, құндылықтарды аша білу, тігін ісін ұйымдастыруда операциялық жүйелерді автоматтандыру мәселелеріне басымдық беріп жатқанын айтады.
Кәсіпкерді еліміздегі сапалы шикізат тапшылығы қынжылтады. Сондықтан ол қажетті материалды Италия, Корея, Жапония, Түркия елдерінен алуға мәжбүр.
«Қаламыздағы дүкендерден ойыңдағы бұйымды жасауға жарайтын мата таппайтын кездер болады. Сол кезде бірінші эскизден бұрын мата тауып, соған сәйкес эскиз сызатын кездер болады. Бұл шығармашылыққа шектеу қояды. Өкінішке қарай, елімізде тігін өнеркәсібі «Қазақстанда жасалған» дегеннен гөрі «Қазақстанда тігілген» деген атқа көбірек келеді. Себебі сапалы бұйым жасау үшін сапалы материал керек», – дейді тігінші.
«Этно-модернизм бағытын таңдадым. Ол – «заманауи қазақша» деген сөз. Бұл тек шапанға жапсырылған қошқар мүйіз емес. Біздің болмысымызды, тұрмысымызды ашатын мықты дизайнерлік туынды керек. Алдағы мақсатым – осы ісімді Қазақстанда сапасы мойындалған алпауыт бренд ретінде қалыптастыру. Ол үшін менде идея мен зерттеу материалдары бар.
Бізде құндылығы әлі толық ашылмаған бабадан қалған үлкен қолөнер мұрасы бар. Сән қайталанады, адам бейсаналы түрде өз діңгегіне байлаулы. Қазір әлемде қазақ болу сәнде. Біздің көшпелі өмір салтымыз үлкен Еуропа брендтерін шабыттандырып жатыр. Бұған мысал ретінде Louis Vuitton-ның киіз үй инсталляциясын айтсақ болады. Мен монетизацияланған қазақша өнердің авторы болуды мақсат тұтып отырмын», – дейді модельер.