Жалған намыс пен жанашырлықтың ара жігі

Жалған намыс пен жанашырлықтың ара жігі

Жалған намыс пен жанашырлықтың ара жігі
ашық дереккөзі

Өткен аптада «Пинта» желісінің Алматыдағы мейрамханасы сынның астында қалды. Қоғамның наразылығын тудырған түйткіл қызмет көрсету сапасына да, тағамның татымына да қатысты емес. Тіл мәселесі. Мейрамхана басшылығы музыканттарға қандай жағдай болмасын қазақ тілінде ән айтпау туралы талап қойған.

Бұған дейін Сhocolife компаниясының директоры Рамиль Мухоряповтың қазақ тіліне қатысты айтқан пікірі депутат, қоғам белсенділері, белгілі қайрат­кер­лердің де назарын аудартқан еді. Соңы қылмыстық іс қозғауға дейін ұласты. Кейінгі кезде мұндай оқиға жиілегенін байқаймыз. Мұн­дай жағдай деп тілдің көлеңкеде қалуын меңзеп тұр­ған жоқпыз, мәртебесін қорғауға, сыйлауға, құр­мет­теуге, қажет болса, талап етуге талпынғандардың қа­тары көбейіп келе жатқанын айтқанымыз. Әйтпесе, қазақ тіліне мұрынын шүйіріп, менсінбей қара­ға­ны­мен қоймай, онысын мақтан тұтып, жер әлемге жар сала­тындардың «жазасы» жұрт алдында кешірім сұ­рай салумен ғана жылы жабылатынына етіміз үйреніп кет­келі қашан... Осы оқиға қазақ тілінің, қазіргі тренд­ке айналып кеткен тіркеспен айт­сақ, мемлекеттік тілдің тағдырына қа­тысты тағы бір ой толғауға итермеледі. «Ті­­­лім­делген қайран қазақ тілі», «өз баласы өгей көрген тілім», «қазақ тілі бай, бірақ со­ны ешкім бағаламайды» деген сияқты 30 жыл бойы естіп келе жатқан жауыр әрі жа­лықтыратын тіркестерді ысырып тастап, бас­қаша толғап көрейік.

Санадағы сілкініс

Сонымен, мәселе Whats App желісін­де жазылған хабарламаның әлеу­мет­тік желілерде тарап кетуінен басталған. Әлгі хабарламада «Пинта» музыкант­тары­ның тобына мейрамхана басшылығы қазақ тілінде ән айтуға тыйым салатыны туралы ай­тылған. – Біз қазақ тіліндегі әндерді орын­да­­май­мыз. Егер қонақтар сізден әнді қазақ ті­лінде орындауды сұраса немесе талап ет­се, онда «репертуарымызда қазақ тілін­де­гі әндер жоқ» деп жауап беру керек не­ме­се бірден мейрамхана менеджерін немесе ди­ректорды шақыру қажет. Бірақ қандай жағ­дай болмасын, тыйым салынған деп жа­уап бермеңіздер. Егер жауап беруге қи­нал­саңыздар, дереу менеджерді шақы­рыңыз­­дар, – деп айтылған хабарламада (ауд.). Ал мұны байқаған әлеуметтік желі қол­данушылары «бизнес ашып, ақша тауып жат­қан елдің тіліндегі әндердің несі жақпа­ға­нын» сұрап, шамданған. Оған мейрамхана әкімшілігі әлбетте, қазақ тіліне құрметпен қарайтындарын, дегенмен, мейрамхананың өзіндік концепциясы бар екенін айтып жауап беріпті. Содан соң белсенділер бұл «қазақтілді азаматтардың құқығына нұқсан келтіру, «тілдік сегрегация» екенін, және ол «Жаңа Қазақстанда» да жалғасып жатқанын алға тартып, мейрамханаға бойкот жария­лау­ға шақырды. Мейрамхана тағы да бас­тапқы айтқан түсініктемесіне мазмұндас мә­лімдемелерін айтып, түсіндіргендей бо­лып жатты. Сосын шу бәсеңсіп, артынша ты­нышталды. Әуелде айтып өткеніміздей, бұған дейін Chocofamily холдингінің бас­шысы Рамиль Мухоряпов орыс тіліндегі сұ­рақ­қа қазақ тілінде жауап бергендерді мә­дениетсіз деп есептейтінін айтқан еді. Қо­ғам оған жаппай наразылық білдіріп, ком­паниясына жаппай бойкот жариялаған бо­латын. Артынша Рамиль Мухоряпов көп­ші­лік алдында кешірім сұрады. Оның үсті­нен қылмыстық іс те қозғалды. Бірақ, сәл­ден кейін ол да ұмытылды, қылмыстық іс тоқ­­­татылды. Бұл – тек бірлі-жарым мысал ғана. Қа­зақ тілі туралы жағымсыз пікір айт­қандар кешірім сұрап құтылады, тілдің мәр­тебесін сақтауды талап еткендер ұлт араз­дығын тудырушы болып шыға келеді. «Ди­ван батыры» атанады. Ал бұл, шындап кел­генде, заң жүзінде бекітілген құқықты та­лап ету ғана емес пе?

Қай тілде билесе, сол тілде сөйлейсің

Тіл туралы заңының 4-бабында мем­ле­кеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл ау­ма­ғын­да қоғамдық қатынастардың бар­лық саласында қолданылатын мемлекеттiк бас­қару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi екені анық ай­тыл­ған. Яғни, қазақ тілі – қолданыстағы ең басты тіл. Болуы керек. Осы заңнаманы бұзғандар жауапқа тартылатыны туралы да норма бар (24-бап). Тілдің мәртебесі сақталуын Үкiмет, өз­ге де мемлекеттiк, жергiлiктi өкiл­дi және атқарушы органдар қадағалауы ке­рек екені де тайға таңба басқандай жа­зыл­­ған. Жалпы, билік қай тілде сөйлесе, қай тілде заң шығарса, қай тілге ба­сым­дық берсе, халық та өздігінен сол тілге икем­делетінін, ерікті-еріксіз сол тілде сөй­лей­тіні әлдеқашан зерттелген бұлжымас қа­ғи­да. Себебі халыққа қажет дүниенің жауабы – сол тілде. Қажеттілік. Біз әлі күнге дейін заңымызды орыс­ша жазып, қазақ тіліне аударып жүр­міз, құжатымыз да, басқамыз да, тұтас­тай іс-қағаздарымыз өзге тілде жүреді. Ау­дар­масы да сауатты емес, орысшадан тұ­тастай қотара салған калька аударма. Қа­­­зақ­ша құжат көрсек түсінбей, орысша­сын өзіміз сұрап аламыз. Ал жүргізіп отыр­ған тіл саясатымыз ақын-жазушылардың кі­­­таптарын қайта-қайта көшіріп басып, мүш­кіл халдегі мүгедек аудармалар жас­а­ған­нан әрі аспай отыр. Оған қаншама қыр­уар ақша бөлінеді. Одан қалса бір сөзді қосып жазып, оны қайта бөліп емлемен алысамыз. Жалпы, теория бойынша, тілдің не­­­­­г­ізгі 3 қызметі бар. Соның ішін­де­гі ең негізгісі – қарым-қатынас, яғни ком­­муникация құралы болуы. Ахмет Бай­тұрсынұлы іргелі еңбегін «Тіл – құрал» деп бе­керден-бекер атамаса керек. Тіл құрал болу­дан қалған күні, тіл қолданыстан шық­қан күні оның ғұмыры да аяқталады. Ешкім сөй­лемейтін, өлі тілдердің қатарына қосы­ла­ды. Бұл – кәдімгі нарықтық қоғамның сұра­­­­нысқа ұсыныс жауап беруге тиіс негізгі қағи­дасына сай дүние. Сұраныс болмаса, оны ешкім талап етпесе, қызығушылық бол­маса, ұсыныс та болмайды. Тілдің қол­даныс аясы тек патриотизмге ғана тіреліп тұр десеңіз, қателескеніңіз. Екінші – еліктеу. Билігің, байларың мен беделділерің қай тілде сөйлесе, еріксіз соларға еліктейсің. Ал біздегі кейбір шен­ділер қазақ тілін қорғағандарды «үңгір ұлт­шылдарына» теңеп, тауып айтқанына ма­саттанып, мұрнын шүйіреді. Бұған бір мысал ретінде кезіндегі орыс қоғамын айтуға болады. XVIII ға­сырда Франция өзіндік мәдени гегемонға ай­налды. Вольтер, Дидро, Руссо, Монтескье жаңа мәдени дәуірдің басты тұлғаларына ай­налды. Осылайша, Еуропа тұтастай фран­цуздарға еліктеді. Орыс қоғамы да шет қалған жоқ. Ресей дворяндары да көш­тен қалғысы келмеді, француз тілін мең­геру­ге көшті. Сол жылдардағы беделдің қан­шалықты маңызды болғанын бәрі бі­ле­ді. Көп ұзамай өздерін қарапайым шаруа­лар­дан жоғары санайтындардың бәрі Мон­тескье тілінде сөйлегенді қолай көрді. Бұл тіл мен мәдениеттің ажырамас бірлік еке­нінен де хабар беретіні айтпаса да тү­сінікті. Бірақ кейіннен орыс тіліне реформа жа­салып, емле мен ережелер бір ізге түскен соң француз тілінің ықпалы әлсіреп, биі­гі­нен түсті. Біздің қоғамда қазақ тіліне деген қы­зы­ғу­шылық мүлдем жоқ деуден ау­лақ­пыз, керісінше, үйренгісі келетіндердің қа­тары жыл санап көбейіп келеді. Дегенмен, біз оларға қаншалықты сапалы әдістеме ұсы­на алып отырмыз? Қазақша контенттің са­пасы қандай? Бұл – бағанағы сұраныс пен ұсыныс заңдылығының екінші жағы. Сұра­ныс бар, ұсыныс аз... Қазіргі кезде әлемдік тілдердің қата­ры­на еніп отырған көптеген тіл бірнеше ре­фор­малаудан өткен, сұрыпталған, жеңіл­де­тіл­ген, стандартталған. Себебі тіл – тірі орга­низм сияқты. Пайда болады, дамиды, өсе­ді, өледі. Қоғаммен бірге өмір сүріп, жаңа­рып, түрленіп отыруы керек. Тілдің пай­да болуы туралы негізгі теориялардың өзі биологиялық және әлеуметтік ба­ғыт­тарға негізделеді. Әйгілі неміс лингвисті әрі бо­таник ғалым Август Шлейхер тіл мен өсім­дікті салыстыра келе, тілді тірі орга­низм десе, Гумбольд, Бопп сияқты ғалымдар тілге қатысты ағза сөзін қолданған. Айт­пағымыз, тіл қоғаммен бірге өзгеруі керек. Қазақ тілін де стандарттап, бір ізге түсіріп, ғы­лым тіліне, интернет тіліне, технология ті­ліне икемдейтін кез әлдеқашан келген. Мә­селен, қазіргі ағылшын тілі ғасырлар бұ­рын қолданған ағылшын тілінен мүлдем өз­геше. Бұл тіпті он жыл бұрын болған тіл емес. Әлбетте, бұл – басқа тілдерді ысырып тас­тап, тек қазақ тілінде ғана сөй­лейік дейтін жалған ұран емес. Тек қазақ ті­лі­нің ахуалын жақсартсақ, ұлттық ерек­ше­лігіміз ретінде таныта білсек деген ниет. Қа­­зіргі ахуал да сол күн туғанын меңзеп тұр­­ғандай. Қазақ мәдениетіне, қазақ тіліне қы­зығатындардың қатары артып келеді. Тіп­ті, шетелде жүріп қазақ тілін, мәде­ние­тін дә­ріптейтін өзге ұлт өкілдері қан­шама. Ресми деректер де қазақ тілінің қол­да­ныс аясы біршама кеңей­ген деген мәлімет бере­ді. Былтырғы Ұлттық са­нақ­тың қорытын­дысы бойынша, ха­лық­тың 80 пайы­зы қазақша біледі екен. Сандарды сөй­летіп көрейік.

Халықтың 80,1 пайызы қазақша біледі

Ресми мәлімет­тер­де 1991 жылы елі­міз­де қа­­зақша сөй­лей­тін халық­тың үлесі 37 пайыз бол­ған деп көрсетіл­ген. 2015 жы­­лы бұл көр­сет­­кіш 76,3 пайызға өс­­се, 2016 жылдың соңы­на дейін 82,3 пайыз­ға жет­кен. Ал 2021 жылғы халық санағының ал­­дын ала мәліметтеріне сүйен­­сек, қазір қа­­­зақ­­ша білетін ел хал­қы­­ның үлесі – 80,1 пайыз. Өзге ұлт өкілдері ішін­де елде тұ­ра­­тын өзбектердің 72 пайы­зы, ұй­ғыр­­лардың 71,7 пайызы, тәжік­тер­дің 63,6 пайы­зы қазақ тілін біледі екен. Со­ны­мен қа­тар еліміздегі әрбір төр­тінші неміс (25,2 пайыз), орыс (25,1 пайыз) және ук­раин (23,7 пайыз) қазақ тілін меңгерген. Жал­пы елі­міздегі халықтың 15,9 пайы­зы­ның ана тілі – орыс тілі, 3,2 пайы­зының ана тілі – өз­бек тілі, 1,4 пайызының ана тілі – ұйғыр ті­лі деген мәлімет бар. Қазақша білетіндер үлесі 80 пайыздан ас­қанымен, күнделікті өмірде қазақ тілін қолданатындар үлесі 49,3 пайыз екен. Қоғамдық саясат институты зерттеуінің мә­ліметінде әрбір үшінші қазақстандық қа­зақ тілінде және орыс тілінде қатар ақ­па­рат алатыны айтылады. Ақпарат және қоғамдық даму министр­лі­гі келтірген деректерге сүйенсек, БАҚ са­­­ласындағы қазақтілді онлайн-контенттің үле­сі – 78 пайыз, оның ішінде мерзімді ба­­­сы­лымдардың үлесі – 84,5 пайыз, те­леар­на­лар – 79,2 пайыз, интернет-ресурстар 59,8 пайыз екен. Сонымен қатар эфирге 11 тіл­де, оның ішінде украин, поляк, неміс, ко­рей, ұйғыр, түрік және дүнген тілдерінде ха­барлар шығады. Жалпы білім беретін мектептердің 51,2 пайызы тек қазақ тілінде, 31,2 пайы­зы қазақ және орыс тілдерінде, 17,2 пайы­зы орыс тілінде білім береді. Мемлекеттік бағдарлама бойынша оқулықтар алты тілде: қазақ, орыс, ұй­ғыр, өзбек, түрік және неміс тілдерінде шы­ғарылады. Шет тілдері барлық мек­теп­те оқытылады. Ал былтыр мектеп табалдырығын атта­ған бірінші сынып оқушыларының 70 пайы­зы қазақша білім алуды таңдапты.

Асылхан АҢДАШОВ,

экономист:

Тілдің дамуында негізгі рөлді экономика мен мәдениет атқарады

– Қазақ тілінің ел экономикасындағы рөлі өте төмен. Оған бірнеше объективті себептер бар. Біріншіден, ел экономикасы мен өндіріс шоғырланған аймақтардың негізгі тілі емес. Қызмет көрсету саласы дамыған Алматы мен өндірісі дамыған Орталық, Солтүстік және Шығыс өңірлерде орыс тілі басым. Екіншіден, елдің негізгі сауда әріптесі – Ресей Федерациясы. Қазақстан сырттан сатып алатын тауарлардың 40 пайыздан астамы Ресейден келеді. Сондықтан елдегі өндіріс пен бизнес саласы көбіне Ресеймен байланысты жұмыс істейді. Үшіншіден, елдегі ақпарат пен білім көздері орыс тілді ресурстардан алынады. 2009 жылғы санақ қорытындысы бойынша ел халқының 94% орысша түсінетін, 85% орыс тілінде оқып жаза алатын. Ал қазақ тілінде тек 62% тұрғын оқу-жазуды білсе, 74% ауызша қазақ тілін түсінетін. Бұл деген сөз – халықтың барлығы дерлік орыс тілін түсінеді, ал қазақ тілін 1/4 халық әлде де жақсы білмейді. Сол себепті де барлығына түсінікті тілде бизнес жасау ыңғайлырақ. Тілдің дамуында негізгі рөлді экономика мен мәдениет атқарады. Әлемде 1,4 млрд адам қытай тілінде сөйлесе де, адамдар оны емес, экономикасы мен мәдениеті тартымдырақ деп есептелетін Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Аустралия сияқты елдердің ортақ тілі – ағылшын тілін оқып жатады. Тура сол сияқты, Африкадағы суахили тілі де кезінде жергілікті халықтардың арабтармен сауда жасауы нәтижесінде туындаған. Қазір ол тілде 100 млн-нан астам адам сөйлейді. Тіл адамға артықшылық беруге тиіс. Сонда оны тартымды, адамдар өз еркімен үйренуге тұрарлық деп есептейді. Қазір Қазақстанда қазақ тілді адам орыс тілін білсе, артықшылыққа ие болады, ал қазақ тілді емес адам қазақ тілін үйренсе қатты артықшылық бермейді. 12-14 млн адам сөйлейтін қазақ тілі мен 230 млн адам сөйлейтін орыс тілін салыстыруға келмейді. Ал елді қалайша екі тілде де өмір сүруге ыңғайлы ету қажет екені – басқа сұрақ. Алайда, ол жолда қазақ тілділердің де, орыс тілді отандастарымыздың да құқығы шектелмеуі тиіс.

Айсұлу ЖҰМАНӘЛІҚЫЗЫ,

тіл үйрету орталығының қызметкері:

Қазақ тілі трендте болуы керек

– Qazaqsha soyle атты орталықта біраз жыл жұмыс істедім . Сол уа­қыт ішінде бірнеше қызмет атқардым. Ал­ғашында қарапайым мұғалім, одан кейін аға оқытушы, менеджер болдым. Мұғалім бо­лып сабақ бердім, менеджер болып келіп түс­кен өтініштермен жұмыс істедім. Сол кез­де орталыққа қазақ тілін үйренемін деу­шілерден орта есеппен 15-20 өтініш ке­ліп түсетін. Оның ішінде 1-10 адам оқуға жазылады. Демек, бұдан көретініміз – қа­зақ тіліне деген сұраныс бар. Көп адамның оқы­ғысы келеді, үйренгісі келеді, сөйлегісі келеді. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, мемлекеттік қыз­мет­кер­лер келеді. Олар қызметінде белгілі бір сатыға өскісі келеді, сол үшін оларға қа­зақ тілін білуді міндет санайды. Яғни, қа­­­зақша ел алдында сөйлейді, есеп береді де­гендей. Бірақ олардың саны өте аз. Мы­сал­ға айтар болсам, бір аптада 1-2 адам ға­на келуі мүмкін. Екінші топ – өзге ұлт өкілдері. Олар­дың қызығушылығы жоғары. Неге үй­ренгілерің келеді десек, «күнделікті қол­дану үшін, коммуникацияны реттеу үшін» деп жауап береді. Олар шамамен келу­ші­лер­дің 50 пайызы болып қалады. Одан кейін келетін 3-топ – олар қа­зақ­ша білмейтін орыстілді қазақ­тар. Мен – қазақпын, өз тілімді білмеген ұят де­ген ниетпен келеді. Олардың ішінде кіш­­­кентай балалар өте көп, бірақ олар көп жағ­дайда оқығысы келмейді. Оларды тілді біл­мейтін ата-аналары балам оқысын деп алып келеді. Міне, мен осындай 4 кате­го­рия­ны көрдім. Дегенмен, оларға оқу кезінде кедергі көп. Біріншіден, қаражат жағы ке­дер­гі, мен жұмыс істейтін орталықта 6 ай оқу 680 мың теңге тұрады. Бұл – қалтаға едә­уір салмақ түсіреді. Екіншіден, өз бетін­ше оқып-үйренуге арналған әдістемелік құрал­дар жоқ. Тіл үйренушілер оқуды бастайды, бі­р­ақ А1, А2 деңгейлерінен соң, яғ­ни бастапқы деңгейді аяқтағаннан кейін сол күйі қалып қалады. Себебі, біріншіден ма­териал жоқ, екіншіден, білікті мамандар аз. Онлайн сабақтардың көбі ауызекі сөй­леу­ге ғана негізделген. Дегенмен, қазақ тілі жастар арасында әлі де болса трендке ене қойған жоқ. Сөйлесе де, шет тіліндегі түрлі сленг­тер­ді қосып сөйлейді. Сондықтан қазақ ті­лін жастар арасында тартымды ете білуі­міз керек. Ол үшін бай контент керек, қ­а­зақ­ша куиздерді, дебаттарды көбейту ке­рек. Яғни, қазірше айтқанда, қазақ тілін тренд­ке енгізу керек. Не десек те, бұл – за­ман талабы. Танымал адамдар, әлеуметтік же­лідегі белсенділер қазақша сөйлеу клуб­та­рын ұйымдастырып жүргенін байқадым. Де­генмен, олар жетік меңгергендер ғана тү­сіне алатын жоғары деңгейде. Тура осы фор­мат тілді енді бастап үйреніп жүрген­дер­ге де өте қолайлы болар еді деп ойлай­мын. Бұл – қазақ тіліне деген қызығушы­лық­ты арттыратыны анық.

 

Не десек те, қазақ тілінің тағдырына қатысты мәселелер «тілім – тірегім» деп толғап отырудан әрі өтіп, нақты әрекетке қарай ойысқаны қуантады. Енді сол тілді өсіру де, өшіру де өз қолымызда тұр. Қазақ тілін дамытуға, қолданыстағы тілге, сөйлеу тіліне, коммуникация тіліне, жалпы қоғам тіліне айналдыру жолында тер төгетін уақыт жетті. Тек жалған намыс пен жанашырлықтың ара жігін ажырата алсақ болғаны...