Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ: Рамазан – рухани кемелдену айы

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ: Рамазан – рухани кемелдену айы

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ: Рамазан – рухани кемелдену айы
ашық дереккөзі
Қадірлі отандастар! Сіздерді исі мұсылман баласы асыға күте­тін, он екі айдың сұлтаны болған қасиетті Ра­­­­мазан айының келуімен шын жүректен құт­тықтаймын! Әр шаңыраққа бірлік пен бере­ке, бақыт пен шаттық тілеймін! Рамазан айы құтты болсын! Алла Тағала қасиетті Құранда: «Уа, иман кел­тіргендер! Өздеріңе дейінгі қауымдарға па­рыз етілгендей, тақуалыққа жетулерің үшін сен­дерге де ораза ұстау парыз етілді» («Бақара» сү­ресі, 183-аят) деп баяндайды. Шариғатымыз бойын­ша балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс әр­бір мұсылманға Рамазан айында ораза ұстау – па­рыз. Алайда жолаушылар, науқас жандар мен сырқаты асқынып кетуінен қауіптенген адам­дар, сондай-ақ жүкті немесе емізулі бала­сы бар әйелдер ораза ұстауды кейінге қалдыр­уы­на болады. Бұған шариғатымыз рұқсат бере­ді. Рамазан айының қадірі мен қасиетін те­рең түсінген ізгілер оразаға алты ай қалған сәт­тен бастап: «Раббымыз, бізді Рамазан айына аман-есен жеткізе гөр!» – деп дұға жасаған. Сан ғасырдан бері Ислам дінін рухани тірегі ет­кен халқымыз берекелі Рамазан айын ерек­ше дайындықпен күтеді. Сауаптар еселеніп жа­зылатын айда ауызашар беріп, көмекке мұқ­таж жандарға пітір садақасын үлестіріп, үл­кендердің алғысы мен батасын алуға ты­ры­сады. Оразада игі ниетпен орындалатын ізгі амал­дар бүгінде салт-дәстүрімізге айналып, ұр­пақ­тан-ұрпаққа жалғасып келеді. Рамазан – Алла Тағаланың мұсылмандарға бер­ген ұлы сыйы, нығметі. Қасиеті мен шара­па­ты мол айда күнәларымыздан арылып, сауап жинауға, жан-дүниемізді тазартуға ты­рыс­қан абзал. Ардақты Пайғамбарымыз Мұ­хам­мед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз үмбетін: «Бұл айда жәннат есіктері ашы­лады. Ораза тұтқан адамның алдыңғы жә­не кейінгі күнәлары кешіріледі», – деп сүйін­шілеген. Рамазанда ауыз бекіткен исі мұсылман ба­­­ласы өзін ішіп-жеуден ғана шектемей, жаны мен тәнін жамандықтан сақтап, ізгілікке ұм­ты­лады. Іс-әрекетін мұсылманға тән әдеп ая­сында орындауға тырысады. Өйткені, Ра­ма­зан – кез келген ізгі амалды риясыз ниетпен жа­­сауға тәрбиелейтін, адамды тақуалыққа үй­­рететін ай. Рухани кемелдену айы – Рамазанда ба­рынша әдепсіз әрекет пен қате-кемшіліктен арылуды көздеген адам әдеп білмес жандардың дөрекі әрекеттерін кешіріп, сыпайы түрде «мен оразамын» деп кешірім жолын ұстанады. Кісінің кемшілігіне сабыр ету де – үлкен сауап. Алла Тағала «Шура» сүресінің 43-аятында: «Әри­не кім сабыр етіп, кешірімді болса, дау жоқ, істердің ең маңыздысы осы», – деген. Аштық пен шөлге төзіп, Алла разылығын алу­ды шынайы ниет еткен адамға берілетін сый мен құрмет ерекше болмақ. Алла Тағала құд­си хадисте: «Аузы берік адам ішіп-жеуін Мен үшін доғарды. Ораза – Мен және құлым­ның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөлдеу себебінен шық­қан ауыз иісі Мен үшін миск әтірінен де қайыр­лы», – деген. Рамазан – Раббымыздың мейірім-махаб­ба­тына бөленетін ай. Берекелі, сауабы мол ай­да Алланың мейіріміне бөленіп, әрбір ізгі ама­лымыздың жақсылығы еселеніп жазылғай! Елі­міз аман, жеріміз тыныш, тәуелсіздігіміз баян­ды болғай! Жаратушы Жаббар Иеміз ке­лер жылғы ораза айына аман-есен жетуімізді нәсіп еткей! Әмин!